«Ит емес ат баптадым»: Қазақ тілін жетік білетін Тимур Пактың арманы
Тимур Пак. Шымкент, 25 қараша 2021 жыл
31 жастағы Тимур Пак Шымкенттегі № 88 мектептің дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Ұлты – кәріс. Анасы мен әйелі – қазақ. Төрт баланың әкесі. Қазақ тілін жетік меңгерген. Ислам дінін қабылдаған. Отбасында кәрістің де, қазақтың да салт-дәстүрін сақтайды.
Тимур әріптестерімен де, оқушылармен де қазақша сөйлеседі. Мектеп дәлізінде отырған әріптесіне: «Гүлеке, журналист еді. Әңгімелесуге келіпті», - дейді күлімдеп. Басын изеген кезекші әйел бізге спорт залды нұсқады.
Спорт залдың іші толған оқушылар. Олар Тимурды «ағай, ағай» деп қоршап, әлденелерді сұрап жатты. «Оқушылар, тынышталыңдар» дейді жайдары үнмен Тимур. Оқушылар мен мұғалім арасында диалог қазақша жүрді. «Шеңбер болып тұрамыз», «Допты жоғары көтереміз», «жаттығамыз» дейді ол мүдірмей. Оқушылар ағайының айтқанын мүлтіксіз орындай жөнелді. Бір үйдің баласындай бір тілде сөйлеп, бірін-бірі түсініп кетті.

- Әкем – кәріс. Әжем Қиыр Шығыстан ашаршылық кезінде Қазақстанға жер аударған. Анам – қазақ. Әкем полиция қызметкері болған, қазір еңбек демалысында. Түркістан облысы Шардара қаласында тудым. Үш жасымда болса керек, атам қайтыс болғанда әжеммен бірге тұру үшін Қызылқұм ауылына көшіп кеттік, - дейді Тимур.
Тимур – ата-анасының тұңғышы. Өзінің артынан ерген екі қарындасы мен екі інісі бар. Барлығы қазақ тілін жетік меңгерген.
- «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дейді ғой. Кішкентай кезде кәріс және орыс тілінде сөйледім. Қазақша аздап білемін. Мектеп жасына келгенде әкем қазақ тілінің маңыздылығын түсінді де, орыс сыныбы емес, оқуға қазақ сыныбына берді. Қазір қазақ және орыс тілін жетік білемін, кәрісше аздап сөйлеймін, - дейді Тимур күліп.

Тимурдың мінезі ашық, көпшілікпен тез тіл табысады. Достарының дені – қазақтар. Бала арманы – офицер болу. Бірақ өмір ағысына қарай бұл ойын өзгерткен.
- Әскерде шекара қызметінде болдым. Онда офицерлер «кәріссің ғой, кинолог болсаңы» деп қалжыңдайтын. «Қазақтың кәрісімін» деп күлетінмін. Мен ит емес ат баптаушы болдым. Әскерде жүріп бала арманымнан бас тарттым. Прапорщигіміз жақсы адам еді. Иттерді баулитын. Бір күні сол кісінің анасы ажал аузында жатыр деген хабар келді. Жұмыс бабымен ол кісі анасымен қоштасуға бара алмады. Шындығында - түрлі себеппен жібермеді. Сол оқиға жүрегіме ауыр тиді. «Өмірге бір рет келемін. Қызмет бабымен әке-шешеме керек кезінде бара алмасам, бұл не жұмыс?» дедім. Бұл – бір. Екіншіден, әскери өмірді көрдім. Әскерилер бір орында жұмыс істемейді. Олардың қашан, қайда кететіні белгісіз. Былай айтқанда, ортаң жоқ. Өзіңмен қоса балаларыңның да оқуы, сыныбы жиі алмасады. Туған-туысқандармен араласа алмайсың, той-жиынға бармайсың. Бұл да бала арманымнан бас тартуға бір себеп болды, - дейді ол.
Тимур кішкентайынан жоспармен өмір сүруді үйренген. «Сабақты жақсы оқимын, әке-шешемнің атына кір келтірмеймін, жоғарғы оқу орнына түсемін, жұмысқа тұрған соң үйленемін. Бала-шағам болғанда үй аламын» сияқты алдына мақсат қойған. Қазір оның 4 баласы бар. Әйелі – қазақ, мамандығы - хореограф. Тұңғышы – 1-сынып оқушысы.

- Анам қазақтың қызы. Кәріс отбасы болсақ та үйде құран оқып, ауызашар жасайтын едік. Кәріс ұлтының діні – будда ғой. Жүрегіме жақын тартып, ислам дінін қабылдағам. Алғашында әкем «біз кәріспіз» деді. Әркімнің өз сенімі бар деген соң, әкем түсінді. Мені ислам дініне алып келген Абай, Шәкәрім шығармалары. Абайдың қара сөздері, - дейді ол.
Тимурдың отбасы қазір үлкен қуанышқа дайындалып жүр. Жақында баспаналы болған. Кенжесі 1 жасқа толады. Қазақ дәстүрімен «қоныс той» жасап кәріс ұлтының салтымен баласының тұсауын кеспекші.
Тимурдың айтуынша, тіл үйрену мен сөйлеуде қоршағаның ортаның маңызы зор. Кәріс ұлтының өкілі болса да кәріс тілін жетік білмеуге Қазақстанда кәрісше сөйлейтін адамның аздығы әсер еткен. Әкесінің бауырлары бірімен-бірі кәріс тілінде сөйлескен сөздері жатталып, әжесі үйреткен тақпақтар есінде қалғанымен қазақ тілі күнделікті қолданыс тілі болып қалған.
- Қазақ тілін үйренудің еш қиындығы жоқ. Үйленгенде де қазақтың тілі мен салт-дәстүрін білгенімнің пайдасы болды. Қыздың әке-шешесі бұл тойға қарсы болды. «Басқа адам таппай қалдың ба?» деді шамасы. Қыз басқа жігітке тұрмысқа шықпайтынын айтқан. Кейіннен екі жақ танысты. Отбасымызды көрген соң «кәріс деген аттарың болмаса қазақы екенсіңдер» деп көнді. Шілдеде беташар жасадым. Қуанышымызға төрт жүзге жуық адам келді. Қазақ тілін білгендігімнің арқасында кез-келген ортада өзімді кәріспін деп артқа тартқан емеспін. Балаларым қазақша сөйлейді. Қызым қазақ мектебінде оқиды. Қазақстанда өмір сүрген соң балаларым қазақ тілін білуге міндетті деп ойлаймын. Оған қоса ана тілім кәріс, заманның талабына сай ағылшын, құранды өздері оқып білуі үшін араб тілін үйреткім келеді, - дейді ол.

Жаңалықтар
- Иранда бұрынғы ММА чемпионы тыңшылық жасады деген айыппен өлім жазасына кесілді
- Клиника марқұм депутат Ербол Айтуовтың ісіне байланысты тың деректермен бөлісті
- Тоқаев МАГАТЭ басшысына Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселенің шешілуіне атсалысуға дайын екенін растады
- Қазақстанда зейнетақы есептеу коэффициенті 200%-ға дейін өсті
- Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Полицейге қатысты тергеу аяқталды
- Тексеріс болады: Блогер Сәуле Базархан қайтыс болған клиникада 2020 жылы тағы бір жас әйел өмірімен қоштасқан
- Қазақстанда Ресей компаниялары көп пе, әлде Өзбекстан алда ма?
- Павлодар облысында 2 баллдық жер сілкінісі тіркелді, жедел штаб құрылды
- Биыл 3,9 миллион түлек мектеп бітірді, 13 175 оқушы «Алтын белгіге» үміткер
- Қандай мамандар сұраныста: Биылғы жылға арналған гранттар бөлінісі
- Шымкентте қылмыстық жолмен 500 миллионға жуық табыс тапқан 11 адамдық топ ұсталды
- 55 жастағы мұғалім 13,5 тонналық автобусты жалғыз сүйреп, екінші рет әлемдік рекорд орнатты
- 40 адамға дейінгі вагондар: Медеуде жаңа арқан жол пайда болады
- Айт қарсаңында құрбандық малы айтарлықтай қымбаттады
- Түркия полициясы Ердоғанның басты қарсыластарының штабын басып алды
- Regeneron ISEF 2026: Қазақстан оқушылары мараптақа ие болды
- Жұмбақ өлім: «Баламды қасақана өлтірді» — Ерзаттың анасы
- Астана қаласының әкімі президентке іске асырылып жатқан жұмыстар мен болашақ жоспары туралы баяндады
- Түрікменстанда жаһандық және өңірлік қатерлерге қарсы іс-қимыл талқыланды
- Ұлттық банк Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арнап коллекциялық монеталар шығарады