Халық емшісі дуадан сақтану жолдарын айтты

cover Фото: Orda.kz

Қазіргі күні дуа жасау арқылы адамды өзінің еркіне бағындыру, басын «байлап алу» деген секілді әңгімелер жиі кездеседі. Интернетті ашсаңыз «дуа қалай жасалады» деген сұрақтар толып тұр. «Бұрынғы жігітімді, қызымды өзіме қайтарып алғым келеді, дуа жасап беретін адамдар бар ма» деген хабарламалар да көп. Демек, біреудің жолын байлайтын дуа жасаушыларға сұраныс мол.

Негізінен дуа тұмар сияқты қағазға жазылады. Кейін оны матаға салып тігеді. Дуа жасатқан адам тұмарды көрпе-төсегінің арасына немесе киімінің ішіне білдірмей салып қоюға тырысады. Адам әлгі дуамен қаншалықты жақын болса, оның күші де соншалықты тиімдірек болады деген түсінік бар.

Еске салайық, осыдан алты ай уақыт бұрын бірнеше жерінен ине қадалған жас жұптың суреті елді шошытып, дуаның әлі күнге дейін тапсырыспен жасалатыны белгілі болған еді.

Осы тақырыпқа байланысты Orda.kz журналисі Халықаралық дәрежедегі парапсихолог, ҚР Халық емшісі, рухани сауықтырушы, құрантанушы ғалым, ғылым кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызымен тілдесті.

Айнұр Әбдірәсілқызы

Исламда сиқырдың (дуаның) бар екені ақиқат па?

– Жоқ, исламда дуа жоқ. Бірақ исламда дуа туралы түсінік бар. Өйткені дуа діннің ішінде болмайды, тысында болады. Дуа діни мәтіндер арқылы жасалмайды, дуа сөздері (сиқырлы сөздер) арқылы жасалады. Дуаны діндар адам емес, діннен безген адам жасайды. Бұл барлық діндерге қатысты. Ең алғашқы дуа сөздерін шайтандар Сүлеймен пайғамбарға түсірілген Забур кітабының ішіне, қасиетті мәтін қатарларының арасына жазып, адамдарды адастыруға тырысқан делінеді. Кейін шайтани дуалар жазылған кітаптардың барлығы дария суына тасталған кезде, оны жатқа біліп алғандар ары қарай жаманшылықты жалғастыра берген.

– Сондай-ақ, өздерінің қалауларымен Алла Тағаладан рұқсат алып, адам кейпінде Бабыл жеріне түскен Харут пен Марут деген періштелерден де адамдар дуа сөздерін үйренген. Ол періштелер қиындыққа ұшыраған бір адамды құтқаруға басқа ешбір амалы қалмаған соң, өздері білетін сиқырлы сөздерді үйретуге мәжбүр болған екен. Осыдан кейін адамдар өздері білмейтін ілімді игерген періштелерден қоярда-қоймай сиқыр сөздерін сұрап алып, үйрене бастаған. Періштелік сипатқа ие болғандықтан Харут пен Марут «білмейміз» деп өтірік айта алмайды және бас тарта да алмайды. Сондықтан олар адамдарға: «Біз сынақ үшін жіберілгенбіз, ал сендер Аллаға қарсы келмеңдер, күпірлік жасап жүрмеңдер» деп ескертіп барып үйреткен. Ал адасқақ адам баласы әдеттегідей сиқырлы сөздерді бұрмалап, теріс мақсатқа пайдаланып, дуа жасауды әдетке айналдырған. Бұған кәпір жындар мен шайтандар да қуана-қуана «атсалысып», бертін келе дуа адам баласына көп қиянат әкелетін, қиындық тудыратын жағдайға дейін жеткен.

Дуа жасайтын адамдардың бойында ерекше қабілет немесе күш бола ма?

– Жоқ, дуакешке ешқандай ерекше күш-қабілеттің қажеті жоқ. Өкінішке қарай, жамандыққа бет бұрған жандарды қолдай кететін адамдар да, тылсым күштер де жеткілікті. Көп жағдайда дуакештер дуа жасауды бұрыннан осы іспен айналысып жүрген адамдардан үйренеді. Кейбіреулер теріс дуалар жазылған кітаптардан өз бетінше оқып-үйреніп алады, қазір ондай теріс мәтіндер ғаламторда да толып тұр. Кей халықтарда осы бір жаман үрдісті ұрпақтан-ұрпаққа беру (әсіресе анасынан қызына немесе әжесінен немере қызына беру) жиі кездеседі. Сонымен қоса дуаға ыңғай бере бастаған адамдарды жындар да жағалап, түсіне де, ісіне де араласып, өз пайдалары үшін қолдап-көмектесуі мүмкін.

– Жалпы, түзеу қиын да, бұзу оңай. Сауатты-сауатсыз жасалған кез келген дуа адамға әсер етеді, ал оны қайтару үшін шын мәнінде үлкен сауаттылық, рухани күш-қуат, қабілет-қасиет керек. Көптеген дуакештер, соның ішінде жынмен байланысатын адамдар да  өзін құран оқып, дем салатын емші ретінде танытып, емшінің атын жамылады. Өздерінің дуасын ем-шаралар ретінде көрсетеді. Адамдар соларға сеніп, өздерінің дуа немесе жын арқылы «емделіп» жүргенін және туған-туыстарын сыртынан емдетем деп, дуа жасатып жүргенін де білмей қалады. Мұндай «емдер» қашанда уақытша ғана әсер етеді және белгілі бір кезеңнен кейін бұрынғыдан да ауыр жағдайда қайта қозуы мүмкін. Шынайы шариғат жолымен емдейтін емшілер мен емшінің атын жамылған дуакештерді ажырата алмау салдарынан адамдар дуа мен жынға жиі  ұрынады және таза емшілердің де атақ-абыройына нұқсан келеді.

Дуа адамға қаншалықты әсер етеді?

– Дуа жасалған соң, ол әрине, адамға белгілі бір дәрежеде әсер етеді. Өйткені сиқырлы сөздердің соңында теріс ниетті тылсым күштер тұрады. Дуаның әсер етуі адамның оған сену-сенбеуіне мүлде байланысты емес. Және діни сеніміне де байланысты болмайды. Яғни кез келген діндегі, кез келген деңгейдегі адамға дуа әсер етуі мүмкін. Сондықтан әрбір дінде дуаға қарсы тұрудың, оны қайтарудың өзіндік амал-тәсілдері қалыптасқан.

– Кезінде Пайғамбарымызға да дуа жасалған. Соның салдарынан Пайғамбарымыз дел-сал күйге түсіп, науқасты болған. Сонда Алла Тағала қос періштені жіберіп, солардың өзара сұхбаты арқылы Пайғамбарымызға шашы арқылы дуа жасалғанын, оның қай жерде жатқанын білдіреді және сол дуаланған шашты алдырып, оның түйіндерін шешіп отырып, «Фәлақ» және «Нас» сүрелерін оқуды үйретеді. Тек бұл ғана емес, басқа да хадистерге, сүннет амалдарға сүйеніп және Құран Кәрімдегі шипа аяттарының мән-мағынасына талдау жасай отырып, ислам ғұламалары мен тақуа, білікті жандар дуаны қайтарудың шариғат аясындағы жолдарын қалыптастырған.

Сиқыр, қара магиядан сақ болу үшін не істеу керек?

– Осы екі ұғымды да қазақы түсініктегі өзіміз манадан бері қолданып отырған «дуа» деген сөзбен алмастыруды ұсынар едім. Сан ғасыр бойы қалыптасқан халықтық түсініктерге түзету енгізудің қажеті жоқ. «Сиқыр» сөзі арабшада «сихр» деп дыбысталып, «дуа» мағынасында қолданылғанымен, оның қазақша мағынасы мүлде басқа. Қазақы түсініктегі сиқыр өнері немесе көзбояушылық дегеннің дуамен байланысы жоқ.

– Сондай-ақ магия дегеннің де ақ-қарасы болмайды. Сол ұғымды аударамыз деп, біреулер «ақ дуа», «қара дуа» деп шатып жатады. Дуаның бәрі – дуа, оның ақ-қарасы болмайды. Дуа жақсылық үшін жасалмайды. Ысытпа да – дуа, суытпа да – дуа. Дуаны «дұға» деп жаңылыс атайтындар да бар. Бұл екі сөз де арабшадағы «дуъа» деген бір түбірден шыққанымен, «дуа» десе, біз манадан бері айтылған жадылау, дуа жасау дегенді түсінеміз. Ал «дұға» десе, Аллаға жалбарыну мәніндегі дұға-тілегімізді түсінеміз. Сол қалыптасқан қазақы түсінігімізде қала бергеніміз жөн.

– Дуа шайтанның ісі болғандықтан, одан тек Алланың әмірі арқылы ғана сақтану мүмкін болады. Адамның рухани қуат-өрісі мықты болған жағдайда оған жеңіл-желпі дуалар әсер ете алмайды, ал ауыр дуалардың өзі анағұрлым жеңіл соғады және тез қайтады. Ол үшін сол баяғы мұсылмандық минимумдардың сақталуы шарт. Олар – дәрет, бес уақыт намаз, зікір (Алланы еске алу), салауат, истиғфар (Алладан кешірім сұрау). Осы айтылғандар – мұсылман баласының табиғи қорғандары. Бұлардың барлығы сынақ үшін немесе азап үшін емес, қорған үшін берілген.

– Дәрет пен намаз баршаға түсінікті, ал зікірдің шегі болмайды. Мұсылман баласының аузы зікірден құрғамағаны абзал. Салауатты күніне кемінде 100 рет, истиғфарды 200 рет айтса жөн делінеді. Нәпіл, яғни қосымша құлшылықтар жасау, қосымша намаздар (ишрақ, дәрет шүкір, әууабин, истихара, тахажжуд) оқу да рухани қуатты арттыруға жақсы септеседі. Дуа жасалмайтындай немесе мүлде дарымайтындай жағдайға адамның жете қоюы неғайбіл, дегенмен дуа қатты әсер ете алмайтын, азды-көпті әсер етсе, тез қайтатын жолдары – жоғарыдағыларды жасау болып табылады.

Дуаланған адамды қанмен шомылдыру, қамшымен сабау секілді айықтыру жұмыстары жүреді. Дуаның күшін медициналық ем арқылы қайтаруға бола ма?

– Біз бағанадан бері дуаны қайтарудың немесе одан сақтанудың ислами әдістері туралы айттық. Ал қанмен шомылдыру, қамшымен сабау – исламға қатысы жоқ бақсылық және басқа да жеке адамдық әдістер болып табылады. Ол туралы әңгіме басқа. Сондықтан бірден екінші сұраққа көшелік. Медициналық ем арқылы дуаның өзі қайтпайды, оның денедегі белгілері, яғни салдары тұншықтырылады. Мысалы, ішкізілген дуаның зардабынан адамда асқазан ауруы пайда болды делік. Медициналық ем қолданылғанда ол жақсарады, өйткені ауру ағзада тұрған соң, дәрі оған әсер етеді. Бірақ асқазан ауруы жазылған соң, адамда өт ауруы пайда болады, ол емделсе, ұйқы безі ауырады. Ол жазылса, бауырға өтеді, бауыр жақсарса, көк талақ ауырады. Көк талақ жазылса, ішек ауырады, одан кейін ауру айналып асқазанға қайта келеді. Яғни дуадан болған ауруды дәрігерлік ем түбегейлі жаза алмайды, өйткені ол аурудың себебімен емес, салдарымен күреседі.

– Ал түбегейлі жазудың жолы – жоғарыда айтылғандай шариғат аясында емдеу. Ол – Құран аяттарымен  дем салу, суға дем салып ішкізу, шипа аяттарымен ішірткі жазып беру, дем салынған сумен жуындыру, қажет жағдайда шөп дәрілерді, рұқсат етілген майларды қолдану. Мұның барлығына қоса дуаланған науқастың өзі де жоғарыда айтқан шарттарды орындағаны жөн. Жалпы діни білімді, рухани қуаты, қабілет-қасиеті мол, тақуалығы жоғары адам басқа ешбір емді жасамағанның өзінде тек Құран сүрелерімен белгіленген жүйе бойынша дем салғанда, Алла сәтін салса, қайтпайтын дуа болмайды. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар