Қазақстанда мұғалімді балағаттап, емтихан ережесін бұзған оқушының оқиғасы елдің көбін елең еткізді. Бұл оқиғада қоғамның пікірі де екіге бөлінді. Бірі мұғалімді жақтаса, екіншісі оқушыға мейірімділік танытуымыз керек дейді. Бұл жағдайға депутаттар, қоғам белсенділері және білім министрлігі де араласып үлгерді. Саясаттанушы Ғазиз Әбішев кімнің дұрыс екенін және оқудан шығарылған жасөспірімді қорғау керек пе, жоқ па, тоқетерін айтты, деп хабарлайды Orda.kz.
Ғазиз Әбішев бұл туралы өзінің телеграм-арнасында жазды. 11-сынып оқушысы маңызды емтихандардың біріне телефон алып кірген, оны көрген педагог қолындағы гаджетті алып қойған. Салдарынан оқушы мұғалімге дөрекі сөздер айтқан. Осы жағдайдан кейін оқушыны мектеп оқудан шығарып жіберген, ал оқу жылының аяқталуына санаулы күндер қалған еді.
«Мектеп әкімшілігі бірнеше шешім қарастырып, біреуін таңдады. Бірі — болған жағдайды мұғалімге «жаба салу». Орташа жаза— оқушы мен ата-анасына қатаң әкімшілік шара қолдану. Қатаң жаза — грантпен оқитын оқушыны мектептен шығару. Өте қатаң жаза — «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында мемлекеттік органдарды тартып, құқықтық баға беру. Мектеп шектен тыс қатаң және тым жұмсақ жазадан бас тартқан. Екі орташа шешімнің ішінен принципке сай келетінін таңдады» деп жазды Әбішев.
Оның сөзінше, 16-17 жастағы жасөспірім өз сөзі мен іс-әрекетінің салдары неге әкелетінін біледі. Әсіресе бұл элиталық мектептің оқушысы болса, бала алды-артын барлай алуы қажет. Оның уайымы әрине түсінікті дүние. Бірақ ол өзін ұстауы тиіс еді.
«Директор бұл шешімді «сынған терезе теориясына» сүйеніп қабылдаған. Яғни, бір рет кешірсең, екінші рет тағы қайталанады. Сондықтан өзгелерге сабақ болсын деген мақсатта осындай қадамға барған. Мұғалімнің абыройы қорғалуы тиіс, әйтпесе мектепте тәртіп болмайды. Оған қоса, бұл — емтиханның таза өту тұрғысынан маңызды жағдай. Ал егер мұғалім дәл осылай оқушыны қорлаған болса ше? Онда оны жұрт алдында жұмыстан шығарып жіберер еді, солай емес пе? Шығармағанның өзінде кемі жүйкесін әбден тоздырып, тыныштық бермес еді», — деп атап өтті Ғазиз Әбішев.
Оқудан шығарылған оқушының жағдайына депутаттар да, білім министрлігі де араласып үлгерді. Бірақ кімді аяу керек? Жасөспірімді ме, әлде оқушыдан боқтық сөз естіген мұғалімді ме? Бірақ оқушы емтиханға телефон әкелуге болмайтынын және оны бақылап жүрген педагогке әбестік танытпау керектігін білді ғой.
Ол: «осы оқиға басқа елде болса, қандай жағдай болар еді?» деген сұрақ қойды. Мысалы, Ұлыбританиядағы беделді мектепте немесе Қытайдағы математикалық лицейде немесе Оңтүстік Кореядағы, не Үндістандағы дәл сондай лицейде болса оның ойынша жағдай мүлде басқаша арнаға ауысатын еді.
«Сол елдерде 17 жастағы бір жасөспірім бар делік, оның оқуына жақсы ақша төленіп жатыр. Ол бұл мектепте алғаш келіп оқып жүрген бала емес. Заңды біле тұра математикадан бақылау жұмысына ұялы телефонмен келеді. Телефонды әкімшілік тарапынан емтиханды бақылау үшін арнайы жіберілген мұғалім тартып алады. Сол сәтте, емтихан ережесін бұзғаны әшкере болған оқушы, кенеттен, бәрі еститіндей етіп, мұғалімге қарата: «What a slut» деп айтып жібереді».
Мұндай жағдайда британдықтар, не қытайлар қандай шара қолданар еді? Ішіңіз білсін. Әрине, оларда мұғалімнің мәртебесі өте жоғары.
Ғазиз Әбішевтің сөзінше, сондықтан НЗМ-дегі ойланбай әрекет еткен оқушыға берілген жаза толықтай орынды болып көрінеді.
«Егер қателеспесем, тіпті Гарри Поттердің өзі де ең қиын сәттерде профессор Снейпке мұндай сөз айтуға батылы бармаған еді», — деп сөзін аяқтады Ғазиз Әбішев.
Неге дәл Назарбаев зияткерлік мектебіндегі оқиға қоғам назарын аударды? Өңірлердің түпкір-түпкірінде мұғалімнің абыройын төгіп қана қоймай, түрлі қылмыс істеп, істі болған оқушылар бар ғой. Элита оқитын мектепте де мұндай жағдайлардың болатыны жұртты таңқалдырған болуы қажет. Бұл жерде баланың білім алуы, мектептегі этика мәселелері қозғалды. Оқушыны оқудан шығару арқылы қазақ қоғамының қандай құндылықтарды басым көретінін байқадық.