«Делайте деп айтқан осы жігіт»: Шерзаттың әкесі беттестіруде кімді көрсетті?

cover Коллаж:Orda.kz

Талдықорғанда Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Полатқа қатысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Сот отырысында әлеуметтік желілерде жұрт Чика деп танылып кеткен Санат Әбдіқадір мен Қаржаубай Нұрымовты беттестірген бейнежазба көрсетілді, деп хабарлайды Orda.kz.

Түстен кейінгі сот отырысында прокурор сотқа келмеген алты куәгердің жазбаша жауабын оқып берді. Бұл куәгерлер — оқиға болған «Қамажай» дүкенінің қарсысындағы үйдің тұрғындары. Ал айыпталушы Дархан Әскентайдың қорғаушысы оның сол түні оқиға кезінде көзінің астындағы сүйегі сынғанын, алайда алғашқы медициналық көмек дер кезінде көрсетілмегенін мәлімдеді. Сонымен қатар, адвокат Дархан Әскентай құқық қорғау органдарынан қысым көргенін айтып, сол түні кезекшілік атқарған дәрігерлерді сотқа куәгер ретінде шақыруды сұрады.

Дидар Қалиахметтің адвокаты Гаухар Баймұханова да соттан Қаржаубай Нұрымовты шақырып, қайта жауап алуға рұқсат беруін өтінді. Оның айтуынша, әлеуметтік желіде «Чика» деген лақап атпен танылған Санат Әбдіқадірге қатысты деректі нақтылау қажет. Судья бұл ұсынысты сотталушылардан жауап алынғаннан кейін ғана қарастыратынын айтты.

Бұған дейінгі сотта тілшіміз үзіліс кезінде адвокаттардан хуторлықтар мен Чика деген лақап аты бар азамат жайлы сұраған еді. «Делайте» деп бұйрық берген Чика деген лақап аты бар адам сотта куәгер болып жауап берді. Әлеуметтік желі қолданушылары Чиканың айтқан сөзімен Санат Әбдіқадірдің берген жауабы ұқсас екеніне назар аударып, Чика деген лақап аты бар адам осы деп шуласып жатыр.
Сотта әлеуметтік желіде Чика деп танып кеткен Санат Әбдіқадір мен Қаржаубай Нұрымовтың тергеу кезіндегі беттестірген бейнежазбасы көрсетілді.

Ғайыпбаевтың бейне жазбасында сол түні Әбдіқадір дүкен алдына келіп, Нұрбол Тоқтаубаевтың шақыруымен келген көліктегі бір топ жігіттермен амандасып барып, Нұрғанатпен сөйлескені айтылды. Нұрғанат: «Төбелесуге келдің бе?» деп сұраған. Сол кезде Әбдіқадір: «Жоқ, шалмыз ғой» деп жауап берген. Артынша сәл ары жүріп жігіттерге қарап «Делайте» деп айтқан. 

Қаржаубай Нұрымов беттестіруде «Делайте» деп айтқан адам ретінде осы Санат Әбдіқадірді көрсеткен.  

Ал куәгер Әбдіқадір Нұрымовтың жауаптарымен келіспейтінін мәлімдеді. Нұрғанат екеуінің арасында болған сөздерді растамайтынын, әрі ол дүкеннің алдында жиналған жігіттерді танымайтынын, тек дүкенге шылым алуға келгенін айтқан. Беттестіруде Қаржаубай Санат Әбдіқадірдің күдіктілермен амандасып сөйлескенін, әрі бір-бірін танитынын алға тартса, Әбдіқадір мұның бәрін жоққа шығарды.

Түске дейінгі сот отырысында куәгер Наргиза Низамединова Шерзатқа «қызыл кепка киген адамның» пышақ сұққанын айтып берді. Одан бөлек оқиға орнына кейін келген 6 куәгер жігіттер сөз сөйледі. Олар Шерзаттың достарын көргенін, бірінің басынан қан ағып тұрғанын баяндап берді.

Бұған дейінгі сот отырысында басты куәгер әрі жәбірленуші, марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов куәлік берді. Ол «хуторлық» жігіттерден жұрт сескенетінін, бұрындары көршілерін өлтіріп кеткенін баяндады.

Еске сала кетсек, 28 сәуір күні өткен сот отырысында Нұрбекова оқиға кезінде телефонға түсіріп тұрған әйелдің марқұмның әжесі Жұмабике Қадырова екенін мәлімдеген болатын. Оның сөздері бір-біріне қайшы болған соң, жәбірленуші тараптың адвокаттары оның дәрежесі куәгерден күдіктіге ауысуы мүмкін екенін айтты.

Өткен сот отырысында әжесі Жұмабике жұмыстан келгенде топ болып жабылып жатқан адамдарды көргенін, Шерзатқа ұмтылған анасын екі ер адам ұстап тұрғанын байқағанын айтты. Шерзаттың анасы   Гүлбара Бишімбиева да тура сол жағдайды баяндады. Сонымен қатар осы істе куә болған екі қыздың  өзіне тас атқанын және бұзақылардың бірінің қолынан мылтық көргенін баяндап берді.

Еске сала кетсек, Талғарда 4 қазан күні бір топ адам келіп дүкен иесі Қаржаубаймен, ұлы Шерзатпен және ағасы Нұрғанатпен жанжалдасып, арты кісі өліміне ұласты. 16 жасар Шерзат қаза болды. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырды.

9 желтоқсан күні таңертең жасөспірім Шерзат Полаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі марқұм Шерзаттың зиратының қасынан табылды.

Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты оқиғаның егжей-тегжейін мына репортаждан оқи аласыз.

Еске сала кетсек, ІІМ бірінші орынбасары Бауыржан Әленов пен прокурор Берік Адамов және тергеу ісін қолға алған Самат Айысов 15 қазан брифинг өткізген. Олардың артынан ұсталғаны мәлім болды. Ұсталғандардың кім екенін сол брифингте белгілі болды.

Олар «хуторлықтар» деген қылмыстық топтың бар екенін жоққа шығарды.

Шерзаттың үйі өртенген түні болған оқиғаны мына сілтемеден оқыңыз. 


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар