«Бейбіт күнде де дайын болу керек»: Ардагер Хұсайын Берқалиев қытайлар басып кірген сәтті еске алды

cover Фото: Абзал Сүлеймен

Биыл Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасына 60 жыл толды. Аумалы-төкпелі заманда түрлі арам пиғылды қылмыскерлер немесе саясаткерлердің жоспарымен шекараға кез келген сәтте қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан Қазақстанның шекарасында ештеңені қалт жіберместен күзетіп тұрған сарбаздардың қызметін үлкен жауапкершілік деп қана емес, басын бәйгеге тігу деп айтсақ артық етпейді. 

Orda.kz тілшісі Қазақстан мен Қытай шекарасында қызметін абыроймен атқарған, зейнеттегі ақсақал Хұсайын Берқалиев Иманғалиұлынан сұхбат алды. 

Ақсақалдың Даңқ мемориалдық ескерткішіне гүл шоқтарын қойып жатқан сәті

Қытай мен Қазақстан арасындағы мемлекеттік шекараның ұзындығы шамамен 1782 шақырым. Бұл шекара аймақтарында ондаған застава орналасқан. Тәуелсіздік жылдарында екі ел арнайы келісімдер негізінде шекара сызығын толық анықтап, халықаралық деңгейде бекітті. Осылайша шекара бойында күзет қызметі күшейтіліп, шекаралық заставалар ел қауіпсіздігін қорғауда маңызды рөл атқарып келеді. Бүгін Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасына 60 жыл толуына орай Үшарал қаласында арнайы іс-шара өтті. Осы іс-шарада Хұсайын ақсақал шекара қызметкерлері мен келген елге құттықтауын айтып, ізгі тілегін жеткізді.

Атыраудың тумасы Берқалиев Хұсайын Иманғалиұлы — әскери қызметкер, генерал-майор. Шекарадағы қызметін абыроймен атқарған Берікқалиев 1972 жылы Алматы жоғары командалық шекара училищесін бітірген. Ал 1974 жылы КСРО жоғары шекаралық әскери-саяси училищесі курстарын, 1988 жылы Әскери-саяси академияны бітірген. Шығыс шекара округінде шекаралық застава бастығының саяси жұмыс бойынша орынбасары, шекаралық отряд бастығы болып қызмет атқарған. 1980 — 1982 жылы Ауғанстанда әскери қызметте болды. 1997 жылдан ҚР Шекара әскерлері қолбасшысының орынбасары. Бірнеше жауынгерлік ордендермен және медальдермен марапатталған.

«Басымыздан түрлі жағдайлар өтті»

Хұсайын Иманғалиұлы түрлі қызметтер істегенін айта келіп, кеңес одағы ыдырағанда көп қиындық болғанын атап өтті. Дегенмен ардагер сол кезеңдегі қиындықты еңсеріп, Отан алдындағы борышын адал атқарып шыққан.

Фото: Абзал Сүлеймен
«Мен осы Үшарал отрядында 1974 жылдан бастап, 1981 жылға дейін қызмет еттім. Шекара басшысы болдым. Содан академияға кеттім. 1992 жылы қайтып келіп командир болдым. 1997 жылға дейін осында командир болдым. Ең қиын уақыттар сол кеңес одағының қирағаны болды. Офицерлер жетіспейді, тіпті айлар бойы айлықтары да жоқ, азық-түлік жоқ. Қиын уақыттар болды. Бірақ оның бәрі өткердік, қызметімізді атқардық. 1997 жылы маған генерал-майор атағын берді. Осы жерде қызмет еттім. Үш балам осы жердің топырағында туды», — деді Хұсайын Иманғалиұлы.

Қандай қиындық болса да, шекара шебінде екі кезеңді көріп, екі кезеңнің қиындығын еңсерген қария бүгінде жас сарбаздарға даналығын көрсетіп, іс-шараларда бастан өткерген оқиғаларын айтып жүр.

Қытай шекараны бұзып кірген сәт...

Жалаңашкөл оқиғасы – 1969 жылы Қазақстан мен Қытай шекарасында болған қақтығыс. 13 тамыз күні Қытай әскерилері Жалаңашкөл маңында мемлекеттік шекараны бұзып өтті. Кеңес шекарашылары оларға тосқауыл қойып, қарулы қақтығыс болды. Нәтижесінде бірнеше әскери қаза тауып, жараланғандар бар. Бұл оқиға сол кезеңдегі кеңес-қытай қатынасының шиеленісуін айқын көрсеткен тарихи сәттердің бірі еді. Біз көненің көзі болып отырған Хұсайын Иманғалиұлынан осы оқиға жайлы сұрастырдық. 

«1969 жылы тамызда қытайлармен болған оқиға бар. Олардың сарбаздары біздің жерге өтіп, территориямызды иемдене бастады. Содан шекарада нарядтағы Дулепов пен Рязанов соны көріп, әскери бөлімге хабарласып, шекараға қосымша әскерді шақырып, сол жерде қақтығыс болды. 5-6 сағаттан кейін келген қытайларды тойтарып, тұтқындады. Біздің жақтан сержант Дулепов пен Рязанов қайтыс болды. Дегенмен қосымша әскер жылдам келді. Марқұм Дулепов пен Рязановқа Қызыл жұлдыз марапаты берілді. Оның алдында қытай әскерлері наурызда Ресейдің Даманск шекара бекетін бұзып өтпекші болды. 2 наурызда. Ал мынау 13 тамызда бізде болды», — деді Хұсайын Иманғалиұлы.

Қазір Үшарал қаласында Рязанов және Дулеповтың аты берілген екі көше бар.

Хұсайын ақсақалдың айтуынша, алғашқы шекаралық қарулы қақтығыс Уссури өзеніндегі Даманск аралы үшін болды. Екі жақтан жүздеген адам, тек КСРО жағынан 58 жауынгер қаза тапты. 

Біз шекарадағы өзгерістер жайлы сұрадық. Ақсақал «өзгеріс жоқ» деді. Дегенмен бастысы екі тараптан да заң бұзушылықтар болмауын тілейтінін білдірді. 

«Тәуелсіздік алған соң кішкене қарым-қатынас жақсарды. Қытайлармен арамыз қазір жақсарды. Ол кезде Қытайдың сыртқы саясаты сондай болды. Кейін бейбіт келісіп, шекараны қойып, шешті. Қазір жақсы. Тату. Қылмыскерлер, есірткі контабандасымен айналысатындар болады. Мемлекет аралық қарым-қатынас қазір жақсы. Қытайдан болмаса бізден шекара бұзу болмасын дейік», — деді Хұсайын Иманғалиұлы.

«Бейбіт күнде де дайын болу керек»

Көненің көзі болған қария қандай жағдайда да сарбаздарға дайын болу қажет екенін айтты. 

«Бейбіт болса да, бейбіт болмаса да, сарбаздан кез келген минутта дайын болуы керек. Үкімет, президент жалақы көбейтіп жатыр, қару-жарақ, техника бар. Қазір шекараны бұзушыларды құрықтауға әліміз анық келеді. Ешқандай соғыс болмасын деп тілегім келеді. Қазір сарбаздарға жақсы. Бір жыл қызмет етеді. Бір жыл жақсы өтсін. Бастысы тәртіп болсын», — деді Хұсайын Иманғалиұлы.

Біз осылайша кезеңді көрген, көненің көзі болған қариямен тілдестік. Оның тік мінезі, көзқарасы әскери қызметтегі тәртіп пен сең қозғалса да қозғалмайтын беріктікті байқатты. Қарияға амандық тілеп шығарып салдық.





Жаңалықтар

барлық жаңалықтар