«Барлық жерде қарулы Талибандар». Студенттер оқуға келе алмай жатыр

cover Кабул әуежайының маңы. Фото: Забих

Қазақстандағы жоғары оқу орындарында оқитын ауған студенттері оқуға қайта орала алмайды. Orda.kz редакциясымен болған әңгімеде олар өздерінің қорқыныштары туралы айтып, Кабул көшелерінде болып жатқан оқиғаларды суреттеп, Қазақстанда оқуын жалғастыра алатындарына үміт білдірді.

Кабул тұрғыны Забих Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінде тіс дәрігері мамандығы бойынша білім алуда. Қыркүйекте оқу қайта басталады, бірақ жігіт Кабулда қалып қойған. Оған Ауғанстанның басқа тұрғындары сияқты елден ұшуға рұқсат берілмеген.

- Шетелге шығуға мүмкіндік жоқ. Мен Қазақстанда бес жыл оқыдым. Бара алам ба, жоқ па, білмеймін. Егер шыға алмасам, оқуым жайына қалады. Бес жыл бойы тынымсыз еңбек етіп, оқыған білімім ауаға кетеді, - деп уайымдады Забих.

Студент Талибан Кабулды алғаннан кейін шетелдік елшіліктердің қызметкерлері, ауған шенеуніктері мен орынбасарлары, министрлер мен әкімдердің қаладан қалай қашып кеткенін айтты.

- Бүгін мен көшеге шықтым - барлық жерде пулеметі бар талибандар бар. Дүкендер, мектептер, банктер және халыққа қызмет көрсететін барлық орындар жабық. Банктер әлі ашылмайтынын айтты. Егер олар ашылса, онда олар Талибандарға не болмаса, жұмыссыз жүрген ақшасы мен тамағы жоқтарға тоналады. Бірақ қарапайым адамдар ақшаны біздің банктерде сақтамайды, ал ақшасы барлар - бұл шенеуніктер, кәсіпкерлер, олар бір ақшаларын апта бұрын алып алған. Супермаркеттерге келетін болсақ, уақыт тапқандардың бәрі бір апта бұрын алдын ала сатып алған, - деп Забих жағдайды суреттеді.

Ауғанстандықтардың айтуынша, бір апта бұрын әйелдер мен қыздар көшелерде еркін жүрсе, қазір барлығы үйде.

Кабул көшелерінің бірінде. Фото: Забих

Жұмыссыз халық

Студент тәліптердің халықты жұмысты жалғастыруға шақыратынын, бірақ адамдар қорқатынын атап өтті:

- Көптеген қызметкерлер докторантураны бітірді, олар ағылшын тілін біледі: инженер, дәрігерлер. Бірақ олар қазір жұмыс істемейді, себебі олар тәліптерден қорқады. Олар барып, үйлерді тінтиді. Көбіне мемлекеттік қызметкерлердің үйлері тексеріледі. Олардың көліктерін, кейбір заттарды алып кетеді. Көптеген тәліптер білімсіз. Егер олар билікке келсе, үкіметке кірсе, не болатыны белгісіз, өйткені олар 20-25 жыл бұрын елді басқарған кезде жақсылықтарымен есте қалмаған.

Кабул көшелерінің бірінде. Фото: Забих

Кабул тұрғыны 20 жыл ішінде «біртіндеп» қол жеткізілген барлық жетістіктер оның көз алдында бір түнде жойылып жатқанына налыды.

- Ғалымдар мен басқа да білімді адамдар ғылыммен, қоғамдық қызметпен айналысты. АҚШ пен Ұлыбритания оларға көмектесті. Дамытуға гранттар бөлінді. Мұның бәрі қазір өткеннің еншісінде. Қазір білім өлді. Өнер саласы туралы да осылай айтуға болады - әншілер мен актерлер қазірдің өзінде елден қашып жүр. Теледидардан тек Ислам туралы айтылады. Журналистерге исламға қайшы келетін нәрсені көрсетуге тыйым салынды, - деді Забих.

Студенттің айтуынша, Ауғанстандағы адамдар қорыққанынан кез келген жерге қашуға дайын, Кабул әуежайында әлі де лық толы адамдар. Елден кететіндер үйлерін тастап кетеді, бірақ олар қаңырап қалмайды. Орнына туыстары қоныс аударады, сондықтан тонау мен ұрлық фактілері әлі анықталған жоқ.

- Мен аэропортқа бара жатырмын. Бәлкім ұшып кетуге мүмкіндік болар. Әуежайда АҚШ, Англия, Германия және басқа да Еуропа елдерінің дипломаттары. Американдықтармен жұмыс істеген адамдар олармен бірге ұшып кетіп жатыр. Бүгін түнде тағы жүздеген адам кетті. Олар 11 қыркүйекке дейін әлі де алып кетеміз деген. Кабул әуежайына ұшақтар келіп, бірден ұшып кетеді. Бүгін менің ағам ұшып кетуі керек. Сәтті жетеді деп үміттенемін, - деді студент.

Тастанды үй мен Ауғанстаннан қашқан адамдардың көліктері. Фото: Забих

Әуежайдағы жағдай

Сосын Забих әуежайға жеткенін айтты.

- Осында келе жатқанда мені көшеде (видеоға) түсіріп жатқанда ұстап ала жаздады. Маған Талибандардың адамдарға қалай қарайтынын, түсіріп жатқан адамдардың телефондарын тартып алғанын айтқан. Олар қатыгез. Ұрады.

Забих Orda.kz редакциясына видео жіберді. Онда, оның айтуынша, әйежай маңында оқ атылды.

– Тәліптер әуежайға келген адамдарды үркітіп, ауада оқ атуда. Бірақ олар кедергі жасай алмайды, өйткені Тәліптер мұндағы әскерилер Америка Құрама Штаттарынан қорқады. Әуежай алдында Талибан қозғалысына рұқсат жоқ. Әуежай аумағында - Түркия, АҚШ, Англия әскерлері. Әскери қызметшілер оларға кіруге рұқсат берсе ғана кіре алады. Әскерилер әр 24 немесе 48 сағатта бір рет әуежайға кіргізеді. 605 адамнан кіргізіп, бірден қақпаны жауып тастайды. Кіре берісте тұрған тәліптер агрессия көрсетіп, адамдарды ұрады. Жағдай осындай, - деп түсіндірді Забих.

Кабул әуежайының маңы. Фото: Забих

Бір сағаттан кейін Забих аудио хабарлама жіберді, онда ағасына ұшуға рұқсат берілмегенін айтты және олар үйге бірге қайтқан.

Қазақстандық жоғары оқу орындарында оқитын Забих және басқа да ауғандық студенттер (барлығы 30-ға жуық адам) оқуын Қазақстанда жалғастыруға үміттенеді. Олар визаға қатысты Қазақстанның жауабын күтеді.

- Қазір Өзбекстан ашық. Олар жақында рейстер қайта жанданатынын айтты. Бізге виза берілсе, біз Өзбекстан арқылы транзитпен Қазақстанға оқуға бара аламыз. Егер Қазақстан виза бермесе, онда басқа елдерге ұшудың жолын іздеуге тура келеді. Маған Пәкістаннан қоңырау шалып, пәкістандық виза ұсынды. Сол жерден басқа елге ұшып кетуге болады деді, бірақ Пәкістан көптеген елдер үшін террорист болып саналады. Сондықтан күмән бар. Мен әлі Қазақстаннан жауап күтемін, - деді Забих.

Ауғандық әйелдердің жағдайы қалай?

20 жастағы Зухра да (әңгімелесушінің аты қауіпсіздік мақсатында өзгертілген) Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінде оқиды. Қыз Кабул көшелерінде Забих сипаттаған оқиғаларды растады.

Зухраның айтуынша, Талибандар келген алғашқы күннен бастап ауған әйелдерінің жағдайы нашарлаған. Қыздың өзі үш күннен бері Кабулдағы үйінен шықпаған.

- Мен үшін үйде отырып, ұзақ жылдар бойы жасалған нәрселердің қалай ыдырайтынын көру өте қиын: біздің тарихымыз, өнеріміз, мәдениетіміз, сұлулығымыз. Біздің болашағымыз жойылып жатыр. Талибандар адамдардың үйлеріне басып кіріп, әйелдерді ондаған ерлерге тамақ дайындауға мәжбүрлейді. Егер әйел қарсылық көрсетсе, онда олар атып тастайды. 90-шы жылдардың соңында Талибан Кабулдағы стадионда әйелдерді атып тастады. Сондықтан, олар тыйым салмайтынына біз сеніңкіремейміз, - деді дейді Зухра.

Бойжеткеннің Қазақстанға оқуға оралғысы келеді, бірақ отандастарының тағдырына алаңдайды.

Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі ауған студенттеріне визалық қолдау көрсетуге дайын екендіктерін мәлімдеді. 2017 жылы Қазақстан Республикасы мен Ауғанстанның білім министрліктері арасында меморандумға қол қойылды және келісім аясында Қазақстанның жоғары оқу орындарына Ауғанстанның 102 азаматы қабылданды.

- Қазір ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстанның жоғары оқу орындары оларға шақыру қағаздарын дайындап жатыр. Қазақстан Республикасының Елшілігі Ауғанстаннан келген студенттерге визалық көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді, - деп хабарлады Білім және ғылым министрлігінің халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Ләззат Әділова.

Білім және ғылым министрлігі «Қазақстан тарапы меморандум бойынша грант алған Ауғанстан Ислам Республикасының азаматтарына, егер олар оқуға уақытында қыркүйектің басында келмесе де, визалық қолдау көрсетуге дайын» ​​деп түсіндірді.

Қазақстандық Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі ауған студенттеріне виза беру уақытына түсініктеме бере отырып, «Ауғанстандағы ішкі саяси жағдайдың тұрақталуын күту керек» деп мәлімдеді.

Авторы: Бағдат Асылбек

Аударған: Айнура Дарибаева

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар