Байзақтағы жарылысқа бір ай. Не өзгерді?

cover Әуесқой түсірілім

26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында болған жарылысқа бүгін – 26 қыркүйек күні бір ай толды. Қазір жарылыстан кейін есін жинаған ел баспаналарының қираған қабырғалары мен шытынаған әйнектерін қалыпқа келтіре бастаған. Өңірдегі бір айдың ішінде болған өзгерістерге қарап, құдды бір жарылыс болмаған секілді ой келеді. Құрылысқа ынта-шынтасымен кіріскен Байзақ ауданының әкімі жанына орынбасарын алып, Қайнар ауылындағы жұмыс сапасын бақылап жүр.

Orda.kz редакциясы 17 адамның өмірін қиып, 18 отбасын асыраушысынан айырған оқиғадан кейінгі жағдайды білу үшін Қайнар ауылына барып қайтты.

Қайнар – жарылыс кезінде көп шығынға ұшыраған әскери бөлімшеге ең жақын орналасқан ауыл. 26 тамыз Байзақ ауданына қарасты инженерлік оқ-дәрілер қоймасында болған өрттің соңы жойқын жарылысқа ұласқан еді. Оны ешкім ұмытпайды, дегенмен тіршілік жалғасуда.

Әуесқой түсірілім. 26.08.2021 жыл

Қайнар ауылындағы құрылыс басында жүрген аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың айтуынша, аудан бойынша жоспарға сай міндеттелген 35 үй 10 қарашаға дейін толық жөнделіп бітуі тиіс.

– Бүгінгі күні Қайнар елді мекенінде 18 отбасы бар, оның ішінде 7 үйдің төбесі жабылды. Енді үйлердің ішін сылау, есік терезесін қою жұмыстары осы 1 апта көлемінде бітеді деген жоспар бар. Атқарылып жатқан жұмыстар күнделікті бақылауда, қалған үйлердің осы 10 күннің ішінде толық төбесі жабылып бітеді деп отырмыз. Одан кейінгі кезек үй ішіндегі жылу, есік пен терезесін орнату, сылағын, еденін сол өзіміз басында жоспарлаған 10 қарашаға дейін бітіреміз деп отырмыз, - дейді аудан әкімі.

Orda.kz

Әкім қазіргі таңда құрылысты облыс азаматтары өз есебінен жүргізіп жатқанын, кейін шығынның толық өтелетінін айтады.

– Қаражат әлі ешкімге бөлінген жоқ. Азаматтарымызға алғысымыз шексіз, осы облыстың азаматтары, облыстағы үлкен компаниялар жағдайды түсініп, жұмыстың бәрін өз есептерінен жасап жатыр. Алдағы уақытта сол атқарылған жұмыстарға тиісті құжаттар дайындалып, қаражаты төленетін болады. Құрылыс жұмыстарына Қайнар ауылы бойынша 160 млн теңге кетеді.

Orda.kz

Бақыт Қазанбасов жарылыстан зардап шеккен Үшбұлақ және Жібек Жолы ауылдарының да қазіргі уақытта толық құрылысқа кіріскенін алға тартты.

– Үшбұлақ ауылында 4 үйге үлкен зақым келген, ол үйге 6 млн 100 мың теңге қажет, тағы қосымша істейтін жұмыстарды мердігер өз есебінен жасап беремін деген уәдесі бар. Ол осы 4 үйдің жұмысы 6 млн теңгемен бітеді дегендік емес, себебі өздеріңіз білесіздер, күннен күнге құрылыс материалдары мен жұмыс күші қымбаттап жатыр. Қайырымдылық жасап, соңына дейін өзіміз бітіріп береміз деген жоспарымыз бар.

Жібек жолында шамалы зақым келген 12 үй бар олардың құрылысын мердігерлеріміз бастап кетті, онда тиісті есептеген бағаға байланысты уақтылы ақшасы төленетін болады. Дегенмен мердігерлеріміз оны өз есебінен жасап жатыр, алдағы уақытта оның да қаржысы жасалған жобаға сай төленетін болады, - дейді әкім.

Orda.kz

Қайнар ауылында іргетасы осыдан 130 жыл бұрын қаланған Абдығаппар Сүйіндіковтің үйі бар екен. Ауыл ақсақалының айтуынша, жарылыс болған сәтте шатыры мен терезесінің сау жері қалмаған, бірақ КСРО уақытында бой көтерген іргетас пен қабырғасы мүлдем зақымданбаған.

– Үй кірпіштен соғылған, бірақ нақты қандай кірпіш екенін мен айта алмаймын. Кірпіштен қаланған іргетастың астында үш қабат тас қаланған, тас қазіргі тастардай емес, домалақ, басқаша. Қабырғаның өзі 85 см, сылағымен 90 см болады. Жарылыстан үйдің төбесі кетті, терезелері сынды. Қабырға мен іргетасы әлі орнында. Құрылыс жақсы жүріп жатыр, осының басы-қасында жүрген жігітерге алғыс айтамын, - дейді ауыл тұрғыны.

Иә, ауылдағы ағайындардың қазіргі халі тұрақсыз, «жарылыс қайталанар ма екен деп» шошып  қалғандары рас. Құрылыстың қарқынды жүріп жатқаны жүрек жылытты. Бірақ одан бөлек көңіл құлазытатын бір дүние бар. Ол - жарылыс кезінде қызметте болып, оқиға ортасына барған әскери бөлімнің қызметкері Бауыржан Дәуітбаевтың бір ай уақыт бойы табылмауы.

33 жастағы Бауыржанды іздестіру жұмыстары бір уақыт болсын жалғасып жатыр. Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Фахриддин Шанкаровтың айтуынша, әскери бөлімшеден 100-150 шақырым радиус толық тексерілген, бірақ нәтиже жоқ.

Мақала авторы: Исламбек Дастан.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар