«Бәсеке жоқ, бірақ бақылаған жөн». Сайлау бақылаушысымен сұхбат

cover

Қазақстанда 10 қаңтар күні кезекті рет мәжіліс пен мәслихат сайлауы өтетіні белгілі. Орталық сайлау комиссиясының 4 қаңтардағы мәліметінше, елде болатын бұл саяси бәсекені 400-ге жуық халықаралық байқаушы бақылағалы отыр. Олар – 10 халықаралық ұйымның өкілі.

Бұдан бөлек, елде сайлауды бақылауға ниет білдіріп отырған бірнеше республикалық тәуелсіз ұйым бар. ORDA. тілшісі сондай ұйымдардың бірі «Тәуелсіз бақылаушылар» қоғамдық бірлестігінің басшысы Арайлым Назаровамен сөйлесіп, сайлауды бақылауға дайындық қалай жүріп жатқанын сұрап көрді.

«Бақылаушыларға ақша төленбейді»

Сіздердің ұйым қашан және қандай мақсатта құрылды?

«Біздің ұйым – 2019 жылы өткен президент сайлауында бақылаушы болған ерікті азаматтардың бірігіп құрған ұйымы. 2019 жылдың қыркүйек айында ресми тіркеуден өттік. Мақсатымыз – Қазақстанда әділ сайлау институтын қалыптастыру, сайлаудың таза өтуін қадағалау, сол арқылы халықтың сайлауға деген белсенділігін арттыру.

Қаңтардың 10-ына жоспарланған парламент сайлауын сіздердің ұйымның атынан қанша байқаушы бақылайды?

«Қазір дәл санын айта алмаймын».

Шамамен ше?

«Шамамен 100-ден астам».

Аз емес пе?

«Иә, негізі өте аз».

А.Назарова.

Ұйымға бақылаушыларды қалай тартып жатырсыздар? Оларға ақы төлейсіздер ме?

«Негізінен қазір біздің ұйымның құрамындағы азаматтар бізді әлеуметтік желі арқылы өздері іздеп тапқан еріктілер. Сонымен қатар ұйым құрамында президент сайлауы кезінде бақылаушы болған азаматтар да көп. Бұлардың ешқайсына да ақы төленбейді. Барлығы ерікті түрде мүше болды, сайлауды бақылауға да өздері ниет білдіріп отыр».

Ресми тіркелген кез келген ұйымның, қоғамдық бірлестіктің қаржылай шығыны болатыны белгілі. Сіздер бұл мәселені қалай шешіп отырсыздар? Мемлекеттік немесе шетелдік грант ұтып алдыңыздар ма?

«Жоқ, грант алып көрмедік. Шетелден де, мемлекеттен де қаржы алған жоқпыз. Құрылғанымызға бір жылдан асты. Осы уақыт аралығында жұмысымызды ұйым мүшелерінің мүшелік жарнасы арқылы ұйымдастырып жатырмыз».

Түсінікті. Сіздерден бөлек те сайлауды бақылағалы отырған бірнеше ұйым бар. Солармен байланыстарыңыз қалай?

«Біз – «Тәуелсіз бақылаушылар альянсы» деп аталатын қозғалысқа мүшеміз. Бұл – сайлауды бақылауға ниетті болып отырған бірнеше ұйымның біріккен қозғалысы. Оның құрамында сегіз қалада тіркелген ұйымдар бар. Қазіргі таңда біз барлығымыз бірігіп жұмыс істеп жатырмыз».

«Сайлау бәсекесіз болса да, бақылаған жөн»

Сайлау жақындаған сайын белсенділер бақылаушыларға қысым көрсетіле бастағанын жиі айтып жүр? Сіздер қысымға ұшырамадыңыздар ма?

Біз әлі физикалық қысым көрмедік. Бірақ құжат жағынан шектеу бар. Жалпы бақылаушыларға қысым көрсетуге ешқандай негіз жоқ. Себебі бақылаушы болу – толығымен заң аясындағы жұмыс. Дегенмен елдегі саяси жүйенің авторитарлы екенін ескерсек, бәрібір де ішімізде қорқыныш бар. Сондықтан да біз қазір нақты санымызды, тізімімізді ешкімге бергіміз келіп отырған жоқ. Өйткені біз дайындап отырған бақылаушыларға дәл сайлау қарсаңында қысым көрсетіліп, олар учаскеге келмей қалуы мүмкін».

Сайлау кезінде заң бұзылса не істейсіздер? Сіздердің ұйым өз бақылаушылары заңсыздыққа көз жеткізген жағдайда, соны дәлелдеу үшін соттасуға дайын ба?

«Әрине, дайын. Заңсыз әрекеттерге көз жеткізсек, сотқа жүгінеміз. Мықты заңгерлеріміз бар. Сол кісілер жұмыс істейді. Барлығын заң жүзінде дәлелдеп шығуға тырысамыз. Мәселен, 2019 жылы біз сайлаудан кейін 8 факты бойынша сотқа жүгіндік. Өкінішке қарай, сотта оның барлығында жеңіліп қалдық. Бірақ қазір тәжірибеміз бар. Сондықтан осы жолы сотқа жүгінетін жағдай болса, жеңіп шығуға тырысамыз».

Өткен сайлау деп қалдыңыз. Сол 2019 жылы болған президент сайлауында бақылаушылар белсенді болған тәрізді. Қазір сол белсенділік бәсеңдегендей ме, қалай?

Өткен сайлауға қарағанда осы жолы бақылаушылардың белсенделігі өте бәсең. Өйткені ол сайлауда халықта үміт болды, өзгеріске деген сенім болды. Сондықтан да белсенділік өте жоғары болды. Биыл көбі бойкотты таңдап отыр. Негізінде бізде парламент сайлауын аса елей бермейді. Халық бұл сайлаудың маңыздылығын түсінбейтін тәрізді. Сондықтан да осы сайлауда бақылаушылардың да белсенділігі төмен. Бұған қоса, 2019 жылғы президент сайлауынан кейін бақылаушы болған көп адамның көңілі қалды. Көбінде сол сайлаудан кейін «не істесек те, жүйе өзгермейді екен ғой деген» ой қалыптасты деуге болады. Дегенмен соған қарамастан осы сайлауды бақылауға ниет білдіріп жатқандар да бар».

Ал жалпы сайлауалды науқан қалай өтіп жатыр? Саяси процеске қатысқалы отырған партиялар арасында бәсеке бар ма?

«Сайлауға қатысушы партиялардың арасында бәсеке өте төмен. Тіпті жоқ десе де болады. Бірақ сайлау бәсекесіз болса да, бақылаған жөн. Себебі бұл – біздің мемлекетімізде болып жатқан үлкен саяси процесс. Біз бұған қатысуымыз қажет. Тіпті дауыс беруге келмей бойкот жариялаған адамдардың таңдауын да қорғауымыз керек. Ол азаматтар учаскеге келмеу арқылы өз таңдауын жасады. Қаншама бюллетень падаланылмай қалады. Сондықтан ол азаматтардың бюллетенін басқа да мүдделі топтар пайдаланып кетпеу керек. Бақылаушылар соны қадағалағаны жөн».

Жалпы осы сайлаудың мерзімі белгілі, оппозицияның кейбір белсендісі бұл саяси процеске бойкот жариялауға шақырды. Бұл қаншалықты дұрыс?

«Өз басым бойкотты қолдамаймын. Бірақ осы позицияны таңдаған азаматтардың таңдауына құрметпен қараймын».

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар