Қазақстандықтардың неге полицияға сенбейтіндіктері белгілі болды

cover

Бірі білсе, бірі білмес. Қазақстандықтар полиция қызметкерлеріне сенім артудың орнына көбі олардан жасқанады. Себебі неде? Заңның олқылығы ма, әлде жеке адамның қателігі ме?

– Әке-шешеме Алматыдан Жамбылға зат салып жіберу үшін Сайран бекетіне барғанмын. Не болып жатқаны туралы білмедім де. Сайран маңында таксимен келісіп, затымды салып жібердім. Құлағымда құлаққап. Еш алаңсыз үйге қайтып бара жатқанмын. Адамдар көптеп жиналғанын көрдім, көңіл аудармай жүре бердім. Көшенің бойында полиция көлігіне көз қиығымды салып, өтіп кеттім.

Кенеттен біреу артымнан бір ұрды. Есімнен танып қалдым. Оянсам қараңғы жерде жатырмын. Ұзақ уақыт не болғанын түсінбедім. Сөйтсем, көліктің ішінде екенмін. Жүргізушілерге сөйлесем, ешкім үн қатпайды. Бір мәнісі болар деп, амалсыз отырдым.

Ұзақ жүрдік. Бір кезде көліктің есігі ашылды. Алдымда полицейлер тұр. Не болғанын сұрасам, тек қолымды бұрып, бөлімге алып кетті. Түсінуімше, тергеу жүргізді. Бірақ қандай негізде?

Олар менен Сайран маңында не істеп жүргенімді сұрады. Бар шындықты айттым. Осы сұрақ бірнеше рет қойылды. Жауабым өзгеріссіз болғаннан кейін бірінші рет соққының астында қалдым.

Мен Сайранда жақындарыма зат салып жіберуге бардым. Бар шындығым осы. Тағы да көлікке тиеп алды. Ұзақ жүрдік. Не су, не тамақ жоқ, дәретханаға да бармайсың. Қатты әлсіреп қалдым.

Тағы да полиция бөліміне келдік. Сұрақ та, жауап та өзгеріссіз. Қалай мен істемеген нәрсемді айтамын, тіпті менен не естігілері кеп тұрғандарын білмеймін. Тағы да төмпештей бастады.

Көлікте келеміз. Бір кезде моральды тұрғыда сына бастадым. Бұл бәледен тезірек құтылғым келді. Өзім жалынып, тергеуді сұрадым, бар шындықты айтамын дедім.

Осылайша, полиция бөліміне келдік. Мұнда полицейлер маған не себепті ұсталғанымды айта бастады. Олар «шындықты айтсаң, жазаң жеңілдейді» деп қысым көрсетті.  

Кейін білдім!

Сөйтсем, мен ұсталған 2019 жылы айтыскер Ринат Зайтов бастаған топ президент сайлауының қорытындысмен келіспей, митингке шыққан екен. Адамдар Сайран өзеніне қарай бағыт алып, қалада кептеліс пайда болыпты. Мені сол наразылық науқанына қатысты деп ұстап әкетіпті.

Бәрін түсінгендей болдым. Бірақ істемеген әрекетке қалай жауап беремін деп, туысқан ағаларымның атын атап, тозақтан босатылдым.

Бір күнде есімді жиып, заңсыз негізде ұстап, қысым көрсеткен полицейлерге арыз жазбақшы болдым. Сол күндері мен сияқты 500-ге жуық кінәлісі бар, кінәсі жоғы бар ұсталыпты. Бірақ менің ісім ақпараттар базасына тіркелмеген екен. Не деп дәлелдеймін? Барлығын сол қалпында қалдырдым, - деп кейіпкеріміз Orda.kz редакциясына өзінің оқиғасын айтып берді.

Алайда, кейіпкер мұның барлығын анонимдік тұрғыда жариялауды өтінді.

Осылайша, Orda.kz редакциясы бұрындары тергеу амалдарына қатысқан күдіктілерден осы ақпарат жайында сұрап, олардың тәжирбелері туралы анықтап білмекші болды. 10 шақты адамның барлығы ойланбастан бас тартып, ескі жараның бетін тырнамауды сұрады. Бірақ ондай жағдайлардың кездесіп тұратындығын жоққа шығармады.

Осындай жағдайлар қаншалықты жиі орын алып тұрады?

Orda.kz редакциясы алысқа бармай соңғы екі айда көпке жария болған ұқсас оқиғаларға шолу жасады. Екі айда тек біздің сайтта полицейдің тергеу кезінде күдіктіге көрсететін қысымы туралы 3 жаңалық шыққан.

  1. 18 маусымда Алматының ЛА-155/18 мекемесінің инспекторы Б.Б. Ережепов сотталушыға кісенмен, резеңке таяқпен зорлық-зомбылық көрсеткені туралы айтылды. Полиция қызметкерінің бұл іс-әрекетін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тексерген. Ережепов адамның денсаулығына, заңды құқықтары мен мүдделеріне зиян келтіргені үшін 6 жылға бас бостандығынан айрылған.
  2. 21 маусымда павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенова өзінің Facebook парақшасында жантүршігерлік оқиғасымен бөлісті. Оның айтуынша, Павлодар облысы полиция департаментінің полиция майоры 22 жастағы күдікті қызды тергеу кезінде зорлаған. Бойжеткен арыз түсірген күннен 10 күн өткен соң оны уақытша ұстау изоляторына қамаған. Полиция қызметкеріне ешқандай жаза қолданылмаған.
  3. 9 шілдеде Ерлан Қоныспаевтың өліміне қатысты күдіктіге сот үкімі шықты. 2020 жылдың 22 қыркүйегінде Ерлан Қоныспаев тергеушінің өтініші бойынша экономикалық тергеу бөліміне жауап алуға келген. Алматы тұрғыны алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Тергеу мәліметтері бойынша, ер адам 2016 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінен 230 млн теңге мақсатты грант алып, бірақ бұл ақшаны қолды еткен. Жауап алғаннан кейін тергеуші Қоныспаевты ұстау және тергеу уақытына оқшаулау изоляторына орналастыру туралы шешім қабылдады. Бірақ күдікті сол беті ғимараттан тірі шықпады. Ол бесінші қабаттың терезесінен секіріп кетіп, сол жерде көз жұмды. Марқұм Ерлан Қоныспаевтың ісін жүргізген Бек Исаев 371-баптың 2-бөлігі «Абайсыздық» бойынша жауапқа тартылды. Іс Алмалы аудандық сотында қаралды. Судья оны кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айырды.

Күдіктінің қандай құқығы бар?

Тергеу кезінде ұсталған күдікті азаматтың құқықтары қорғалуы тиіс. Себебі, адамның кінәсі дәлелденбейінше, ол кінәсіздік призумциясы бойынша айыпталушы емес, тек күдікті болып қалады.

Кінәсіздік презумпциясы - зандылық қағидат. Бұл қағида бойынша сот арқылы кінәсі белгіленіп дәлелдейінбейінше, адам қылмыскер деп саналмайды.

Конституциялық Кеңестің төрағасы Қайрат Мәми «Қазақстанның басты мақсаттарының бірі - адам құқықтарын жан-жақты қорғау» дейді.

Қайрат Мәми

Конституцияға сәйкес, ешкім шыққан тегіне, әлеуметтік, қызметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген басқа себептер бойынша қандай-да бір кемсітушілікке ұшырамауы керек, - дейді Қайрат Мәми.

Конституциялық Кеңестің басшысы құқық қорғау жүйесін жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтарының конституциялық кепілдіктерін күшейту желісін жалғастыру қажет деп санайды.

Тергеу кезінде күдіктіге қандай жағдайда күш көрсетуге болады?

Жалпы жоғарыда айтып кеткен оқиғаларды түйіндей келе, «қандай жағдайда адамға тергеу кезінде күш көрсетуге болады?» деген сұрақпен Orda.kz ҚР Ішкі істер министрлігіне хабарласты. Олар «тергеу кезінде күдіктіге ешқандай күш көрсетілмеуі керек» деп баса айтты.

Полиция қызметкерлеріне тек мынандай жағдайда ғана «Құқық қорғау қызметі туралы» 2011 жылғы 6 қаңтардағы ҚР Заңының 60-бабына сәйкес күдіктіге күш көрсете алады:

  • қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшін;
  • кепiлге алынған адамдарды босату үшін;
  • тергеу изоляторларынан қашқан кезінде оларды ұстау үшін;
  • адамдарға жасалған шабуылды тойтару үшін;
  • құқық қорғау органдарының заңды талаптарына бағынбай, оларға қарсылық көрсеткені үшін;
  • өзін-өзі қорғау үшін;
  • құқық бұзушылықтың жолын кесу үшін;

Егер де сіз тергеу амалдары кезінде қандай да бір қысымға ұшырасаңыз, кез келген құқық қорғау органына немесе «Е-өтініш», яғни, азаматтардың барлық өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы арқылы шағым түсіре аласыз.

Полиция қызметкерінің кінәсі дәлелденсе...

Тергеп-тексеру кезінде полиция қызметкері тарапынан ешқандай қысым болмау керек. Мұндай іс-әрекеттер Қылмыстық кодекстің 146-бабы («Азаптау») және 362-бабы («Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану») бойынша жауапқа тартылады.

Тергеуші, анықтама жүргiзушi адам немесе басқа лауазымды адам тергеу кезінде адамға кінәсін мойындату үшін, ақпарат алу үшін, жазалау үшін қандай да бір қысым көрсетсе:

  • 5000 АЕК (1 АЕК 2917 теңге) айыппұл төлейді не болмаса 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы, 3 жылға дейін белгілі бір қызмет атқара алмай қалуы мүмкін;
  • Егер денсаулыққа орташа зиян келсе, 3-7 жылға бас бостандығынан айрылып, 3 жылға дейін белгілі бір қызметті атқара алмай қалуы мүмкін;
  • Егер денсаулыққа ауыр зиян келсе, 5-12 жылға бас бостандығынан айрылып, 3 жылға дейін белгілі бір қызметті атқара алмай қалуы мүмкін.

Ескерту. Лауазымды адамдардың заңды әрекеттерінің салдарынан туындаған физикалық және психикалық қысым азаптау деп танылмайды.

Түскен арызды Прокуратура қабылдағаннан кейін, алдын ала тергеудi сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеушiлерi жүргiзедi.

ҚР адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимова 2020 жылы небәрі сегіз айда 705 арыз келіп түскенін айтқан.

Бірақ тіркелмеген арыздар саны әлдеқайда көп.

Сотталушылардың көбі арыз түсіруден қашады. Себебі, арыз бірінші кезекте мекеме басшылығынан өтеді, олар әкімшілік жазадан қорқады.

Құқық қорғаушылар

Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында «заң бәріне ортақ» екені айтылған. Біреуге жем болғыңыз келмесе, өз құқығыңызды біліп жүріңіз!

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар