Павлодарда полиция майоры 22 жастағы күдіктіні зорлады

cover

Павлодар облысы полиция департаментінің полиция майоры 22 жастағы күдікті қызды зорлады. Қазір қылмыстық іс қозғалған, деп мәлімдеді павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенова.

Бұл туралы Orda.kz хабарлады.

Құқық қорғаушының айтуынша, ол зардап шегуші бойжеткенмен кездескен.

– 17 ақпанда сағат 16:00 шамасында ұстап, жеке тінту жүргізді, содан кейін Екібастұз полиция басқармасының ЖПБ бастығының көлігіне отырғызды, - деген қыз Семеноваға.

Полиция қызметкерлері 22 жастағы бойжеткенді кешкі 18:00-де үйіне апарып, тінту жүргізген. Сосын 20:00-де қайта полиция бөлімшесіне әкеп, қайта тергеуге алған.

18 ақпанда түнгі сағат 01:00-де 4 арнайы жасақ қызметкері қызды тергеу амалдарын жалғастыру мақсатында қайта алып шығып кеткен. Түн ортасында күдіктінің құқығын бұзбау үшін, тергеуге тыйым салынады.

– Тергеу әрекеттері таңғы сағат 4-ке дейін созылған, осы уақытта қыз көліктен шықпай отырған. Кейін оны полиция басқармасына қайта алып келген, жанында екі қызметкер болған, - деп жазды Семенова.

Полиция қызметкерлерінің бірі қызға шаршап тұрғанын айтып, пәтер алып, сонда түнеп, ертеңінде полиция басқармасына барамыз деп көндірген.

Күдікті қыздың айтуынша, майор пәтер ішінде жартылай жалаңаш жүрген.

Кейін қызға қашып кетпес үшін жаныңа жатамын деп, диванға жанына жайғасқан. Осы кезде 22 жастағы қыз зорланады.

Азанда түк болмағандай майор қызды тамақтандырып, полиция бөліміне, кейін үйіне әкеп тастайды.

Оқиға орын алғаннан кейін бойжеткен келесі күні полицейдің атына арыз жазады. Сол кезде қызды қайта тергеуге алып кетеді.

Анықталғандай, бұл жағдай туралы «Немолчи.kz» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі де естіген.

– Иә, оның анасы 13 мамырда «НеМолчи» қорына жүгінді. Нұрлан Мәсімов (Павлодар облысы полиция департаментінің басшысы) істі жеке бақылауға алды. Бізге кінәлілер жазаланады деп уәде берді, - деп жазды Таңсәрі.

Бірақ Таңсәрі қыздың қайта тергеуге алынғанынан хабарсыз болған.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар