Арыстағы апатты үйлерде үреймен күн кешкендер

Таяуда ғана шымкенттік гарнизонның әскери соты Арыстағы жарылысқа байланысты істі прокуратураға кері қайтарды. Бұған себеп — қылмыстық-процессуалдық заңнаманың бұзылуы болған.
Бұл туралы Orda.kz хабарлайды.
Еске салайық, 2019 жылы 24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болды. Қала тұрғындары Шымкент пен көршілес аудандарға шұғыл көшірілді. Жарылыс салдарынан төрт адам қаза тапты: екі әскери қызметкер, бір жергілікті тұрғын және бір бала. Төтенше жағдайдың төртінші күні Арыс тұрғындары үйлеріне оралды.
Арыстағы бұл жарылыс талай адамды үйсіз қалдырды. Снарядтар түскен жүздеген баспана тұруға жарамсыз деп танылды. Жарылыстан кейін арада екі жылға жуық уақыт өтті. Қазіргі Арыс қаласының жағдайы қалай?

Арыс қаласы Шымкенттен 1,5-2 сағаттық жерде, темір жолдың бойында орналасқан. Арыстың қазіргі хал-ахуалымен таныспас бұрын ең алдымен Әуелхан ШОНЖАН ағаның үйіне ат басын тіредік. Бұл ағамыз жарылыс болып жатқан сәтте үйінен шықпаған күйі оқиға орнында жалғыз қалған адам болатын.

— Қаншама журналист, блогер келді. Жағдайды көзімен көріп, «жазамыз, жоғарыға жеткіземіз» деп кетті. Өкінішке қарай, халықтың мұңы толық жеткізілмей келеді. Соның салдарынан да әлі күнге қаншама Арыс тұрғыны баспанасыз қаңғып жүр, - деп ренішін білдірген Әуелхан аға қолда бар деректерімен де бөлісті.
— Дәл қазір шамамен 150-дей үйдің тірлігі біткен жоқ. Осылардың ішінде 20-30 отбасы үйлеріне кіруге қорқып отыр. Өйткені ол үйлерде өмір сүру өте қауіпті. Міне, сол отбасылар қазір пәтер жалдап, әр жерде жүр, - дейді ол.
Оқиғадан бері екі жылға жақын уақыт өтсе де, неге жүздеген отбасының мәселесі әлі күнге дейін шешілмеген? Естеріңізде болса, 2019 жылғы 24 маусымда болған Арыстағы жарылыста облыс әкімі Өмірзақ Шүкеев ешкімнің баспанасыз қалмайтынын айтып, жұртты сендіріп еді ғой? Бұл сұрақтарымызға Ә. Шонжан:
— Шүкеев оқиға орнына келді. Халыққа уәдені берді. Алайда арада бірер уақыт өткенде, Шүкеев Н. Назарбаевтың қабылдауында болды да, жағдай өзгеріп сала берді. «Жұмыс орындалды» деген белгі соғылып, құжаттар жабылды. Бітті. Бұл туралы айтып шаршадық. Талай үйді «қолдануға жарамды» деп құжатқа мөрді сырттай басқаны анық. Әйтпесе, тұруға жарамды деген кейбір үйлердің ішіне кіріп көрсең, талай дүниеге көз жеткізуге болады, - дейді.
Сонымен қатар Арыстағы «Стадион» атты шағын ауданға шенеуніктердің табаны тимеген. Қабырғасы қақ айрылып кеткен үйлер сол күйі биліктің назарынан тыс қалған.
Арыс қаласының орталық көшесі мен көшені жағалай орналасқан үйлердің сыртқы көрінісі көңілге қонымды-ақ. Әйтсе де, «сырты бүтін, іші түтіннің» керін келтіретін мұндай үйлер Арыстағы жарылыстан кейін бой көтергені белгілі.

Арыс қаласындағы Тұрар Рысқұлов көшесі, 51 үйдің тұрғыны Құралбай ШПЕКОВ:
— Жарылыстан кейін бүлінген үйіміздің шатырын жаңалап, жасап берді. Сынған белдеме ағаштары мен үйіміздің жарылған қабырғасы жасалмаған күйі қалды. Бірнеше рет билік тарапынан келгендер «әне жасап береміз, міне жасап береміз» деп созып, үш белдеме ағашты дұрыстап береміз деген 15 сектордың басшысы да жағдайды өз көзімен көріп кетті. Үйдегі кішкентай балаларға залалы тимесін деп, қабырғасы жарылып тұрған үйімізге тіреулер қойып тастадық.
Сынып тұрған белдеме ағаштарды жөндеу үшін үйдің төбесін ашып жасау керек. Құрылысшылар ондай жұмыстан бас тартты. Оның орнына 320 мың теңге ақша берді. Одан артық бере алмайтынын айтты. Амал жоқ, сол ақшаны үнемдеп, үйіміздің төбесін жеңіл-желпі реттеп қойдық. Міне, сол өзіміз жасап қойған әлсіз белдеме ағаштар үйіміздің төбесін әрең ұстап тұр. Суықтан сақтасын деп шыны мақтамен жауып, қираған белдемелерді темір құбырлармен жамап-жасқадық.



— Үйіміздің қабырғасы ғана емес, іргетасы да сөгіліп тұр. Үйдің ішінен төбесін гипсокартон сияқты дүниелермен жауып қойғанымыз болмаса, арғы жағын ашса, бәрі қирап тұр. Тәуелсіз сарапшыны шақырдық. Бәрін көріп толық күрделі жөндеуден өткізу керек деп жазып берді. Сметалық құнын да шығарып береміз деген. Алайда оның бәріне ақша керек, әзірге сметалық құнын шығарта алмадық. Жағдайымызды, апатты үйде тұрып жатқанымызды айтып әкімге де бардық. Әлі күнге нәтиже жоқ, сол қауіпті үйде тұрып жатырмыз. Білмеймін, енді тек заңды құқығымызды талап етіп, сотқа жүгінуден басқа жол жоқ, - дейді.
Бүгінгі күнге дейін ата-анасы мен бауырының апатты үйде күн кешіп жатқанын айтып, алаңдаушылығын білдірген Гүлжан ӘМРЕЕВА:
— Арыста болған жойқын жарылыс салдарынан үйіміздің қабырғалары жарылған. Әкем Әмреев Өмірзақ Арыс қаласы, Асан Қожа 1 үйдің тұрғыны, зейнет жасындағы қария, анам да 60-қа тақалды. Ата-анам жарылыстан соң құрылған комиссияның көмегіне жүгінген еді, алайда жөндеу жұмыстарын жүргізген кісілер апаттық жағдайда тұрған үйді сымдармен тартып, бетін сылай саламыз деді.
Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы үйлер толықтай қайта қалпына келтіріледі, жөндеу жұмыстары жоғары дәрежеде жүргізіледі деп уәде берді емес пе?! Сонда қалпына келтіру жұмыстары асты шіріп тұрған үйдің бетін сылай салумен шектеле ме?



— Әлеуметтік желілер мен баспасөз беттерінде бәрі керемет деп жазады, ал шын мәнінде жөндеу жұмыстары қалай болса солай жүргізілді, адамдардың жан-айқайын тыңдайтын бірде-бір шенді болған жоқ. Апаттың салдарымен күреседі деген штаб шешім шығаруға асықпады. Сенім артқан қала әкімі сотқа жүгініңдер дегеннен басқа әңгіме айтпады. Ал облыс әкімі Өмірзақ Естайұлын бір ай бойы Арыста өмір сүреді деп бүкіл ақпарат құралдары жар салған еді, ол да жалған болып шықты.
2 жылдан асты сот жүріп жатқанына, оның да қалай шешілерін білмейміз. Ата-анам және сегіз жасар інім екі жыл қабырғасы жарылған, тіреумен тұрған үйдің бір бөлмесінде қыстап шықты. Жанымызды шүберекке түйіп, күнде сол кісілердің аман-болуын, үйдің құлап қалмауын Алладан тілеп жүрміз. Үкіметтің бар көрсеткен көмегі отбасының әр мүшесіне берген жүз мың теңгесі. Ол қай тесікке жамау болар дейсіз?!
Бұл техногендік апатты халық тілеп алмады, бұл халқына жаны ашымайтын шенді-шекпенділердің салғырт әрекеттерінің салдарынан орын алған жағдай. Біздің бір ғана тілегіміз кінәлілер жауапқа тартылып, апат салдарынан тұруға жарамсыз болып тұрған ата-анамның баспанасы қалпына келтірілсе екен, - дейді.
Арыстағы жарылыстан кейін құрылыс жұмыстарына белсенді араласып, халықтың мәселесін шешуде қыруар жұмыс атқарған Асатулла СУППАЕВ:
- Бізде әлі күнге шешілмеген мәселе де, бітпеген тірлік те өте көп. Мысалы, қираған үйлерін өз ақшасына жөндеткен кейбір тұрғындар, күні бүгінге дейін үкіметтен арнайы бөлінген ақшаны ала алмай жүр. «Өздерің жасата беріңдер, біз ақшасын кейін береміз» деп берілген уәде орындалмады. Былтыр қыркүйек айында отыз шақты адам прокуратураға барғанбыз.
Біздің шағымымыздың қабылданғаны да, прокурордың жауабы да құжат ретінде қолымызда бар. Жарылыс кезінде дәл үйінің бетонына снаряд түскен баспана бар. Быт-шыты шығып қираған сол үйді қожайыны өз ақшасына жөндеді. «Дефектный акт» яғни, «Техникалық шешім» әрбір зардап шеккен баспанасы бар үй иелерінің қолында бар.
Менің үйімді жөндеуге 5 млн 600 мың теңге жұмсалды. Ал мемлекет тарапынан жасалған жөндеу жұмысы 2 млн теңгенің айналасында ғана. Соның бәрін дәлелдеп, прокурорға бардым. Жасалған жөндеу жұмыстары сапасыз деген шағымыма «ол жұмысты жүргізген адам қазір жұмыстан кетіп қалған» деген жауап алдық. Арыстағы қираған үйлерді қайта қалпына келтіру үшін үкіметтен миллиондап қаржы бөлінді.
Алайда бұл ақшаның сұрауы жоқ сияқты. Бөлінген ақшаға жұмыс қалай жасалды деп мемлекет тарапынан неге сұрау салынбайды? Бұдан басқа, үйлерді жөндеуге өздері атсалысқан тұрғындарға облыс әкімі Өмірзақ Шүкеевтің өзі жалақы төленетінін қадап айтқан еді. (төменде осы мәселеге қатысты видео салынды-ред.)
Өкінішке қарай, құрылыс жұмысын істеген тұрғындар айлықтарын да жарытып ала алмады. 17 сектордың жұмысына тікелей араластым. Халық наразылық танытып, митингіге шығамыз дегенде де басу айтып, сабырға шақырып едік. Енді қазір сол үшін кінәлі адамдай болып қалған жайымыз бар. Кейбір қираған үйлердің сыртынан «жөндеу жұмыстары жүргізілді» деп мөр басылып, қол қойылған. Ал шындығында әлгіндей үйлерге бір шеге де қағылмаған, - деп күйінішін жасырмады.
P.S Біз тілдескен Арыс қаласы тұрғындарының наразылығы мен шағымының бұл бір ғана парасы. Дәл қазірдің өзінде қираған үйін жөндете алмай немесе өз қаржысына жөндетіп алып, үкіметтен бөлінген тиесілі ақшасын ала алмай сандалған адамның саны жүзден асып жығылады екен.
Бұл қалай? «Әскери қоймадағы жарылыстардан кейін Арыс қаласын қалпына келтіруге Үкімет резервінен — 15,5 млрд теңге, жергілікті бюджеттен — 10,6 млрд теңге, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-нан —6 млрд теңге, демеушілер мен гуманитарлық көмек есебінен — 2,5 млрд теңге бөлу жоспарланған». Бұл туралы Сенат отырысында Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеген еді.
Жалпы сомасы 20 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген Арыс қаласының қазіргі жағдайы (орталық көшенің бойынан басқа тұсы-ред.) деп бір көк тиын көмек көрсетілмегендей күйде. Ел бюджетінен бөлінген миллардтардан басқа қарапайым халық та сол тұста миллиондап ақша жинағаны жұрттың жадында. Алайда қыруар қаржының аты бар да, атқарылған жұмыс ауыз толтырып айтарлықтай емес.
Меруерт ХУСАИНОВА
Түркістан облысы
Жаңалықтар
- Импорттық жұмыртқаға тосқауыл: Қазақстан бақылауды күшейтті
- АҚШ-та әйгілі Гранд-Каньон өртеніп жатыр: 500-ге жуық турист эвакуацияланды
- Қазақстанда спортшыларға діни үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынды
- Алматыда 28 тұрғын үй кешені «қара тізімге» енді
- Шенеуніктің шымбайына батқан сын: Ұлытау әкімдігі Orda.kz мақалсына жауап берді
- Шетелден қайтарылған 5,1 млрд теңге Қарағанды облысындағы су құбырын жаңартуға бағытталды
- Құмар ойынға әуестігі үшін 16 мемлекеттік қызметкер жұмысынан айырылды
- Алаяқтар арбауы: Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі далада қалды
- «Тарихи мұра»: Қазақстандағы көне таңбалар бар жерге Қытай компаниясы зауыт салады
- Қазақстан Ауғанстандағы теміржол құрылысына жарты миллиард доллар инвестиция салады
- Тілін кесті: Ақтөбеде саябақта тоқ соққан баланың анасы кінәлілерді жазалауды талап етті
- Азаматтыққа қабылдау үшін қазақ тілі мен тарихын білу талаптары өзгеруі мүмкін
- Наразылық пен балалардың үндеуіне қарамастан, Алматыдағы балалар үйі Қонаевқа көшірілмек
- Қызылордада полицияны басынған жасөспірімдер мен олардың ата-аналары жазаланды
- Алматы Сеулге айналды: Үнді фильмінің түсірілімі қаланың келбетін қалай өзгертті?
- Ректор болу үшін 200 мың доллар төлеген Айман Мұсақожаева алаяқтарға жем болды
- Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды
- «Ем-домды карцерде жасады»: Денсаулығы нашарлаған Думан Мұхаммедкәрімнің түрме басшылығына жазғаны
- Тасмағамбетовтің күйеу баласы украиналық «БТА Банкті» сатылымға шығарды
- «Бір кереует 1,2 млн теңге»: Қызылорда облыстық инфекциялық ауруханасындағы былық ашылды