Ақтөбедегі жағымсыз иістен арылуға шетелдік тәжірибе көмектесе ала ма?
Ақтөбе қаласында ауада жағымсыз иістің қалықтап тұрғанына кемі 10 жылдан асты. Облыстың Мұғалжар, Темір, Алға аудандарында одан да ертерек сезіле бастады. Тұрғындар ол иістің шамамен неден болатынын болжағанымен, нақты себептерін біле бермейді.
2023 жылы ала жаздай полигон өртенді. Ол аз болса, қала аумағына «еніп кеткен» зауыттардан бөлінетін химиялық заттар тағы бар (мөлшерден тыс алтывалентті хром). Кезінде «Ақтөбе – арақтың астанасы» деген түсінік те болған (2010–2015 жылдары өңірде 4 арақ зауыты жұмыс істеді). Спирт өндірісінің қалдықтары бүгін деашық аспан астына төгіледі (үстінен химиялық қоспалармен жабылады). Облыс орталығындағы кәріз құбырлары да шіріп тұр.
43 жыл бұрын пайдалануға берілген Кәріз тазарту құрылыстары (КТҚ) кәсіпорнының техникалық жағдайы нашар, 80%-ның тозығы жеткен. Егер қалада КТҚ салынса, ауаның күкіртті сутегімен ластануына қатысты мәселе шешімін табар еді. Бұл жөнінде 2023 жылы бұрынғы облыс басшысы Ералы Тоғжанов мәлімдеген болатын.
Инфографика авторы Нұрмұхан Қонысбаев
Жаңа үкімет те назарға алса
Ақтөбеге былтырғы сапары кезінде экс-премьер Әлихан Смайылов: «Кәсіпорындардан шығатын зиянды қалдықтар Ақтөбе қаласын жайлаған жағымсыз иістің негізгі себебі болып отыр. Қоқыс полигонында қайта-қайта өрт шығып, онсыз да күрделі экологиялық ахуалға зиян келтіруде. Қоқыс шығару қызметтерінің жұмысы да ақтөбеліктердің орынды наразылығын тудырып отыр. Осы мәселелердің барлығына облыс әкімдігі жіті назар аударып, оларды шешу үшін жедел шаралар қабылдауы қажет», - деген болатын.
Экс-премьер өз сөзінде жыл соңына дейін жаңа кәріз тазарту құрылыстарын салуға қатысты барлық құжаттаманы дайындауды аяқтап, алдағы 2–2,5 жылда қала үшін маңызды жобаны жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Бұл мәселе жаңа үкіметтің назарынан да тыс қалмайды деген үміттеміз.
Жергілікті билік органының мәліметінше, 60,2 гектар аумақты алып жатқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны 2007 жылы пайдалануға берілген. Полигон жылына 150 000 тоннаға дейін қоқыс қабылдайды.
2023 жылы Ақтөбе облысында қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында 10,9 млрд теңге қарастырылған болса, 2024 жылы – 6,5 млрд теңге ескерілген. Ал 2022 жылы – 5,8 млрд теңге бөлінген. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы тартқан мәлімет осындай.
«Жағымсыз иістің таралу көзі – Ақтөбе қаласының кәріз жүйесі, оның ішінде кәріз-сорғы станциялары және тазарту қондырғылары. Қалада 56 сорғылау станциясы орналасқан, 10 тораптық сорғы станциясында күкіртті тазарту катализаторы қолданылады. Қабылданған шаралар нәтижесінде ауаның ластануының жоғары деңгейі бірнеше есе төмендеді. 2021 жылы күкіртсутегімен жоғары ластанудың 12 жағдайы болды, 2020 жылы 7 жағдай, ағымдағы жылы күкіртсутегімен жоғары ластану тіркелмеген», - деп хабарлады облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасынан.
2023 жылдың жаз айларында Ақтөбедегі тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны үсті-үстіне өртенді. Қызыл жалын, сәйкесінше, одан шығатын түтін иісі тұрғындарды біраз әбігерге салды. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды бірнеше күнге дейін ауыздықтай алмады. Әкімдіктің бір есебінде,шамамен 1500 шаршы метр аумақта қоқыс жанғаны көрсетілген. Өртті тоқтату мүмкін болғанымен, полигон асты бірнеше күнге дейін бықсып жатты. Ералы Тоғжановтың (облыс әкімі болғанда) тұсында 17 мың тонна топырақ төгілді. Бірнеше күн дегенде қоқыстардың беті жабылды.
Ақтөбе облысының экологиялық ахуалын өңірге жұмыс сапарымен келген президент Тоқаев та ерекше атап өтті. Ізінше, облыс әкімі Асхат Шахаров бұл мәселені шешу мақсатында жол картасы әзірленгенін жеткізді.
«Құжат өзекті экологиялық мәселелерді қамтиды, бұл бағыт бойынша алдағы үш жылда тиімді шаралар қабылданады», - деді Асхат Шахаров. Оның есебінше, Ақтөбе қаласында кәріздік тазарту қондырғыларының 80%-ның тозығы жеткен.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың есебінен
Уақытша шешім
Айтпақшы, кезінде Бердібек Машбекұлы Сапарбаев Ақтөбе облысына басшы болып тұрғанда (2016 жылдың шілде айы) мұндағы жағымсыз иіс көздерін анықтап қана қоймай, сол жерлерге «бір автобус» журналисті ертіп апарды. БАҚ өкілдері ғана емес, иіс көздері болуы мүмкін деген мекеме басшыларына да «міндетті түрде»келуге тапсырма берді.
Қала маңындағы көріністі көрген тілшілер (ұлы сөздің ұяты жоқ) «ашық аспан астындағы әжетхана» деп айдарлап үлгерді. Спирт өндіретін зауыттардағы борсыған бидай қалдықтары да жағалай төгілгені байқалды сонда. Сапарбаев қаладағы «Ақбұлақ» мекемесінің тазарту нысанына да ат басын бұрды. Ақ көйлек, костюм-шалбар киген мекеме басшысы тізерлеп отырып, құдықтың ішіндегі су ағынын қарап отырып, Сапарбаевқа иіс көзі туралы есеп берді (бұл уақытта иіске шыдамаған тілшілер мұрындарын басып, 5–10 метр алыстау тұрды).
Бір қызығы – осы ерекше рейдтен кейін Ақтөбеде жағымсыз иіс басылды. Бірнеше ай бойы, нақтырақ айтсақ, жаз айларында қала тұрғындары еркін тыныстап, дем алды. Бұрынғыдай жергілікті паблик беттерінде иіске қатысты посттар жазылмады. Бұл мәселе шешімін тапқандай болып еді, сөйтсек, бұл уақытша болып шықты. Мұның мәнісін біз Бердібек Машбекұлының командасында болған Ілияс Испанов (сол жылдары Ақтөбе қаласының әкімі) пен Жандос Байырхановтан (Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары болған) сұрадық.
Бердібек Сапарбаевтың тұсында Ақтөбе қаласының әкімі болған Ілияс Испановтың айтуынша, сол тұста ауаға тараған жағымсыз иісті кетіру үшін «сүт қышқылды бактерияларды тәжірибелік негізде қолдану» шарасы жүргізілген.
«2018 жылы тамыз айында шлам төсектерінің бір бөлігі өңделді. Араға санаулы күн салып, күкіртсутек мөлшері 3,5%-ға төмендесе, аммоний азоты 0,7%-ға артты. Тағы бір апта өткенде қайталама талдау жүргізілді. Нәтижесінде күкіртті сутегі 80%-ға азайды. Арнайы формулаға ие бактериялар да органикалық заттар мен шламды ыдырату үшін ағынды суларды тазарту қондырғыларында сыналды. Алғашқы нәтижелер оң болды. Органикалық ластанудың иісі мен концентрациясының төмендеуі байқалды. Микроорганизмдердің осы бактериялық концентратқа реакциясы зерттелді», - дейді ол.
Ілияс Испанов, фото жеке мұрағатынан алынған
Сондай-ақ, Испановтың айтуынша, ғылыми-өндірістік кәсіпорындардың бірінде биологиялық өнімнің көмегімен шламды өңдеу бойынша тәжірибелік жұмыстар жүргізілген. Алайда, сол кездері басқа да мердігерлер пайда болып, енді басталып келе жатқан жұмыстарды ығыстырып жіберген. Оның үстіне, сол кездегі билік арнайы биологиялық өнімнің сертификатталып үлгерілмегенін де алға тартқан. Ұзын сөздің қысқасы – өте сәтті басталып келе жатқан сынақ жұмыстары ұзаққа бармай, әртүрлі сыртқы факторлардың салдарынан тоқтап қалған.
«Расында, сол кезде бірнеше айға дейін қала ішінде жағымсыз иіс сезілмеді. Тұрғындар да шын қуана бастады. Өкінішке қарай, мемлекеттік сатып алу аясында жүргізілетін жұмыс болғандықтан, тендерге басқа тараптар араласа бастады. Билік ауысты. Сәйкесінше, басқа мердігерлер өз ұсыныстарын тықпалады. Тәп-тәуір шешіліп келе жатқан мәселені бүлдіріп жіберді. Ал, жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқан бастама сол күйі аяқсыз қалды. Өкінішке қарай, кейін бұл тақырып көтерілмеді. Мәнісі де болмаған шығар», - деп қайырды аты-жөнін баспасөзде жариялағанымызды қаламаған дереккөз.
Экобелсенді ғылыми негіз іздейді
Осы арада біз Ақтөбе қаласындағы иісті химикаттар қолдана отырып, кетіруге қатысты экобелсенді Айман Сексенованың пікірін білгенді де жөн көрдік. Маманның айтуынша, дәл қазір химиялық қоспалардың көмегімен жағымсыз иісті кетірген күннің өзінде, кейін араға 30–40 жыл салып, бұл химикаттардан қоршаған орта үшін жағымсыз басқа салдар туындауы әбден мүмкін.
Айман Сексенова, экобелсенді, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты. Суретті түсірген Данияр Сағидолла.
«Мәселені шешкенде ғылыми негіздемеге сүйену керек деп ойлаймын. Менің жеке субъективті пікірім – осы кезге дейін қаладағы мәселелерді шешкенде ғылымға сүйенбеген. Қазіргі катализатор өндірушілеріне еш наразылығым жоқ. Проблеманы шешу үшін жұмыстанып жатқан болар. Бірақ, балама көздер де болуы керек еді. Депутат ретінде сауалдарымның барлығы осыған саяды. Өкінішке қарай, әр затты орнымен айту керек, біресе ана жақтың бұйрығы, біресе мын жақтың мүддесі дегенге саятын жауаптар аламын. Жолымызды кесіп тастап отыр», - дейді Айман Сексенова.
Шешім көзі – кәріз-тазарту қондырғыларды жаңғырту
Облыс орталығында жаңадан тазарту қондырғылары салынады дегенді облыс әкімі Асхат Шахаров экологияға қатысты барлық отырыста айтып отырады. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Гүлбағда Көбееваның айтуынша, шетелдік компания Ақтөбеде қоқыс өңдейтін кешен салуға ынталы. Облыс әкімі Асхат Шахаров «Recycle Menegment Company» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Егор Зингермен 2023 жылдың қыркүйек айында кездескен болатын. Инвестор Ақтөбенің қоқыс полигонында жүзеге асыруға болатын кешен жобасын ұсынғаны белгілі.
«Recycle Menegment Company» ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдаудан бастап, одан картон, пластмасса және тағы басқа өнім алу, өңдеу, жылу және электр энергиясын өндіру жұмыстарымен айналысады. Компания жалпы қуаттылығы жылына 1 млн тоннадан асатын ірі қоқыс өңдеу кешендерін іске қосқан», - дейді Гүлбағда Көбеева.
Баспасөз хатшының айтуынша, қалада қоқыс таситын көлік саны 25-ке жетті. Облыс билігі бірнеше компанияны демеушілікке тартты, олар қаладағы қатты тұрмыстық қалдықтарды полигонға шығаруға көмектеседі.
«109» бірыңғай орталығының деректеріне сүйенсек, 2023 жылдың тамыз айында «қоқыс шығарылмайды» деген шағыммен 1500-ге жуық ақтөбелік тұрғын хабарласқан. Ал бір ай ішінде тыңғылықты жұмыстың арқасында көрсеткіш 94%-ға төмендеді. Қыркүйек айында Call-орталыққа 100-ге тарта шағым түскен. Бүгінде «ATK Qyzmet» қоқыстарды шығару кестесін бекітіп, толыққанды жұмыс режиміне көшкен.
ЕҚДБ несиелендіреді
Ақтөбедегі Кәріз тазарту қондырғылары жобасы 2023 жылдың 29 қарашасында бекітілген. Бұл туралы ЕҚДБ сайтында кәсіпорынның «мәртебесі тұжырымдамалық сараптамадан өтті» деп көрсетілген.
Жоба сипаттамасына келер болсақ, Ақтөбе қаласында кәріз-тазарту қондырғыларын жаңғыртуға «Aqtobe Su Energy Group» акционерлік қоғамына мемлекет кепілдігімен 47,7 млрд теңгеге (95,3 млн еуро) дейін несие беру көзделген. Несие жаңа қуаттылығы тәулігіне 100 000 текше метр КТҚ құрылысына пайдаланылады. Жобаның негізгі мақсаты – сарқынды суларды ұлттық және ЕО стандарттарына сәйкестендіру. Бұл жағымсыз иістің айтарлықтай төмендеуіне әкеліп, парниктік газдар (ПГ) шығарындыларын азайтуға септік етуі тиіс. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзір, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды да алынған.
Сәбит Дүйсекенов, Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар басқармасының басшысы.
«Былтыр (2023 жылы) Еуропалық қайта құру және даму банкінің гранты есебінен техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның құны – 53,5 млрд теңге, жобаны іске асыру 2024 жылдың екінші тоқсанында басталады. Құрылыстың ұзақтығы – 29 ай», - деді Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекенов.
Ақтөбе қаласы қоқыс жағу зауыттарын салу бойынша пилоттық жобаға кірді. Жер учаскесін бөлу жұмыстары жүргізіліп, коммуникацияларға қосылу нүктесі анықталды. Дегенмен, кейін бұл бастама аяқсыз қалды. 2022 жылдың қарашасында Үкімет сағатынан кейін тілшілердің сауалына Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев «Экология саласындағы мамандар мен белсенділер бұл зауыттарда қоқыс жағу ластаушы заттардыңатмосфераға таралуын арттырады деген пікір айтып отыр. Сондықтан қазір қалдықтарды жағатын алты зауыт салу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ», - деп жауап берді. Оған дейін қоқыс жағатын зауыт Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Тараз қалаларында да салынады делінген болатын.
Жергілікті зауыт – өз бетінше күреспек
Ақтөбе ферроқорытпа зауыты. Фото: kazchrome.com
Ақтөбе аумағындағы зауыттардың бірі – ферроқорытпа зауыты. Ол жерде ауаны ластамауға қатысты қандай шаралар қолға алынатыны жөнінде зауыттың құрылтайшысы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2023 жылдың желтоқсан айындағы сапары кезінде баяндады.
ERG (құрамына ферроқорытпа зауыты кіреді) бас директоры Серік Шахажанов, 2030 жылға дейін 228 млрд теңге көлемінде инвестиция құю жоспарланып отырғанын жеткізді. Зауыттағы балқыту цехтарының газ тазарту жүйесін жаңғырту жұмыстары аяқталды. Компания, сонымен бірге, ферроқорытпа өндірісі кезінде өндірілетін кенді толық қайта өңдейтін болады.
Шетелдік тәжірибе: АҚШ және Ресей мысалы
Фото: sustainableplastics.com
Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу қазіргі уақытта қоқыс мәселесін шешудің ең тиімді әдісі. Бұл әдіс дамыған елдердің көпшілігінде жұмыс істейді. Бастапқы кезең – сұрыптау. Онымен дамыған елдердің әрбір саналы тұрғыны айналысады. АҚШ-тың кейбір штаттарында қайта өңдеуге болатын қалдықтарды көк қапшықтарға салу әдетке айналған. Барлық қоқыс сұрыптау пунктіне келеді, одан көк қапшықтар алынып, олардан қоқыс сұрыпталады.
Еуропа елдерінде сұрыптауды тұрғындар өз үйінде жүзеге асырады. Әрбір үйде бірнеше қоқыс контейнері немесе әртүрлі бөлімдері бар бір контейнер бар. Сұрыптау әртүрлі жолдармен жүреді. Тамақ қалдықтары, шыны, пластик және қағаз бөлек-бөлек сақталады. Сұрыптау тәсілі әртүрлі. Сұрыптаудың мәні бірдей – әртүрлі өңдеу зауыттарына баратын заттарды бөлу.
2022 жылдың қаңтарында Ресейдің Мәскеу облысында жылына 500 мың тонна қалдық өңдейтін зауыт ашылды. Онда қалдықтардың 75%-ына дейін өңделеді. Солнечногорск маңында қуаттылығы жылына 500 мың тонна қоқыс шығаратын және қайта өңдеу көрсеткіші 75%-ға дейін жететін Нева қалдықтарын өңдеу зауыты ашылды. Бұл туралы Ресейдің экологиялық операторының (РЭО) баспасөз қызметі хабарлады.
«Бұл ең жоғары деңгейдегі бірегей кәсіпорын, оның құрылысына үш қаржыландыру көзі – РЭО-ның федералдық қаражаты, аймақтық Ecoline операторының жеке инвестициялары және Мәскеу облысының бюджетінің қаражаты тартылған. Кәсіпорын тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптаудың ең заманауи технологияларын пайдаланады, олар қалдықтарды қайта өңдеудің бұрын-соңды болмаған тереңдігіне қол жеткізуге мүмкіндік береді – түсетін қалдықтар көлемінің 75%-ға дейіні қайта өңделеді. Бұл жобаны іске асырудың тағы бір артықшылығы – көп жылдар бойы тұрғындарды алаңдатып келген кәсіпорын жанында орналасқан ескі қоқыс үйіндісін жою. Қазір бұл мәселе шешілді», - делінген РЭО баспасөз хабарламасында.
Ресейдегі бұл кәсіпорынның құрылысы 2021 жылдың қаңтарында басталған. Зауыттың автоматтандырылуы 83%-ды құрайды, бұл бүгінгі таңда саладағы ең жоғары көрсеткіш, жабдықтар жоғары халықаралық стандарттарға сай. Жабдықты әзірлеу, өндіру және іске қосуды «Экомашгрупп» компаниясы жүзеге асырды, оның 78%-ы Ресейде шығарылады. РЭО жобаға облигациялар шығару түрінде 1,6 млрд рубль инвестициялады, ал жалпы инвестиция көлемі 7,2 млрд рубльді құрады.
Қалдықтардың жалпы көлемінің тек төрттен бірі ғана құрғақ полигонға түседі. Бұл тек қайта өңделмейтін инертті фракциялар болады.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Ақтөбе ферроқорытпа зауытында да халықаралық стандарттарға сай зиянды заттарды азайту іс-шаралары қолға алынып келеді. Қалалық тұрғын үй шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Серік Дәулетовтің хабарлауынша, қазіргі уақытта қала және облыс әкімдіктері инвесторлармен қоқыс өңдеу зауытын салу бойынша келіссөздер жүргізуде.
Авторлар: Асқар Ақтілеу, Ақтөбе облысы
Данияр Сағидолла, фото, видео
Нұрмұхан Қонысбаев, инфографика
Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.
Жаңалықтар
- Шавкат Рахмонов пен Ян Гарри жекпе-жегі
- Елімізде байланыс қызметі тарифтері жыл соңына дейін өзгермейді - Цифрлық даму министрлігі
- Тоқаев Доха форумы конференциясының ашылу салтанатының құрметті қонағы
- Түркияның бұрынғы Сыртқы істер министрі ЕҚЫҰ Бас хатшысы қызметіне тағайындалды
- Оңтүстік Корея президенті әскери жағдай енгізгені үшін кешірім сұрады
- Полиция тексеру бастады: Алматыда намаз оқу үшін көшені жапты
- Катарда Сирия бойынша Астана форматындағы сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтеді
- 8-сынып оқушысының өліміне қатысты екі оқушы сотталды
- «Маңғыстаумұнайгазға» жаңа бас директор тағайындалды
- Бұрынғы спорт министрінің ағасы жұдырық ала жүгірді
- Тоқаев Катарға жұмыс сапарымен барды
- Алматының сейсмикалық қауіпсіздігіне 14 миллиард жұмсалады
- Әскердегі сержанттың озбырлығы сау жігітті жындыханаға аттандырды
- Туған шешесін баспанасыз қалдырмақшы болған
- Шерзат Полаттың өлімінен кейін қызметінен босатылған вице-министр көлік полициясын басқарды
- Тергеу абақтысы қызметкерін бір жапырақ нан үшін жазалады
- Қазақстан гүлденген 50 елдің қатарына енді
- «Билікті басып алуға тырысқан» кәсіпкер сотта мойнын тіліп жіберді
- «Қыз алып қаштым»: Депутаттар сексизмнен феминизмге қалай ауысты?
- Қор нарығында доллар бірден 9,31 теңгеге арзандады