«Абай ешкімді зорлаған жоқ». Баласы үшін шырылдаған әке араша сұрайды

cover

19 қазан күні таңғы сағат 05:00 шамасында Абай есімді Тараз қаласының тұрғыны «Индрайвер» косымшасы арқылы такси қызметін көрсетіп жүріп, «Атмосфера» кафесіне кезекті тапсырысына келген. Жамбыл даңғылында орналасқан ойын-сауық мекемесінен такси шақырған Г. есімді азаматша шығып, қызыл түсті Mersedes автокөлігіне отырған. Көлікке отырған қыз арада үш күн өткен соң «жүргізуші мені зорлады» деп полицияға арыз түсірген.

Orda.kz тілшісіне жүргізуші жігіттің әкесі Ғани Қошқалиев хабарласып, баласына қатысты болып жатқан тергеудің әділетсіз екенін айтып, тергеуге араша сұраған.

Оқиға қалай өрбіді?

Кафеден шығып, мас күйде көлікке отырған қыз өзі баратын мекен-жайды айтып, артынша оған үйге баруға болмайтынын, ішімдік ішкенін білсе ата-анасы ұрысатынын алға тарта бастайды. Абай қарсы келмей келесі мекен-жайды сұраған, қыз біраз уақыт көлікпен қыдыра тұруды ұсынған. Осылайша арадағы әңгіме өрбіп көліктегі екеу жолай дүкенге тоқтап сусын алады.

Қыз есін жинап қалды деген уақытта, таңғы сағат 06:00 шамасында жігіт оның телефон нөмірін алып, үйіне апарып тастайды. Бір ұйықтап тұрған соң Г. есімді азаматша жүргізуші жігітке мессенджер арқылы жазады. Әрмен қарайғы болған әңгімені қосымша скриншот ретінде ұсынамыз. Осылайша арадағы әңгіме тоқтайды, ал Г. есімді  қыз 21 қазан күні полицияға өзін зорлағаны туралы арыз түсірген.

Жоғарыда айтылғандардың барлығы жүргізуші Абайдың әкесінің айтуымен жазылды.

Тергеу қалай жүріп жатыр?

Қазіргі таңда Абай қамауға алынған.

ҚР Қылмыстық кодесінің 121 бабы 1 бөлігімен(Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) Абай Ғаниев күдікті ретінде танылып, мамандандырылған тергеу сотымен екі ай қамауға алынды. Абай Ғаниұлының әрекетін саралау үшін сот - медициналық және биологиялық сараптама  тағайындалып, жақын күндері нәтижесі белгілі болды.

22 жастағы жігіттің әкесі Ғани Қошқалиев биологиялық сараптаманың болғанын, қыздың үстінен және өзге де дене мүшелерінен қан, сілекей немесе ұрық секілді бөгде заттардың табылмағанын айтады. Сот-медициналық сараптама кезінде жәбірленушінің «қыз» екені, ешқандай сексуалды сипаттағы әрекет болмағаны белгілі болған. Оның сөзінше, бұл жігіттің кінәлі еместігін дәлелдейді. Сонымен қатар, «Абайдың кінәсі жоқ» деп шырылдаған әке Жамбыл облысының әкіміне, прокурорына, ПД бастығына Абайдың ісі ҚПК-тің 35 бабы 1 бөлігі 2 тармағы бойынша істі қысқарту туралы арыз жазған. (35 бап 1 бөлік 2 тармақ - іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауынан іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын мән-жайлар)

Ғани Қошқалиев баласының кінәсіз екені дәлелденсе де, қазіргі таңда қамаудан неге босатылмай жатқанын білмей басы қатуда. Түнгі уақытта нәпақа табамын деп басы дауға қалған Абай Ғаниевтың өзі бұл іске жәбірленушінің әкесі, яғни құқық қорғау қызметкерінің қатысы бар деп топшылайды. Қазіргі уақытта қамаудан неге шықпай отырғанын және ешқандай дәйек болмаса да тергеудің неге жүріп жатқанын түсінбейтінін айтқан.

Orda.kz редакциясы Жамбыл облысының полиция департаментіне ресми сауал жолдады.

Ескерту: Кейіпкер мен редакция пікірі сәйкес келмеуі мүмкін

Исламбек Дастан, Жамбыл облысы

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар