38,4 миллиардтың жарығы қайда кетті, қараңғы Алматы?
2 миллионнан аса халқы бар мегаполис Алматының «жырына» айналған – жарық. Бас-аяғы 2019-2024 жылдар аралығында 38,4 млрд бюджеттен бөлінген қаражат, уақытында жанбаған жарықтың жайы, инновациялық асфальт пен қала тазалығы мәселесі бойынша Orda.kz тілшісі өзінің зерттеуін жүргізді.
Алматының «жырын» жарықтан бастайық
Қала тұрғындары кейбір орталық көшелерде қолтықтарына қолшам қысып жүретін жағдайға жетті. Алматылықтарды әбден мезі қылған бұл мәселеден Қасым-Жомарт Тоқаев та хабардар. Қала әкімі Ерболат Досаев аталмыш мәселе 2025 жылы 100 % шешіледі деп отыр. Ал биыл қала 85 % жарықпен қамтамасыз етіледі деп уәде берген болатын. Алайда, бөлінген қомақты қаражат пен уәдеге қарамастан, қала орталығы мен бірқатар аудандарда жарықтандыру әлі де жеткіліксіз. Көзді ашып-жұмғанша жыл бітуге жақын. Сонымен қатар, уақыт белдеуінің ауысуымен күздің келуіне байланысты қараңғы ертерек бататынын да ұмытпайық.
Жылдан-жылға созылып келе жатқан жарық мәселесі қай әкімнің тұсында бастау алды?
2018 жылы Бауыржан Байбек бастаған әкімшілік бір емес үш бірдей мердігер команиямен келісім-шартқа отырады. Атап айтар болсақ, «ABM-Building 2007» ЖШС, «Elektroremont» және «ABM-Project» консорциумы жарықтандыруға жауапты болды. Алайда аталған компаниялар өз міндеттерін дұрыс атқармаған. Бақытжан Сағынтаев кезеңінде де бюджеттен бөлінген қыруар қаржыға қарамастан мәселе өз шешімін таппады.
Жарықтың жарқырауына кедергі болған жемқорлық
1 жыл бұрын Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті өз міндетерінің небарі 35 % ғана орындаған «ABM-Building 2007» ЖШС, «Электроремонт» ЖШС және «АБМ-Проект» ЖШС-не қатысты Алматы қаласының сыртқы жарықтандыру жұмыстары кезінде қаражат ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізеді. 2023 жылы қала әкімшілігі сотта жеңіске жетеді. Нәтижесінде қаланы жарықтандыру жұмыс түгелімен «Алматы Қала Жарық» МКК балансына берілді. Дегенімен де дәл осы «Алматы Қала Жарықтың» жұмысына көпшіліктің көңілі толмайды. Осы орайда айта кетейік, «Алматы Қала Жарық» Алматы қаласының сыртқы жарықтандыру электр желілеріне техникалық қызмет көрсетумен айналысады. «Алатау Жарық Компаниясы» Алматы қаласы мен Алматы облысына электр энергиясын беру мен таратуды жүзеге асыратын ірі электр энергетикалық компания.
Алматы қоғамдық кеңесінің мүшесі Әсет Наурызбаев әкімдік жеке мердігер компаниялармен жұмысты тоқтатқанымен одан шығу процесін тым ұзаққа созып жібергендігін айтады. Наурызбаевтың айтуынша, мердігер компаниямен келісім-шарт бұзылып, жарықтандыру қаланың меншігіне өткеніне 1 жыл уақыт болса да АҚЖ-тың жұмысына көңілі толмайтындар көп екен.
«Мәселе әкімдіктің жарықтандыру бойынша мемлекеттік-жеке серіктестік келісімшартын тоқтату жағдайынан ұзақ уақыт шығуында жатыр. Бұған жарықтандырудың жауапкершілігін аудандық әкімдіктерге берілуі қосылды. Сонымен қатар, әкімдіктің жарықтандыру процессінің қайта құрылымымен ұзақ айналысуында және АҚЖ-ның өте төмен кәсібилік деңгейінде, осының бәрі мәселені күрделендіріп отыр», — дейді Наурызбаев.
Қаланың қоғамдық кеңесінің тағы бір мүшесі Гүлмира Байғабұлова тұрғындар көше шамдарының тым күңгірт, яғни әлсіз болуы жарықтың мүлде жоқтығымен шатастыратындығын айтады.
«Жарықтандырудың жеткіліксіздігі туралы айтатын болсақ, көше шамдарының тым күңгірт болуы жарықтың жоқтығын білдіре ме? Көп жағдайда адамдар көше шамдарының жарқырап тұрғанын қажет деп санайды. Бірақ бұл дұрыс емес, себебі шамадан тыс жарық денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Біз соңғы зерттеулерге сәйкес денсаулыққа қауіпсіз жарықтандыру көздерін қолдануды ұсынамыз», — дейді қоғамдық кеңестің мүшесі.
Алматы қаласы әкімшілігінің сауалымызға берген жауабына сүйенсек, қалада жарықтандыру жұмыстары өз ретімен жүріп келеді екен. Ең қызығы, баспасөз қызметінің бізге берген түсіндірмесінде қаланың 85 % жарықпен қамтылған делінген.
«Жалпы, Алматы қаласында 6 мыңнан аса көше бар, оның 85% жарықтандырылды. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Алматыда 12 мыңға жуық шам орнатылған немесе ауыстырылды. 150 шақырымнан астам кабель тартылып, 1000 шам тірегі қойылды, 3500 жарық бағанасы боялды. Сонымен қатар, 4000 қысқа тұйықталу мен 3000 желі үзілуі жойылды. Халықтан түскен 15300 өтініш қарастырылды», делінген баспасөз қызметінің жауабында.
Мәдени орталық саналатын қаланың мәселесіне көпшілік бей-жәй қарамайды. Өткен сенбіде (31-і тамызда) қала тұрғыны әрі белгілі продюсер Баян Алагөзова кезекті рет қаланың нақ орталығы болып саналатын Медеу ауданы Бөгенбай батыр мен Панифлов көшелеріндегі қиылыста жарықтың жоқтығына, ыңғайсыз бардюрлер мен жаяу жүргіншілер жүретін тротуарлардың сапасын, арықтар мен айналада бей-берекет жатқан қоқыс мәселесін өзінің instagram әлеуметтік желісінде көрсеткен болатын.
Orda.kz тілшісі продюсерге хабарласып қаланың инфрастуруктурасы туралы сұрады. Баян Мақсатқызы шаһардан жарықтың әлсіздігі мен тазалықтың көңіл көншітпейтіндігін және көлік жүргізушілеріне кедергі тудыратын мәселені күнделікті байқайтынын айтты.
«Мен instagram-да көрсеткен көшелер шыны керек мәдени қаланың орталығы емес тас қараңғы жарықсыз айдала сияқты. Қала көшелерінде күнделікті көретінім, ол бағандардың бірі жанса, келесі біреуінің шамы міндетті түрде жанбай тұрады. Сол аумақта саябақ салынуда ол да 1,5 жылға созылып кетті. Жұмысшылар қазып тастаған, бірақ бітер уақыты мен ол жерде қандай саябақ болатыны жайлы ақпарат та жоқ. Сонымен қатар, автокөлік жүргізушісі ретінде айтарым, қаладағы бардюрлер өте ыңғайсыз, үшкірлігі соншалық көліктің дөңгелегін тесіп алу оп-оңай. Жыл сайын ауыстырылып бітпейтін бардюрлердің сапасы сын көтермейді, оның үстіне 1 жылға жетпей құлап жатқанын көреміз. Сондай-ақ, адым жерде тұру керек қоқыс жәшігі қайда? Халық оны көрмеген соң арықтарды қоқыс жәшігі қылып алған. Қашан қарасаң қоқыс толып жатады. Негізі осының бәрі қарапайым әрі шұғыл түрде қалпына келтірілетін мәселелер. Тек оларды дер кезінде орындамай сағызша созған соң тұрғындарға кедергі келтіреді. Мен Алматының тұрғыны ретінде қаланың мұндай келбетіне бей-жай қарай алмаймын. Оның үстіне қала мәдени орталық екенін ұмытпасақ екен деймін», — деді продюсер.
Біз қала әкімшілігінің баспасөз қызметіне Алагөзова көтерген мәселені қосып сауал жіберген едік. Араға қатар 4 күн салып продюсер көтерген орталық көшелердің біріндегі жолдың қақ ортасындағы айналасы шұңқырланып кеткен люкке жөндеу жұмыстары жүргізілді. Баян Алагөзова «мені естіді», — деп әлеуметтік желіде бөлісті.
Осындайда қарапайым ғана люктің айналасындағы шұңқырды жөндеу үшін белгілі тұлға немесе БАҚ араласу керек пе деген ой туындайды.
Сонымен қатар, Orda.kz тілшісі қала мен ауыл-аймақтың мәселесін өзінің «Обожаю» ютуб арнасында көтеріп жүретін әріптесіміз Асхат Ниязовтың пікірін білуді жөн санады. Журналист Ниязовтың ютуб арнасында Алматы қаласының түрлі мәселесіне арналған 2 көлемді шығарлым бар. Оның айтуынша 1 жыл бұрынғы жарықсыз көшелердің тұрғындары әлі де әріптесімізге көшелеріне жарықтың сол күйі жанбағанын жазған.
«Мен Алматы қаласының тұрғыны емеспін. Дегенмен де, Алматыға жиі барып тұрамын және менің ондағы достарым мен ютубтегі көрермендерім 1 жыл бұрын қозғалған жарықтың сол күйі көшелерінде жанбағанын айтуда», — деп бөлісті әріптесіміз.
Orda.kz тілшісі орталық көшелердің жарықтандыруы қандай күйде екенін әрі тұрғындардың пікірін білді. Қала тұрғындары орталық көшелердегі жарықтандыруда белгілі бір үйлесімнің жоқтығын айтады. Яғни, көшенің басы шамадан тыс жап-жарық болса, ортасы немесе аяқ жағы тас қараңғы. Тілшіміз түсірген суреттерден көшенің сол бағанындағы шамдар жанып тұрса, оң жақ бағандары жарықсыз тұрғанын көруге болады.
Сондай-ақ, тілшімізге электросамокатпен жүретін курьерлер кейде телефонның шамын қолтыққа қысып жүргенін айтты. Олардың айтуынша, көшедегі автокөлік жүретін жолға жарық түссе, жаяу әрі электронды самокатшылар жүретін жолақтардың тас қараңғы болуы жүруге кедергі тудырады.
Қаланы жарықпен жарқыратуға бөлінген қаражат пен нәтиже қандай болмақ?
Жергілікті бюджетен 2019 жылдан бастап 2023 жыл аралығында 28,5 млрд теңге. Ал 2024 жылы 9,9 млрд жуық қаражат бөлінген. Жарық бойынша қызмет көрсету жөніндегі пилоттық жобасы аясында 2024 жылы қала 85 % жарықпен қамтамасыз етілді деген әкімшілктің жоғарыдағы жауабына қарамастан қаланың қақ ортасындағы көшелердің бірқатарына жарық әлі жетпегенін анықтадық. Ал 2025 жылы Алматы 100 % пайызға жарықпен жарқырайды деп уәде еткен қала әкімінің сөзі алматылықтардың жіті қадағалауында. Жалпы бюджеттен бас-аяғы айландырған 6 жылда жарықтандыруға 38,4 млрд қаражат кетті. Біз бұндай көрсеткішерді ауадан алып отырғанымыз жоқ — бұл цифрлар БАҚ бетерінде жарияланған ақпараттар. Сондай-ақ қала тұрғындарының күнделікті көріп жүргені. Ең бастысы жарық ол қаланың көркі ғана емес, ең алдымен қала тұрғындарының қауіпсіздігі екендігін ұмытпасақ екен.
Ал енді инновациялық асфальт пен қоқыс мәселесіне де бір назар аударайық
Тазалыққа келер болсақ, бұл тұрғыда қала тұрғындарының да қоқысты кез-келген жерге тастап, арықтарға лақтырып кетуі мәдениетке мүлдем жатпайтындығын баса назар аударып өту керек. Сонымен қатар, қала орталықтарында қоқыс жәшігінің адым жерде жоқтығы — қоқыстың тез толып, кеш қарайған сәтке жетпей тапа-тал түсте бей-берекет шашылып жатқанына еріксіз куәгер боламыз.
Алматы қаласы мәслихатының депутаты Тимур Елеусізов жылда төселетін асфальттың сапасы сын көтермек түгілі 1 аптаға да жетпей жататынын айтты.
«Асфальтқа қатысты айтсақ, Абай даңғылында инновациялық полимерлі жабыны бар асфальт төсеуге 2 млрд теңге бөлінді. Бірақ, асфальт қазірдің өзінде бүлініп кеткен. Инновациялық асфальт, заманауи жабыны бар, үздік технология деді, нәтижесінде жер көкке сыйдырмай мақтаған технологияның кереметтігін көрген жоқпыз. Небәрі бір аптаның ішінде асфалттың ойылып кеткенін көрдік», — деді депутат.
Депутаттың айтуынша, бұл жерде сапасыз төселген асфальттың жауапкершілігін тек мердігер компанияға ғана итеріп қойған әкімдік те бірдей жауапты. Себебі жарық болсын, жол болсын, тіпті тазалыққа келер болсақ, біткен жұмысты қабылдайтын кім? Әрине, ол әкімдік. Сонымен қатар, Елеусізов жұмысты қабылдаудағы бармақ басты, көз қысты әрекеттер ақыр соңында қала тұрғындарының берекетін қашыратындығын айтты. «Биыл ғана төселген асфальт ойылды, мердігер компания үйтті-бүйттінің» желеумен бюджет қоржынына қайтадан келіп қол сұғу екендігін көріп отырмыз.
Иә, кез-келген қалада мәселе болады, оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Өйткені тіршілік тыныстаған қалада мәселенің болуы заңдылық. Дегенімен де, ол мәселе құр сөзбен, шөп сүртер уәделер, сағызша созылған сапасыз жұмыс пен жемқорлықтың желеуінде кетпеуі керек. Ондай заман да емес. Қазынадан бөлінген қаражат пен қолда құрал барда кез-келген мәселені сағызша созу тұрғындарға жасалған қиянат. Өйткені, жарыққа, жолға және тазалыққа қазынадан берілген қаражат азаматтардың салығы екенін ұмытпайық! Өзің төлеген салығыңа қарапайым жарық пен тазалыққа қол жеткізе алмайтындай таршылық заман емес.
Жаңалықтар
- «16 жасар баланың қазасы»: Талғарда әділдік сұраған жұрт көшеге шығып, жолды жауып тастады
- Көкшетауда ХҚКО бұрынғы қызметкері заңсыз ісі үшін сотталды
- Талғарда қаза болған 16 жасар баланың әкесі ашық сот өткізуді талап етті
- Елена Рыбакинаның көрсеткіші әлемдік рейтингте төмендеді
- Атырау облысында қамыс өртеніп, қала түтінге тұншықты
- Ішкі авиарейстерді субсидиялауға 6,4 миллиард теңге бөлінеді
- Жетісу облысында жантүршігерлік жол апатынан 3 адам мерт болды
- Генетиканың жаңа деңгейі: Нобель лауреаттары микроРНҚ-ның маңызын ашты
- Қазақстанның екі өңіріндегі өрт бір тәулікте 21 мың гектарға дейін жерді шарпыды
- 19 жастағы бойжеткен 14-қабаттан құлап, мерт болды
- Алматылық 2 тұрғын жалған доллар сатып келген
- Пәкістанның Карачи қаласында терракт болды
- Ресейлік 2 олигарх Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесінен шығарылды
- Референдум шын мәнінде қалай өтті?
- «46 млн теңге»: Қарағандыда қарақшылық қылған азамат Ресейде ұсталды
- Петропавлда үй өртеніп, 3 адам қаза тапты
- Лай көшкінінен 18 адам қаза болды
- Атырауда ер адам ата-анасын өлтіріп, артынша өз-өзіне қол салды
- Скриптонит пен Jah Khalib-ке тыйым салынды
- Күдікті ер адамды соққыға жығып, тонап кеткен