«Қара қатын». Саяжай төрағасы мен тұрғындар арасындағы тартыс (репортаж)

cover Фото: Orda.kz

2021 жылдың 26 мамыр күні Алматы облысы Іле ауданына қарасты «Жомарт» саяжай кооперативінің тұрғындары саяжайдың өзекті мәселелерін атқамінер азаматтарға жеткізу үшін Orda.kz редакциясына хабарласты.

Негізгі проблемалар

Редакцияға түскен қоңыраудан кейін орыс және қазақ тілді журналистер Алматы қаласынан 15 шақырым жерде Ащыбұлақ ауылдық округінің аймағында орналасқан саяжайға бардық. Қоңырау шалып жол проблемасын айтқан тұрғындар шағымының рас екендігіне айтылған мекен-жайға жетпестен куә болдық. Журналистердің келгенін естіп әр көшеден жиналған жомарттықтар репортажымызға себеп болған жарық, жол, ауыз-су мәселесін және «Жомарт» саяжай кооперативін басқарушы төрағаның жауапсыздығы туралы айта бастады.

1350 үй, 5000-нан аса тұрғыны бар саяжай иелерін ең әуелі «ауыл мәртебесінің» неге берілмей келе жатқаны толғандырады.

– Осы жерде 5000-нан астам адам тұрады, олардың 2000 – ға жуығы оқушылар. Бізге ауыл мәртебесін әлі берген жоқ. Себебін ешкім түсіндірмейді. Егер бізге ауыл мәртебесін беретін болса жол, су, жарық мәселесімен мемлекет айналысар еді. Ал қазір біз өз көшеміздегі жолды тұрғындар қалтамыздан ақша шығарып, өзіміз үшін жақсартып қойғанбыз. Сәуледей жарық үшін 28 теңге төлеп отырмыз. Бұл сұмдық емес пе?, - дейді Мақпал Жайлаубаева.

«Жомарт» саяжай тұрғындарының айтуынша, электр жарығының бағандары ескіріп, қазіргі уақытта тоқ сымдары үзіліп, көше бойында жататын кездер жиі болған. Бала-шағаның сорына айналмасын деген Дәрікүл Бекнұсқаева барлығын телефон камерасына түсіріп те алған.

– Біз аудан, ауыл әкімшіліктеріне барып, саяжайда болып жатқан жағдайларды түсіндіріп айттық. Өзекті мәселелердің бар екенін және олардың шешілмей жатқанын, біздің өзін-өзі сайлап алған төрағаның жұмыс істемейтінін, жауапкершілігі жоқтығын бәрін айттық. Барып тіркеуге тұрып, хат арқылы табыстап та кеттік. Бірақ ештеңе шешілген жоқ.

Екі күн бұрын тағы да электр сымы үзіліп, жерде жатты. Ол адам өміріне өте қауіпті. Бұл бірінші рет болған жағдай емес. Күн ыстық, суық, жел, жаңбыр болмаса да кабельдер үзіліп кетеді. Ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ. Орта ғасырда өмір сүріп жатқан секілдіміз. Ең өзекті болып тұрған ауыз-су мәселесін шешіп бере алмай отыр, - дейді тұрғын.

Жарық қуатының аздығы су мәселесіне әсер ететіні рас. Себебі жергілікті халық суды құдыққа мотор жалғап, сол арқылы алады.

Жомарттық тұрғындармен тілдесіп, басты проблемаларды анықтадық Олар:

  1. Жол
  2. Жарық және электр бағандары
  3. Ауыз-су
  4. Төрағаның жауапсыздығы
  5. Ауыл мәртебесі

Төрағамен кездесу

Саяжайдағы шағымдардың жай-жапсарын анықтағаннан кейін, кооператив төрағасы Смайылов Әбдірахманмен кездесіп, аталған сұрақтарға жауап алу үшін сырты ағартылған кеңсеге келдік. Кеңсе деген аты болмаса екі бөлмелі ескі ғимарат. Өзін бақылаушымын деген ер адам бізге төрағаның орнында жоқ екенін, хабарласып телефонын ала алмағанын айтты.

Журналистерден қорыққаны ма, әлде басқа да шикіліктер бар ма белгісіз бақылаушы «дәретханаға барып келемін» деп, есіктерді құлыппен бекітіп, кетіп қалды. Жарты сағаттан кейін есікті жапқан ер адамның тесіктен кетіп қалғаны белгілі болды.

Жоғарыда көрсетілген тұрғындардың сұрақтарына жауап алу үшін Іле ауданы әкімдігінің кеңсесіне хабарласқанымызда, олар әкім мен орынбасарының халық жиналған жерге келе жатқанын айтты. Екі сағатқа жуық күткендегі үмітіміз ақталмады, ешкім келген жоқ. «Амал қанша?» деп бас көтеріп шыққан тұрғындарға жол бастатып, Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімдігіне де жеттік.

Округ әкімі Жасұлан Оңалбаевтың қызмет орнына кіріп, халық көкейіндегі сұрақтарды қойдық, бірақ мардымды жауап ала алмадық. Себебі саяжай аумақтық аймаққа кіргенімен, кооператив ретінде оған мемлекет араласа алмайды-мыс. Бірақ, Жасұлан Оңалбаев кеңсесіне келген халықтың сұрауы ретінде, ешкімнің телефонын көтермеген «Жомарт» саяжайының төрағасы Смайылов Әбдірахманға «өтініш жасап», әкімдік ғимаратына шақыртып, екі тарап арасында кездесу ұйымдастырып берді.

Смайылов Әбдірахманның жауабы:

Ауыл мәртебесі беріле ме?

  • «Жомарт» саяжайы 2001 жылғы 197 нөмірлі заңға сай өмір сүретін, кеңес дәуірінен бері келе жатқан саяжай. Барлық шығынды өздері көтереді. Жоғары жақтан барып өзгертпесе біздің қолда ештеңе жоқ.

Электр бағаны және жарық мәселесі шешіле ме?

  • Расында бізде бағандар тозған. Қазіргі таңда бұл мәселені аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына (ТҮКШ) тапсырып жатырмыз, яғни аудан әкімішілігі өз балансына алайын деп жатыр. Бұған дейін сәуір айында мәслихатта отырыс болып, қаржы бөлінген, екі саяжайды АЖК-ның балансына өткізейін деп жатырмыз. Қазіргі таңда ТҮКШ саяжайды қарап, қанша жерде қанжа трансформатор болатынын және үй санын есептеп сегіз 630-дық трансформаторға мемлекеттік акт шығарып жатырмыз. Жарықтың тарифі басынан бастап бекітілген.

Жомарттықтардың жолы не болады?

  • Жылдық жарна ретінде жылына бір рет 5000 теңгеден әр үйден жинаймыз. Сол ақшаға баған, жол, су проблемаларын шешеміз. Ал, жол мәселесіне келетін болсақ біз жаңа асфальт төсемейміз, жолдан қырылып алынатын асфальтті төсейміз. Саяжай ішіндегі жол емес, орталық жол туралы айтып жатырмын. Тоннасы қымбат тұратын ыстық асфальтқа жағдай жетпейді. Біз жол бойындағы қотырларды жамамасақ толық істей алмаймыз.

Жауапкершілігі бар төраға ретінде есеп бере аласыз ба?

  • Негізі кооператив кезінде есеп беріледі. Алдағы 3 айда халыққа да береміз.

Осы сарындас сұқбат құрып отырған сәт төраға мен ашынған халықтың кикілжіңіне ұласты. Тұрғындарды «жалған-белсенді» деп атап, әкімдік ғимаратында ұрыс басталды. Түсініспеушілік кезінде төраға тарапынан «қара қатын», «сенің құқығың жоқ», «сен квартирантсың» және «оппозиционерлер» деген сынды айыптау сөздері айтылды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар