ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: Жаңа мүмкіндіктер мен адамзатқа төнетін қатер 

cover Фото: Pexels

Өмірімізді едәуір жақсарта алатын, әрі үлкен қауіп төндіретін, бүкіл әлемнің назарын өзіне аударып отырған жасанды интеллекттің мүмкіндіктері жайлы не білеміз?

Әрине, күнделікті өмірдегі қарапайым жұмыстан бастап, әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуде жасанды интеллекттің көмегі орасан зор. Алайда, жасанды интеллектті басқарушылар оны алаяқтыққа болмаса, жеке басының қызығушылығына қарай пайдалануы мүмкін. Онда осы уақытқа дейінгі тарих, банк жүйелері, қылмыстық істер, адамдардың жеке басына қатысты құпия ақпараттар т.б. тізімдер жетерлік. Алаяқтар мен қылмыскерлерден бөлек, қазіргі таңда мінсіз интеллекттің дамуы ғалымдарды алаңдатады. Күні кеше ғана Илон Маск ChatGPT-ді әзірлеген OpenAI мен басшысы Сэм Альтманды сотқа берді. Артынша шағымын аяқ-асты қайтып алды. Оның бұл әрекетіне не себеп болу мүмкін?

 Илон Масктың айтуынша, Альтман мен OpenAI компаниясы адам баласының игілігі үшін жұмыс істейтін «құрылтай келісімін» бұзған екен. Тағы бір таққан айыбы, жаңа технологияларды көпшілікке жария етпеу туралы болды. Көпшілікке жария ету жайлы Масктың пікірі дұрыс. Егер көпшілік жасанды интеллекттің қауқарын, шама-шарқын біліп отырмаса, алып компаниялар мен серіктестіктер көпшілікті алдап соғуы мүмкін. 

OpenAI компаниясы мен Альтман Масктың мұнысын «бақастық» деп айыптаған жазба жариялады. Біз Илон Маск расымен Альтманды «күндеп» жүрген болса екен деп үміттенеміз.

Мінсіз жасанды интеллект бақылаудан шығып кетсе не болады?

2023 жыл адамзат үшін ойлана алатын, өздігінен шешім қабылдайтын жасанды интеллектті ашқан жыл болса, 2024 жыл оны қолдану жылы болды. Жасанды интеллекттің бұл түрі – әңгімелесуді, сурет салуды, бейнежазба жасап, музыка шығаруды біледі. Біліп қана қоймай, өз бетінше жаңадан идея ұсынады. Уақыт өткен сайын осы технологияның ғаламат күшіне сұраныс ерекше артып жатыр. Бұл жайлы McKinsey-дің соңғы ғаламдық зерттеуінде жаңа буынның 65 пайызы AI-ны үнемі қолданатынын жазды. 10 ай бұрынғы сауалнама көрсеткішімен салыстырғанда бұл екі есеге көп нәтиже.

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде жасанды интеллект жайлы жазушысы Жоанна Мацевска жазған мына сөз тарап кетті: 

«Мен күнделікті күйкі тірлікпен алысып жүргенде, жасанды интеллект шығармашылықпен айналысып, сурет салып, әңгімелер жазғанын емес, ыдыс жуу, кір жуу сияқты жұмыстарды қолға алғанын қалар едім». 

Мұндай тапқыр ойды желі қолданушылары іліп алып, жан-жаққа таратып жіберді. Мінсіз жасанды интеллект әкелетін өзгерістер «адамның зердесінен де жоғары жасанды интеллект пайда болған жағдайда адамзат мұндай жүйелерді басқарудан қалады-ау» деген үрей туғызады. Ғылыми-фантастикалық фильмдердегідей машиналардың көтерілісі, автоматты түрде адам өлтіретін роботтар пайда болуы сияқты идеялар ғалымдарды алаңдатады. Адамзатқа мұндай қауіп төнген жағдайда жауапкершілікті кім өз мойнына алатыны белгісіз.

Адамзат жасанды интеллектке қарсы тұра ала ма?

 Түрлі салаларда кейде адамның өзінен де асып түсетін жасанды интеллект дамып, шарықтап, мінсіз интеллект деңгейіне жетіп, адамзатқа қауіп төндірген жағдайда не істеу керек? Бір ғана жауап — алдын алу керек. Ең алдымен көпшілікке жаңа технологиялардың мүмкіндігі жайлы ақпаратты толық жеткізіп отыру маңызды. Болашақта өмірімізге ғаламат өзгеріс әкелетін жасанды интеллект қызметтерін жан-жақты оқытатын оқу орындары болғаны дұрыс. Ағарту болса, адамдар жасанды интеллекттің шама-шарқынан үнемі хабардар болып отырады. Әрине, жоғары да айтқанымыздай ірі компаниялар мен кәсіпкерлер, алаяқтар кейбір деректерді жасырып, өз пайдасына асыруы мүмкін. Сондықтан ғылымда болып жатқан жаңалықтарды бүкпесіз жариялап отыру маңызды.

Ал мінсіз жасанды зерде төндіретін қауіптің алдын алу үшін жасанды интеллект көмегімен қауіпсіздік жүйелерін жасау керек. Мысалы, заң бұзуды қадағалап отыратын автоматты полиция бөлімшелері артық етпес еді. Қайткен күнде де бұл мәселені ғалымдар ойластырып жатыр. Жасанды зерде алдағы ғасырда біздің өмірімізбен тығыз байланыста болады. Сондықтан да, бұл кімді де болсын алаңдататын жағдай. 

Жасанды интеллект зияны

Жасанды зерде пайда болғалы бірталай маман өз жұмысынан айрылды. Хатшылар, мұрағатшылар, әкімшілік қызметкерлері, кіші бухгалтерлер, копирайтерлер т.б. Егер жасанды интелект толығымен дамып, қолданысқа енсе, тағы бірқатар мамандар жұмысынан айырылуы мүмкін. Демек, қарапайым дүниелерді жасанды зерде өзі-ақ істей берген соң, ондай ортанқол мамандар жұмыссыз қалады. Бұл экономикалық құлдырау мен банкроттыққа ұшыратуы мүмкін. Бірақ жастар заман ағымына сай мамандықтарды амалсыз игеріп, жасанды интелект дамуын бақылап отырған соң, жұмыссыздық пен экономикалық жағдайға орасан зиян келе қоймайды.

Жасанды интеллект пайдасы

Жасанды интеллекттің қарапайым істерді автоматтандырудан бастап, күрделі жұмыстарды атқаруда көмегі ұшан-теңіз. Цифрлық дәуірде жасанды интеллект көмегімен күнделікті тапсырмаларды автоматтандыру барған сайын өзекті бола түсті. Мысалы, RPA жүйелері деректерді енгізу, шоттарды өңдеу және поштаны басқару сияқты тапсырмаларды орындайды. Бұл уақытты үнемдеп қағазбастылықтан құтылудың тиімді жолы десек болады. 

 Бұл өте көп құжатпен «алысып», миы ашитын мұғалімдер мен кеңсе қызметкеріне аз уақытта құжаттарын өңдеп, реттеп беретін таптырмас көмекші болар еді. Amazon Alexa және Google Assistant сияқты жүйелер адамдарға түрлі құрылғыларын басқаруға, оятар мен ескертпелерді орнатуға және түрлі ақпарат алуға қазірдің өзінде көмектесіп жүр. Соңғы кезде Midjourney бағдарламасы көпшілік арасында ерекше сұранысқа ие. Бағдарлама сіз сипаттап берген мәтін бойынша сурет жасайды. 

Жасанды интеллектті медицинада қалай пайдалана аламыз?

Егер жасанды интеллектіні медицина саласында пайдалансақ, ол қыруар шаруа істейді. Ол сырқаттың ауруына қарап, диагноз қойып, дәрілер жазып бере алады. Бұл кезекке таласып, кабинеттен кабинетке сабылып, жүйкесі жұқарған халық үшін ең қажетті қызмет болар еді. IBM Watson Health сияқты жасанды зерде жүйелері рентген және МРТ нәтижелерін талдайды. Мысалы, сүт безі қатерлі ісігін дәлдікпен анықтауға мүмкіндік туып тұр. Жасанды зерде сырқаттың жеке өзіне ғана қызмет көрсетіп, медициналық дәптеріндегі жай-күйіне мән бере отырып ем көрсете алады. Бұл онкология мәселесінде өте маңызды қызмет болар еді.

«Курс оқимын» деп алданып қалма!

Қазіргі таңда  «жасанды интеллект қызметтерін пайдалануды үйретемін», «бір айдың ішінде үйрен» т.б. курстар тарап жатыр. Кейбіреуі оңай дүниені үйретіп, ақшаңызды қалтасына басады да кете барады. Сондықтан, AI жайлы тексерілген ресми парақшалардан оқып-білген абзал. Егер мүмкіндігіңіз болса, жасанды интеллекттің сатып алуға болатын бағдарламалары бар. Онда сізге жасанды интеллектіні оның өзі-ақ үйретеді. Жәй ғана «Сәлем, сені қалай дұрыс қолдансам болады?»,–деп сұрасаңыз, үйренудің жолын бағдарлама өзі айтып береді.

Жаңа технологиялар мүмкіндігін барынша пайдалану арқылы әрбір адам жан-жақты дамып, өмірін жақсы жаққа өзгерте алады. Жасанды интеллекттің қарқынды дамуы — жалпы әлемде жаһандық өзгеріс мен қиындықтар туғызып келеді. Қайткен күнде де жан-жақты зерттеу мен ол жайлы хабардар болып отыру, алдын-ала шаралар қолдану кез-келген қиындықтан алып шығатыны анық.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар