Жарыс жолындағы алтау: президенттік сайлауға үміткерлер мемлекеттік тілді жетік біле ме?

cover Коллаж Orda.kz / Айнура Дарибаева

Бірнеше күннен кейін Қазақстанда тағдыршешті тарихи күндердің бірі – президенттік сайлау өтеді. Президенттікке кандидаттар сайлауға қызу дайындық үстінде.

Ендеше Orda.kz өткенге көз жүгіртіп, президенттікке кандидат болып отырған алтаудың қазақ тілінен емтиханды қалай өткендеріне шолу жасады.

Айта кетсек, Қазақстанда президенттікке кандидаттарға ұлты бойынша шектеу қойылмайды. Алайда олар мемлекеттік тілді жетік меңгеруі тиіс.

Жалпы 2022 жылы лингвистикалық емтихан үш кезеңде өтті:

  • жазбаша тапсырма;
  • классикалық қазақ әдебиеті шығармасынан үзінді оқу;
  • таңдалған тақырып бойынша 15 минуттан кем емес сөз сөйлеу.

Мемлекеттік тілді еркін меңгеруді белгілеу жөніндегі лингвистикалық комиссия құрылды. Лингвистикалық комиссия төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов емтихан тапсырылған соң талқылау және қорытындылау жасап, оның нәтижелерімен бөлісіп отырды.

Жигули Дайрабаев

Жиындардың бірінде сүйекті бір қолымен сындырған президентікке үміткер Жигули Дайрабаев емтихан тапсырып шықты. Ашық дереккөздерге сүйенсек, үміткердің жазбаша тапсырмасы «Менің елім, менің жерім» тақырыбында болған. Шығарма мазмұны, стилі, емлесі мен тыныс белгілері бойынша бағаланған. Кандидат берілген уақытты толық пайдаланды. Екінші тапсырма бойынша Абайдың өлеңдерін оқыды. Үшінші тапсырма бойынша «Күшіміз – бірлікте» тақырыбына өз ойын 15 минут көлемінде баяндады-мыс. Алайда, болашақ президентікке үміткер Жигули мырза қазақ тілінен емтиханды қалай тапсырғанымен, өзінің тәжірбиесімен бөлісуге қолы тимесе керек. Ол бірден 2019 жылы сайлауға түскен «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рақымбековтің байланыс нөмірімен бөлісті. Өкінішке қарай, тек Жигули Дайрабаевтың ғана емес Төлеутай Рақымбековтың да уақыты жоқ болса керек. Рақымбеков Orda.kz тілшісіне Жезқазғанда «Ауыл» партиясының өңірлік филиалының ұйымдастыру конференциясында екенін айтты. Осылайша біз Жигули Дайрабаевтың қазақ тілінен емтихан тапсыру кезінде оның басынан қандай қиындықтар өткенін, қандай қателер жібергенін, толқып, толқымағанын тек болжай аламыз. Десе де, кандидаттың қазақ тілін еркін меңгергендігін Лингвистикалық комиссия төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметовтың арқасында біліп отырмыз.

Қарақат Әбден

Қымыз пісіп, бие сауып, ат үстінде жүрген президенттікке үміткер Қарақат Әбденнің «Тіл – халықтың алтын діңгегі» тақырыбында шығарма жазғаны да бізге ашық дереккөзден белгілі. Шығарма мазмұны, стилі, емлесі мен тыныс белгілері бойынша бағаланған. Үміткер екінші тапсырмада Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романынан үзінді оқыды. Үшінші тапсырма «Азат елдің еңсесі биік» тақырыбына өз ойын баяндады. Бұл жолы да біз Әбден Қарақат Жақсылыққызының мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі туралы тек Лингвистикалық комиссия төрағасының аузынан естідік. «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» үкіметтік емес ұйымы ұсынған кандидат Әбден бұл тақырыпта үнсіздік сақтауды жөн көрсе керек.

Мейрам Қажыкен

Үміткердің жазба жұмысының тақырыбы «Қазіргі заманғы жаһандық мәселелер» болды. Жазбаша жұмыс мазмұны, стилі, емлесі және тыныс белгілері бойынша бағаланды. Үміткер оған берілген уақыттың барлығын пайдаланды. Екінші тапсырмада Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінді оқыды. Үшінші тапсырма «Ырыс алды – ынтымақ» тақырыбында 15 минуттық баяндама жасады. «Аманат» кәсіподақтар достастығынан кандидат Мейрам Қажыкен де басқа үміткерлерден қалыспай, алдағы сайлауға қызу дайындық үстінде сияқты. Себебі, ол да емтихан кезіндегі тәжірбиесімен бөліспеді.

Нұрлан Әуесбаев

ЖСДП ұсынған кандидат Нұрлан Әуесбаев басқа кандидаттарға қарағанда ашықтығымен ерекшеленді. Ол тек сұраққа тез жауап беріп қана қоймай, өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында халықпен емтиханды қалай өткізгенімен бөлісті.

«Бүгін Орталық сайлау комиссиясы жанындағы лингвистикалық комиссияның отырысы өтті. Ол менің мемлекеттік тілді қаншалықты еркін меңгергенімді тексерді.

Тексеру үш бағыт бойынша жүргізілді: шығарма жазу, қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларынан үзінді оқу және берілген тақырыпта көпшілік алдында сөз сөйлеу.

«Түркістан – ата түркінің бесігі» тақырыбында шығарма жазып, сондай-ақ Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романынан үзінді оқыдым. Соңында комиссия алдында «Ана тілім – асыл қазынам» тақырыбында сөз сөйледім.

Шынымды айтайын, біраз толқу да болды. Алайда өзіме сенімді болдым, өйткені мен қазақ тілін жетік білемін.

Нәтиже күткенімдей болды. Лингвистикалық комиссия менің мемлекеттік тілді жетік білетінімді бірауыздан растады.

Алда қол жинау және басқа да техникалық шаруалар бар. Мен барлық кедергілерді еш қиындықсыз еңсеріп, жеңіске жетемін деп ойлаймын» деп жазды Әуесбаев.

Салтанат Тұрсынбекова

Қарақат Әбденге бірігуге ұсыныс жасап жүрген Салтанат Тұрсынбекова Orda.kz тілшісінің сұрағына әне-міне жауап беремін деп жүргенде біз Салтанат Тұрсынбекованың шығармасының тақырыбы – «Заң үстемдігі» екенін анықтадық. Үміткер екінші тапсырмада Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романынан үзінді оқыды. Үшінші тапсырма «Адал еңбек – игілік көзі» тақырыбында өз ойын баяндады. Алайда, үміткердің емтихан тапсыру кезіндегі ішкі күйі қандай болғаны белгісіз қалды. Себебі, мақала жарияланғанға дейін Салтанат Тұрсынбековадан ешқандай жауап болмады.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырза бұл додада заң аясында реттелген артықшылықтар алды. Халықтық коалиция атынан ұсынылған қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Конституциялық Заңының 54-бабы 2-тармағына сәйкес, мемлеттік тілден емтихан тапсырмайды.

Тоқаев 2019 жылы президенттік сайлауда қазақ тілін жетік меңгергенін дәлелдеген. Оны сол жылдары Лингвистикалық комиссияның төрағасы, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түркітану кафедрасының меңгерушісі, профессор Мырзатай Жолдасбеков жария еткен.

– Тапсырмамызға сәйкес, ол «Абай Құнанбайұлының поэзиясы мен «Қара сөздері» тақырыбында шығарма жазды. Мәтін оқуда Шерхан Мұртазаның «Мыңбұлақ» жинағын таңдап, оны өте жақсы, эмоционалды, мәнерлеп оқыды. Үшінші тақырып: «Қазіргі Қазақстанның геосаясаты» тақырыбында өз ойын баяндады, - деді Жолдасбеков 2019 жылы үміткер Тоқаевтың нәтижесімен бөлісіп.

2019 жыл демекші, биылғы қазақ тілінен емтиханда өзгерістер бар ма?

Алдыңғы додаға қатысқан үміткерлердің биылғы жылғы үміткерлерге қарағанда әлдеқайда ашықтығы бірден көзге түсті.

Жамбыл Ахметбеков

Мәселен, «Қазақстан Коммунистік Халық партиясынан» президенттікке үміткер болған Жамбыл Ахметбеков Orda.kz тілшісінің сауалына небәрі жарты сағатта жауап берді.

Оның айтуынша, 2019 жылы қазақ тілінен емтихан кезінде комиссия мүшесі үміткерлерге емтихан жауабын бірден жариялаған.

– Емтихан жауабын комиссия мүшелері бірден шығарады. Бәрін тексеріп, бөлмелеріне барып ақылдасып, ортақ шешімге келеді. Шығарманың стилистикасын тексеріп, қателердің барлығын сол жерде айтып, үміткердің өзіне оқып береді.

Кітапты мәнерлеп оқуда алдыңа он шақты кітапты қояды. Онда «Абай жолы» сияқты қазақтың классикалық кітаптары тұрады. Кез келген кітапты алып, ішіндегі шығармалардың біреуін таңдап, 2-3 бетін оқисың. Комиссия мүшесі президенттікке кандитаттардың тілі қалай жатыққанын оның мәнерлеп оқуы мен мазмұндауы арқылы айқындайды. Кітапты мәнерлеп оқуда да комиссия бірден сол жерде барлығын айқындап, дауыс беру арқылы шешім шығарады.

Емтиханның қиын тұсы саған қандай тақырыпты қорғау керек екенін білмейсің. Тақырыпты билет арқылы таңдайсың да, сол бойынша шығарма жазасың. Кейін комиссия мүшесі тағы билет береді, ол арқылы біздің ораторлық өнерімізді тексереді. Тақырыпқа дайындалып, берілген уақытта тезистерін жасап шығып, тақырыпты толықтай ашуың керек. Комиссия мүшелері сонда бірден тақырыпты толық аштың ба, жоқ па, жауабыңа қанағаттана ма, жоқ па айтады. Бар қиындығы сонда. Алдыңа не келетінін білмегендіктен, аздап қобалжисың, - дейді Жамбыл Ахметбеков.

Оның айтуынша, 2019 жылы комиссия құрамына оның төрағасы мен 5 мүше (көрнекті лингвист ғалымдар, профессорлар, академиктер, филология ғылымдарының докторлары) кірген.

– Емтихан жауабы көпшілікке жарияланбайды, комиссия оны тек кандидаттың өзіне жеке хабарлайды. Комиссия төрағасы үміткердің қандай тақырыпта шығарма жазғанын, қандай кітапты оқығанын және қандай тақырыпта баяндама жасағанымен бөліседі. Ал қалған журналистердің сауалдарына үміткер өз еркіне қарай жауап береді, - дейді 2019 жылы президентікке үміткер болған Ахметбеков.

Жамбыл Ахметбековтың айтуынша, емтихан тапсыру сайлауда алға жылжуға үлкен септігін тигізеді. Себебі, кандидаттарға қазақ тілін еркін меңгеру керек деген талап қойылады.

– Емтихан кезінде тек екі баға болады: меңгерген не меңгермеген. Ал шығармада мектеп оқушыларын түзеткендей, қызылмен қателердің бәрін түзетеді. Жанына түсініктеме беріледі, қандай қате, дұрысы қалай екенін жазады. Оны кандидатқа комиссия төрағасы оқып береді, - деп түсіндірді Ахметбеков емтиханды бағалау жүйесін.

Сондай-ақ, «Қазақстан Коммунистік Халық партиясының» атынан президенттікке үміткер болған Жамбыл Ахметбеков кандидаттардың қазақ тілінен емтиханында айтарлықтай өзгерістер орын алмағанын атап өтті.

Әміржан Қосан

Президенттікке экс-кандидат Әміржан Қосанның айтуынша, психологиялық тұрғыдан алғанда, қазақша ойлап, қазақша ойын жеткізетін кез келген адамға мұндай емтихан тапсыру аса қиын шаруа емес.

– Кітаптан бір мәтін оқып беру, белгілі бір тақырыпқа ойыңды жазбаша және ауызша жеткізу деген не тәйірі?

Әрине, саяси науқан болған соң, толқисың. Ол заңды да шығар.

Өз басым ұсынылған бірнеше кітаптың ішінен қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырзалиевтің кітабын таңдап, содан бір өлеңді мәнерлеп оқып бердім. «Бұл кітапты таңдауымның себебі – Қадыр ағамен бірнеше жыл көрші тұрғанбыз», - деп түсіндіріп бердім.

Комиссия ұсынған тақырыптар бойынша ауызша және жазбаша ойымды жеткізуге тырыстым.

Қазақ ауылында өскен, мектеп пен университетте қазақ бөлімінде оқыған маған бұл емтихан аса қиындық туғызбады, - дейді ол.

Сонымен қатар, Әміржан Қосан мемлекеттік тілден емтиханды тек президент сайлауында ғана емес, үкімет мүшелерін, әкімдерді тағайындағанда, депуттатарға кандидаттарды тіркегенде де өткізу керектігін алға тартты.

– Өз басым мемлекеттік тіл емтиханын тек президент сайлауында ғана емес, үкімет мүшелерін, әкімдерді тағайындағанда, депуттатарға кандидаттарды тіркегенде де өткізу керек деп ойлаймын. Сол кезде қазақ тілі билік тіліне айналады.

Бір ұсынысым бар: сайлау саяси, бұқаралық науқан болғандықтан, әр кандидаттың қазақ тілінен емтихан тапсыруын тікелей эфирде көрсеткен жөн деп санаймын. Сол кезде әр үміткердің мемлекеттік тілге қаншалықты жетік не жетік емес екенін сайлаушылардың өзі-ақ біліп алар еді, - дейді президенттікке экс-кандидат.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар