«Видеоға түсірген»: Жаңаөзенде оқушы қыз сыныптасын соққыға жықты

cover Фото: freepik.com

Жаңаөзенде оқушы қыз өзіне жала жапқаны үшін сыныптасын ұрып-соғып, оқиғаны видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды Orda.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап. 

Зардап шеккен оқушы қыздың анасы бейнежазбаны көріп қалған. Кейін дереу полицияға хабарласыпты. Сот сыныптасын соққыға жыққан қыздың ата-анасына айыппұл салды. 

Мәліметтерге сүйенсек, 11 жастағы оқушы қыз сыныптасының үйіне келіп, одан сөйлесу үшін сыртқа шығуды өтінген. Кейін сыртқа шыққан сыныптасын «Неге маған жала жауып жүрсің?» деп бас салып соққыға жығып, өз әрекетін видеоға түсіріп алған.

Зардап шеккен қыздың анасы бейнежазба бар екенін білген сәтте полицияға арызданып, дәлел ретінде бейнекадрларды ұсынған.

Іс Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.

«Қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар қасақана әрекет жасаған (ҚР ӘҚБтК 127-бабының 3-бөлігі) кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін құқық бұзушының ата-анасына. 20 АЕК (73 840 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды», деп хабарлады Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар