Түркістан облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл: «Ана мен баланы қорғауда Қазақстан заңы шикі»

cover

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бала өміріне әсері қандай? Жан жарақатын алған баланы толық емдеу мүмкін бе? Зорлық-зомбылық көрген баламен қалай сөйлесу керек? Осы және басқа да сұрақтарға Түркістан облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл әрі балалар психологы Гүлжан Вероцкая жауап береді.


Маман адам бала кезінде физикалық зорлық-зомбылықтан бөлек кемсіту, қорлау сияқты моральдық қысым көретінін айтады. «Бұл баланың өсіп, дамуына кері әсерін тигізеді. Өйткені бала зорлық-зомбылық кезінде өзін қалай ұстауды, бұл қорқыныштың уақытша екенін білмейді. Сөйтіп үнемі үрейде өмір сүреді» дейді ол.



- Үрейде өмір сүрген бала өзін қалай қорғаймын деген ойдан арыла алмайды. Бұл баланың толыққанды дамуына кедергі. Ол кез-келген жағдайда қауіпті сезінеді де өзін эмоционалды тұрғыдан дұрыс басқара алмайды. Мұндайда баланың бірі - жеңілгенді, екіншісі жәбірленуші кейпіне енуді таңдайды. Үшіншісі, ашушаң, агрессивті, өкпешіл, әлсіз келеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық дегенде біз тек ұрып-соғу емес, қорлауды да жатқызамыз. Бұл - психикалық зорлық-зомбылық. Мұндай балалар дамумен емес, қорғанумен өмір сүреді.


- Тұрмыстық зорлық-зомбылықты көрген балалар мен куә болған балалардың айырмашылығы неде?



- Айырмашылығы жоқ. Зорлық-зомбылық оқиғасы  есіне түскен сайын бала сол кездегі күйге қайта түседі. Адам табиғатында жанашырлық деген сезім бар. Біреуді ұрып жатқан кезде жаны ашыса, ол өзін ұрып жатқандай сезінеді. Бұл қасиет адамға тән. Сондықтан бала зорлық-зомбылыққа куә болсын, басынан өткізген болсын әсері бірдей. Бала екі жағдайда да өзі көрген зорлық-зомбылық деп қабылдайды. Мысалы, әкесі анасын ұрып жатқанда баланың да жүрегі, жаны ауырады. Үрей, қорқыныш, күйзеліске түседі. Қашады, жеңіледі, не агрессия көрсетеді


- Тұрмыстық зорлық-зомбылықты көрген балалар өскенде оны қайталауы ықтимал деген пікір бар. Бұған не дейсіз?


 - Бұл күй зорлық-зомбылық салдарынан агрессиясы көбейген балаларға тән. Ол өз бойындағы өкпені өзгеге жәбір көрсетіп басады.


 - Мұндай балалардың қалыпты өмір сүруі үшін не істеу керек?


- Балаға бойындағы қасиеттерді қалыпты екенін үйрету маңызды. Мысалы, кез-келген балада өзін-өз қорғау, қауіпсіздігін сақтау сезімі бар. Бұл қалыпты жағдай, одан үнемі қорқу орынсыз. Осыны ата-ана түсіндіріп, баланы қолдап отыруы керек. Сол арқылы өзіне деген көзқарасын өзгертуге болады. Керісінше балаға «қорқақ» деп лақап ат қойсақ, ол өмір бойы қорқақпын деп ойлауы мүмкін. Балаға өз сезімдері туралы сөзбен айтып жеткізуді үйрету, оның икемделу мүмкіндігін кеңейту керек.


- Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген не куә болған балалардың жанына түскен жара жазыла ма?


- Жоқ. Бұл жара көзге көрінбейді. Жүректің түбінде жатады. Кез-келген уақытта асқынып кетуі ықтимал.



 - Түркістан облысына бала құқықтары жөніндегі уәкіл болып келгеніңізге жылға жуықтады. Аймақта тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қай деңгейде?


 - Облыста тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейі жоғары. Уәкіл тергеу кезінде іске араласа алмайды. Тек баланың құқығы бұзылған жағдайда араласуы мүмкін.


 - Прокуратураның дерегінше, 2022 жылы Түркістан облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық кезінде 4 әйел қайтыс болды. Олардың күйеулері сотталды. Балалары қорғансыз қалды. Бұл кезеңде бала өз-өзін жоғалтып алмай ма?


 - Ана мен баланы зорлық-зомбылықтан қорғауда Қазақстан заңында шикілік бар. Мемлекеттің саясаты бойынша кез-келген бала отбасында өмір сүруі керек. Анасы қайтыс болып, әкесі сотталғанда көбіне бала ата-әжесінің, туысқандарының қолында қалады. Ал олар баланы қабылдауға дайын болмай оның жанына түскен жарақатын асқындырып жіберуі мүмкін. Ондайда уәкіл отбасының ішкі ісіне араласа алмайды. Өйткені, ата-әжесі не туысы баланың заңды өкілі. Меніңше, мұндай жағдайға тап болған балаларға міндетті түрде көмек көрсетілуі керек. Өкінішке қарай қазір бұл туыстарының шешіміне байланысты болып тұр.


- Яғни бұл мәселеге мемлекет араласуы керек пе?


 - Иә. Мысалы, күйзеліске түскен балаға арнайы дағдарыс орталықтары қысқа және ұзақ мерзімді көмек көрсетуіне болады. Себебі балада бәрі қалыпты болып көрінгенімен шоктан шыққаннан соң реніш, қайғы-мұңды сезінеді. Егер жан-жағындағы адамдармен қарым-қатынасы дұрыс болмаса, бұл баланың өзін-өзі жоғалтып алу ықтималдығы жоғары.
Мысалы, әкесі анасын ұрып өлтіріп, сотталған отбасына бардым. Балалар ата-әжесінің қолында қалған. Біз барынша ол отбасында балаларды қалдырмауға тырыстық. Дағдарыс орталығына алып барып, көмектеспек болдық. Бірақ туысқандары көнбеді.


 - Маман ретінде бұл балаларға мемлекеттік деңгейде қандай көмектер берілуі керек деп санайсыз?


 - Кей балада күйзеліс бірден басталуы мүмкін. Кей балада бұл жарты жылдан кейін көрінеді. Баланың кез-келген уақытта жәрдем алуына мүмкіндік болуы керек. Зорлық-зомбылық көрген балалардың психикасына мұқият болған жөн. Бізде баланың өміріне немқұрайлы қарайтындар көп.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрі көп. Бала өмір сүріп жатқан отбасына тәуелді. Біріншіден, отбасына көмек керек. Ата-ананың психологиялық, педагогикалық сауатын арттыру керек. Бала қауіпсіздігі туралы толық ақпарат алған ата-ана балаға жайлы өмір сыйлауға тырысады. Оған мемлекет те ықпал еткені абзал.
Екіншіден, ведомствааралық байланысты дамыту керек. Кейде физикалық зорлық-зомбылық болса да полиция келіп «ерлі-зайыптылардың арасындағы ұрыс-керіс» деп айтады. Шыдаңдар деп көз жұмады. Бұл - ұрыс емес, қылмыс.
Мысалы, туған әкесінен зорлық-зомбылық көрген қыз шағымданды. Күрестік. Іс сотқа жетті. Әкесі бір эпизод бойынша істі мойындады. Қыз төрт түрлі эпизод айтты. Сот әкесін екі жарым жылға бас бостандығынан айырды. Прокурор жеңілдетілген жаза беруді сұрады. Себебін кәмелет жасқа толмаған тағы бір қызы бар деп түсіндірді. Ол жазасын өтіп келгенде екінші қызына зорлық-зомбылық көрсетпеуіне кім кепіл? Міне, бұл ақылға сыймайтын заңның шикілігі. Шын мәнінде әкесі кемі 15 жылға қамалуы керек еді. Мұны естігенде қыз сынды, күйзеліске түсті. Енді балаға көмек беру қиын.


 - Әңгімеңізге, рақмет!


Әңгімелескен -Дилара Иса.


"BIZ" жобасы Америка халқының көмегі арқасында АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын "Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы" аясында дайындалды. ЖК “Дилара Иса» ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар