Трамп 10 күн уақыт берді екен деп Үндістан Ресейден мұнай импортын тоқтата салмайды

cover Фото: Envato

АҚШ президентінің санкциялар мен баж салығы туралы мәлімдемесіне қарамастан, Үндістан Ресейден мұнай сатып алудан бас тартуға ниетті емес, деп хабарлайды Orda.kz.

The New York Times басылымы екі жоғары лауазымды үнді шенеунігіне сілтеме жасап, Нью-Дели Ресейден мұнай импортын азайту бойынша мұнай компанияларына ешқандай нұсқау бермегенін жазады. Керісінше, ел билігі бұрын жасалған ұзақмерзімді келісімшарттарға адалдығын растады және «мұнай сатып алуды бір сәтте тоқтату мүмкін емес» екенін атап өтті.

14 шілдеде Трамп егер 50 күн ішінде (яғни 2 қыркүйекке дейін) Украина бойынша бейбіт келісімге қол жеткізілмесе, АҚШ Ресеймен сауда жасайтын әріптестерге 100 пайыздық баж салығы енгізетінін мәлімдеді. Алайда 29 шілдеде ол бұл мерзімді күрт 10 күнге қысқартты, ал келесі күні Үндістанға қатысты 25 пайыздық баж салығын енгізетінін жариялады — бұл шешім, соның ішінде, оның Ресеймен сауда байланыстарына байланысты қабылданды.

Трамп Үндістан Ресейден энергия ресурстарын импорттауды жалғастырса, санкциялар салынатынын да ескертті.


«Менің білуімше, Үндістан Ресейден мұнай сатып алуды тоқтатады. Осылай естідім. Бұл рас па — білмеймін. Бірақ бұл — дұрыс қадам. Не болатынын көреміз», — деді ол журналистерге. 


АҚШ тарапынан қысым артқан тұста, 31 шілдеде Reuters агенттігі Үндістандағы төрт мемлекеттік мұнай өңдеу зауыты Ресейден мұнай сатып алуды уақытша тоқтатқанын хабарлады. Алайда 1 тамызда үнділік БАҚ үкіметтегі дереккөздерге сілтеме жасап, елдің ең ірі мұнай өңдеуші кәсіпорындары — Indian Oil (IOC), Bharat Petroleum (BPCL) және Hindustan Petroleum (HPCL) Ресейден мұнай импортын жалғастырып жатқанын жазды.

Сарапшылардың пікірінше, Трамптың бұл қысымы Вашингтон мен Нью-Дели арасындағы жаңа сауда келісіміне байланысты жүргізіліп жатқан саяси ойын болуы мүмкін. Алайда әзірге АҚШ Үндістан Ресейден мұнай сатып алуды азайтпаса, қандай нақты шаралар қолданатыны белгісіз.

 
Еуропалық және америкалық БАҚ дереккөздерінің хабарлауынша, Украинаға  жаңа әскери көмек жүйесін қаржыландыруды НАТО-ға мүше Еуропа елдері өз мойнына алады. 

Қазақстан АҚШ тарапынан  қосымша тарифтердің енгізілуіне байланысты келіссөздерді жалғастырып жатыр. Сауда министрлігінің мәліметінше, енгізілген баж салықтары АҚШ-қа қазақстандық экспорттың жалпы көлемінің тек 4,8%-ына ғана әсер етуде, ал қалған 95,2%-ның жаңа тарифтерге қатысы жоқ.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар