Тоқаев Абайдың 180 жылдығына арналған салтанатты шараға қатысушыларды құттықтады

cover Фото: gov.kz

 

 Ақорда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған салтанатты іс-шараға қатысушыларына арналған құттықтауын жариялады, деп хабарлайды Orda.kz.       

Қазақстан Республикасының президенті 2020 жылы 10 тамызды —  Абай күні деп бекітті. Тура 180 жыл бұрын көптеген халықпен мәдени көпір салуға зор үлес қосқан  қазақ даласының ұлы перзенті дүниеге келді.

Абай Құнанбаев ұрпаққа бірегей поэтикалық мұра, терең философиялық ойлар мен рухани бағдар қалдырған әлем жұрты мойындаған ақын.

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын толық беруді жөн көрдік.

Сіздерді Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуымен құттықтаймын!
Абай – төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға, халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын.
Ол жаңа әдебиетіміздің негізін қалап, дүниетанымымыздың көкжиегін кеңейтті. Өскелең ұрпақты білімпаз, еңбекқор, адал азамат болуға шақырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын қасиеттерді кеңінен дәріптеді. Отанға деген сүйіспеншіліктің және ел мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетті.
Хәкім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды. Бүгінгі салтанатты іс-шараның түпкі мәні де – осында.
Бұл өңір – Абаймен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сынды ұлттың ұлы перзенттерін дүниеге әкелген киелі өлке. Мемлекет осы аймақты ұлттық құндылықтар мекені ретінде өркендетуге баса мән береді.
Ұлы ойшылдың өміршең өлеңдері мен қастерлі қара сөздері әлі талай ұрпаққа рухани азық болары анық.
Ұлы Абайдың аманатына адал болайық!

Еске сала кетсек ұлы ақын дүниеге келген Семей өңірінде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай онкүндік жалғасып жатыр. Мерейтойдың екінші күні 180 команда қатысқан республикалық зияткерлер сайысы КИнЭС рекордына енуі мүмкін екенідігі белгілі болды.

 Осы жерде салтанатты түрде ашылған этноауылда спорттық бәсекелер, концерттік бағдарламалар мен театрландырылған көріністер көпшіліктің көзайымы болуда.

Биылғы жылдың басында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған шаралардың салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден астам ауқымды іс-шараны қамтитын кешенді жоспар бекітіліп, іске асырылып жатыр. 

Абай облысынан басқа Қазақстанның өзге қалаларында да ақынның мерейтойына арналған салтанатты іс-шаралар өтеді. Атап айтқанда, Алматыда Абай ескерткішіне гүл қою кезінде жақын маңдағы көшелер уақытша жабылады.

Осы орайда айта кетерлігі Қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың 180 жылдығы қарсаңында Ұлттық ұлан сарбаздары өз елінің мәдениеті мен ақынға және «Сөз патшасы — өлеңге» деген құрметтерін паш етті.

 Сонымен қатар Антикор да Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ақынның  өлеңдер мен қара сөздерін оқудан челлендж жолдаған болатын. 

Қазақстандық Мәулен Жанболатұлы Қытайда ұлы қазақ ойшылы  Абай Құнанбайұлының ескерткішіне қандай зор құрметпен қарайтынын көрсетті. 

Елімізде 8-11 сынып оқушылары арасында «Абай оқулары» XXVI республикалық шығармашылық байқауы өтті. 


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар