Тоқаевтың «репрессиясыз» саясаты һәм атқарушы биліктің полицияға ықпалы

cover

Кеше елде мәжіліс пен мәслихат сайлауы өтіп жатқанда журналистер сұрағына жауап берген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сайлау күні наразылық білдіретіндер болса, оларға ешқандай репрессиялық шаралар қолданылмайды. Құзырлы органдар заң шеңберінде жұмыс істейді» деп мәлімдеген еді. Алайда Тоқаев журналистерге осылай айтып жатқан тұста елдің бірнеше қаласында наразылық білдіруге шыққандар қоршауға алынып, кейбірін полиция ұстап әкетіп жатты.

ORDA. тілшісі президенттің «репрессиялық шаралар қолданылмайды» деген сөзі туралы сайлау күні наразылыққа шығып, сағаттап полиция жасағының қоршауында тұрған белсенділерден және саясаттанушыдан сұрап көрді.

«Тоқаевтың айтқаны - жалған сөз»

Сайлау күні билікке қарсы наразылыққа шығып, Алматының орталық алаңында өз жақтастарымен бірге 10 сағатқа жуық полиция жасағының қоршауында тұрған оппозиция белсендісі Жанболат Мамайдың айтуынша, Тоқаевтың сөзі – таза өтірік.

Ж.Мамай және оның жақтастары полиция жасағының қоршауында тұр. Алматы, 2021 жыл 10 қаңтар.

«Тоқаевтың айтқаны – жалған сөз. Өйткені біздің 10 сағат бойы полиция қоршауында болғанымыз және ондаған Қазақстан азаматтарының ұсталғаны – саяси қудалау екені сөзсіз. Бізді 10 сағатқа жуық қыстың көзі қырауда аязда ұстады. Бұл – тек қана репрессия емес, бұл – адамды азаптау, адам құқығын аяққа таптау. Сондықтан Тоқаевтың сөзі – таза өтірік, таза жалған сөз» дейді Мамай.

«Полиция заңға қайшы әрекет етті»

Мамайдың айтқанын 7 сағатқа жуық полиция қоршауында тұрып, ақыр аяғы денсаулығы сыр бергендіктен, жедел жәрдем көмегіне жүгінген «Oyan, Qazaqstan» қозғалысының белсендісі Әсем Жәпішева да қуаттап отыр. Оның сөзінше, биліктің белсенділерге қолданған шарасы – репрессиялық сипатта.

Белсенді Ә. Жәпішева

–Биліктің наразыларға қолданған шарасы репрессиялық деп есептеймін. Себебі өз талабын айту үшін алаңға барғандарды сағаттап қоршауда ұстады. Тіпті кейбірін дәретханаға да жібермеді. Бір екі адамның денсаулығы нашарлап, жедел жәрдем шақырды. Бұған қоса, қоршауда тұрғанымызда биліктің арандатушылары жанымызға үлкен музыкалық аппарат әкеліп, даусын зорайтып ән қосып қойды. Бұл да - билік тарапынан жасалған психолигиялық шабуыл, репрессиялық шараның бір көрінісі, – дейді Жәпішева.

Саяси белсенді полиция Тоқаев айтқандай заң шеңберінде емес, заңға қайшы әрекет еткенін алға тартып отыр. Оның сөзінше, кеше алаңда белсенділерді қоршап тұрған полиция жасағы Нұр Отан партиясы өкілдерінің, әкімдік қызметкерлерінің нұсқауына бағынған.

«Конституция бойынша, күштік құрылымдар Нұр Отанның немесе басқа да партияның басқаруында болмауы керек. Бірақ кеше алаңда Алматы әкімдігінің қызметкерлері мен нұротандықтар полицияға нұсқау беріп жүрді. Бұл - полиция әрекеті заңсыз екенінің, президент сөзі жалған екенінің анық айғағы» дейді Жәпішева.

Сайлау күні наразылық білдіруге шыққан азаматты полиция әкетіп бара жатыр. Алматы, 2021 жыл 10 қаңтар

Мойындалмайтын репрессиялық әрекеттер

Ал саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтың сөзінше, өз талабын айту үшін алаңға шыққан наразылардың ұсталуы, сағаттап қоршауда тұруы - сөзсіз саяси репрессияның бір көрінісі. Оның айтуынша, Қазақстан билігі азаматтардың саяси құқығын шектейтін мұндай шараларды жиі қолданады, бірақ ешқашан мойындамайды.

«Саяси репрессия - белгілі бір топтың белсенді азаматтардың қоғамдағы саяси өмірге араласуына кедергі келтіруін сипаттайтын термин. Ол түрлі әрекет арқылы жүзеге асуы мүмкін. Кеше наразыларға қолданған билік әрекетінің барлығы - сөзсіз саяси репрессияның көрінісі. Қазақстанның авторитарлы билігі белсенділерге әрдайым осындай репрессиялық шара қолданады. Әлбетте, билік оны өзінің ғұмырын ұзарта түсу үшін жасап отыр. Сондықтан оны ешқашан көпшілік алдында мойындамайды. Тоқаевтың кеше азаматтар ұсталып, түрлі қысымға ұшырап жатқанын бүкіл халық көріп отырса да, «репрессиялық шара қолданылмайды» деп жалған сөйлеуі – соның дәлелі» дейді саясаттанушы.

Оның сөзінше, билік саяси белсенділерді қудалауда полиция мен күштік құрылымдарды қолжаулық етіп отыр.

Саясаттанушы Ш.Нұрсейтов

–Диктатор билейтін авторитарлы мемлекеттерде күш қолдану, полиция мен әскерді пайдалану арқылы азаматтарды үркітіп, қорқытып, барынша саяси белсенділігін төмендетуге тырысады. Қазақстанда дәл сондай жағдай. Құқық қорғау орындары атқарушы билікке тікелей тәуелді. Ал атқарушы билік қазір 100 пайыз Нұр Отан партиясының бақылауында. Сол себепті полиция атқарушы биліктің бұйрығын екі етпей орындап, азаматтардың құқығын қорғаушы емес, керісінше оларды саяси көзқарасы үшін қудалаудың құралына айналып кетті, – дейді Нұрсейітов.

Құқық қорғаушылар Қазақстанда соңғы жылдары белсенділерді қудалау күшейіп, елде саяси көзқарасы үшін тұтқындалғандар көбейіп жатқанын айтып жүр. Бірақ билік осы уақытқа дейін бірде-бір адамды саяси тұтқын деп мойындамаған.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар