Тізгінді Тоқаевқа ұстатқан Назарбаев немен айналысып жүр?

cover Фото: Piroschka Van De Wouw / Reuters

Бүгін, 1 желтоқсан Қазақстанда «Тұңғыш президент» күні. 2011 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңына қосылғанннан бері бұл күні қазақстандықтар демалады. Мемлекеттік телеарналар Нұрсұлтан Назарбаев туралы түсірілген кинолар мен деректі фильмдерді көрсетеді.

Orda.kz редакциясы 81 жасқа толған Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылдағы шешімінен кейінгі саяси алаңдағы рөлі мен қызметін анықтап көрді.

Назарбаевтың тізгінді Тоқаевқа табыстауы

Фото: Ақорда

2019 жылы 19 наурызда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев қызметінен кетіп, мемлекеттің жаңа басшысы қызметін уақытша Қасым-Жомарт Тоқаев атқаратынан мәлімдедеді. Артынша елде президент сайлауы болып, Тоқаев ел басшысы болып тағайындалды.

Назарбаев президенттік қызметті табыстағанымен, Қасым-Жомарт Кемелұлына толыққанды билікті бере қоймаған. Ол әрі қарай да жауапты қызметтерде өз жұмысын жалғастырды. Назарбаев Қазақстанның ең маңызды мемлекеттік институттарының қалыптасуы мен нығаюындағы тарихи рөліне және халықаралық аренадағы қызметіне байланысты ерекше мәртебелерге, лауазымдар мен атақтарға ие болып қала берді.

Араға екі жыл салып, 2021 жылы 28 сәуір Қазақ Халық Ассамблеясының 28 сессиясында ҚХА өмір бойғы төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ассамблея тізгінін қазіргі президент Тоқаевқа ұстатқан. Өзі құрметті төраға болып бекітілген.

7 айдан кейін экс-президент 1999 жылдан бері басшылық еткен «Нұр Отан» партиясының басшысы лауазымын да Тоқаевқа тапсырды.

Дегенмен, Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттікті, Қазақстан Халық Ассамблеясының төрағалығын, Нұр Отан партиясы басшылығын Қасым-Жомарт Тоқаевқа бергенімен, өзі ел билігінен толыққанды кетпеген.

Қазіргі таңда Назарбаевтың төмендегідей мәртебелері мен қызметтері бар:

Фото ашық дереккөзден алынды
  • Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы» мәртебесіне ие. 2019 жылы наурызда берілген бұл мәртебе Назарбаевтың қызметін айқындамағанымен, оның құқығын реттеуге қабілетті.

Тұңғыш президент – Елбасы өмір бойы Қазақстан халқына, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға мемлекеттік құрылыстың аса маңызды мәселелері бойынша бастамалар мен үндеу жолдауға құқылы.

  • Назарбаевта әлі де Қауіпсіздік Кеңесін өмір бойы басқару құқығы бар.

Қауіпсіздік Кеңесі Қазақстанның қорғаныс қабілеті мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттің егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтау мәселелері бойынша шешімдер әзірлейді.

Осы тұста Қауіпсіздік Кеңесінің кең өкілеттіктері Қазақстандағы «қос билік» туралы әңгімеге негіз болған. Алайда, Назарбаев Тоқаев кеңес сұрап келгенде ғана, кеңес беретінін және соңғы шешімді Тоқаевтың өзі шығаратынын, билікке араласпайтынын айтқан. Ал Тоқаевтың өзі кеңес сұрауда тұрған ештеңе жоқ дегенді алға тартқан.

  • Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық Кеңестің өмір бойы мүшесі болып қалған.

Конституциялық Кеңес президенттік сайлау, парламент депутаттарын сайлау, республикалық референдум өткізу кезінде туған таласты шешеді; сондай-ақ, парламент пен президент қабылдаған заңдардың, халықаралық келісімдердің Конституцияға қайшы келмеуіне жауапты.

  • Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі таңда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті төрағасы, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің құрметті төрағасы және Қазақстан Республикасының құрметті сенаторы.

Назарбаевтың жеке парақшасында ол бұған дейін он шақты қызметте болғаны айтылса, қазіргі таңда оның саны сегіз. Екі жыл бұрын биліктен кеткен экс-президент үшін бұл – жақсы көрсеткіш.

  • Сондай-ақ, биыл қазан айында қазіргі президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Назарбаевтың кандидатурасын Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес ішіндегі Даналар кеңесінің басшысы қызметіне ұсынған.

Даналар кеңесі - Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті дамытуға, оның ішінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ сенім шараларын іске асыруға қатысты мәселелердің кең ауқымы бойынша маңызды жоғары деңгейдегі кеңестер беретін консультативтік-кеңесші орган. Әзірге Назарбаевтың жаңа қызметке тағайындалуы туралы мәлімет жоқ. Тек ұсыныс жасалған.

Көріп тұрғанымыздай, экс-президент биліктен кеткенін қанша айтса да, әлі толыққанды зейнетке шығуға дайын емес сияқты. Себебі, ол саяси алаңдағы орнынан кетпеген.

Назарбаев қызметтен кетуге дайын емес

Фото: elbasy.kz

2021 жылы Нұрсұлтан Назарбаев «Елбасы, тұңғыш президент, Нұр Отан партиясының басшысы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің төрағасы» ретінде бірқатар жиындар өткізіп, шетелдіктермен байланысқа шығып, біраз кешендердің жұмысымен таныс болған:

Мысалы, жыл басы 2021 жылы 6 қаңтарда Назарбаев Нұр Отан партиясының басшысы ретінде ҚР премьер-министрі Асқар Маминмен кездесіп, елдегі экономикалық әл-ауқат туралы сөйлескен.

Араға бір күн салып, елбасы христиандарды Рождество мейрамымен құттықтап, Провославтік шіркеуден «Алғыс» орденімен марапатталған.

Назарбаев 21 мамыр Түркістанға барып, бір күнде бес кешенді аралап, оның жұмысымен таныс болған.

Елбасы биыл Қазақстан атынан Армения, Ресей, Қытай, Әзірбайжан, Біріккен Араб Әмірлігі, Түркия және Грузия өкілдерімен байланысын нығайтқан.

2021 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінде сегізге жуық кадрлық өзгерістер жасаған. 15 шақты адаммен телефонмен тілдескен. Көбіне, Өзбекстан, Ресей және Түркия елдерінің президенттерімен байланысқа шыққан.

Тұңғыш президент осылайша ақпарат алаңын өзіне бағындырып, биыл көзден таса қалмаған.

«Назарбаев кетеді деген сөз емес»

Фото ашық дереккөзден алынды

Саясаттанушы Асқар Нұрша «Тоқаев билігінің артуы, Назарбаев кетеді деген сөз емес» екенін түсіндірді.

– Бұл транзиттің қытайлық нұсқасына ұқсай бастады. Бұл елде ел басшысы да үш негізгі лауазымға ие. Онда билік бірден мұрагерге берілмейді – процесс біртіндеп жүреді. Жалпы, біз Қазақстанда дәл осындай жағдайды көріп отырмыз. Назарбаев алдымен президенттік билікті Тоқаевқа тапсырып, оны өзінің мұрагері деп атап, сайлауда жеңіске жетуіне көмектесті. Одан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, қазіргі партиядағы басшылық қызметін тапсырды. Енді Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымын табыстауын күтеміз, - деп сенім білдірді Асқар Нұрша.

Осылайша, Orda.kz редакциясына өз ойларын айтқан бірқатар саясаттанушылар тұңғыш президенттің қазіргі президентке өкілеттігін бірте-бірте беруі оны 2024 жылғы президенттік сайлауға дайындауы деп түсіндірді.

Не де болса, бізге Назарбаев кеңес беріп, Тоқаев шешім қабылдайтын кезеңді бақылап, 1 желтоқсан президент күнін атап өтуден басқа амал жоқ.

Биыл президент күнін тойлау бес күн ерте, 27 қараша басталған. Бұл күні Астана Опера театрында Болашақ бағдарламасы арқылы Миланда оқып келген опера әншісі Мария Мудряк кеш өткізген. Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты кешке қатысу құрметін алған.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар