Тілсіз табиғат та сөйлейді

cover

Егер адам табиғатсыз өмір сүре алмайтын болса, онда ол табиғат заңдарын сақтауы керек. Әйтпегенде, экономиканы дамытамыз деп бір қадам алға басқан сайын, экологияны ластау арқылы екі қадам кері шегінудеміз. «Қазақстанның табиғаты көркем» деп құрғақ сөзбен көпіріп жүргенімізде, табиғатымыздың көркемдігі баяғыда ластанып кеткен.

Сөзімізге дәлел болсын деп 2021 жылдың басынан бастап еліміздегі экологиялық проблемаларды саралап едік, жауабы қатты таң қалдырды. 

ORDA мұның қаншалықты рас екенін зерттеп көрді. Редакция Қазақстандағы бірнеше өңірлердің ластануын зерттеп, экологиясы нашарлаған жерлердің рейтингісін жасады.

Елдің мазасын қашырған «сасық» ферма

Сойылған шошқа қанын өзенге ағызып, оның қалдықтарын жер астына көміп, сасық иісімен елдің мазасын қашырған Ақтөбенің Бестамақ аулындағы «Парижская коммуна-XXI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бірнеше бөлігінде жұмыс уақытша тоқтады. Кәсіпорынның экологиялық талаптарды сақтамауынан шошқа фермасы жұмысына шектеу қойылған.

Бестамақ ауылы тұрғындарының арызы негізінде облыстық экология департаменті тексеру жүргізді.

Нәтижесінде өндірістік ағын сулардың жер бедеріне аққаны, тазарту құрылғыларының аумағында ЭКО Б-500 жабдығы және УФ зарарсыздандыру құдығының болмағаны анықталды. Сонымен қатар биологиялық қалдықтар қоймасының аумағы қоршалмаған. Қоршаған ортаны қорғайтын бетон құдық та жоқ.

Сойылатын шошқа саны ферма қуатынан асып түкен. Яғни, жобаға сәйкес 40 000 бастан аспауы қажет. 2018 жылы мал саны - 50 615, 2019 жылы - 51 095, 2020 жылы - 51 978 бас болған.

Осылайша, сот шешімімен Экология департаментінің талаптары қанағаттандырылды. Кәсіпорын аумағынан зиянды қалдықтар мен лас суларды шығаруға және шошқаларды союға тыйым салынды. 

— Бұл өндірістің қазақтарға түкке де қажеті жоқ. Шошқаға біздің салт дәстүрімізде де, дінімізде де тыйым салынған. Болашақта Қазақстанда шошқа өндірісін тоқтатуымыз керек. Қазақ елінде шошқа өндірісін қолға алып, оны дамытуды қолдау кімнің ойы екенін түсінбеймін. Билік басына шошқа етін жейтіндер отырып алып, өз өндірістерін жеке бастарының қамы үшін жалғастырып жатыр. Ал зардабын көріп жүрген – халық, деп өз пікірімен эколог Азаматхан Әміртай бөліскен еді.

Көбікке айналған «өзен»

Алматы облысы Панфилов ауданындағы Өсек өзенінде 10 см асатын, көпірген ақ көбік пайда болды.

Бұл туралы Алматы облысындағы қорықшылар экологиялық реттеу және бақылау комитетіне бейнежазба жолдаған. 

Видеодан жасыл түсті лас су көпір астынан өтіп, сарқырама тұстан құлаған кезде көбікке айналып жатқаны көрінеді. Куәгерлердің айтуынша, өзеннен өткір химиялық иіс шығып тұр. Ал министрліктер өзеннің ластануына «Жаркент Крахмал сірне» зауытының қатысы бар деген болжам жасаған.

Ауамен емес түтінмен демалатын Теміртаулықтар

Қарағандыдағы Теміртау қаласының 180 мың тұрғынына таза ауамен тыныстау – арман. Себебі, олардың жұтатыны - диоксид азоты, диоксид тотығы, фенол, аммиак, көміртек тотығы, күкірсутек.

Айтыла – айтыла діңкені құртқан қалдықтың басым бөлігі жергілікті «АрселорМиттал Теміртау» металлургия комбинатынан шығады. Белсенділер мұны «экологиялық геноцидке» теңеген. Жыл сайын комбинаттан ауаға 200-230 мың тонна қалдық тарайды.

Есеп бойынша, министрлік кәсіпорын иесі тазалау құралдарына 28 миллиард теңге жұмсағанын айтады. Бірақ ауаға бөлінетін қалдық көлемі сол қалпы.

Ал негізгі мәселе сол Теміртау халқының өмірі жергілікті металлургия комбинатына тәуелді. Қала комбинатсыз өмір сүре алмайды, ал комбинат қалдық шығармай жұмыс істеуге қауқарсыз. Қалдық қала ауасын бұзып, тұрғындардың денсаулығына зиян тигізіп жатыр.

Ақтөбе облысындағы Шалқар көлі суалуда

Шалқар көлінің су көлемі 25 миллион текше метрден 7 миллион текше метрге бірақ төмендеп кетті. Бұл Ақтөбе облысының қазіргі басты мәселелерінің бірі. Өзін-өзі тазарту қабілетінен айрылып, қамыс басқан көлдің тереңдігі 13-15 метрден 2 метрге дейін таязданған. Сонымен қатар, көлдің түбінде қалыңдығы 1,2 метрге дейін тұнба қабаты жиналып, көл аумағының 30%-дан астамын су өсімдіктері алып жатыр.

Жағдайды шешу үшін ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Ақтөбе облысының әкімдігімен бірлесіп биыл көлдің түбін тазарту жобасын іске асыруға 3 052 млн теңге бөлмек.

Шалқар көлінің түбін су өсімдіктерінен және жылдар бойы жиналған органикалық заттардан тазарту көлдегі судың сапасын және көлдің пайдалы өнімін арттырады, судың гидрохимиялық құрамының сапасын жақсартады деп жоспарлануда.

Түркістан облысының Бадам өзенінде балықтар қырылып жатыр

Күні кеше Түркістан облысының Бадам өзенінде балықтар қырылып, 20 келіден астам маринка балықтары өлі күйінде табылған.

Бадамдағы балықтардың жаппай қырылып жатқаны туралы алғаш болып балықшылар дабыл қақты. Олардың айтуынша, өзен суының түсі лезде өзгеріп, тұнығы лайланып кеткен.

— Тексеру барысында зертханалық зерттеулер үшін өзен суы мен балықтан сынама алынды. Өзеннің кейбір учаскелерінде су түсі ақшыл түстен бұлыңғыр-қоңыр түске дейін өзгерген. «Балық шаруашылығы ҒӨО» ЖШС Арал бөлімшесі алдын ала қорытындысына сәйкес, балықтың қырылуына жаңбыр мен тасқыннан су сапасы мен температурасының өзгеруі себеп болған. Бұл өз кезегінде балықтар тіршілігіне әсер етеді, делінген Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі хабарламасында.

Тіптен соңғы жылдары, әлемдік ғылыми қауымдастықтың өкілдері қарапайым есептеулер жүргізе отырып, «адам мен табиғат арасындағы қақтығыс маңызды шегіне жетті және планетадағы барлық тіршіліктің өміріне қауіп төндіреді», деген үмітсіз қорытындыға келген.

Түптің түбі, қалаға да, далаға да, оны мекендеген адамға да күтім керек. Қарамасаң, бәрі қараң қалады. Соны білген, денсаулықтың қадірін жете түсінген ата-бабамыз ауыл, аула түгілі, ауаны да ластамаған. Ақиқатында, тілсіз табиғат та сөйлейді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар