Сұр шекпен киген адам: бұрынғы президент кеңесшісі Ержан Бабақұмаров қалай өмір сүрді және қалай көз жұмды?

cover Фото: Orda.kz

Ержан Бабақұмаров бір кездері президенттің қасында отырған адам еді. Мемлекеттік бағдарламаларды қадағалап, баспасөз мәслихаттарын ұйымдастырып, елдің не туралы сөйлейтінін анықтайтын тұлға болды. 29 қазан Millenium Park тұрғын үй кешенінде болған төбелестен кейін оның мүрдесі табылды. 

Кім соққанын, қалай өмір сүргенін және неден қаза тапқанын Orda.kz баяндайды.

29 қазан кешке Астанада Ержан Бабақұмаров қаза болды. Ол бұрын Алматы әкімінің орынбасары, Тоқаевтың кеңесшісі әрі Мәсімовке жақын адам болған. Енді жай ғана мәңгі бақи үйіне аман оралмаған сұр шекпен киген бір адам ретінде көз жұмды. 

Ақтық дем

Ержан Жалбақұлы кешкі асын танысымен бірге ішкен. Кейін олар Бабақұмаровтың үйіне бет алған. Сол арада екеуі жанжалдасып қалған. Даудың арты төбелеске айналып, сол жердегі соққы өлімге әкелді. 

«56 жастағы азамат өміріне қауіпті зақым  алған. «Қасақана адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалды», деп мәлімдеді  елорда полициясы. 

Бұрынғы шенеуніктің танысы дереу изоляторға қамалды.

 
Біз оқиға болған Millennium Park тұрғын үй кешеніне барып қайттық. Бір кездері елордадағы ең беделді мекен саналған бұл ғимарат үлкен терезелерімен, тәулік бойы күзетімен, Тұңғыш Президент саябағы мен мұражайға қараған көрінісімен ерекшеленетін. Бүгінде сол сәулеті келіскен жер — қылмыс орнына айналды.

Кешеннің кіреберісінде полиция күзеті тұр. Бір пәтердің есігі таңбаланып, жабылған. Аулада тыныштық орнаған. Тек күзетші мен анда-санда ары-бері өтіп жатқан тұрғындар ғана бар, олар бұл оқиға туралы әңгімеден басын ала қашады.

«Біреуді өлтіріпті дейді. Полиция бәрімізден сұрақ алды. Бірақ біз ештеңе көрген жоқпыз», — дейді көрші дүкеннің сатушысы. 
«Жазда да осында бір оқиға болған. Біреуді қызға таласқан соң пышақтапты. Сонда қыз қаза тапқан дейді. Сондықтан мұны тыныш, жайлы үй деуге болмайды», — деп еске алады көрші ғимараттағы тұрғын. 

Үйдің жанындағы қызметкерлер иықтарын қиқаң еткізгеннен басқа дәнеңе де айта алмады. Ешкім ештеңе көрмеген, ештеңе білмейді.

Күдікті араққа салынған адам

Orda.kz дерегінше, экс-кеңесші Ержан Бабақұмаровтың өліміне қатысты күдіктінің аты — Ербол Кәукетай. Ол 36 жаста, Шығыс Қазақстанның тумасы. Бұрын бірнеше рет сотталған. Биылғы шілде айында азаматтық жұбайын ұрып-соққаны үшін сот үкімі шыққан.

2025 жылдың көктемінде Кәукетай қызғаныштан әйеліне қол көтерген. Ол кезде ер адам ішімдік ішкен, шарапқа мас болған. Тергеу дерегінше, ол әйелін екі рет беттен, екі рет жұдырықпен бүйірінен ұрған.

Сот барысында Кәукетай өкініп, кешірім сұрап, «дін жолына түстім, намаз оқимын» деген уәж айтқан. Ал жәбірленуші әйел:

«Менің ешқандай шағымым жоқ. Жақында үйленеміз», — деп мәлімдеген. 

Сондықтан сот қатаң жаза қолданбай, оған 300 сағат қоғамдық жұмыс және алкогольге тәуелділіктен емделу міндеттелген.

Үкімде: «Ербол Кәукетайдың алкоголь мен психобелсенді заттарға тәуелділік жайлы диагнозы бар» деп жазылған.

Енді сол адам — Қазақстан президентінің бұрынғы кеңесшісін өлтірді деген күдікке ілініп отыр.

Мәнсап пен құлдырау

Ержан Жалбақұлын жұрт «сұр шекпен киген адам» деуші еді. Ол ұзақ жылдар бойы Қазақстанның саяси жүйесінің ішінде жүріп, билік пен ақпараттың өзара байланысын жақсы меңгерген тұлға болатын.

Ержан Бабақұмаровтың еңбек жолы 1990 жылдары Алматы қаласы әкімінің аппаратында басталды. Жас, жігерлі, кішіпейіл, бірақ өршіл маман ретінде жоғары жақтың назарын ерте аударды. Көп ұзамай ол Президент Әкімшілігіне ауысып, ішкі саясат бағытын қадағалап, Нұрсұлтан Назарбаев жанындағы ақпарат орталығын басқарды.

2006 жылы Бабақұмаров Мәдениет вице-министрі қызметіне тағайындалды, артынша премьер-министр Кәрім Мәсімовтің кеңсесіне өтті. Дәл осы кезең оның мәнсап жолындағы ең қарқынды шағы болды.
Ол индустриялық-инновациялық дамудың жеделдетілген мемлекеттік бағдарламасы (ГПФИИР) аясындағы барлық ақпараттық және насихаттық жұмыстарды ұйымдастырды.
Сол жылдары елді дүр сілкіндірген салтанатты лента кесу рәсімдері, жаңа зауыттардың ашылуы, Назарбаевтың қатысуымен өткен жобалар — бәрінің артында ұйымдастырып, қадағалап отырған осы Бабақұмаров еді.

2019 жылы Бабақұмаров Тоқаевтың ортасына қосылып, оның кеңесшісі болды. Алайда бұл лауазымда ұзақ тұрақтамады. Сол жылы-ақ Алматыға ауысып, қала әкімінің орынбасары болды.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін ол Бақытжан Сағынтаевпен бірге қызметтен кетті.

Кейін, сол жылдың ақпанынан қыркүйегіне дейін, Бабақұмаров Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметін басқарды. Осы жерден мемлекеттік органдардың барлық ресми ақпараты таратылатын. (Бұл тақырыпқа біз кейінірек қайта ораламыз.)

Сол қызметтен кейін Ержан Бабақұмаров ұзақ уақыт жұрт көзінен тасада қалды. Тек 2025 жылдың көктемінде ғана оның аты тағы да БАҚ беттерінде пайда болды. Бұл жолы ол «тәуелсіз сарапшы» ретінде көрінді. Informburo және Ulysmedia оны жиі сөйлетіп, геосаясат, АҚШ, Қытай мен Ресей қатынастары туралы пікірлерін жариялап отырды.

Бабақұмаров өзін «Nika Group» сараптама орталығының жетекшісі ретінде көрсеткен. Бірақ біздің тексеруіміз бойынша, мұндай ұйым ресми түрде еш жерде тіркелмеген, дерекқорларда да жоқ.

Ержан Бабақұмаровтың өмірбаянындағы бір қызық жайт —оның Талдықорғанда дүниеге келгені. Бұл қала — бұрынғы ҰҚК төрағасы, қазір опалы саналатын Кәрім Мәсімовтің әкесінің де туған жері. Кейбір деректерге қарағанда, Ержанның анасы Нығмет Садуәқасова Мәсімовке туыс болуы мүмкін. Сондықтан ол биліктің шыңырауына бір-ақ өрледі деген болжамдар айтылады.
Ержан Жалбақұлы 56 жасында дүниеден өтті. Артында жары — Бибігүл Наурызғалиева, қызы Жәмилә және ұлы Дінмұхаммед қалды.

Шенеуніктің басы дауға қалған кезеңдер

Енді 2022 жылға қайта оралайық, дәл сол кезеңде Ержан Бабақұмаров Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметін басқарған еді. Бұл қызметте ол небәрі алты ай ғана отырды. Дәл осы уақытта оған қатысты жағымсыз ақпараттар тарады.

Мәселе журналист Махамбет Әбжанға қатысты даудан шыққан. Кейін ол «бопсалау» айыбымен сотталған болатын. Тергеу барысында оның телефонынан Бабақұмаровқа қатысты мәліметтер табылғаны айтылды. Бейресми деректерге сүйенсек, шенеунік журналистке жеке өміріне байланысты ақпаратты жарияламау үшін ақша берген болуы мүмкін. Бұл дерек ресми түрде расталған жоқ. Алайда сол даудың салдары Ержан Бабақұмаровтың беделіне ауыр соққы болды.
Беделіне нұқсан келгені соншалық, көп ұзамай ол қызметінен босатылды.

«Бұл жағдайға ұсталған журналист Махамбет Әбжанның тергеумен ымыраға келіп, сол жағалаудағы бірқатар адамдарды әшкерелеуі себеп болған. Жалпы, Орталық коммуникациялар қызметінің директоры брифингтерге бақылауды әлсіретіп алғандықтан, мінберге шыққан шенеуніктер журналистердің өткір сауалдары алдында қорғансыз қалатын. Кейде мұндай сәттер «Жаңа Қазақстанның» беделіне нұқсан келтірген ашық сынға ұласатын. Оны жұмыстан босату жайлы шешімді Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен Президент Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева қолдаған» деп жазды сол кезде жасырын Telegram-арналар.

Сонымен, бір кезде Президент әкімшілігінде отырған шенеуніктің қызмет жолы осылай тәмамдалды.
Бірақ оның аты осындай бір дауда ғана  аталып қоймады. 2022 жылдың соңына қарай Бабақұмаровтың есімі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеу ісінде қайтадан көрінді. Тергеушілер Алматы қаласының спорт басқармасындағы 367,5 миллион теңгенің ұрлануына қатысты істі зерттеп жатқан. Сол кезде Бабақұмаров куәгер болған еді.

Ал 2025 жылдың қаңтарында ол мас болып, Toyota Land Cruiser Prado автокөлігін айдап келе жатқан жерінен ұсталды. Сот оны жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырып, 15 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды. Осылайша бұрынғы шенеуніктің өмірінің соңғы жылдарын жұрт көзінен тасада өткізіп жатқан шенеунікке қатысты дауларға тағы бір дау қосылды.

Тас түскен жеріне ауыр

Әрине, жақындары қайғыдан қан жұтып жатыр. Біреулер үшін ол – мемлекеттік қызметтің биік сатыларында істеген шенеунік болса, енді біреулер үшін – ойлы сарапшы, саясаттанушы, талдаушы еді.

«Мен үшін ол ең алдымен әріптес әрі ұстаз болды. 1995 жылы мен Қазақстанды дамыту институтындағы Саяси зерттеулер орталығында тәжірибеден өттім. Ол кезде сол орталықты Ержан басқаратын. Ол елімізде партия құру мәселесін алғаш зерттеген мамандардың бірі болатын. Одан көп нәрсе үйренуге болатын еді», – деп еске алады саясаттанушы Андрей Чеботарёв. 
«Таңертең ауыр хабар жетті. Ержан Бабақұмаров қаза болыпты. Көрнекті интеллектуал, әріптес, ескі жолдас еді. Соңғы жылдары ол қайтадан сараптама саласына оралып, „Ника групп“ орталығын ашты. Ержан өте талантты, зерек, мысқылдап отыратын сәл әзілқой адам еді. Ол ешқашан биліктің  „өз адамы“ болған жоқ. Тік мінезді, шынайы тұлға еді. Мемлекет ісіне адал патриот болатын» деп жазды саясаттанушы Данияр Әшімбаев.

Осылай қолында билігі болған, талай дүние ұйымдастырып, талай істің басында жүрген шенеунік өмірінің соңында көп дауға қалып, кісі қолынан қаза тапты. Өз әйелін соққыға жыққан, арзан шарап ішкен бір адам оны өлтіріп кетті.

Ержан Бабақұмаров 16-қабаттағы пәтерінде, сұр шекпенін киген күйі жан тапсырды...

Автор: Зарина Файзулина

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар