«Шымкент әкімі шықпады»: алаңда жараланғандар не дейді?

cover Шымкенттегі бүліктен кейінгі сурет. Фото: Orda / Күлтегін Аспанұлы

Жаңа жылда Жаңаөзенде газ бағасы дауынан басталған наразылық Қазақстанның жаңа заман тарихындағы ең ауқымды және ең қайғылы толқуға ұласты. 4-5 қаңтар күндері Шымкент қаласындағы бейбіт жиыннан бұлғаққа айналған оқиғада әкімдіктің үнсіздігі мен әскерилердің әрекеті, наразылардың өзін ұстауы, бүлікшілердің қылмысы, жағдай барысы жайлы алаңда оқ тиіп, түрлі жарақат алған полицей және қарапайым тұрғындардан сұрастырып көрдік.

Шымкент қаласындағы №1 аурухана. Фото: Orda / Күлтегін Аспанұлы

«Басында бәрі бейбіт өтті, жұрт әкімді күтті»

Қаратау ауданының тұрғыны екенін айтқан жеке кәсіпкер Ерхан Құданбаев оң көзінен айырылған. Сөзіне қарағанда, 5 қаңтарда бейбіт жиынға қатысқан. Келесі күні досының шақыртуымен ортақ танысын іздеуге үйінен шыққан. Жол бойында оқ тиіп мертіккен.

– Нұрсатта (ықшам ауданы – ред.) жолдас балам (дос – ред.) тұратын еді. Бір бауырын таппай жатырмын деп үйіне шақырған соң барғам. Көлікпен шығуға қорықтым, бүлдіре ме деп. Көрме орталығының арты, Отырар кітапханасының алдынан жаяу өтіп бара жатқан бетім. 6 қаңтарда түнгі 23.00-00.00 шамасы еді. Бәлесінен аулақ деп алыстан айналдым. Тұмандатып тұрған. Бір жақта 1,5 мың адам, қарсы бетте әскерилер. Адамдар тас атады, аналар жарықшақ граната, газ лақтырып жатыр. Қалай болғанын білмеймін, аяқ астынан сарт етті. Есімнен айырылып қалып құладым. Есімді жисам, қансырап жатыр екем. Шок күйдемін. Жолға шығып, бірінші Кезіккен көлікті тоқтатып ауруханаға жеткіз дедім. Мерседес 124 маркалы көліктің жүргізушісі де жүректі екен. Салонның бәрін қан қылып тастадым. Бағдаршамның қызыл түсіне қарамай басып алып барды. Ауруханаға өз бетімше жеттім, оның өзінде анау жігіт жолығып, жолым болды. Әйтпесе, ол жерге жедел жәрдем келмейтін еді, айнала быт-шыт болып жатты, – дейді оққа ұшқан күнін еске алып.

Құданбаев өзін кімнің қайдан қалай атқанын білмейді. Қалың тұманның арасында көз анық жетер тұста әскери формадағы адамдарды байқағанын айтады.

Шымкент қаласының әкімдігі орналасқан Астана алаңындағы композициялық ескерткіш. Тасқа өрнектелген Ақорданың кіреберіс қақпасы оттан күйеленген. Фото: Orda / Күлтегін Аспанұлы

Одан бір күн бұрын, яғни 5 қаңтар кешкісін өткен бейбіт митингке қатысқанын жасырмайды. Бүлік басталғанға дейін шымкенттіктер әкімдік алдындағы наразылықта адамдар өзін ұстады, өте мәдениетті ұйымдастырылды дейді. Сәрсенбі кешкі уақытта алаңда 8 мыңнан аса адам жиналған. Оқиға орнында болған куәгердің сөзінше, азаматтар топтасып, талаптарын ашық білдірген, әкімнің келуін сұраған. «Микрофонмен кезектесіп сөйледі, рухтандыратын ән-күй қойылды, арандатуға берілмейік деп қайта-қайта басу айтып, жиынның шырқын бұзбауға тырысты».

– Отбасылымын, бір қызым бар. Жоғары білімім мен кәсібім бар. Бүлікке баруға мүдделі емеспін. 5 қаңтар Конституцияда жазылған құқыммен талабымды бейбіт түрде айтттым. Болды!.. Жерлестеріме риза болғаным, кешкі 20.00-ден бастап 4-5 сағат бойы бейбіт тұрды. Сөз сөйлеген ағалар барлық дүние бауырларымыздың мүлкі, бір әйнек шағылмасын деп тәртіпке шақырды. Ақсақалдар болды. Көпшілік бейбіт түрде тып-тыныш тұрды,  әкімге талабымызды айтамыз, жауабын берген соң тарқаймыз деген. Әкімнің орнына қарулы күштер мен әскерилер қаптай бастаған соң көпшілік әбден ызаланды. Әкімдіктен ешкім шықпады. Оған дейін бәрі әдемі болды, сөзге келмей, түп-түзу тұрды, бір жапырақ түскен жоқ. Шерудің бейбіт болғаны соншалық – жаңа жылдық декорациялардың бір шамы да бүлінбеді, – деген Құданбаев түн жарымына дейін бұзақылық болмағанын алға тартады.

Кеш қарая күн суып, қарны ашқан, алдына ешкім шықпаған жұрт қала басшылығынан өкіл келмегеніне ашынып үлкендері үйді-үйіне қайта бастаған. Куәгердің пікірінше, көптің шамына тигені – бейбіт диалог жүргізудің орнына алаңға темірдей құрсауланған ішкі әскердің әкелінуі.

Құданбаев топтың үлкендері қайтқан соң үйіне оралған. «Естуімше, 6 қаңтарға қараған түні 01.00-02.00 белгісіз  арандатушылар бүлік бастады. Сол түні 10-15 көлік өртенді. Келесі күні ұры-қарылар мен бүлікшілер көбейді. Бейсенбі Көрме орталығына от қойылды» дейді ол. Дәрігер қойған диагнозға қарағанда, басы шайқалып, миына зақым келген, амнезия туындап, ес-түсін жоғалтқан.

2019 жылы өзгерген көрнекі тақта. Фотоколлаж: Тwitter / @Pravdiva_pravda
Әкімдік маңындағы көрнекі тақтаның қаңтардың 5-6-сы күндері болған шеруден кейінгі көрінісі. Фото: Orda / Күлтегін Аспанұлы

«Арнайы техниканың терезесінен атты»

Бірнеше жерінен жараланған Арман Әділханов бейсенбіге ауған түннің куәсі болған. Ол ентігіп отырса да көргенін айтып беруге келісті.

– 5 қаңтар қайынағамның үйінде болғам. Подъездің алдында тұрдық. Жиналған адамдарды көріп, 22.00 кезінде сонда жақындадым. Түнгі 00.00-ден аса әскери арнайы техника жолдың үстіне келіп тоқтады. Кішкене терезеден оқ атты. Біреуі аяғыма тиді. Адамдар жан-жаққа қашып кетті. Сол жердегі жігіттер көмектесіп, ауруханаға әкелді, – деген Әділханов оқиға BI Group салып жатқан тұрғын үй кешені жанында болғанын нақтылады.

Жағдайды сырттай бақылап тұрған ол әскерилер құлақ тұндырып, көзді жасаурататын граната қолданғанын, оларға қарсы кейбір адамдардың тас атқанын көрген. «Жақындамай-ақ қояйын деп әдейі бергі шетте тұрғам. Аяғыма тиген соң құладым, бірден оң иығыма тиді» дейді.

«Негізі қақтығысты ОМОН-дар бастады» дейді. Десе де қала тұрғыны әлдебір адамдардың көлікке от қойып жатқанын да көрген. «Тоқтаңдар, тимеңдер, терезе шақпаңдар деп жатқандар көп болса да» оқ атылған Көрме орталығының тұрағында көліктер өртенген.

Талап көтеріп, шерулету ниетім болмады деген Әділханов қонаққа барған жерінен оқыс оққа ұшқан.

Тас боранға ұшырап, отқа оранған Көрме орталығы. Фото: Orda / Күлтегін Аспанұлы

Бүлік түні...

Травматалогия бөлімінде жатқан тағы бір науқас өзінің аты-жөнін атамауды сұрады. Ол арнайы митингке шығатын ойы болмағанын, алаңда кісі көп жиналған соң қызығып барғанын айтады. Оқ оң қолының білек тұсындағы сүйегін тесіп өткен.

– 5 қаңтар түнде қарындасымның үйіне бара жатқанмын. Алаңда адам топырлап жүр екен. Не болып жатыр деп түсіп көрдік. 10 мыңға тарта адам болды жобалап айтқанда. Әкімдіктің алдында қарумен атып салды. Мал ұқсатып атып жатты ғой. ОМОН-дардан басқа кім атады. Солдаттар атты, меніңше. 23.00 кезі болар... Әйтеуір, маған сол жақтан атылды. Сал қолыммен қаштым бет ауған жаққа, – деді ол.

Жарасына үңіле қарасақ, білек сүйегінің жоғарғы тұсын оқ тесіп өткен. Сөзге араласқан дәрігер хирургиялық өңдеп-тазаланғанын, сүйек жарығына темір тек 2-3 айдан кейін отамен қойылатынын жеткізді. Маманның сөзінше, қазір шокты басып, бұлшық етті қалпына келтіруі керек, асығыс ота жасаса, жара орны іріңдеп кетуі мүмкін. Мұны естіген науқас «2-3 ай дейсіз бе, әлі соншама ай керек пе» деп қайталай берді біраз абдырап.

Бүлінген бейнебақылау камераларының бірі. Фото: Orda / Күлтегін Аспанұлы

Сөзге қайта тартқанда ол «атпайды деп жүргем, Бауыржан Момышұлы сияқты кеудемді оққа тосатын көзсіз батыр емеспін ғой, әйтпесе» деп әскерилердің әрекетіне таңданысын бөлісті.

– Бізде ешқандай отверка, пышақ деген болған жоқ. Оқ тигеннен кейін көзіміз бақырайып, алақ-жалақ етіп қаштық. От қойғандар болған шығар, бірақ басқа-басқа атысқа қатысты арандатушы топ болған жоқ, онда жүрген жай адамдардың ешбірінен қару түгілі пышақтың жүзін көрмедім. Негізі істеп отырған өздері деп ойлаймын. Естуімше, бір күн бұрын атуға бұйрық берілген, кеше 13 адам өліпті деп естідім, – деп жеке пікірін айтты.

Оның сөзінше, арнайы жасақ ОМОН-ның артында тұрып атқан. «Жап-жас сарбаздарды  жиналғандарды қууға жібереді. Олар жеткенде арнайы жасақ атады. Алаңның жарығын жартылай өшіріп тастаған» деп баяндады.

Әкімдік маңайын арнайы жасақ қарауылдап тұр. Әскерилер тіпті рұқсаты бар түсірілім тобын да жуытпайды. Шеруден бөлек бейбіт күнде қала басшылығының ғимаратына жақындау, әкімдік өкілімен тілдесу мүмкін болмады. Фото: Orda / Күлтегін Аспанұлы

Мертіккен полицей

Ауруханада жатқан екі әскеридің бірі хирургия бөліміндегі Ақжан Алтынбекпен тілдесудің реті түсті. 23 жастағы патрульдік полкте полиция инспекторы Алтынбек жұмысқа жуырда орналасқан.

– Төртінші ротада полиция полк қызметкерімін. Жұмысқа жаңадан кірген едім. 5 қаңтар күні әкімдіктің алдына командир бұйрығымен шықтық. Сол жерде тұрған кезде адамдардың арасына түсіп қалдым. Түнгі 00.00-01.00 шамасында топтан шығып келе жатқан кезімде аяғымнан және белімнен кәдімгі ұрысқа қолданатын оқ тиді. Қазір жағдайым жақсарды, – дейді.

Жараланған жас тәртіп сақшысын әріптестері полицейлер алып кеткен. «Кім атқанын байқамадым да, көрмедім» деген оның есебінше, алаңда екі мыңдай адамды көрген. «Жиналғандардың арасында тас-кірпіш атқандары да болды».

Наразыларға қарсы оқ атуға бұйрық болған-болмағаны жайлы сауалға қысқа ғана «жоқ» деп жауап берді.

«СОБР атты, жазықсыз мүгедек болдым»

Травматалогия бөлімінде жатқан тағы бір науқас тілдесуге көнгенімен, аты-жөнін атамады. Аяқ-қолына ұрыс оғы тиген. Ол да «Ұлан сарбаздары дубинкамен жүрді, олардың артынан СОБР атты» дейді.

Жолшылай көпшілікке көзі түсіп, жағдайды көргісі кеп келген ол түн қоюланғанда әскерилер мен жиналғандардың арасында қақтығыс болғанын айтады. «Адамдардың қолында тастан басқа ештеңе болмады». «Бейбіт митинг өткізейік дегенбіз. Біреулер бір полицейді ұрып тастаған екен. Ұрмаңдар деп, араша болып әскерге алып барғанымызда атып ұшырды. Олай етерін білгенде өйтіп көмектеспеуші едік» деп қапалы.

Пациент әкімдіктің оң қапталында, Нұрсат ықшам ауданы жақта қаңылтырдан тұрғызылған қоршауда оқтың іздері барын айтты. «Сып-сып етіп тиіп жатты» деген оқиға орнына барып көрдік.

Жараланғандар оқ атылды деген әкімдіктің оң қаптал жағындағы (жаңа Орталық мешіт ғимараты салынып жатқан беті) темір қоршаудағы жарықшақтар. Фото: Orda / Күлтегін Аспанұлы

Нақақ оққа ұшқан Әділбек Естияр (кейіпкердің сұрауымен есімі өзгертілді – ред.) мектеп жасындағы інісін іздеп шыққанын айтады.

– Кіші бауырым 9-сыныпта оқиды, кешігіп кетті. Телефонын көтермейді. Ағам ауырып үйде жатқан, көріп қайтшы деген соң алаңдап көшеге іздеп шықтым. Ғани Иляев пен Ахмет Байтұрсыновтың қиылысы. Қалың топ Байтұрсыновтың бойымен келе жатты. Мың адам бар шығар. Жолындағысын қиратып, бағдаршамды шағып... Әскерилер де болды. Бір уақытта қайдан екенін білмеймін қаңғыған оқ сол көзіме келіп тиді, – дейді ашуға булынып.

Емдеуші дәрігері жанар ұяшығына кірген оқ әлі алынбағанын айтып қалды. Естияр отаға дайындық үстінде. «Материалдық көмек беріле ме енді..? Бір тиын жоқ. Көзіміз жоқ. Мүгедек болдық. Мұрныма тағы ота жасаймыз дейді. Өтіп бара жатқан адаммын, мысалы» деп күйінді.

Жаралылардың жартысынан көбі – бейбіт тұрғындар

Жаралылардың түгел дерлігі жеткізілген қалалық №1 аурухана басшысының бірінші орынбасары Мұхан Шыңғысханұлы:

«26 науқас жатыр, оның екеуі әскери қызметші (біреуі келісімшарт негізінде жұмыс істейтін солдат, біреуі тәртіп сақшысы), қалғаны бейбіт тұрғын. Бәріне оқ тиген. Хәлі ауыр бір науқас реанимацияда. Дүйсенбі 3 адам палатаға ауыстырылды. Әртүрлі оқтан жараланған, бейбіт тұрғындардың басым бөлігі жас балалар, ең үлкені 34 жаста. Сөздеріне қарағанда, алаңға жағдайды көруге барған» деді тілшіге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, «травматология бөлімінде – 13, хирургияда – 9, нейрохирургияда – 3 адам және бет-жақ хирургиясы бөлімінде біреуі емделіп жатыр. Ота жасалатындар бар. 10 қаңтар ауруханадан 4 науқас шығарылды».

Сонымен қатар, қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Нахыпқызы қазір ауруханада құқық қорғау органының 2 қызметкері жатқанын растады. Оның бірі жауынгер, екіншісі полицей. «Тәртіпсіздік кезінде алаңда зардап шегіп қайтыс болғандар жоқ, екі күнгі оқиғаның салдарынан ауруханаға келіп көз жұмғандар болмады» деп айтты басқарма өкілі.

Басқарма ұсынған мәлімет бойынша, наразылық кезінде жалпы 120 адам медициналық көмекке жүгінген болса, оның 48-і қарулы күштер мен құқық қорғау органы өкілдері. Бүгін қалада 48 адам ауруханада жатыр, 5-і жан сақтау бөлімінде.

https://www.youtube.com/watch?v=OoDe8JxrvyQ

Басқарма басшысы Бақытжан Позилов тілшіге берген жауабында«барлық келушілерге алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Бұлғақ күндері жедел жәрдем қызметінің 100 бригадасы, емханалар мен ауруханалар штаттық режимде жұмыс істеді» деді. Оның сөзінше, сырқаттардың көбі ұрып-соғу, оқтан, пышақтан жараланған, тас тиген немесе сырылған... әртүрлі.  Жоғарыда аталған аурухананың травматология бөлімі меңгерушісі науқастардың көбіне ұрыс оғы тигенін, сүйектен және бұлшық ет ішінен оқтар алынғанын айтқан.

Ресми ақпарат бойынша, ауруханаларға жүгінген 120 адамның үштен бірі әскери адамдар. Ірі медициналық орталық дәрігерінің айтуынша, құқық қорғау органдарының араласуы мен істі болудан қорқып, жеке клиникаларға жүгінгендер көп.

Әкімдіктің баспасөз хатшысы сұхбат алуға барған тілшіге уағдаласқан уақытта шықпады. Фото: Orda / Күлтегін Аспанұлы

Басты уәж – аражік ажыратылса!

Сөзге тартқан бірнеше науқас ашылып сөйлеуден тартынды. Дәрігер алаңнан жеткізілді дегеннің өзінде басқа жерде мүлде өзге себептен жарақат алғанын айтып терістеуге тырысты. Қалауына қарай қинағамыз жоқ. Жастар көп, ең ересегі 34 жаста.

Осы сейсенбідегі Тоқаевтың мәлімдемесін толығымен қарап шыққан Ерхан Құданбаев президент бастамаларына қанағаттанғанын айтады. «Басында айтқаны бар ғой. Бейбіт наразылыққа шыққандар жауапқа тартылмасын, ал басқа мақсатпен шыққан морадер-бүлікші, арандатушыларды аямаңдар деді». Жараланғандардың жанарынан Тоқаевтың осы уәдесі орындалып, бейбіт және жазықсыз адамдар қудаланбаса екен деген уәж байқалды.

Сарапшылардың пікірінше, «Естуші мемлекет» концепциясы арқылы «Жаңа Қазақстан» құруға талпынатын билік азаматтық қоғамның тынысын ашуы тиіс.

Сонымен қатар, оқиғаның бас-аяғына куә болған Азаттық радиосындағы әріптесіміз Дилара Исаның материалын қосымша ұсынамыз (осы сөйлеммен ақпарат толықтырылды ред.).

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар