Шошқа фермасының жұмысшылары басшысына талап қойды

cover

Ақтөбеде шошқа фермасындағы жұмысшылардың пікірі екіге бөлінді. Үйқамақта отырған Гайк Тертерянның да жағдайы мәз емес.

Ақтөбе облысы Алға ауданы Бестамақ ауылында орналасқан шошқа
фермасының жайымен Orda.kz арнайы танысты.

«Парижская коммуна ХХІ» ЖШС директорының орынбасары Әдеш
Төрежановтың айтуынша, бүгінде ферма қожайынының жағдайы
нашар.

— Ферма қожайыны Гайк Тертерян көптен бері үйқамақта отыр. Ешқайда шыға алмайды. Оның жасы 71-ден асты. Үлкен адам. Ақтөбенің беделді азаматы. Өткен жылдың күзінен бері жағдайы нашар. Ол көпті көрген ұстамды адам. Оған жұбайы мықты қолдау беріп отыр. Отбасы қиын жағдайды бастан кешуде. Ол кісі халықпен жақсы жұмыс істеді. Бір баласы шетелде, екінші баласы елде жұмыс істеп жүр, - дейді Әдеш Төрежанов.

68 жастағы зейнеткер жаңа жылдан кейін ферма басшысының орынбасары болып тағайындалған.

Қазір фермадағы осыған дейін алты күн қатарынан аштық жариялаған жұмысшылар акциясы тоқтады. Дегенмен кейбір қызметкерлер мекеме басшылығының уәдесіне сенбей отыр.

— Мен 1994 жылдан бері осы жерде тұрамын. Ата-анам, бала-шағам осында. Мен өзім осы шошқа фермасында жұмыс істедім. Ферманың іші таза, бірақ сырты лас. Аштық жариялаған адамдарға қарап жүрегім ауырды. Әріптестерім адасты. Алдымен олар жалақыны талап етті. Ал қазір «жабылмасын» деп отыр. Ең алғаш рет 2014 жылы экологияға зиян тигізгені, балық қырылғаны үшін айыппұл салынды. Бәрін қалпына келтіруге уақыт берді. Ферма басшысы Гайк Тертерян халық алдына келіп, «бәрін қалпына келтіремін» деп уәде етті.

Бірақ ештеңе өзгермеді. Ластағанның үстіне ластай берді. Өзім сою пунктінде жұмыс істедім. Күніне 300 бас сойылды. Қалдығы кейде өңделіп үлгермей, далаға тасталды. Өткен жылы қараша айында бәрі анықталып, жоюды тапсырды. Содан бері біраз уақыт өтті. Барлығы 400 адамның 150-ден астамы ғана келісімшартпен жұмыс істеген.

Осы жерде тұратын адамдарды, халықты ойласа осының бәрін қалпына келтіретін уақыты болды. Адамдар аштық жариялады. Ол «аштық жариялаудың қажеті жоқ, мен өз ісіме өзім жауап беремін» деп айтпады. Адам қолымен істегенді мойнымен көтеруі тиіс, - дейді Салтанат Нұрғалиева.

Ал ферманың жабылуына қарсы болып, аштық акциясына қатысқандар облыс әкіміне екінші қайтара хат жазып жатыр.

— Алты күн бойы 40-50-ге жуық адам тамақ, судан бас тартып, аштық жарияладық. Денсаулығымызға байланысты тоқтатуға тура келді. Біз әкіммен кездесе алған жоқпыз. Бірақ талабымызды тоқтатпаймыз. Облыс әкіміне екінші қайтара хат жазуға шешім қабылдадық, - дейді ферма жұмысшысы Петр Мурашкевич.

Аудандық әкімдік өкілдері аштық жариялау акциясы кезінде екі сағат сайын жұмысшылардың денсаулығы тексеріліп тұрғанын жеткізді. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, шошқа фермасының жұмыссыз қалғандары басқа жұмысқа орналаса бастады.

— Түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Облыстық әкімдік тарапынан әрбір қызметкердің мәселесін жеке қарау тапсырылды. Біз оларға жаңа жұмыс ұсынып жатырмыз. Қазіргі күні 5-6 адам жаңа жұмысқа кірді, - дейді Алға ауданы әкімінің орынбасары Мирхан Ермағамбетов.

Шаруашылықта Бестамақ ауылының өзінен 60-қа жуық адам жұмыс істейді. Мекеме өкілдері жұмысшылардың жуыну, киім алмастыру, тамақтану орнын көрсетті. Мұндағылар «ферма жұмысын тоқтатады немесе бағытын өзгертуі тиіс» деген облыс әкімінің сөзіне түбегейлі қарсы.

— Жабу немесе бағытын өзгерту деген мәселе бір күнде жасалатын жұмыс емес. Уақыт керек. Басқа мал өсіру үшін ферма толық дайындалады. Ол бір аптада немесе бір айда жасалмайды. Кәсіпке зиян тигізбеу үшін оған кем дегенде 2-3 жыл керек. Ферма басында ет өндіру орны болып ашылды. «КазАгроФинанс» АҚ-нан оған ақша бөлінді. Тертерян мұны өз ақшасына емес, үкіметтің ақшасына салды. Оның несиесі әлі толық өтелген жоқ. Оған екі жыл керек. Сондықтан бірден жауып тастау экономикаға шығын келтіреді, - дейді Әдеш Төрежанов.

Шошқа фермасының жабылуына қатысты мәселені жылдап көтеріп, өкілетті органдардың араласуына қол жеткізген ауыл тұрғындары да өз пікірінде. Олар ауыл маңын айнала тезекке толтырып, жағымсыз иіспен тұншықтырған шошқа фермасының жабылуын қолдайды. Қолқаны қапқан иістен денсаулықтары нашарлағанын айтқан тұрғындар экология мәселесі басты орында болуы тиіс деп отыр.

— 1978 жылы осында ата-анам көшіп келген. Сол кезден осы жақта тұрамыз. Бала-шағамызды өсіріп отырмыз. Өлексемен толтырған жерімізді көргенде жаным ашиды. Жаз шықса, адам төзгісіз иістен ауырамыз. Ауыл сасып тұр. Біз қашанға дейін отыра беруіміз керек?! Ферманың күні бүгінге дейін жабылмауы ашу-ызаны келтіреді. Ата-бабамыздан қалған жерді бүлдірмеуіміз керек. Найзаның ұшы, білектің күшімен қорғаған жерді ұрпағымызға аман сақтауға тиіспіз. Тертерян өзі жоқтан бар жасайтын шаруаның адамы. Оның жеке басына айтар кінәм жоқ. Тек шаруашылығының бағытын өзгертуін талап етемін, шошқаға қарсымыз, - дейді жергілікті тұрғын Гүлнәр Айтжанова.

Естеріңізге салсақ, экологтар шошқа фермасының жұмысынан бірнеше заң бұзышылық анықтады. Малдың ішек-қарны мен өлексесін ауыл маңына төгіп келгені үшін бүлінген жер көлеміне орай 14,2 млн теңге айыппұл салынып, өндірілді. Мал басының санын негізсіз өсіріп, Экологиялық кодексті сақтамағаны үшін 7 млрд теңге шығын келтіргені белгілі болды.

Кәсіпкер бүгінгі күнге дейін осы айыппұлмен келіспей, сотқа қарсы арыз берді. Бүгінде мекеме келтірген залалды сотпен мәжбүрлеп өндіру тәртібі қаралды. Шаруашылықтың көң және нәжіс шығару жүйелерін уақытша бітеп тастады. Бұл жұмыстар заңсыздықтар қалпына келтірілгенше жалғасады.

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар