Сайлау өткізуге нақты себеп жоқ, бұл – биліктің қорқынышы – Дос Көшім

cover

1 қыркүйек күні Қасым-Жомарт Тоқаев биыл күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынып, саяси додада бақ сынауға дайын екенін мәлімдеді.

Президент мандаты 7 жылдық бір мерзіммен шектелді және қайта сайлануға тыйым салынады.

– Мен биылғы күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс президент сайлауына баруға дайынмын, – деді Тоқаев.

1991 жылдан бері Қазақстанда президент сайлауы (1991, 1999, 2005, 2011, 2015, 2019) алты рет өтті.

Қазіргі ақпарат бойынша, Орталық сайлау комиссиясы президенттікке үш кандидатты ресми түрде тіркеді: Жигули Дайрабаев, Қасым-Жомарт Тоқаев, Мейрам Қажыкен.

Сайлау науқанының бірінші кезеңінде барлығы 12 адам өз кандидатурасын ұсынды. 3 үміткер талаптарға сәйкес емес деп танылды: Талғат Ерғалиев, Фатима Бизақова және Хайрулла Ғабжәлілов. Кезектен тыс президент сайлауы 20 қараша күні өтеді.

Кезектен тыс президент сайлауы, саяси науқан, Тоқаевтың орыс тілін дамыту ұсынысы туралы белгілі саясаткер, қоғам қайраткері Дос Көшімнің пікірін білген едік.

Дос Көшім. Сурет: ашық дереккөзден

2019 жылы өткен кезектен тыс президент сайлауы өтті. Биыл өтетін сайлауда Тоқаевқа бәсекелес болар үміткер деп кімді атайсыз?

– Ешкімді де атап өтпеймін. Бұл кандидаттардың көпшілігі сайлауға президент болу үшін түсіп отырған жоқ. Президентке бәсекелестіктің бар екенін көрсету үшін сайлауға түсіп отырған адамдар сияқты. Олай дейтінім, бұлар «билікті өзгертеміз, саяси жүйеге өз көзқарасым бар, өз позициям бар» деп шыққан адамдар емес. Кейбіреуінің «президент болу басты мақсатым емес, мені ұсынады деп ойламап едім» деген сөздерін көріп таңғалып отырмын. Олар ренжімесін, бұл классикалық түрдегі бәсекелес болар адамның сөздері емес. Ашығын айтайық, мен оларды үміткер деп те айтқым келмейді. Олар өздері де ойламайтын шығар, – деді Дос Көшім.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында оппозиция күштерінің бір-бірімен келіспей, бастаған істері аяқсыз қалғанын айтты. Оппозиция өкілдерінің бірікпеуіне нақты не себеп?

– Ерлан Қариннің ол пікірін қолдаймын. Бұл туралы өзім де айтып, жазып жүрмін. Оппозицияның белгілі бір кемшіліктері, қателіктері бар. Біз оны мойындауымыз керек. Бұл оппозицияға қарсы шығу емес, оппозицияны халыққа түсіндірудің бір жолы. 2019 жылдан кейін республикалық жаңа құрылым құрған жоқ. Себебі, сайлау басталар тұста көпшілігінде бізді кімдер ұсынады деген мәселе бірінші орынға шықты. Кейбіреуі «Ұлт тағдырынан» ұсыныс жасауға бола ма? деп маған да шықты. Бұл өте ыңғайсыз жағдай. Оппозициямыз деген күштердің болашақты ойламауы, саяси күреске дайындалмауы – үлкен кемшілік. Оппозиция күштерінің бірін-бірі аяқтан шалатынын 2019 жылы көрдік. Оппозицияны ДВК-дан бұрын бастаған адамдардың бірі – Әміржан Қосанов. Сол уақыттардағы барлық оппозиция серкелерінің ішіндегі алғашқы бестікке кіретін адам. Қосанов сайлауға түскен уақытта оны жерден алып жерге салып, жамандау науқаны басталды.

Менің ойымша, өз араларында қарапайым пендешілік, қызғаныш бар сияқты. Саяси-қоғамдық жұмысқа шыққан адамда «кім істесе де менің саяси мақсатым жүзеге ассын» деген ұстаным болу керек. Өзінің президент болуы, партиясының бірінші орын алуы бірінші кезекте тұрмауы тиіс. Сол уақыттарда өзіміз таңғалдық. Қазақты осы сайлауға алып келеміз, бізді қолдайтын күш бар деп ойладық. Ең қызығы, Әміржан Қосановты жамандау науқаны оның сайлаудан жеңілгенін мойындағанға дейін басталды. Бір ай сайлаудың ішінде оппозицияның басшысымыз дегендер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын сынаған жоқ. Оның кемшілігін көрсеткен жоқ. Былайша айтқанда, қарсыластарын дос көрді де, бірге жүрген достарын жау санады. Бұл қызғаныштың нәтижесі сияқты көрінеді, – деді саясаткер.

Ақорда президент сайлауын өткізуге неге асықты?

– Дәл осы сұрақты өзіме қойдым. Кезектен тыс сайлау жариялар алдында себеп айтылуы керек. Реформаларды жетілдіру үшін деген таптаурын болған себептер айтылды. Келесі келетін президент ол реформаны жетілдірмейді дей ме?! Президент сайлауын кезектен тыс өткізуге нақты себеп жоқ. Нақты саяси жағдай қалыптасқан жоқ. Менің ойымша, бұл биліктің қорқынышы. Себебі, екі жылдан кейін жағдай қалай болады? Қазір қордағы ақшаны балаларға бөліп беру, т.б уәделер беріліп жатыр. Осыны пайдаланып жеті жылға өтіп алайық деген қорқынышы бар. Бұл – биліктің өзін-өзі сақтау реакциясы. Тоқаевтан бұндай әрекет күтпедім, оның әлі екі жыл уақыты бар. Конституциядағы заң бойынша өз уақтында сайлауға түссе, ештеңе өзгеріп кетпейді. Мысалы, Америкада 1928-1932 жылдар аралығында экономикалық депрессия болды. 1945 жылы соғыс уақытында сайлау жасады. Оларда сайлау уақытылы жүреді. Себебі, сайлауға түсетін партиялар дайындала бастайды. Кезектен тыс сайлау кезексіз кіріп кеткен адам сияқты. Кезек – әділ сайлаудың бір принципі. Қазақстанда осы уақытқа дейін бір-ақ рет уақытылы сайлау болды. Сондықтан, мен мұны кезектен тыс кезекті сайлау деп атаймын. Әділ сайлаудың тағы бір негізі – сайлауға берілетін уақыт. Кандидаттар сол мемлекетті аралап, барлық электоратпен кездесуге мүмкіндігі болуы керек. Ол уақыт инфраструктураға байланысты беріледі. Біз үшін бір ай – мүлде аз. Қазақстан үшін сайлауға берілетін уақыт кем дегенде екі ай болуы керек. Елдің аумағы үлкен, қатынау мәселесі мен облыстарды аралау мәселесі қиындау. Демек, әділ сайлаудың бір принципі 30 жыл бойы бұзылып келе жатыр, – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың орыс тілін дамыту үшін халықаралық ұйым құру туралы ұсынысында қандай саяси астар бар?

Коллаж: Orda.kz

– Олар сайлауға кері әсері тиеді, сол арқылы халықтың қолдауынан айырылып қаламын ба деп ойламайды. Сайлауды жүргізетін, дауыстарды санайтын – өздері. Тоқаевтың орыс тілі туралы бастама көтергеніне таңғалмаймын. Шындығында, Тоқаев билікке келгелі орыс тілінің мәртебесін көтеру мәселесі айтылды. Қазақ тілінің жағдайы туралы жаңа бастама көтергенін естіген жоқпын. Президенттің мемлекеттік тілге деген көзқарасы өте төмен. Бұл – өте өкінішті. Сол пікірді айтқанда мен жағамды ұстаған жоқпын. Өйткені, оның көзқарасы үш жылдың ішінде көрінді. Соңғы екі-үш жыл ішінде қазақ тілінің деңгейі төмендей бастады. Бір ғана мысал, осы уақытқа дейін қазақ мектептеріне баратын балалардың саны 65 пайызды құрайтын. Соңғы екі жыл ішінде 63,5 пайызға түсті. Менің ойымша, биыл бұл көрсеткіштен де түсуіміз мүмкін. Бұл өте қауіпті, дабыл қағатын мәселе. Қазақ тіліне деген көзқарас күрт төмендеді. Өйткені, Тоқаевтың көзқарасы баршаға мәлім. Ал орыс тілін дамыту бойынша халықаралық ұйым құрайық дегені Путинге жағымпаздану шығар, – деді Дос Көшім.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар