Сағынтаев Қытайдағы қандастар мен консулдық алдындағы наразылық туралы пікір білдірді

cover Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев 300 күннен асқан наразылықты "қоғамдық тәртіпсіздікке" балады. Фотоколлаж: Orda

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Қытай «қылмыскер» деп есептейтін қандастар мен он айдан бері консулдық алдында Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап етіп жүрген азаматтардың наразылығы жөнінде пікір білдірді.

Сәрсенбі күні Бақытжан Сағынтаев Орталық Коммуникациялар алаңында жылды қорытындылауға арналған брифингте сұрақ қоюға тізімделген журналистердің үштен біріне жауап берді. Жақындарына араша сұрап, Қытай консулдығына 300 күннен аса уақыт наразылыққа шығып жүрген белсенділердің талабына қатысты Сағынтаев заңға сілтеді.

«Олардың талабынан хабардармын, ақпан айынан бері наразылыққа шығып келеді. Бірақ олардың талап етіп жүргені Қытай Халық Республикасының ішкі ісі. Менің білуімше, олар, біздің азаматтарымыз СІМ-не жүгінген. Сонымен қоса, күнделікті наразылық акциясына шығып, қоғамдық тәртіпті бұзып жүр. Егер заң бұзылса, оған жауап беруі керек» деді әкім.

Сағынтаевтың сөзіне ұқсас уәжді бұған дейін Сыртқы істер министрлігі де келтірген. Ведомствоның ұстанымы –  «Қазақстан басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласпайды және олардың егемендігі мен аумақтық біртұтастығын құрметтейді».

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев. Фото: ҚР ОКҚ

Алматы әкімі «саяси қызметкер әрі әкім ретінде туыстарымен қауышуды қалайтын азаматтардың талабымен келісер я келіспесін, туысы Шыңжаңда болса, қалай әрекет ететіні» жөніндегі сұраққа да қысқа қайырды. «Көршінің көңіліне қарайлай» берген әкім жауабын белсенділер «Қазақстан билігінің  кіріптарлығына» айғақ дейді.

– Әлбетте, кім қайда болғанына қарамастан, әрқандай адам туыстарымен байланыста болуға құқылы. Егер бөтен елдің заңын бұзып, жауапкершілікке тартылған болса, онда мен не айта аламын. (Мұндай жағдайда) Қайткенде де, қайда болса да әрекеті үшін заң алдында жауап беруге тиіс, – деді Сағынтаев.  

Шыңжаңдағы туысынан байланыссыз қалған қазақстандықтар кейінгі бірер жылда биліктің Нұр Отан партиясынан бастап Ақорда-Елбасы кеңсесіне дейінгі барлық ұйым-мекемелерге хат жазып, Сыртқы істер министрлігінен көмек сұраған. Оның ешбірінен нәтиже болмаған соң, он айдан бері Алматы қаласындағы Қытай консулдығы алдында наразылық акциясын өткізіп келеді. Ата-анасы, бауыр-жолдасынан тірідей айырылдық деген олар әкімнің бұл пікірімен келіспейді.

– Жаны ашыса, біз бұлай он ай жүрмес едік. Әкімнің айтқаны дұрыс емес, келіспейміз. Қытайдағы туыстарымыз қазақ болғаны үшін нақақ түрмеге кесілді. Геноцид болып жатыр. Егер анық қылмысты болса, онда біз де өз обалы өзіне дер едік. Жазықсыз жатқаны үшін шырылдап жүрміз. Әкім геноцид екенін мойындамай тұр. Мұны мойындамай тұрған Қазақстан ғана, – дейді бауырын іздеген Нұрзат Ермекбай.

Олар Қазақстан билігінен конституциялық құқығын пайдалана отырып азаматтық пікірін еркін білдіруге кедергі келтірмеуді сұрайды.

 – Шыңжаңдағы милиондаған бейкүнә жандар жазықсыз жәбірленуде,  қалаған уақытында кез келген жаламен кез келгенін лезде соттай береді. Ол жерде құқықтық жүйе құрдымға кеткен. Біз жазықсыз сотталып, жоғалған отбасымызды, күнделікті іздеп тұрмасақ олардың өмірін қиюы мүмкін. Халықаралық заңдарды басшылыққа ала отырып, дәл қазір Қытайдың бақылаусыз  кеткен геноцидінен жақындарымызды аман алып қалу үшін, бізге күн сайын Қытай консулдығы алдына барып, сұрау салуға мүмкіндік беруін және отбасымызды Қазақстанға шұғыл түрде жіберуін сұраймыз, – дейді Күнболат Байболат.

Сағынтаев брифинг өткізген сәрсенбіде, наразылықтың 305-ші күні сағат 11.30 шамасында консулдық алдына барған екі белсенді Қалида Ақытхан мен Нұрзат Ермекбайды полиция ұстап әкетті. Медеу аудандық полиция бөлімінде үш сағаттан аса ұстап, кейін босатқан.

Туыстарына араша сұрап наразылыққа шыққаны үшін ең көп ұсталған Қалида Ақытхан мен Нұрзат Ермекбай акцияның 200-221 күндері консулдық орналасқан көшеде түнеуге тура келді. Фото: Күлтегін Аспанұлы

Он ай шалғайдан қатынап, туысын жоқтап жүргендер кімдер?

Жақындарымен табысуға мұрсат сұраған наразылар Алматы қаласы мен облысында тұрады. Күнделікті аз табысының бір бөлігін жол-пұлға жұмсап, он айдан бері Қытай консулдығының алдында азаматтық талабын айтып келеді. Кім кімді іздеп жүр:

67 жастағы Қалида Ақытхан әжейдің «намазға жығылды» деп нақақ қамалған үш ұлын босатып, келіндері мен 14 немересін Қазақстанға жіберуді сұрап жүргеніне бірнеше жыл болды. Олар:

  • Сатыбалды Рахымберген (1979 ж.т.)  22 жыл;
  • Оразжан Рахымберген (1981 ж.т.) 10 жыл;
  • Ахметжан Рахымберген (1984 ж.т.) 22 жылға сотталған.

58 жастағы Гүлбаран Өмірәлі інісінің ұлы Айболат Азамат 23 жасында «екі ай намаз үйренгені үшін» 15 жылға сотталды дейді.

Гаухар Құрманалиева бауыры, ҚР азаматы Асқар Азатбекті Қытай билігі «Қазақстан тыңшысы» деген айыппен 2017 жылы Қорғастан ұстап әкетіп, 15 жылға соттағанын жала деп есептейді.

Гүлнұр Қосдәулет жолдасы Әкпар Сәрсенбектің екі жыл лагерьге қамалғанын айтады. Кейінгі екі жылда төлқұжатын тартып алып, Қазақстанға жібермей отыр деседі.

Нұрзат Ермекбай туған бауыры 50 жастағы Бірлесбек Ермекбайұлының имам болғаны үшін 2018 жылы 13 жылға сотталғанына наразы. Алмахан Мырзан да имамдық еткен туған ағасы Бақытқан Мырзанның 2019 жылы 14 жылға жазаланғанын мәлімдеді.

Жәмила Мәкен күйеуі Тоқтар Оспанғалиұлының 2017-2020 жылдары жазықсыз лагерьге айдалғанын және туған інісі Нұрлан Мәкеннің де қайта үйрету орталығына қамалғанын, қазір екеуінің де құжатын тартып алып, Қазақстанға жібермей отырғанын айтады.

Наразының бірі Гүлпиям Қазыбек 65 жастағы анасы Анархан Қанатбекті «намазға жығылды» деген айыппен 10 жылға жазықсыз сотталды деп араша сұрап жүр.

Ақиқат Қалиолла әкесі Тұрсын Қалиолла қытай түрмесінде өлтірілгенін және екі бауыры мен анасынан хабар-ошарсыз қалғанын айтып, қайта табысуына мүмкіндік беруді талап етіп келеді.

Күнболат Байболаттың айтуынша, «полицей көмекшісі болып жүрген» бауыры Наурызбек Баймұрат алғашында 1,5 жылға лагерьге қамалып, артынан 10 жылға сотталған.

Алматы қаласындағы Қытай (ҚХР) консулдығы. Фото: Күлтегін Аспанұлы

«Мамырдағы келісім жылымықтан алыстатты»

Жақынына іздеу салғандар әкімдікке ай сайын бейбіт жиын өткізуге рұқсат беру жөнінде өтініш тапсырады. Алайда Алматы әкімдігі ешбірін қанағаттандырмаған. Белсенділер елшілік маңына  жеткен бойда әкімдік өкілі, көбіне Ербол Айымбетов ескерту жасап, артынан Медеу аудандық полиция бөлімі күштеп ұстайды. Астанаға да барды. 23 қыркүйекте елордадағы консулдық қақпасына барған кезде де полиция қамауға алған. Бірер айдан бері белсенділерді ұстау жиіледі. Осы уақыт аралығында Қазақстан соты Қытай билігіне талап қойып, Үкіметтен көмек сұрап жүрген оларға 4 млн теңгеге жуық көлемде айыппұл салып, әкімшілік жазаға кескен.

Белсенділер былтыр күзде екі ел сыртқы істер министрлерінің кездесуінде Қытайдағы этникалық қазақтардың тағдыры талқыланып, биыл тараптар төрт рет жиын өткізгенімен жағдайдың өзгере қоймағанын айтады. Соңғы мәрте, биыл 12 мамырда Сиань қаласында ҚР мен ҚХР министрлері шет мемлекеттің ішкі істеріне араласпау туралы халықаралық келісімге сәйкес консулдық қызметтер желісінің жұмысын жалғастыруға келіскен.

Полиция жақындарына араша сұраған белсенділердің бір тобы наразылықтың 300-күні де ұстады. Фото: Күлтегін Аспанұлы

Әлем мен Қытай

2017 жылы Қытай Шыңжаңда түркітілдес мұсылман этностарға арналған түзету лагерлерін ашқаны туралы ақпарат тарай бастады. Бейжің алғашында мұны жоққа шығарғанымен, кейін «діни адасушылықпен күресетін және кәсіпке баулитын орталық» ретінде мойындауға тура келген. БҰҰ бұл жерлерде «миллионға тарта ұйғыр, қазақ тәрізді азшылық ұлттардың өкілдері» отырғанын айтып, дабыл қаққан. Қытайда негізсіз сотталғандар мен тұтқында болғандар жайлы түрлі дәйекті зерттеулер жарияланып тұрады. Халықаралық қауымдастықтың басым бөлігі Бейжіңнің бұл саясатын «геноцид» деп сынап, арнаулы санкциялар салады. Ресми Бейжің мұны жоққа шығарып, «ішкі ісіне араласу» деп айыптайды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар