Құрғақшылықтан тасаттық беріп құтыла аламыз ба?

cover

Биыл еліміз елу жыл көрмеген қуаңшылыққа куә болды. Жем-шөп тапшылығы туындап, мал арам қырылды. Су ресурстары жетпеді. Өткен ғасыр адамдары осындай жағдайдан шығуға қалай тырысқан? Қуаңшылық кезінде адам табиғатты өз бақылауында ұстай ала ма? Ол қай кезден бастау алды?

Осы және өзге де сұрақтарға Orda.kz редакциясы жауап іздеді.

Ертеден адам табиғат құбылыстарын бақылауда ұстауға тырысқан

Адамдар тек ХХІ ғасырда ғана емес, одан да ерте кезден табиғи құбылыстарды басқаруға тырысқан. Бірақ ол тек сенім тұрғысынан болатын.

Түрлі ұлт өкілдері Көкке, Пұтқа, Жаратушыға табыну арқылы рәсімдер өткізіп, жаңбыр шақырып, оның куәгері болған.

  1. Адамдардың бұрындары шамандықпен айналысқаны белгілі. Олар әртүрлі рәсімдер өткізіп, жаңбыр шақырған.
  2. Әр ұлттың сөзі мен табынушысы басқа демесе, барлығы дерлік ән айтқан.
  3. Тіпті, Дағыстанның Кани ауылында ежелгі заманнан қасиетті тастар суарылады, олар «идовсил кестесі» деп аталады.
  4. Барлық дерлік ұлтқа құрбандық шалу тән. Бірі қарғаны, бірі жыланды құрбандыққа шалса, қазақтар малды құрбандыққа шалған.
  5. Тырнаға, бақаға киім кигізіп, табынып, рәсім өткізушілер де бар. Пұтқа табыну арқылы көбіне адамдар күнәлары үшін кешірім сұрап, орнына су сұраған.

Этнографтардың айтуынша, Исламда жаңбыр шақыру рәсіміне тыйым салынған. Себебі, онда шамандықтың белгісі бар, Құдайға серік қосу ұғымдары кездеседі.

Тасаттық беру қазаққа тән бе?

Дінтанушы Біржан Жадриннің айтуынша, қазаққа тасаттық беру жат емес.

– Жалпы айтқанда бірінші Тасаттық сөзінің мән-мағынасын түсіндіріп өтейін. Тасаттық сөзі қазақ тіліне араб тілінен енген сөз. Түп мағынасы «تَصَدُّق», «тасаддуқ»  сөзі – Алла разылығы үшін садақа беру мағынасында қолданылады. Яғни, тасаттық беру дәстүрі жерге жаңбыр жаумай қуаңшылық болған кезде Алла Тағаладан жаңбыр тілегенде жасалатын діни рәсім.

Қазақ халқында Тасаттық дәстүрі тәңірге бағыну кезеңінде пайда болған. Ал тасаттық өткізу барысында құрбандық шалу біздің дәстүрге Ислам дінімен бірге енді. Ислам діні елімізге келмей тұрып, тасаттық өткізу барысында халқымыз жерге қан емес, қанның орнына ақ төккен. Халқымыз бұл дәстүрді өте дұрыс деп есептеген. Қазіргі уақытта ақ төгу дәстүрі тек Моңғол халқында сақталып қалды. Тасаттық өткізу дәстүрі көбінесе орталық Азия аумағында кеңінен таралған. Қазақстанның өзінде әр аймақта Тасаттық беру дәстүрінде айырмашылықтар бар.

Тасаттық беру рәсімі қалай өтеді?

Фото: ҚазАқпарат

– Тасаттық әдетте ашық аспан астында, бұлақ, өзен немесе көл маңында орындалады. Құрбандыққа сойылатын малдың дені сау, күйі жақсы болуы тиіс. Әдетте тасаттық мұсылмандар үшін қасиетті күн – жұмада орындалады. Қазақстанның кей аймағында сойылған малдың қаны суға ағызылады. Бұл «жаңбырдың жаууына себеп болады» деген сенімнен туған еді. Ал Алматы және Жамбыл облыстарында қанды жерге көму дәстүрі сақталған.
Тасаттық кезінде имам Құран аяттарын оқып, жамағатпен бірге дұға тілейді. Ғұрыптың дәл осы сипаты қазақтарда ғана емес, Орталық Азия халықтарының көбінде ұқсас болып келеді.

Тасаттықтың түп тамыры шамандықтан шыққан ба?

– Тасаттық беру – көнеден келе жатқан салтымыз. Ол өз бастауын шаманизмнен алады. Ескі наным бойынша түркілер сиқырмен жын шақырып, жаңбыр жауғызатын, дауыл соқтыратын болған. Бұл тәсілдерді пайдаланып жүрген түркілер әлі күнге дейін бар. Мысалы, саха, хакастардың көптеген діни жоралғылары соған келеді. Кейін Ислам діні келгеннен кейін, Орталық Азия мұсылмандары арасында да жиі кездесетін болды. Тасаттық Орталық Азия халқының және түркі тілдес елдердің салт-дәстүрінің бір бөлігі деп айтсақ, қателеспейміз.

Тасаттық беру дәстүрі осы-күнге дейін сақталып, бүгінгі күні де өткізіліп тұрады. Көбінесе тасаттық заңды түрде тіркелмегендіктен, болған жайды ести бермейміз және ол жайлы ресми деректер кездеспейді.

Көбінесе тасаттықты ауылды жердің халқы жиі өткізеді. Мен өзім де бала кезімде ауылда тасаттық беру дәстүріне куә болғанмын. Тасаттық берілген кезден бастап, тілектердің орындалатынына және жауын жауатынына ауыл тұғындары қатты сенген. Осындай хикметке өзіміз талай рет куә болдық. Көзбен көріп тұрып сенбеуге де болмайды, - деді Біржан Жадрин.

 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар