«Радиация зобалаңы»: Қазақ жерін Ресей зымырандары әлі улап келеді

cover Коллаж Orda.kz

Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданындағы Капустин Яр полигонында Ресейдің әскери зымыран сынақтары жүргізіліп жергілікті тұрғындар экологиялық және әлеуметтік қиындықтарға тап болып жатыр. Зымыран сынақтарынан соң олардың қалдықтары Бөкей ордасы аумағына құлап, экология мен тұрғындардың денсаулығына әсер етеді. Өңірде 112 мүгедек бала бар, 400-дей адам радиация әсерінен мүгедек ретінде тіркелген.

Бұл әлі өзекті мәселе болған соң, Orda.kz тілшісі сол ауданның тұрғыны, осы мәселені көтеріп жүрген Нағым Тәжімұратовпен жүздесіп, сұхбаттасып қайтқан болатын.

«Бөліп ал да, билей бер»

Нағым Тәжімұратов — ауыл тұрғыны, экологиялық мәселелерді көтеріп жүрген белсенді. Оның айтуынша, 1952 жылы полигон құрылғалы тәуелсіздік алғаннан соң да, жергілікті халық түрлі қиындықтарға тап болып келеді. Себебі, бұл аймақты Ресейге 2030 жылға дейін жалға берді. Ол жергілікті билік пен министрліктердің жалға алған Ресей әскерилерінің келісімшартты бұзып, озбырлық танытып отырғанын қадағаламағанына наразы болып отыр.

Зымырандар құлап, жарылып, одан шыққан өрт пен жарылыстар жиі болып, шаруа қожалықтарына зиян келтірді. Оның айтуынша, 2022 жылы Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғалы бері сынақтар саны күрт өсті. Негізгі мәселе болып отырғаны Ресей зымыран сынақтарының салдарынан жер асты суының ластануы, малдың ауыруып, қырылуы және адам денсаулығына да кесірі тиіп жатқаны. 

Жерді КСРО кезінде де, 1952 жылы жалға берген. Тәжімұратовтың айтуынша,  бұл жағдайға ешкім бас ауыртқысы келмейді. Бөкей ордасы ауданында 7 округ бар. Тәжімұратов Темірмәсин ауылдық округіне қарасты Бөрілі ауылында тұрады. 

«1000-ның үстінде үй бар. Бұл ел негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Кәсібі сол. Ол жер құмайт. Оны Нарын құмы дейді. Ол жерде хан Жәңгірден қалған орданың қасында 16 мың гектар қарағайлы жер бар. Халықтың қолданатыны — жер асты суы. Бұл жердің құмы көшпелі бархан сияқты емес. Бір-екі шақырымдай құмы бар. Соның ішінде талы, терегі, жидесі, жыңғылы, өсімдіктердің түр-түрі өседі. Бөрілі ауылынан 25 шақырымнан шыққаннан кейін полигонның жері басталады», — деді Нағым Тәжімұратов.
Фото: Orda.kz

Оның айтуынша, шаруа қожалықтарына акт берілмейді, дегенмен мал орнын алып, үйлерін салып дамытып отыр. Сондай-ақ, ол кеңестің осы жерге жүргізілген әскери зымыран сынақтары жайлы айтып берді.

Кеңестен көрген озбырлық

«1971-72 жылдары кеңес кезінде бұл совхоздың жері болған. Олар сынақ жүргізгенде зымырандарын кез келген жерге дейін атып, содан шұңқыр-шұңқыр қалып, ашық шабындық жерлері апандай болып ойылып қалды. Шұңқырлардың диаметрі – 10-12 метр. Су шығып жатады. Тіпті кейбір жерге күрек бассаң, су шыға келетін кездер де болады. Халықтың пайдаланатыны сол жер асты суы. Бұл жер мал бағуға өте ыңғайлы деседі. Халық қысты 2 ай мерзімге есептейді. Қаңтар-ақпан айларында ғана қыс құрсауында жатады. Ал Оралдың қасындағы аудандарда 6 ай қыс болады», — деді Нағым Тәжімұратов.

Кеңес билігі 1952 жылы бұл жерді полигонға бергеннен кейін халықты жан-жаққа көшірді. Басқа аудандарға көшіргенде көлік жоқ, жаяулап, түйе арба болсын, ат арба, өгіз арба т.б. басып көшкен. Халық қырылып, ұрпағы қалды. Сондай-ақ, тұрғын жер асты суын ішіп үйренген халықтың жаңа жерге үйрене алмай, ағын суды ішіп ауырғанын, туған жерін аңсап, қайта көшкенін баяндап берді.

«Жергілікті халық ағын су ішеді. Барған жұрт та содан дәм татып, іш ауруы болып, балалары шетінеп, қырылып кеткен жағдайлар болған. Туған жерін аңсаған сол босып көшкен жұрт қайтадан оралмақ болады. Кешке тамақ ішіп, дастархан жайып, сыртқа шығып кеткен сыңай танытып, туған жеріне тартып отырған екен. Халықты аңдып, күзет қойып, қашқан адамдарды ұстаған. Соның өзінде бір амалын тауып, халық туған жеріне оралды», — деді Тәжімұратов.

Нағым Тәжімұратов 1963 жылдары оқушы кезінде көшіп келіп жатқан халықты өз көзімен көргенін айтты. Сосын Оралдың айналасына, басқа аудандарға көшіріп жіберген кездер де болыпты. Үкіметтің бұйрығына қарсы шыққандарды отбасымен қоса бүтін бір ауылын Шымкент сияқты шалғай жерлерге көшіріп отырды. 

«Кеңес кезінде отбасыңды алады да полигонның жерінен 5-10 шақырым жерге апарып тастайды, мал қалады. Ракетаны атады. Өртеніп, қырылып қалады. Ол отбасын содан кейін қайта әкелмейді. Сол ракетаның жарықшақтары жер-жерде бытырап шашылып жататын. Сол шұңқырлар кеңестің кезінде бомба, ракета, ракета жарықшақтары түскен орын деседі. Тереңдігі – 8-10 метр. Оның ішінде жауын суы жиналады. Ол суды сол жердегі жүрген мал ішеді. Ол малдың етін халық жейді. Кеңес дәуірінде апта сайын сынақтар болып, жарылыстан дүмпулер болып жататын», — деп Нағым Тәжімұратов сол ауыр кезеңдерді есіне алды.

«Атамыз!» деп ескертпейді...

Оның айтуынша қазір де «атайық деп жатырмыз» деп айтпайды. Ешқандай байланыс жоқ. Ракета түсті. Түскеннен кейін олардың өкілдері, маман эколог осыны қарап, тексеріп, қандай зияны бар екенін зерттемейді. 

Фото: Orda.kz
«Былтыр 16 тамызда Оралда жүргенімде малшым қоңырау шалды. Полигон маңында екі қожалығым бар. Қыстағы бар үй, жарығы, интернеті қосылған аймаққа арнайы малшы жалдадым. Сол малшым қоңырау шалып: «12-ден 7 минут кеткенде түсті, жер өртеніп жатыр» деді. Сосын жедел ауданға хабарластым. Аудан сөйлесе алмады. Әкімі Бөкей Ордаға жиналыс өткізуге кетіп қалған екен. Содан ішкі саясат бөліміне хабарластым. Содан шыққаннан кейін бар жағдайды айттым. Ішкі саясатта отырған жігіт: «Мәке, ол Ресейдің жері», – деді. «Не айтып отырсың, сен? Жер біздікі. Ана жақ өртеніп жатыр», – деп айқайлап ұрсып тастадым. Содан 112-ге қоңырау шалып жағдайды түсіндіріп жатсам, маған «координатын жібер» деді. «Не айтып отырсың? Сендер Қазақстан бойынша қай жерінде не болып жатқанын қарап отырған жоқсыңдар ма? Сол үшін айлық аласыңдар. Мен даладағы координатты қалай айтамын?» деп ыза болдым», – деді Нағым Тәжімұратов. 

Оның айтуынша, осы мәселені көтеріп, мекемелерге барғанда көбі «бізге қатысы жоқ, біздің құзырымызға кірмейді» деп жауап қатыпты.

«Әскери қаруды сынақтан өткізіп жатыр»

Оның айтуынша, Украинамен соғысты басталғаннан бері Атыраудың Сүйіндік деген асыл тұқымды қой өсіретін ауылына қарасты жерге де ракета түскен. Бірақ жарылмаған. Жеке қойды бағып жүрген жігіт көріп ауылдың әкіміне хабарлапты. Жергілікті полиция түскен орнына дереу лента тартыпты. Нағым Тәжімұратовтың сөзінше санэпидемстанция адамдары өздері жарып жіберген. 

Фото: Orda.kz
Фото: Orda.kz
Фото: Orda.kz
«Оны өздері көміп тастапты. Ауданға немесе әскерилерге ескертсе, эколог маман олармен сөйлесетін еді. Ресей жақ біз атпадық деген екен. Атар алдында олар тіпті ескертпейді. Жарылысты ескертпейді. Біздің жақтан қадағалау жоқ. Бұл мәселе осылай қозғамасақ, ертең 2030 жылы полигон мерзімі біткен соң, біздердікі қайтадан жоғардағылар 2050-60 жылға дейін беріп қояды», – деді Нағым Тәжімұратов.

Оның сөзінше, Украинамен соғыс басталғалы снарядпен атып жатқан себебі – жаңа қару жарақ ойлап тауып, соны сынап жатыр. Тәжімұратов жиендеріне ракеталарды суретке түсіріп алуды тапсырған. Олар түсіріп жүргенде Ресейдің әскерилері келіпті. Бірақ артық ештеңе демей оларды бақылап жүріпті.

«Ауданның әкімін, жер бөлімінің бастығын шақырып алдым, Санэпидемстанциядан бір өкіл шақырып алдым. Бәріміз сол арада Ордаға  былтыр 20 желтоқсанда түскен ракетаның орнына бардық. Барсақ аралары жақын 6 шаруа қожалығы отырады екен. 20-сы күні бір тікұшақ ұшып келген сол жерге. Қонған. Жерді белгілеген. Шаруа қожалықтары байқап қалып, көлігімен жақындай бергенде олар лезде тікұшағына жүгіріп қайта мініп, ұшып кетіпті. Бір жарым сағатта ракетаны жасырған сол жерге. Шұңқырды біздер барсақ, шаруа қожалықтары 10 шақты күн бұрын ішінде суы бар болған соң, радиациядан қорқып, бір жағы малы ішеді деп қауіптеніп көміп тастаған екен. Оны ресейліктер өздері көмуі керек. Олар көмбейді. Содан сол жердің топырағынан анализ алдырдым», – деді Нағым Тәжімұратов. 

Нағым Тәжімұратов олардың осылай келісімшартта көрсетілгендей ескертпей, сынақтарын жүргізе беретінін айтты.

«Эколог маманды алып тастады»

«Өрт қауіпсіздігін сақтау т.б. шараларға қатысты жылдың басындағы Капярдағы деген хаттама жазылуы керек. Биыл маусымның 29-ы күні полигонның бастығын шақырып, ауданда жиналыс болды. Бізден эколог маман барды. Эколог маманды штаттан алып тастады. 15 наурыз күні экология министрі Ерлан Нысанбаев барды ғой. Сонда өзім сөйлеп министрге айттым, ана маманды қайта штатқа алыңдар деп. Ракетадан жапа шегіп отырған біздер ғой. Неге біздің ауданнан штатқа алмайсыңдар. Ерлан Нысанбаевқа айттым, «Өзің жүр. Өзіңнің қолың тимей ме? Қол астыңдағы біреуді жібер. Өз көздеріңмен көрмей, нанбайсыңдар» дедім. Сосын облыстық экологияның бастығын тұрғызып, сол жиындарға қатыстыратын болды», – деді Нағым Тәжімұратов. 

Оралдың айналасын су басқан соң Тәжімұратов Бейсен ауылынан 70 шақырым қашықта орналасқан аудан орталығына біраз уақыт бара алмағанын айтады. Ақыры бәрін көндіріп, осы іске бел шешіп кірісіп кеткенін баяндады.

«Оңтайлы сәтті күтіп, ақыры экологияны басқарып отырғандарға бардым. Өткендегі министрдің мәселесін қайта сұрадым. 16-ы күні шығып, 17-сі шығып кететін болып келістік. Бірақ 16-ы қайта қоңырау шалып: «Мәке, кешір мені. Премьер-министр Бектенов келді. Су басуы жайлы әр 4 сағат сайын есеп жасап тұрасың деп тапсырды. Кейін барайық», – деді. Мен әзірленіп қойғанымды айтқаннан соң, ақыры бөлім бастығымен баруды ұсынды. Қасымызға эколог маманды ертіп алып, осы іске кірістік», – деді Нағым Тәжімұратов.

Радиация 4 есе көп екені анықталды

Нағым Тәжімұратов экологтарды ертіп жүріп, зымыранның жарықшақтары түскен топырақ пен суға сараптама жасап, оның құрамындағы радиация көрсетілген мөлшерден 4 есе көп екенін анықтағанын айтты. Оның үстіне жерге түскен зымыран, оның жарықшақтары жерді тереңдігі 10-15 метр болатын ор қылып ойып тастайтынын айтты. Бұл өңірдің елі негізінен жер асты суын ішеді. Жерді қазса, суы көлкіп шыға келетінін айтты. Бұл сынақтар өтіп жатқанда су тасқыны кезінде жақын маңға түсіп, соны ішкен 5 мыңнан аса мал қырылып қалғанын айтты.

«17-18 сәуірде Мұратсай деген округке бардық. Сонда бөгет бар. Сол суға түскен 5328-ге дейін мал қырылып қалды. Соны көмдірген болатын. Сол судың анализін алғыздым», – деді Нағым Тәжімұратов.

Былтыр 16 тамызда ракета түскенде ол Оралда болған. Жерлесі, журналист Нартай Аралбай хабарласуға жәрдемдесіп, экология министрінің бірінші орынбасарымен сөйлестіріпті. 20 минут бейнеқоңыраумен киік жөнінде, полигон жөнінде әңгімелескенін айтты. Сол бейнеқоңыраудан кейін облыстық экология хабарласқан. Облыстық санэпидемстанция да сөйлескен. Сөйтіп Нағым Тәжімұратов 3 қазанда сол жаққа баруды ұсынды. Өзі бастап баратынын айтыпты. 

«Облыстық экология басқармасы «бізде көлік жоқ» деді. «Облыстық деңгейдегі мекеме емессіңдер ме? Көліктерің қайда?» десем, «көліктің бәрі жүрмейді» деп жауап қатты. Сөйтіп өзім алып кететін болдым. Содан 2 экологты алып шықтық. Облыстық санэпидемстанцияға хабарластық. Олар аудандыққа жібереміз деді. Оларға шықсам, құрылғы жоқ дейді. Қайта облысқа құрылғы беріңдер дедім. Содан Казталовка ауданынан беретін болып шешіпті. Такси жүргізушілерінен беріп жіберді», – деді Нағым Тәжімұратов. 

Сонымен Нағым Тәжімұратов санэпидемстанцияның 2 адамын, жер бөлімінің адамдарын шақырып, сол маңды көріп, тексеру жасатқан. Құрылғымен жасағансараптама нәтижесі мөлшерлемеден радиация 4 есе көп болып шықты. Бұл тамыз, қыркүйек, қазанда құлаған ракетаның анализ сараптамалары. 

«Ойларына келгенін жасап отыр»

«Полигон орнының ық жағына шықсаң, иіс сезіледі. Ешкім бұған басын қатырмаған. Жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Газетке де мақала шығардық», – деп Нағым Тәжімұратов бұл мәселенің мемлекеттік деңгейде көтерілмегеніне налыды. 

Бұл мәселені көтеріп, сараптама жасатып жүрген Нағым Тәжімұратовтан департамент полигонға кірмеуін сұрапты. Ал лаборатория бастығы облыстық прокуратура қоңырау шалды деген. Полигонның жеріне Ресейдің рұқсатынсыз кіруге болмайды деп ескерту жасапты. 

«Бұрындары да осылай өрт болды. Олар ойларына келгенді жасап отыр. Ал біздің жақтан ешқандай қадағалау жоқ. Штатты ұстап тұру керек. Оның көп пайдасы бар. Ол Капустин ярдың басшыларымен тікелей сөйлесе алады», – деді Нағым Тәжімұратов сөзін қорытындылап.

Orda.kz осы мәселе бойынша Сыртқы істер министрлігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің басшылығына арнайы сұрақтар жолдады. Редакция алдағы уақытта бұл өңірдің экологиялық мәселесін өз назарында ұстап, ақпарат беріп отырады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар