«Қоғамдық ортада баланың құқығы жиі бұзылады»:  Шымкент қаласы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айтқаны 

cover

Баланың құқығы мен үкімет міндеттері қандай? Баланың өмірін жақсартатын және қиындататын қандай фактор? Әр аймақтағы уәкілдер бала құқығын қорғауға қалай араласып жатыр? Бұл туралы  «Балаларлы СПИД-тен қорғайық» қоғамдық қорының төрайымы, Шымкент қаласы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Жанетта Жазықбаевадан сұрап, әңгімеге тарттық. 

«Зорланды» деген қызбен сөйлесуге кәсіби психолог таппадық»

Жылына шамамен Қазақстанда 450 мың бала өмірге келеді. Бала туу жағынан Шымкент алдыңғы қатарда. Бірақ баланың санына емес, оның қалыпты бақытты өмір сүруін ойлануымыз керек. Өкінішке қарай бізде денсаулығында ақауы бар балалар көп. Мысалы, қазір жүздеген баладан аутизм белгілері анықталып жатыр. Инклюзивті оқушылардың көбеюінен оларды қалай оқыту керек деген проблема шығып тұр. Тіпті жүкті әйелді күйзелістен сақтауды білмейміз. Отбасындағы кіріс пен шығыс сәйкес келмегені де баланың өміріне әсер етеді.

Қазіргі даму жүйесін қайта зерттеп, зерделеу керек дейсіз бе?

Меніңше, отбасы құндылығын арттыру үшін жергілікті әкімдіктің арнайы бағдарламалары болуы керек. Айталық, мектеп жасынан бастап қыздарды отбасылық өмірге дайындау. Қазір қыздар өзін-өзі қорғай алмай жатыр. Мысалы, жақында 15 жастағы қызды зорлау дерегі шықты. Немесе «қызын зорлаған әке» туралы ақпарат тарады. Тіпті оларға алғашқы көмек ретінде тегін кәсіби психологиялық қызмет көрсете алмадық.

«Не молчи» қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі әлеуметтік желіде «Шымкентте мектеп оқушысын әкесі зорлап келген. Байланыс нөмірі бар» деп жазды. Осы деректі анықтай алдыңыздар ма?

Бұл іске араластық. Дина Таңсәрі хабарласып, қызбен бірінші кезекте кәсіби психолог сөйлессе деді. Сенбі күні болатын. Қалалық білім басқармасына кәсіби психолог тауып беруді сұрадым. Жексенбі күні басқармадан репродуктивті сексуалдық бағытта жұмыс істейтін психологтар жоқ деді. Мектептегі психологтардың жұмысы көбіне татуластыру, әлімжеттік сияқты мәселелерге бағытталған. Сөйтіп білім басқармасы денсаулық сақтау басқармасына сілтеді. Ал олар суицидолог маман жіберді. Маман іздеп жүргенде іске полиция араласып кетті. Арнайы жасақпен үйіне барып, отбасын тергеуге алған. Соңында қыз шағымданбаған, ақпарат фейк деп іс жабылды. Әкесі де, шешесі де «қыз зорланды дегенді» жоққа шығарды, мойындамады. Кәмелет жасқа толмаған қызға сырын ашу оңай шаруа емес екені белгілі. Мүмкін оқиға осылай болған шығар. Десе де егер қалада шұғыл көмек беретін кәсіби психологтар болғанда, шұғыл әрекет ете алғанымызда мүмкін оқиғаны басқа қырынан көрер ме едік.

«Бес баласының екеуі қайтыс болған, бірі – мүгедек»

Бала құқығын қорғайтын уәкіл болып жұмыс істей бастағаныңызға үш айдан асты. Қалада балаларға қатысты қандай мәселелерді байқадыңыз?

Жақында балалар ауруханасында баласын ұрып отырған әйелдің видеосы әлеуметтік желіде тарады. Оны көргенде жұрт бірден әйелді кінәлай жөнелді. Әйелдің неге мұндай әрекетке барғаны ешкімді қызықтырмады. Ауруханаға бардым. Сараладым.
24 жастағы Мадина Өзбекстаннан тарихи отанына көшіп келген. 2018 жылы өзінен бес жас үлкен жігітке тұрмысқа шыққан. Қазір Қайнарбұлақ ауылында өмір сүреді. 2019 жылы туылған тұңғышы қайтыс болған. 2021 жылы егіз босанады. Бірі мүгедек болып туылады. 2022 жылы екінші егізін өмірге әкеледі. Олардың бірі шетінейді. Қазір алтыншы баласына аяғы ауыр. Былай айтқанда, бес баласының екеуі қайтыс болған, бірі - мүгедек. Бұл - бір.
Екіншіден, отбасының тұрмысы нашар, әлсіз топқа жатады. Балалардың жәрдемақысы мен енесінің зейнетақысы, қара жұмыста істейтін күйеуінің табысын қосқанда - 163 мың теңге. Оның 130 мың теңгесі несие төлеуге кетеді. Қалған 33 мың теңгені алты адам талшық етеді. Қыс таяды. Күн суық. Ал бұл отбасында жағатын отын жоқ. Балаларының күтімі жоқ. Жоқшылықтан әйел күйзеліске түсіп, ашуын жылаған баласынан алған.
Бұл оқиғаға байланысты әлеуметтік желіде отырып пікір білдіргендер көп болды. Арасында «баласын тартып алу керек» дегендер де кездесті. Адамдардың көмегін жеткізіп бергенімізде қойылым деп сынағандар табылды. Баланы ата-анасынан тартып алғанда мәселе шешіле ме? Бала үшін ананың құшағынан асқан қандай ыстық жер бар?
Иә, Мадина айыбын мойындады. Көпшіліктен кешірім сұрады. Біз үшін бұл да үлкен жеңіс.
Баланы ұру дерегі осындай тұрмыс тауқыметін тартқан отбасында жиі кездеседі. Күнкөріс деңгейінің төмендігі бала құқығы бұзылуының негізгі факторларының бірі екенін көрдік.
Бізде көп жағдайда ата-ана мен бала арасында ашық қарым-қатынас жоқ. Күнделікті тіршіліктің қамымен сыртта жұмыс істеп жүрген кей ата-ана баласымен қалай сөйлесу керек екенін білмейді. Бойжетіп келе жатқан қыздар анасына сырын ашық айта алмайды. Бұл баланың өмірін қиындатады.

«Мектептерде әлімжеттік тоқтамай тұр»

Жұмыс бастағағалы балаларға қатысты қанша шағым түсті?

Күнделікті қатардағы шағымда есеп жоқ. Күрделі деген 12 шағым тіркелді. Мұның бәрі аяқталмаған кейстер.
Бізге шағым түскенімен бірден араласа алмаймыз. Бақылаймыз. Мысалы, мектептен шағым түсті ме, директорына хабарласамын. Директор мәселені шешпесе, қалалық білім бөліміне шығамын. Ол кезде де мәселе шешілмесе жариялаймын. Полиция істі тергеп жатқанда араласуға құқығым жоқ. Полицияның тергеуіне келіспеген жағдайда көмек бере аламын.

Шағым түсті. Сонда бірінші кезекте неге көңіл бөлесіз?

Баланың жағдайына назар аударамын. Неге осындай дәрежеге жетті? Ата-ананың жауапкершілігі қандай? Көп жағдайда баланың құқығы отбасындағы психологиялық-эмоционалдық ашу кезінде және қоғамда әртүрлі жағдайда бұзылатынын байқадым.

Сонымен қай ортада баланың құқығы жиі бұзылады, өміріне қауіп көп?

Меніңше, қоғамдық ортада. Шамамен 60/40 пайыз деуге болады. Отбасының өзінде баласын күйдірген, құлатып ота жасатқан, не дөрекі сөйлеп соңы суицидке жеткен жағдайлар көп кездеседі. Жасына қарай баламен сөйлесуді білмейтіндер бар. Бала тәрбиелеу үлгісін көрсететін мектеп жоқ. Ата-ананың өзінде мейірім болмаса бала қураған ағаш сияқты сола береді емес пе.

БҰҰ Балалар қоры «1-4 жастағы балалардың 53 пайызы отбасында психологиялық агрессияға немесе физикалық жазаға ұшырайды. Қазақстанда қыздардың тең жартысы отбасындағы тәртіптің зорлық-зомбылық әдістерінен жапа шегеді» деп мәлімдеді. Бұған не дейсіз?

Әрине, отбасынан бөлек, мысалы, мектептің өзінде әлімжеттік тоқтамай тұр. Төбелес, ақша жинау сияқты деректер болған соң мектептерде арнайы учаскелік инспекторлар қойылған еді. Қаржының тапшылығынан сол инспекторлардың жартысын қысқартты.
Түрлі қысымның алдын алуға жағдай болғанымен, нәтиже жоқ. Меніңше, балалар құқығын қорғауға психологтарды, кәсіби психологтарды тарту керек. Мектепте - мұғалімнің, медицина мекемелерінде дәрігерлердің ғана жалақысын көтермей, онда жұмыс істеп жүрген психологтардың еңбекақысын көтерген жөн. Оларды арнайы оқуға жіберіп, кәсіби өсуіне көңіл бөлген абзал.

Сіздіңше, кәсіби психологтар баланың жан-дүниесіне үңіліп, проблемасын ашып, шешуге ықпал ете ала ма?

Иә. Қазір кәсіби психологтар болғанымен, жекеменшікке кеткен. Мемлекеттік мекемелерде ондай мамандар аз. Өйткені жалақысы – аз. 100 мың теңгенің төңірегінде. Бұл – бір. Екіншіден, баланың құқығын қорғау үшін оған жауапты мекемелердің біріккен жұмысы керек.

«Сабақтан қашып, оқымайтын балалар бар»

Жақында қала әкімдігінде балалардың құқығы жөнінде жиын өтті. Онда 4 баланың өмірі талқыға салынды деп жаздыңыз. Ол қай балалар?

Бір – ұл, үш қыз. Төртеуінің де психикалық ауытқуы бар екені анықталған. Мәжбүрлі емдеуге интернатқа жіберу жайы талқыланды. Балалар уақытылы ем алмаған, соңы агрессияға алып келген.
Үш қыздың екеуін жібереміз деп шештік. Мамандар бір қызды емдеуге болады деді. Төрт бала да ата-аналарына суық, тіл алмайды. Ішімдік ішеді, ұрлық жасайды, есірткі қолданады. Ұрлық жасауды әлеуметтік жағдайымен байланыстырады.
Балалар арасында қылмыс көп. Олардың саны 4300-ден асты. 54 бала ойынханаларда ұсталған. Сабаққа барудан қашып, оқымайтын балалар бар.
Қазір балаларда күйзеліске бейімділік жоқ. Қорғану нашар, жоқ деуге болады. Өзгені айтпағанда ата-ананың өзі баласына қатты сөйлеуден қорқақтайды. Мысалы, жақында бір колледждің үш оқушысы бірінен соң бірі өзіне-өзі қол салды. Үшеуі де қалыпты отбасынан шыққан. Олардың неге суицидке барғаны әлі күнге жұмбақ. Оқушылардың өзіне-өзі қол салуы жанында жүрген балалардың өзін күйзеліске түсіреді. Бала суицидке баратынын айтпауы, жасыруы мүмкін. Бірақ оның мінез-құлқы, жүріс-тұрысында өзгеріс болады. Қоршаған ортасы осыған мән беріп, көмекке келуі керек. Баланың өмірін сақтап қалуға бәріміз міндеттіміз.

Әңгімеңізге, рақмет!
Әңгімелескен – Дилара ИСА.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар