«Qarmet» зауытындағы 1,8 млрд теңге ұрлығы: Әнипа Назарбаеваның серіктесі қамауға алынды

cover Фото: Жас Алаш газеті

Қаржылық мониторинг агенттігі «АлбаСтройДор» компаниясының директоры Сергей Кимді «Qarmet» (бұрынғы «АрселорМиттал Теміртау») кәсіпорнының мүлкін аса ірі көлемде жымқырды деп айыптап отыр, деп хабарлайды Orda.kz.

Сот шешімімен күдікті екі айға қамауға алынды.

Тергеу материалдарына сәйкес, кәсіпкер 2015 жылы зауытпен жасалған қалдықтарды өңдеу туралы келісімшартты заңсыз баю мақсатында пайдаланған. Ол өндіріс нысандарына кедергісіз кіру мүмкіндігін қолданып, шойын мен басқа да металл бұйымдарын ұрлаудың жүйелі схемасын құрған. Ұрлықты жүзеге асыру үшін кәсіпкер өзіне қарасты күзет фирмасын іске қосып, металл тиелген көліктерді зауыт аумағынан заңсыз шығарып отырған.

«Заңсыз әрекет салдарынан жалпы құны 1,8 миллиард теңгеден асатын 31 мың тоннадан астам өнім жымқырылды»  деп хабарлады ҚМА.

Агенттіктің мәліметінше, жымқырылған мүлік Сергей Кимнің бақылауындағы делдал компаниялар арқылы нарықта сатылған.

Сергей Кимнің есімі бұған дейін Алматыдағы «Кенжехан» базарына қатысты даулы мәселелерде жиі аталған. Бұл сауда орны ұзақ уақыт бойы экс-президенттің қарындасы Әнипа Назарбаеваның бақылауында болған активтердің бірі ретінде белгілі. Сонымен қатар «АлбаСтройДор» компаниясының бұрынғы иелерінің қатарында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің ағасы Мырзахан Мәсімовтің болғаны анықталды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар