Павел Дуров 106 балаға мұра қалдырды, бірақ ақшаға тек 30 жылдан кейін ғана қол жетеді

cover Фото: әлеуметтік желіден

Telegram негізін қалаушы миллиардтаған мұрасын алты ресми және жүзден астам биологиялық балаларының арасында бөліп берді, деп хабарлайды Orda.kz.

40 жастағы Telegram және «ВКонтакте» желілерінің негізін қалаған Павел Дуров мұрагерлік өсиет жазып, оның негізгі тармақтарын жариялады. Францияның Le Point журналына берген сұхбатында миллиардер бұл қадамға сөз бостандығы мен цифрлық құпиялылықты қорғау тәуекелдеріне байланысты барғанын түсіндірді — оның айтуынша, дәл осы қағидаттарға Telegram платформасы негізделген.

Басты жаңалық — Дуровтың барлық 106 баласы бірдей оның мұрагері болатындығы. Олардың арасында үш әйелден туған алты ресми баласы және әлемнің 12 еліндегі клиникаларда сперма донорлығы арқылы дүниеге келген жүзден астам биологиялық балалары бар.

«Мен балаларымды бөлмеймін. Табиғи жолмен де, донорлық арқылы да дүниеге келгендері бар. Барлығы менің балаларым, барлығының құқықтары бірдей болады. Мен қайтыс болғаннан кейін олар бір-бірімен ақшаға таласып, қақтығысып кетпесе екен деймін», — деді кәсіпкер. 

Алайда миллиардер өсиетінде мұрагерлерінің бұл мұраға 30 жыл өтпейінше иелік ете алмайтынын ашық жазған. Ол бұл шешімін балалардың қарапайым адамдар сияқты өмір сүріп, өз күшіне сенуді үйренуі үшін қабылдағанын айтты:

«Мен олардың банк шотына тәуелді болмай, өз күшіне сенуді, бірдеңе жасауды үйренгенін қалаймын». 

Өсиетте сонымен қатар егер Дуровтың өзіне бірдеңе болса, Telegram коммерциялық емес қордың басқаруына өтетінін арнайы көрсеткен. Дуровтың айтуынша, бұл — платформаның тәуелсіздігін сақтап, сыртқы қысымнан қорғау үшін қажет.

«Мен Telegram-ның мәңгі мен қорғап жүрген құндылықтарға адал болып қалғанын қалаймын», — деп атап өтті ол 

Осы сұхбатында Дуров алғаш рет өзінің кіндігінен тараған туған баласының алтау екенін растады. Бұған дейін оның бес баласы бар екені ғана белгілі болған: екеуі — Дарья Бондаренкомен некеден, үшеуі — қазір алимент мәселесі бойынша дауласып жүрген Ирина Болгардан (даудың ақшасы шамамен 14 миллиард рубль). Алтыншы бала Болгар олардың қарым-қатынасына зиян келтірді деп айыптаған модель Диана Бако мен Дуровтың қысқа кездесуі нәтижесінде дүниеге келген деген сыбыс бар. Кейінірек Баконың өзі қазіргі таңда Дуровтың серіктесі болып жүрген Юлия Вавилова миллиардерді «тартып алды» деп мәлімдеген.

Қазір Дуров Вавиловамен кездесіп жүр. Бар ақпаратқа сәйкес, ол өткен жылдың тамызында ұсталғаннан кейін баласынан айырылған. Сол кезде Дуровқа контрабандаға қатысу, ақша жымқыру және Telegram платформасындағы педофильдік контентке көз жұму айыптары тағылған еді. Қазір ол тергеу аясында, бірақ бұрынғыдай емес, қазір Франциядан шығуға құқығы бар. Дуров былтыр 24 тамыз күні кешке жеке ұшағымен Парижге қонған кезде ұсталған болатын. 

Жақында жұп алғаш рет жұрт алдына Канн кинофестивалінде шықты — сол жерде Дуров сүйіктісіне 400 мың долларға голливудтық фильмнен рөл «сатып алғаны» айтылды.

Кәсіпкердің Telegram-дағы үлесінің 100 пайызы өзінде. Оның айтуынша, бұл — мессенджердің тәуелсіздігін сақтаудың жалғыз жолы. Ол «ВКонтакте»-мен болған жағдайдан сабақ алғанын атап өтті — 2014 жылы цензураға бағынудан бас тартқаннан кейін ол осы желідегі бақылауынан айрылған болатын. Сол жылы ол бірден Telegram ашып, қазір оның ай сайынғы белсенді пайдаланушыларының саны миллиардтан асты.

Forbes дерегінше, Павел Дуровтың байлығы 17,1 миллиард доллар — ол әлемдік рейтингте 134-орында және ресейлік кәсіпкерлер арасында 8-орында тұр (дегенмен ол өзін ресейлік кәсіпкер санамайды). 2024 жылы Telegram алғаш рет пайдаға шығып,  540 миллион доллар пайда тапты, ал Дуров Bloomberg Billionaires Index тізіміне енді.

Бұған дейін миллиардер 15 жыл бұрын досының өтінішімен сперма доноры болғанын, кейінірек клиника директорының өтінішімен донорлықты жалғастыруға келіскенін мойындаған. Оның айтуынша, қазір әлемде оның ұрығымен 100-ден астам бала дүниеге келген. Ол болашақта өз ДНҚ деректерін ашық етіп жариялап, бұл балалардың бір-бірін табуына мүмкіндік беруді жоспарлап отыр. Америкалық кәсіпкер Илон Маск бұл жаңалыққа әзілмен: «Жаңа— Шыңғысхан шығайын деп жатыр», деген болатын.

2024 жылы тамызда «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин жақында Telegram компаниясы басшылығымен кездескенін айтты. 

2023 жылы Telegram мессенджерінде  сюжеттердің пайда болғаны хабарланды.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар