Фото: riafan.ru

Азаматтық белсенді Тоғжан Қожалиева  Facebook-тағы постында 10 қаңтарда өтетін парламент сайлауын бақылаушыларға төленетін ақша туралы пікірін жариялаған болатын. ORDA. Тоғжанмен қоса басқа да белсенділермен байланысып, осы ақпаратты зерттеп көрді.

Тоғжан Қожалиева бақылаушыларға күніне 200 мыңға дейін төленетін бұл деректердің қайдан алынғаны туралы ой бөлісті.

«Бұл туралы деректерді маған таныстарым жеткізген еді, алайда оның растығын анықтау мүмкін болмады. Негізінде мұндай ұсыныстар олардың айтуынша Nur Otan-нан болған. Біз басқарушы партияның бақылаушылары болып барғымыз келіп еді, бізді олар қабылдамады. Басқа мекемеге барған едік, бақылаушылар керек деген хабарландыру жапсырулы тұрғанымен, бұл офис те тарс жабық тұрды».

Үкіметтік емес ұйымдардың бақылаушыларына, әдетте Қожалиеваның айтуынша ақша төленбейді, бірақ төленіп жатса оның артықтығы жоқ. Былтыр президент сайлауы кезінде Алматыда волонтер-бойкотшылар бақылаушыларға тамақ тасығаны белгілі.

«Бар мәселе бұл шараға кімнің қаржысы жұмсалып жатқанында. Егер, ол Nur Otan-нан болса, әрине, ол үкімет қазынасының ақшасы. Партия мүшелерінің санына қарай қазынадан ақша бөлінетіні белгілі. Былтыр 800 мың мүшесі бар Nur Otan-ға бюджеттен 9 млрд. ақша бөлінді. Не үшін? Біздің есептеуімізше егер әр адамға күніне 5 мың теңгеден есептесек, 5 мың бақылаушыға 140 мың доллардан келеді екен».

Nur Otan партиясының баспасөз хатшысы Тимур Базарбаев  «Бақылаушылар сайлауға бара ма, ол үшін оларға жалақы төлене ме ?» деген сұрағымызға берген жауабы:

«Nur Otan бақылаушылары сайлауда жұмыс істейді, бірақ біз оларға ақша төлемейміз, өйткені олар біздің сенімді өкілдеріміз».

Журналист Жанна Мұқатаева да бақылаушыларға төленетін ақша туралы естігенмен, ол туралы нақты көзбен көрген деректер жоқ деп мәлімдеді.

«Меніңше, ұйымдар бақылаушыларға жолақы мен тамақ үшін ақша төлеуі тиіс. 2011 жылы мен бақылаушы болғанымда, бізге жолақыға  1500 теңгеден төлеген болатын. Биыл мен бақылаушылықтан бас тарттым, себебі сайлауға мен ойлағандай партиялар барып жатқан жоқ. Азаматтық қоғамнан ұсынылған партия болмаса, қазіргі партиялар біз үшін тартымсыз».

Дегенмен, қоғамдағы белсенділердің айтуынша, бақылаушылар үшін талас тудыратын сәттер де болып тұрады. Мысалы, белсенді Нәсима Қорғанбекова жариялаған поста «Q-adam» бастамашыл азаматтардың қоғамдық қоры бақылаушылардан тегін ПТР алынуы тиіс деп жіберген тізімді Ұлттық сараптау орталығы қабылдамай қойған.

«Ұлттық сараптау Орталығының атқарушы директоры Бахытжан Құттықадамов сайлаудағы ПТР үшін жауаптылар тізімінде тұрса да, ол жауапкершіліктен қашты, бұлай боларын білгенде біз уақыт ұттырмай, тізімді басқа адамға жолдаған болар едік».

Осының кесірінен қымбат уақытын өткізіп алған қор бақылаушыларды ПТР тестінен өткізу үшін небәрі 570 мың теңге ғана жинап үлгергенін айта келе, Корғанбекова бұл қаржының ПТР-тестерге қоса антисептиктер алуға, бақылаушыларға түскі ас пен оларды тасымалдау жұмыстарына жұмсалатынын жеткізді.

Белсендінің айтуынша бақылаушыларға ақша ұсынатын басқа да ұйымдар баршылық екен.

«Бізге де бақылаушы болғысы келетіндер келді, бірақ оларға тәуелсіз бақылаушының міндеті туралы түсіндіріп және біз ақша төлей алмайтынымызды  айтқан кезде олар «ақша төлейтін басқа ұйымдарға» кетті».

«Олар айтқандай төленетін ақшаның мөлшері әрқалай – 5 мың, 50 мың, ең кең тараған төлем 10 мың теңге болып шықты».

Қорыта келе, сайлауға кім бақылаушы бола алады деген сұраққа келсек, Орталық Сайлау комиссиясының мәлімдеуінше сайлауға бақылаушыларды қатыстыру шектеулі екен. Нақты айтқанда, мекеме-ұйымның жарғысында сайлау барысына және сайлау учаскелеріне бақылау туралы құқық атап көрсетілсе ғана бақылаушы жібере алады екен.

Сондай-ақ жеке сурет те тек адамның өзінің келісімімен ғана пайдаланылады.

Алайда Орталық сайлау комиссиясының мұндай қаулысы қоғамшыл Мирас Нұрмұханбетовтың пікірінше, бақылаушы құқығын шектеу болып табылады. Сондықтан сайлау барысындағы бақылаушының құқығын шектейтін бұл қаулыны заңсыз деп тану мақсатында үш үкіметтік емес ұйым – HAQ қоғамдық қайырымдылық қоры, «Тәуелсіз бақылаушылар» қоғамдық қоры мен «Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық желісі» Қазақстанның Жоғарғы сотына шағымданды.

Авторы: Анна Даниловская

Аударған: Баян Таңатарова