Ормуз бұғазымен өтетін кемелерді сақтандыру бағасы қымбаттады

cover Сурет ЖИ көмегімен жасалды

Соңғы күндері Ормуз бұғазымен өтетін кемелерді сақтандыру бағасы да қымбаттады. Таяу Шығыстағы шиеленіс теңіз тасымалына өте қатты әсер етті, деп хабарлайды Orda.kz.      

Financial Times басылымының дерегі бойынша Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерді сақтандыру құны күрт қымбаттады.

Бұрын тариф кеме құнының 0,25 пайызына тең болса, қазір 12 есе өсіп, 3 пайыз деп белгіленіп отыр. АҚШ пен Израильдің шабуылынан соң, Тегеран Ормұз бұғазындағы кеме қатынасын шектеп тастады.

Қазір Парсы шығанағында жүздеген мұнай мен газ танкері қаңтарылып тұр. Ал өткелге кіруге әрекет қылған 10-нан аса су көлігі Ислам революциясы сақшылар корпусының шабуылына ұшырады. Таяу Шығыстағы шиеленіс жаһандық мұнай нарығына да әсер етті. Қара алтын бағасы барреліне 83 долларға дейін көтерілді.

Ормуз бұғазы әлемдегі стратегиялық теңіз жолдарының бірі екені баршаға аян. Бұғаз Парсы шығанағы мен Оман шығанағының дәл ортасында жатыр. Бұл Таяу Шығыстың Араб теңізіне шығатын маңызды жолы саналады. 

Оман, Біріккен Араб әмірліктері, Қатар, Бахрейн, Кувейт, Ирак, Сауд Арабиясы секілді мұнай өндіретін мемлекеттер осы арнамен шикізат тасымалдап отыр. Әлемдік мұнайдың – 20%-ы, сұйытылған газдың – 30%-ның жеткізілімі бұғазға тәуелді.

Жалпы бұғаз БҰҰ-ның 1982 жылы қабылданған теңіз құқығы жөніндегі конвенциясы бойынша халықаралық су жолы ретінде танылған. Өйткені Ормуз бұғазы Парсы шығанағындағы елдердің жүк тасымалын ашық теңізге шығаратын бір ғана су жолы. 

Дегенмен Иран парламенті БҰҰ-ның осы конвенциясына әлі күнге дейін келіскен жоқ. Керісінше, 2012 жылы парламент экономикалық санкцияларға жауап ретінде мұнай танкерлері үшін Ормуз бұғазын жауып тастау туралы заң жобасын мақұлдаған болатын. Осы есеппен алсақ, басты келісім болмайынша Иранның кемелердің жүзуіне қойған бөгетінің құқықтық негіздемесі басы ашық мәселе болып қала береді.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар