Қордай: тоналған дүнгендер сотталуы мүмкін

cover

Қордай ауданындағы орын алған жаппай тәртіпсіздік оқиғасын Таразда қарап жатқан сот аяқталуға жақын. Шабуылға ұшыраған дүнген ауылдарының 14 тұрғыны мен оларға қысастық жасаған 37 адамға байланысты сот шешімі келесі аптада шығады, ал әзірге сот ақырғы шешімді ақылдасуға кетті. Мемлекеттік айыптаушы күдіктілерді екі жылдан 18 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.


Масаншы мен Сортөбелік жеті тұрғынның қорғаушысы Болат Омаров Orda.kz –тің бас редакторы Гүлнәр Бажкенованың сұрақтарына жауап беруге келісті.


— Болат Балкенұлы, сіз қорғауңыздағы адамдарға қандай кінә тағылып отыр?


— Мен қорғап отырған 7 адам Масаншы, Сортөбе және Бұлан батыр ауылдарының тұрғындары Қылмысты істер Кодексінің 272 бабының 2 бөліміндегі жаппай тәртіпсіздікке қатысушы ретінде айыпталды.


— Бұлар сол шабуылға тап болған ауылдардың тұрғындары емес пе? Сот олардың қорғануға мәжбүр болғанын ескермей ме?


— Бұл дүнген жігіттері орын алған қайғылы оқиғаның ұйымдастырушылары емес, олар ешкімге шабуыл жасаған жоқ, ешкімді өлтірген жоқ, олар тек жаппай тәртіпсіздік кезінде өз ауылын қорғауға мәжбүр болғандар. Ішкі істер қызметі туралы Заңның бірінші бабында көрсетілгендей, полиция қызметкерлері тәртіп сақтап, азаматтарды қорғауы керек. Ал біздің полицияның күші жергілікті тұрғындарды қорғауға жетпей жатты.

Сондықтан жергілікті тұрғындар өз өмірі мен денсаулығын қатерге тігіп, шабуылдан қорғануға мәжбүр болды. Себебі ауылдағы тәртіпсіздік тудырғандар тұрғындарды таспен атқылап, оқ атып, ашық соғыс жағдайы орнады деуге де болады. Мен бұл туралы сотта ашық айтып, осы жағдайды ескеруді өтіндім.


— Алайда, прокурордың айыптау сөзінде бұл туралы айтылмады ғой. Қорғануға мәжбүр болғандар үшін прокурор неліктен екі жылдан он бес жылға дейін бостандықтан айыруды сұрап отыр?


— Мен айыптаулардың нақты мерзімін айтудан аулақпын. Сот қазақ тілінде өтті. Байланыс сапасы өте нашар болды, кейбір сөздер естілмей жатты. Кейбір айыпталушыларға 2 жыл, ал кейбіреулеріне 5-6 жыл, одан да көп мерзім аталып жатты. Прокурордан «менің қорғалушыларыма неге мұндай мерзім сұрайсыз?» деген сұрақ қойдым. Айыптау құжаттарында жазылғандардың көбі шындыққа сәйкес келмейді.

Тергеушілер бұл адамдардың әрекеті заңсыз, полицияға бағынбаған, нәтижесінде бірнеше адам қайтыс болған, бірнеше автомашина мен үй өртенген, бірнеше адам жараланған, деп жазған. Негізінде, айыптау актісінде шабуылдаушы топ жасаған әрекеттерді қорғанушылар жасады деп жазылған.


— Сотталушы топтағылардың Қордайдағы туыстары маған полицияның сөздерін жеткізді. Олар былай деген: сендер өз үйлеріңді қорғауға қақыларың бар, бірақ далаға ары қарай шықпаңдар. Шықсаңдар – жаппай тәртіпсіздіктерге қатыстарың бар болып есептеледі, деп ескерткен.


— Бұл дегенің ойға қонымсыз дүние ғой. Жарты Масаншыны өртегендер сенің үйіңе де сол мақсатпен келе жатса - сен қалай қарап отырасың? Үйіңде бала-шағаң бар, отбасың бар дегендей. Бұлар Сортөбе ауылдық округіне қарайды. Егер олар Сортөбеге барғанда жағдай күрделене түсер еді. Ауыл көшесіне келгендер бірнеше үйді өртеп жіберді. Егер оларға жергілікті тұрғындар қарсы шықпағанда өртелген үйлердің саны, өлген адамның саны да бұдан да көп болар ма еді.


сурет: HOLA News


— Сіз неге Бұлар батыр мен Сортөбе туралы айтып кеттіңіз? Сотталушы дүнгендердің көпшілігі сол жерде шабуылшылардың жолын бөгегендер емес пе? Масаншыда қарсылықтар аз болғаны ма сонда?


Масаншыдан жауапқа екі адам ғана тартылды. Қалған 12 адам –дүнгендер, Бұлар батырға баратын жолға шығып Бұлар ауылы мен Сортөбеге шабуылшыларды жібермеуге әрекет жасағандар.


— Айтқыңыз келгені, бұлар осылайша етпегенде адам өлімі көп болар еді дейсіз бе?


- Ия, дәл солай дер едім. Өйткені, Бұлар батыр ауылының тек шеткі үйлері шабуылданды, ары қарай оларды жібермеді. Егер ауылдың ішіне кіргенде Масаншы ауылы сияқты болар еді. Ал Сортөбе ауылына барар жолды түнімен күзеткендердің арқасында ауылдағы үйлер өрттен аман қалды. Енді келіп ауылын қорғаған жігіттерді қамауға алды. Олардың барлығы бұрын сотталмаған, бірінші рет қамалып отырған заңды мойындайтын адамдар. Олардың бірі 4 күн карцерде отырып, өзіне ешқандай жеңілдік сұрамаған. Ол түрме заңын осылай болар деп қабылдаған.


—Сіздің айтып отырған адамдарыңыз, тура халық жасақшылары деуге болады. Бұл ретте азаматтық соғыстың да хабары шығып тұрғандай. Біздің мемлекетіміз өздерін қорғаған дүнгендерді шабуыл жасағандармен қатар жауапқа тартуы арқылы азаматтарға: өздеріңді қорғамаңдар, оны сендер үшін біз жасаймыз – деген жолдау жіберіп отырғандай.


Ия, азаматтарды полиция қорғауы тиіс. Егер сол күні полиция өз міндетін толығымен атқара алғанда, біздің азаматтар қорғануға шығар ма еді? Полицияның күші сол күні азаматтарды қорғауға жеткіліксіз болды. Өмір мен өлім қатар тұрған жағдайда полиция өз міндеттерін дұрыстап атқара алмады. Масаншыдағы шабуылдардан кісі өлімі болып жатқаны әлеуметтік желілерге тарап жатты. Бұдан кейін қорғануға барлық тұрғындар мәжбүр болды.

Алдымен шабуыл Масаншыда болды. Сағат 19-00 Масаншы өртеніп жатты. Сол кезде полицияның жайбарақат жүргендері кадрлерден көрініп тұрды. Олар ештеңе жасай алмады.

—Сортөбенің бұрынғы әкімі маған төрт сағат бойы 19-00ден 23-00-ке дейін көмектесуге ешқандай күш келмегенін айтты.


Сағат 23-00ке қарай СОБР-дың 30 шақты әскері Тараздан келіп жетті. Шабуылшылардың саны әртүрлі деректер бойынша 5 мың адамға тарта болған. 30 адам бұл күшке қалай қарсы тұра алады? Соншама топты қалай күштеп ұстауға болады? Осының бәрі сотта айтылды, куәлер бар осыны көрген.


— Бұлар батыр ауылының тұрғындары «собр» әскеріне алғыстарын білдіріп жатқандарын мен сол жерден репортаж жасауға барғанымда өз көзіммен көрдім. Олар балалар мен әйелдерді қауіпсіз жерге апарып, паналатып жатты. Жергілікті тұрғындардың бірі «бірақ «собр» әскері кете салысымен олар менің үйіме басып кірді» –деді.


Полиция мен «собр» тобы шабуылдаушыларды шамасы келгенше ұстап тұрды. Олар да ашулы топтың кесірінен өмірлерін қатерге тіккені рас еді. Олар болмағанда, кім білсін, жағдай бұдан да ауыр болар ма еді?


—Масаншыдағы оқиғаға байланысты екі адам ғана айыпталып отыр. Осының себебін тергеушілер түсіндірді ме?


Тергеушілер қандай жағдайларды ескеріп, оларды айыптап отырғаны белгісіз. Масаншыны қорғағандар ішінен осы екеуі ғана айыпталуда. Изоляторға отырғызылған бірі –осылай болуы керек шығар, мәселені анықтаған соң жіберер – деген ойда болған. Ол сол күні Ресейден келген. Сонда жұмыс істеп, Бішкекке келген соң таксимен Бұлар батырдағы ауылына жеткен. Ал Масаншыдағы ата-анасының үйі ауылдың шетіне орналасқан.

Ең бірінші өртелген үй – сол үй болған сағат 18-00. Үйім деп келгенде үйі өртеніп жатқан адам не істейді? Өрт сөндіруге кіріскен оған су жетпейді – бұл біріншіден. Екіншіден, көшедегі су торабына жүгіріп келгенде ол жерде үш полицей жасырынып тұрған.

Бұл жерде неғып тұрсыңдар, үй өртеніп, адамдарды өлтіріп жатыр – деп ызаланған ол, шарасыздықтан жерге тас лақтырады. Ал полицейлер болса бәрі тынышталған кезде «бізге дауыс көтерді» деп, оның үстінен іс қозғаған. Мен соттан оны ақтауын өтіндім.

Ал прокурор алты жылға қамауды ұсынған Шинху Юсупқа келер болсақ, ол анасы мен әйелін, бала-шағасын қырғыз шекарасына жеткізген. Арғы жақта, көптеген дүнгендер сияқты, оның да туыстары тұрады. Оларды шекарадан өткізіп салған соң үйіне қайтады. Бұл кезде телефонға үйлерді өртеп, адамдарды өлтіріп жатыр деген хабар келеді. Үйде тыныш отыра алмаған ол қолына тіркелген мылтығын алып көшеге шығады. Топырлаған тобырға ескерту ретінде үш рет аспанға мылтық атады. Тобырды тоқтатады. Ол осы ауылдағы жоғары білімді екі дипломды бірден бір маман екен.

Топырлаған тобырдан біреу шығып, оның қолындағы мылтығын тартып алады. Мылтық сол бойы жоғалып кетеді. Бұдан кейін оның қасына ауылдың әкімі Ілияс Буларов (қазір ол депутат) бірнеше әскери адамдармен келіп, оған «үйіңе қайт!»деп кеңес береді. Сол кеңеске бас иген ол үйіне қайтады. Бірақ сол кезде Масаншыдағы тәртіпсіздік енді ғана басталған болатын.


Бірнеше күн өткен соң ол мылтығының көшеде біреу қолынан тартып алып кеткенін еске түсіреді. Мына дүрбелеңде оны қайдан таппақ? Сондықтан ол полицияға «мылтығым ұрланды» деген арыз жазады. Бірақ кейін ол арызды «ұрланды» деп жазғаны өтірік екенін сотта мойындады. Алайда оны айыптаған заң бабы жалған айту және жаппай тәртіпсіздікке қатысу болып өзгертілді. Өтірік айту сияқты қылмыс Қылмыс туралы заңның 65 бабының бірінші бөлімінде «айыпты өз кінәсін мойындаса қылмысты жауапкершіліктен босатылады» делінген.

Сондықтан мен соттан оны жалған айту айыбы бойынша жауапкершіліктен босатуын сұрадым. Өйткені оный жалған айтуы өзінен басқа ешкімге зиян келтірген жоқ. Сот төрелігінің жаңа тәжірибесінде мұндай ақталу оқиғалары кездесіп тұрады. Мысалы, кеден саласының бір басшысы өзінің миллион доллар пара алғанын мойындаған соң ол қылмыстық іс жасады деген айыптаудан босатылған болатын.



— Ең ұзақ жылға кететіндер Дархан Абрахимнің өліміне кінәлілер бола ма?



Ия, оның өліміне кінәлі ретінде бес дүнген айыпты деп танылуда. Мен өлген азаматтың отбасына көңіл айтамын. Кәрі ата-анасы, әйелі мен бала-шағасы асыраушысынан айрылып отыр. Бірақ мәселенің ақ қарасын сот айыру керек. Болған жағдай белгілі, тергеу ісі оны анықтаған, сотта айтылған, бірақ, анық-қанығы әлі айтылмай жатыр. Сол түні Дархан 70 шақырым жердегі Масаншыға достарымен бірге барған.

Достарының айтуынша, оларды Масаншыға баруға Дархан шақырған. Неге барғаны туралы достары сотта «көру үшін бардық» деген. Мен олардан «нені көру үшін бардыңдар, өрт пен өлімді көруге ме?» -деп сұрадым.

Олар келген соң машиналарын бір жерге қойған. Шуылдап жүрген топтың ішінде олар бір бірінен көз жазып қалған. Бір кезде Дархан машинасына отырып, бар жылдамдықпен дүнгендер арасына қойып кетеді. Екі адамды тірідей басып кетеді. Одан кейін май құятын жерге соғылады. Осы жерде Дарханды бес адам өлімші етіп соққыға жығады. Олардың ішінен өз кінәсін тек біреуі ғана мойындап отыр. Оның айтуынша, тура көз алдында Дархан оның туған ағасын өлтірген. Сол себептен мен жерде өлімші болып қимылсыз жатқан Дарханның басынан тептім бірнеше рет, егер мен оның өліміне себепші болсам, мені жазаласын - дейді.

Ол Дарханды тепкенін мойнына алып отыр. Ал қалған төртеуіне келер болсақ, олардың сөздері мен істерінде алшақтық бар. Солардың біреуін оның орысша нашар білетіндігін пайдаланып істі еткен. Бейнекөріністе ол адамның мүлде басқа май құятын жерде ақсаңдап жүргені көрсетіледі. Ол жарақат алған адам екені көрініп тұр. Куәлердің бірі Кимуров Исламның басқа май құю стансасында жүргенін растайды.

Мен оның отбасыммен болдым. Мәселе тіл білмеуде емес. Ислам Кимуровқа «ақыл-есі кем» деген диагноз қойылып, ол корреляциялық мектепте оқыған. Сондықтан да ол барлық сұрақтарға, тіпті кісі өлімі туралы да «ия» деп жауап беруі мүмкін дейді оның туыстары.


Бұл төртеуінің де кісі өліміне қатысы жоқ. Мүмкін, ол жерде бір топ адам қатысқан шығар. Бірақ оларды таба алмаған соң, мына төртеуін қылмысқа қатысы бар деп айыптылар қатарына қоса салған.

Барлық күдіктілерді тергеу кезінде қатты соққыға жыққан. Оларға «кіналарыңды мойындамасаңдар бұдан да жаман болады» деп, ешуақытта істемеген істерін мойындату мақсатында камералардағы қылмыскерлерге соқтырып, қылғындырған.

Мен мұны айтып отырған себебім, осының бәрі сот барысында айтылып, дәлелденді. Сот бұл мәселеге байланысты жеке сот анықтамасын жасады. Тергеудің атүсті жасалатынын біз о бастан –ақ сезген болатынбыз. Солай болып шықты да. Тергеу барысындағы ұрып-соғу фактілері «дәледенбеуі де мүмкін»…


— Мен сөйлескен бірнеше полицей қызметкерлері, «еш құралға жазылмайды» деген шартпен сол күнгі оқиғалар туралы айтқанда шабуылдағандардың көпшілігі мас болған –дейді. Бұл сотта дәлелденді ме?



Жүз процент болмаса да, күдіктенуге болады. Түсірілген бейнекадрлерде адамдардың ерекше қызуқандылығы тектен-тек емес шығар деуге болады.


— Мен кездескен қайтыс болған қазақ тілі мұғалімінің туыстары айтқандай, оның өліміне үш адам кінәлі деп айыпталуда. Оны атқандардың бірі мылтықты Қордайдағы біреуге Алматыдан беріп жібергенін айтады. Ол үшеуі де бір-бірімен таныс емес. Сот барысында осының бәрі біреудің ұйымдастыруымен болған оқиға екені туралы ой келген жоқ па сізге?


Бұл іс ұйымдастырылған іс деуге болады. Өйткені, адамдарға қару үлестірілген. Сотта бұл туралы айтылғанмен, бүркемеленген түрде болды. Сондықтан мен ол сөздерге түсініктеме бере алмаймын. Адам өлімі орын алған жағдайда кім кінәлі болса – сол жазалануы тиіс.


— Сіз өздерін қорғаған дүнгендерді айыптап жатқан соттың ісін түсінбеймін дейсіз. Ал шабуылдағандар туралы не айтар едіңіз?


Шабуылдағандардың саны 5 мыңға жуық деп жатқанмен, сотқа тартылғандары – 37 болып тұр. Оның 32 –і Қордай ауданының тұрғындары. Ал Шымкенттен, Қызылорда мен Талдықорғаннан келгендер тергеуге ілікпей қалды.

Бас прокуратура басқарған тергеу шекара аймағындағы ауылдарға еш кедергісіз келіп, еш кедергісіз шығып жатқандарды іздеуге бас ауыртқысы келмеді. Оның есесіне, барлық құқық қорғаушылардың күшін өзін қорғауға мәжбүр болғандарға бағыттады.


— Мүмкін, сол 37 адам өзгелерден ерекше жаман болған шығар?Бастаушы солар шығар? Әлде, кездейсоқ ұсталды ма?



Ол жағын білмедім. Мен де сұрақ қойдым, біреулерді ұстап, ал екіншілері қандай себептермен жіберіліп жатыр деген. Сотта дүнгендерге түрмеде жасалған ұрып-соғулар туралы айтылды. Түсінгенім, тергеумен ауыз жаласып, өз таныстарын ұстап беріп жатқандар – босатылады. Ұстап бермегендер – сотталады.


— Соған қарағанда, біздің құқық қорғаушыларда жаппай тәртіпсіздік жағдайында тергеу жүргізудің оң әдістері жоқ деп түсінеміз бе?


Мен - прокуратураның бұрынғы қызметкерімін. Екі рет кәсібімді жетілдіру курстарынан өткенмін. КСРО-да кәсіпті жоғарылатудың үш институты болды: Мәскеуде, Харьковта, Ленинградта. Ол жерде барлық қылмысты іс түрлері бойынша оларды ашудың әдістері үйретілді. Бәрі жүйелі түрде анықталатын. Сол жүйеге сүйене отырып жасалған зерттеу-тергеулерің оң нәтижелі болып шығатын. КСРО құлаған соң ол тәжірибе келмеске кетті. Қазіргі тәжірибелер бұрынғыларға қарағанда әлсіз. Оның нәтижесін өзіміз көріп жүрміз.


— Сіз барлық сот мәжілістеріне қатысып жүрсіз бе?


Иә, сот 3 желтоқсанда басталған болатын. Сол күннен бастап бүгінге дейін мен Тараздамын. Алматыға ғана бір рет барып келуге тура келді – көзімді жоспарлы емдетуге. Қазір үйге қайтып келдім. Енді тек сот шешімін күтудеміз.


— Сот қандай жағдайда өтіп жатты?


Сот түрменің биік қақпасының аржағында өтті. Ең бірінші күннен-ақ кедергілер болды. Тергеу изоляторы қараған көше жақты жауып тастады. Сотқа қатысу тізім арқылы өтті. Портфельдерімізді аэропорттағыдай рентгенмен тексерді, температурамызды өлшеді, қайтадан портфелімізді тексерді, өзімізді әбден тінтті. Бұл енді шектен тыс әрекет болды. Адвокаттар туралы заңда адвокаттың портфелін тінтуге тыйым салынғанымен, мұнда ол заң сақталынбады. Бізге диктофон пайдалануға да, жазуға да рұқсат етілмеді. Менің талаптарыма судья «біз режимдегі мекемеде отырмыз, сондықтан сол мекеменің ережелеріне бағынуымыз керек» – деді.

Мен оған қарсылық білдірдім, «біз түрмеге емес, соттың мәжілісіне келдік, сондықтан мұнда түрменің ережесі емес, сот туралы заңға сәйкес жұмыс істеуіміз керек» дегеніме құлақ асқан ешкім болмады. Сонымен мәжіліс соттың заңына сәйкес емес, түрменің заңына сәйкес өтіп жатты.

Бізге көптеген тыйымдар мен шектеулер қойылды. Тіпті қорғаушы ретінде өз клиентіңмен сөйлесу де шектелді. Сот СИЗОда өтіп жатқандықтан өз клиентіммен сұбхаттасу үшін кезекке тұруға мәжбүр болдым. Судья ол кездесуді сот мәжілісінен кейін, яғни, кешкі сағат 18-30дан кейін өткізуге кеңес берді. Ал кездесу уақыты сағат 19-00 бітеді. Телефон арқылы сөйлесеміз. Тыңдаулар бола ма, әңгімеміз жазылып жатуы да мүмкін. Ешкім оған кепілдік беріп жатқан жоқ.


— Соттың соңғы мәжілісінде дүнген ауылдарын қорғаушылар не деді, шабуыл жасаушылар не деді?


Дүнгендер қызуқандылық, шешендік көрсетіп сөйледі. Олар соттан өздерінің тағдырларына әділдікпен қарауын өтінді. Рамазан айында шығарылатын сот шешімі әділ болатынына сенім білдіріп жатты. Бір аспан астында өмір сүріп жатқандықтан бір - бірімізге кешіріммен қарайық деген тілектер де айтылды.

Ал шабуылдаушылар, керісінше, көпсөзділікке бой ұрған жоқ. Алғашқы сөйлеуші «не айтарымды білмеймін» десе, екіншісі «жасаған қылықтарыма кешірім сұраймын» деумен шектелді.


— Судья сіздің ойыңызша, соңғы шешімін қай кезде шығарады?



Шамалап айтсам, осы аптада жариялайтын шығар. Бірақ менің ойымша, мұндай өте күрделі мәселеге шешімді асықпай, уақыт бөліп шығарған дұрыс болар еді.


— Мен Қордай ауылдарына оқиғаның үшінші күні жеттім. Сол жерде екі күн болдым. Репортаж жасадым. Кейін де бірнеше рет бардым сол жерлерге. Менің репортаждарымда айтылған жайлар, жан-жақтан қалай ұрсып жатса да, тергеу мен сот кезінде расталып жатты. Ең алғашқы күннен бастап, менің ойымша, бұл өздігінен болған оқиға емес, әдейі ұйымдастырылған оқиға. Осы ойымның растығын тергеу де, сот мәжілістері де дәлелдеді.


Бұл мәселеге келгенде, мен абайлауым керек - деп ойлаймын. Мен бұл оқиғаға саяси баға бере алмаймын. Бірақ дүнгендер өздерін қорғауға мәжбүр болды дей аламын. Дегенмен, мына фактілерге назар салсақ, шекара аймағында орналасқан ауылдарға 7 ақпаннан 8 ақпанға қараған түні бойы шекара бекетінен кедергісіз қару-жарақпен қалай өтуге болады? Олар неге тексерілмей өткізілген?


— Мен де жыл бойы осы сіз қойған сұрақтарды өз материалдарымда көтерген болатынмын.


Мен үшін бұл беймәлім мәселе. Шекаралық аймаққа қарулы топтың еш кедергісіз өтуіне қарағанда, ұйымдастырылған оқиға деуге де болады. Сотталушылардың бірі сотта «Қарасу шекаралық постынан өткенде ол жерде полиция қызметкерлерімен қоса шекара қызметкерлерінің де болғанын, солардың бірі «өтіңдер, сендердің төрт сағат уақыттарың бар, сол жақта машиналарыңның нөмірін алып тастаңдар» дегенін айтты.


— Маған да сол түні Масаншыда болған оқиға туралы айтқан адам "Сендердің үш сағат уақыттарың бар, кейін ешкімге кінә қоймаңдар" деген сөздерді шекара постында естігенін айтты. Енді, міне, сотта басқа адамдар сол сөздерді растап отыр. Прокурорлар мен сот қай сөздерге сеніп отыр? Мүмкін, сол фактілерді тексеруді талап еткен болар? Мүмкін, судья осыған байланысты жеке сот анықтамасын шығарған болар?


Жоқ. Оларды тек тыңдап қана қойды. Тағы бір куәгер олар посттан өткен кезде «тез жетіңдер, қазақтарға көмектесіңдер!» деген тілектер айтылып, машиналарды тоналған заттармен кері қайтқан кезде ешбір тоқтаусыз өткізгенін баяндады. Жергілікті дүнген өсіріп отырған аса бағалы сәйгүліктердің де посттан ешбір тоқтаусыз өткізілгені айтылды.


— Осының бәрі сотта айтылып, куәгерлер мақұлдаған сөздер ме?


Ия, мұны постта тұрғандар да жоққа шығарып отырған жоқ. Постта тұрғандар машиналарды өткізбеу туралы нұсқау-бұйрық болмағанын жеткізді.


— Сонымен, сіз күткен сот шешімі қандай болмақ?


Мен бұған дейін де сот мәжілістерінде айтқанымдай, сот шешімінде «ауыл тұрғындарының әрекеттері бейбастыққа әкеліп соқты» деген сөздер жазылса – біз үндемей қалмаймыз. Біз онда Жоғарғы сотқа дейін барамыз.

Президент Тоқаев соттармен өткізген мәжілісте соттарды құқық қорғаушы органдардың жетегінде жүрмеуге шақырғанын ескергеніміз жөн. Жоғарғы соттың өкілі де сол мәжілісте сот шешімдерінде айыптауларға көп орын беріліп жататынын мойындаған болатын. Мен де сотты тергеудің жетегінде кетпей, мәселеге объективті баға беруін сұраған болатынмын.


— Сот қазақ тілінде өткені белгілі. Дүнгендерге бұл қиындық тудырған жоқ па?


Сотталушылар аудармашылармен қамтамасыз етілді. Аударма синхронды түрде орыс тіліне аударылып тұрды. Бұл жағына келгенде бәрі орнымен жүрді.


сурет: HOLA News


— Сізді дүнгендердің қорғаушысы болдың - деп кінәлауі мүмкін. Оған қалай, қобалжымайсыз ба?


Жоқ. Мен қайта дүнгендердің қорғаушысы болып, оларға көмектесе алатыныма қуанамын. Біз, қазақтар, мемлекетті құрушы халықпыз ғой. Сондықтан, біз өзге ұлттардың қорғалуына жауаптымыз.


Аударған: Баян Таңатарова

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар