Қордай ісі: ата-аналар Сапарбаевтың сөзіне алданғанын айтады

cover

Күні кеше ғана сот үкімі шыққан Қордай ісіне байланысты айыпталушылардың ата-аналары мен туған-туыстарының айтар шағымы көп. Сондықтан да түрмеге қамалған азаматтардың адвокаттары қайта шағым түсіретінін, себебі соттың әділетсіз өткенін айтып жатыр.

Тіпті кей ата-аналар жергілікті билік өкілдері өздерін алдағанын ашына айтуда. Ата-аналардың жанайқайына қарап Қордай ісінде қордаланып қалған мәселе көп екенін байқауға болады.

Сапар Бейсеханұлы

Нақтырақ айтақ, 5 жылға сотталған Азамат Сүлеев, Мақсат Шарабас және Сапар Әлиевтің ата-анасы өздерін жергілікті билік алдағанын ескертті. Сапар Бейсеханұлының анасы Зеркүл Әлиева прокурор мен адвокаттың айласының «құрбаны» болғанын айтады.

- Олар «Бір-екі тас лақтырдым» деп мойындаса шартты жазамен бостандыққа шығады - деп бізді алдады. Біз осы сөзге сеніп Skype арқылы Сапармен сөйлескенде «Балам, айналып кетейін. Бір жыл отырды деп сені ешкім ақтамайды. «Бір-екі тас лақтырдым» деп айта салшы» дедім. Баламның еш жазығы жоқ. Тек бір жиналыста сөйлеген сөзі үшін жазықты болып отыр.

Бұрынғы аудан әкімі Болатбек Байтөле мен прокурор Ашимовтың алдында сөйлеп, жергілікті биліктің жұмысын сынаған екен. Оларға Сапардың сол сөзі өтіп кетті. Шалдабардың 8 адамының 5-еуі жоқ, неге оларды заң органдары жазаламайды? Менің балам жиналыста «Неге біздің ауылдың мәселесі Қордайдан асып, облысқа жетпейді» деп айтқан. Осы сынды көтере алмай жергілікті билік баламды «Үй өртеді, тас лақтырды» деп әдейі ұстап беріп отыр. Шын мәнісінде, балам Қордайдағы қақтығысқа бармаған. Себебі қақтығыс орнына барғанын дәлелдейтін бірде-бір видео жоқ. Экспертизаның бәрі таза бола тұра олар менің баламды қамап тастады.

Бір қызығы Қордайда оқ атқандар шартты жазамен босап шықты да, менің балам жиналыста айтқан бір сөзі үшін бес жылға сотталып отыр. Ол жиналыста менің балам ғана емес, қарияларға дейін «Бұл іс неге ауданнан асып облысқа жетпейді» деп сөйлеген еді», – дейді ашынған ана.

Зеркүл Әлиеваның айтуынша, жергілікті билік бірнеше рет жиналыс жасап, бұқаралық ақпарат құралдарына шағымданбауын талап еткен. Күдіктілердің ата-аналары «Баламызға зияны тиіп кетеді» деп ешкімге бармағанын жеткізді.

- Мұның бәріне кінәлі аудан әкімі Рүстем Дәулет пен Қаракемер ауылының әкімі Жұлдызбек Бақаев. Олар әр жиналыс сайын «Балаларыңыз кінәсін мойындаса жазасы жеңілдейді және еш жерге шағымданбаңыздар» деп айтып отырды. Мен «Ютубқа шығып мән-жайды түсіндірейінші. Көмектесіңдерші» деп айтқанда олар мені бұқаралық ақпарат құралдарына шығармай қойған.

«Балаларыңыз шартты жазамен босап шығады. Журналистер мен белсенділерге шықпаңыздар. Егер дауласа беретін болсаңыздар балаларыңызға зияны тиеді» деп жүріп ақыр аяғында Сапарды бес жылға қамап қойды. Сондай-ақ олар Сапарбаевтың «Балалар бой бермей отыр. Кінәларын мойындаса, жазасы жеңіл болады» деп айтқанын жеткізген. Жеңіл жазасы осы болса ауыры қалай болады?

Бізге әр жиналыста осылай түсіндіретін. Сосын мен баламмен Skype арқылы сөйлескенде «Балам бір-екі тас лақтырдым деп айта салшы» деп өз баламды өзім ұстап бердім. «Мама мен қалай істемеген ісімді мойныма аламын» деп айтқанда «Мен үшін айта салшы. Шығарамыз деп әр жиналыс ашқан сайын айтып жатыр» деп жалындым. Осылай деп айтшы деп өз баламның обалына қалып отырмын. Мен сот үкімімен келіспеймін», – дейді ол.

Азамат Сүлеев

«Жергіліктің биліктің өтірігіне алдандым» дегендердің бірі Азамат Сүлеевтің анасы Бейсехан Төреева. Жалғызбасты ана өздерін Таразға «Балаларың шартты жазамен бостандыққа шығады» деп алып келгенін айтады.

Бейсехан Төреева

- Ешқандай куәгерсіз баламды жазықсыз 5 жылға соттап жіберді. Баламды тектен-текке қамағанына риза емеспін, келіспеймін. Азаматтың денсаулығы да жоқ. Баламызбен кездесуге кірген кезде «Ұлыңызға жақсылап түсіндіріңіз. «Бір-екі тас лақтырғаным рас. Кешіріңіздер» деп айтса жазалары жеңілдейді» деп айтыңыздар деді. Бұл сөздерді баламмен кездескенде айттым. «Айналайын алтыным, мен үшін кешірім сұрап құтылшы» деп жалынғанда «Жоқ, олай айта алмаймын» деп келіспеген. Алайда күштеп айтқызып қамап тастап отыр.

Дәрігерлер инсулинді көп мөлшерде салып, бірнеше қорап дәріні ішіп әзер дегенде ауылға кетіп бара жатырмын. Ауылға барып демалып, ес жиып алған соң қарсы шағым түсіруге дайындаламыз. Шын мәнісінде, Қордай қақтысына кінәлі балалар еркіндікте жүр. Қара джип көлігімен маска киіп келіп көше аралап кеткен балалар туралы неге айтпайды, неге оларды кінәламайды? Біз секілді қарапайым отбасылардың балаларын ұстап, түрмеге қамап тастады», – дейді Бейсехан Төрева.

Жергілікті билік айыпталушылардың ата-аналары мен туған-туыстарына қатты қысым жасаған көрінеді. Өйткені іс тергеліп жатқанда оларды журналистер мен қоғам белсенділерімен кездесуіне тыйым салған. Сондай-ақ ашынған аналар өздерін арнайы автобусқа отырғызып, ешкіммен жолықтырмай Қордай ауданына алып бара жатқанын айтты.

«Кризис менеджер» деген атағы бар Бердібек Сапарбаев Қордай ісін ың-шыңсыз шешкісі келген тәрізді. Бірақ алданған ата-аналардың көз жасы мен бұлқынған әрекеті жергілікті биліктің қулығын бәрібір әшкере етеді емес пе?

Серік Құдайбергенұлы, Тараз

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар