Орамалды оқушының ата-анасы әнұран қосқаны үшін ұстазды жылатқан

cover

Ақтөбеде орамалды оқушылар баратын «Құнан» жеке мектеп-лицейінің директоры білім ордасындағы жағдай туралы айтты. Ол баласының әнұран айтқанын қаламайтын ата-аналардың мұғалімді жылатқан кездері болғанын да жасырған жоқ. Мектепте қызының ән сабағында ән айтқанын немесе сурет сабағында жанды нәрсенің суретін салғанын қаламайтын ата-аналар да аз емес.

Бұл туралы Orda.kz хабарлады.

Ақтөбе қаласы Әйтеке би көшесінде орналасқан «Құнан» мектеп-лицейі 2015 жылдан бастап жұмыс істеп тұр. 2019 жылдан бастап бұл мектепке «орамалды оқушылар» қабылданады. Қазір мұнда 395 бала білім алып жатыр. Орыс сыныптарында 10 ер бала оқиды.

Мектеп әкімшілігінің айтуынша, бұл ер балалар мектеп ашылғалы осында оқиды. Екінші тоқсаннан бастап ұлдар басқа мектепке ауыстырылады. Сонда тек қыз балалар қалады.

Дін жолындағы мектеп

«Құнан» мектеп-лицейінің директоры Молдашева Айгүл Қабиқызы университет жанынан ашылған 5 қабатты мектеп ғимаратын аралап шықты.

- «Орамал таққан қыздар» деп неге айтатынын білмеймін. Көшеде орамалды кез келген кісі тағып жүр. Біздің мектепте оқушыларымыз сабақ үстінде орамал тақпайды. Олар тек мектептің бірінші қабатында орамалмен жүреді. Себебі ол жерде университеттің студенттері, күзетші ер адамдар болады.

Бірінші қабатта мектептен тыс үйірмелер бар. Білім беру жүйесі ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен мемлекеттік талапқа сай. Үкімет заңдары бәрімізге ортақ. Ешқандай ерекшелік жоқ. Жеке мектеп болғаннан кейін аяқ басқаннан ақылы. Өткен жылдың ақпан айынан бері мемлекеттік тапсырыс алып отырмыз. Өткен жылы ақпан мен мамыр айлары аралығында балалар ақысыз оқыды. Биыл тағы мемлекеттің қаржыландыруын күтіп отырмыз, -дейді мектеп басшысы Айгүл Молдашева.

Мұғалімдер де дін жолына түскен

Мектеп басшысының айтуынша, ата-аналардың 80 пайызы дін жолында. Мектептегі 40 мұғалімнің жүз пайызы әйел адамдар. Оның ішінде он мұғалім орамал тағады.

- Мен өзім намаз оқымаймын. Бірақ осы мектепке келгелі көп нәрсеге көзім ашылды. Исламның бір ғана бағыты болады деп ойлаушы едім. Бірнеше тармағы, жолдары да көп екен. Соған байланысты түрлі қиындыққа кездесіп отырамыз. Күнбе-күн десек болады. Ол қандай да бір асыра сілтеушілік немесе жасырып қалатын нәрсе емес. Ол қоғамның проблемасы. Түрлі қиындық бар. Мәселен, әнұранға қатысты.

Ең бірінші оқу жылы соңғы қоңырауда «әнұран қосылады» дегенде қарсы шыққан ата-аналар болды. Қарсы болса шараға қатыспауға, мүлде қарсы болса мектеп ауыстыруға болатынын айттық. Арпалысып жүріп соңғы қоңырау мерекесін өткіздік. Жүрекке қолымызды қойып тұрып, әнұран айттық. Сол кезде тайға таңба басқандай білініп тұрды. Әнұранды құлшына айтып тұрғандар да, тістеніп тұрғандар да болды.

Биылғы оқу жылында алғашқы қоңырау бірінші сынып оқушыларына арналды. Бірінші сыныпқа 60 бала қабылдадық. Одан екі есе ата-ана жиналды. Ана жерде айқай болмасын деп күні бұрын шара кезінде әнұран айтылады, оқушылар ұстаз, әліппе туралы ән айтады деп ескерттік. Қарсы болғандар өлеңге шыққан жоқ. Бірақ келді, тұрды. Видеомыз бар, инстаграмға жүктеп қойдық. Ол жерде бәрі орамал тартып тұрды, - дейді мектеп директоры.

Жекеменшік мектеп мемлекеттік стандартқа бағына ма?

Мектептегі қолөнер үйірмесіне қырық шақты қыз бала қатысса, 150 оқушы сабақтан тыс уақытта мектеп ішінде ағылшын тілін үйрету курсына барады. Биыл енгізілген арнайы мектеп формасы көгілдір изумруд түстес.

- Жеке мектеп болсақ та мемлекеттік стандарт сақталған. Ән сабағы, сурет сабағы жүру керек. Оның бәрінде арпалысып отырғанымыз рас. Жанды дүниенің суретін салмай-ақ қойсын, бірақ бағдарлама бойынша сурет сабағы өтеді. Ән айтпай-ақ қойсын ән сабағы өтеді. Ән айтқысы келмейтіндер көп. Тақпақ қылып, жаттап келеді. Жақында бізде үш тілде тіл апталығы болды. Мұғалімдеріміз «ата-ана не дейді, қалай болар екен» деп қиналды. Баланың аты бала. Олар мына жерде сценарий бойынша дайындалады. Үйіне барғаннан кейін «сабақта былай жасадық» десе ата-ана бізге хабарласады, жазады, мына жерге келеді. Бірақ сол апталық әп-әдемі өтті. Ән де айтылды, поэма да оқылды, экранға шыққан видеоны үш тілде талдау жасады. Тамаша өтті. Ата-аналар да соған көнетін секілді.

Қыздарының осы мектепке келетініне риза. Былтырға қарағанда биыл шүкірміз, кәдімгідей төселіп қалды. Өткен жылы соңғы қоңырауда әнұран ойнағаны үшін қанша таяқ жедік. Қаншама мұғалімді жылатып қойды. Ішімізде әнұранның айтылуына қарсы шыққан мұғалімдер де болды. Қазір сол мұғалімдер бала күтімі демалысында отыр. Биыл жеңілдік байқалады. Олардың көзқарасы, ниеті өзгеріп, жібіп келе жатқандай көрінеді, - деді «Құнан» мектебінің директоры.

Жекеменшік мектепте кітап тапшылығы бар

Мектепте кітапхана жоқ. Оқушылар санының өсуіне байланысты биылдан бастап қітап қорын жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектепке келген ата - ана оқулықты өздері сатып алады.

- Қазір оқушы саны көбейді. Ата-аналарымыздың көпшілігі көпбалалы, аз қамтылған отбасылар. Бізде бір үйден 2-3 бала оқитын жағдайлар жиі кездеседі. Қазір оқулық қымбат. Оны алуға көбінің жағдайы келе бермейді. Құрылтайшымыз арқылы бұл қиындықтарды шешу жолдары қаралып жатыр. Дәл бүгінгі күні кітапханашы штаты, кітапхана бөлмесін дайындап қойдық.

Кітап сақталатын сөрелерге тапсырыс берілді. Кітапханасы бар мектеп кітапханашыларынан кітапқа қалай тапсырыс беру жөнінен кеңес алып жатырмыз. Келесі жаңа оқу жылында үкіметтің мектептері секілді оқулықпен қамтылады деген жоспарымыз бар. Қазір оқушыларымыз 80 пайыз оқулықпен отыр.

Сатып алғандары бар. Сонымен қатар, биыл облыстық білім басқармасы басқа мектеп директорларына өтініш жазған. Яғни, басқа мектептен біздің мектепке оқушы ауысқан жағдайда тұрғылықты жерден оқулықпен қамтамасыз ету жұмысы бізге көп көмегін тигізді. Көптеген ата-ана тұрғылықты жерінен оқулықпен қамтылып келді. Оқу жылы біткеннен кейін таза күйінде мектепке қайтарып береміз. Электронды оқулықты қағазға шығарып алғандар бар, - дейді мектеп басшысы.

Мектеп формасы сақтала ма?

Ал облыстық білім басқармасы өңірдегі жалпы білім беретін мектептерде бірыңғай мектеп формасы сақталған дейді.

Қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, ағымдағы оқу жылында орта білім беру ұйымдарына тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар іскерлік, классикалық стильдегі ыңғайлы киіммен баруға рұқсат етілді.

- 2019-2020 оқу жылында «Құнан» жеке меншік мектеп-лицейінде арнайы қыз балаларға арналған сыныптар ашылды. Аталған мектепте де мектеп формасына қойылатын талаптар орындалып отыр, - дейді облыстық білім басқармасының өкілі Гүлдана Бакиева.

Авторы: Ардақ Ерубаева

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар