Назарбаевтың сайлаудағы жеңісі һәм өзі қол қойған заңдар

cover

2011 жылғы 14 желтоқсанда мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңына өзгеріс енгізіп, «1 желтоқсан - Тұңғыш президент күні» болып бекітілді.

Осы орайда Orda.kz Нұрсұлтан Назарбаевтың неше сайлауға қатысқанын және қалай жеңіске жеткенін саралап көрді.

1991 жыл

1991 жылғы 1 желтоқсанда КСРО ыдырағаннан кейін Қазақ КСР-інде ел президентінің алғашқы бүкілхалықтық сайлауы өтті. Онда жалғыз кандидат Нұрсұлтан Назарбаев болды. Ол 98,78 % дауыспен ел президенті атанды.

1991 жылғы 10 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаев ант қабылдап, Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп қайта атау туралы заңға қол қойды. 1991 жылғы 16 желтоқсанда жоғарғы кеңес Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады.

1991 жылғы 1 желтоқсанда Қазақ КСР президенті болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаев 10 желтоқсанда өткен ант беру рәсімінде 91 жастағы ақын Шәкір Әбеновтен дәстүрлі түрде бата алды. 1900 жылы туған ақсақал Алматыдағы Республика сарайының сахнасында тұңғыш президентке батасын берді.

— Негізгі бата – халықтың Нұрсұлтанға берген батасы. Ол өз міндеттерін орындауы керек. Біріншісі – жұмысшылардың, диқаншылардың, малшылардың еңбегін ысырап етпей, дұрыс басқару және бақылау. Екіншісі – халыққа зиян келтіретін зорлаушыларды, қаскүнемдерді аяусыз жазалау, оларды тоқтату. Үшіншісі – әлдеқандай себептермен жіберілген қателік жасаса, халықтан кешірім сұрау керек, - деді Шәкір Әбенов.

Бір жылдан астам уақыт өтті. 1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстанның жоғарғы кеңесі әлі де «Қазақ КСР» атауы қалған, кеңес заманынан бері қолданыста болған бұрынғы Конституцияны алмастырып, жаңа Конституция қабылдады.

1995 жыл

1995 жылғы 9 сәуірде Назарбаевтың өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды.

1995 жылғы 29 сәуірде Қазақстанда президенттік өкілеттікті 2000 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұзарту туралы бүкілхалықтық референдум өтті. Референдум Назарбаевтың жарлығымен құрылған Қазақстан халықтары ассамблеясының бастамасымен болды.

Сайлаушылардың 95,4%-ы президенттік өкілеттікті ұзартуды жақтады.

1995 жылғы 30 тамызда Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл құжат және оған бірнеше рет енгізілген өзгерістер Назарбаевқа жеке және шексіз өкілеттікті қамтамасыз етті.

1999 жыл

1998 жылғы 8 қазанда Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттіктерінің мерзімін қысқартуға және 1999 жылғы 10 қаңтарға кезектен тыс сайлау тағайындауға келісті.

1999 жылғы сайлауды іс жүзінде Қазақстандағы алғашқы балама президенттік сайлау деп атайды. Оған Нұрсұлтан Назарбаевтан басқа Коммунистік партияның көшбасшысы Серікболсын Әбділдин, Кеден комитетінің төрағасы Ғани Қасымов және сенатор Энгельс Ғаббасов қатысты. Сайлау науқаны әр түрлі болды: телеарналар кандидаттарды эфирге шақырды. Олар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы белсенді үгіт жүргізді және сайлаушылармен кездесті.

Ресми мәліметтер бойынша, 1999 жылғы 10 қаңтарда өткен сайлауға сайлаушылардың 87,05 пайызы қатысты.

Ғаббасовқа – 0,8 пайыз, Қасымовқа – 4,6 пайыз, Әбділдинге-11,7 пайыз дауыс берді. Нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев 79,8 пайызбен жеңіске жетті.

2005 жыл

2005 жылдың көктемі мен жазында елде кезекті президент сайлауын өткізу мерзімі туралы пікірталас өрбіді. Сарапшылар мен саясаткерлердің бір бөлігі сайлау 2005 жылдың желтоқсанында – президент Назарбаевтың осы лауазымдағы жеті жылдық мерзімінің аяқталуына бір ай қалғанда, ал екінші бөлігі сайлау 2006 жылдың желтоқсанына тағайындалуы керек деп есептеді.

Қазақстан Конституциясында президенттің кезекті сайлауы желтоқсанның бірінші жексенбісінде өткізілуі тиіс деген норма бар. Осыған байланысты, Назарбаев президент болып сайланғаннан кейін тура жеті жыл өткен соң, 2006 жылғы қаңтарда өткізу мүмкін болмады.

Тамыз айында Қазақстан президенті Конституциялық кеңесіне коллизияны түсіндіру жөнінде өтініш білдірді. Кеңес сайлау 2005 жылдың желтоқсанында өтуі керек деп шешті. Осыдан кейін мәжіліс сайлау өткізу туралы қаулы қабылдап, өтетін күні деп, 4 желтоқсанға тағайындады.

Қазақстан президентінің үшінші жалпыхалықтық кезекті сайлауы өтті. Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 91,15% дауысын жинады. Елбасының бәсекелестері «Әділ Қазақстан үшін» қозғалысының көшбасшысы Жармахан Тұяқбай (6,61%), «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов (1,61%), мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов (0,34%) және «Табиғат» экологиялық ұйымының көшбасшысы Мэлс Елеусізов (0,28%) болды. Сайлауға халықтың 77,1% қатысты.

2007 жылғы 21 мамырда Конституцияға қайтадан өзгерістер енгізілді. Мемлекет басшысының өкілеттік мерзімі бес жылға дейін қысқартылды. Қазақстанның тұңғыш президентіне қатарынан екі реттен артық сайлауға шектеу қоймау туралы түзету қабылданды.

2011 жыл

2010 жылғы маусымда Назарбаевқа Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті — Елбасы мәртебесі ресми түрде бекітілді.

Президенттің кезекті сайлауы 2012 жылы өткізілуі тиіс еді, қоғам қайраткерлері Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту үшін референдум ұсынды. Бастамашыл топ референдум өткізу үшін қол жинауды бастады. Қаңтар айының басында қазақстандықтардың 5 миллионнан астам қол жинағаны хабарланды.

Бұл бастаманы парламент қолдағанымен, президент қабылдамады. Кейінірек бұл ұсыныс конституциялық емес деп танылды — тиісті шешімді Конституциялық кеңес қабылдады.

2011 жылдың 31 қаңтарында Нұрсұлтан Назарбаев мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді ұсынды. 3 ақпанда ол сайлауды 3 сәуірге тағайындау туралы жарлыққа қол қойды.

Президенттік қызметке 22 кандидат өз кандидатураларын ұсынды, олардың 18-і — өзін-өзі ұсынған, үшеуі – саяси партиялардан және біреуі – қоғамдық бірлестіктен үміткер.

Оппозициялық партиялар сайлауды бойкоттауға шақырып, өз кандидаттарын ұсынудан бас тартты.

Нұрсұлтан Назарбаев наурыз айының басында белсенді үгіт-насихат науқанынан бас тартатыны туралы мәлімдеді. Ол сайлау алдындағы пікірсайыстарға қатыспады. Қалған кандидаттар дәстүрлі түрде науқан жүргізді.

Ресми деректер бойынша, 3 сәуірде өткен сайлауға қазақстандықтардың 89,98%-ы қатысты.

Бұл жолы Назарбаевтың(95,55%) қарсыластары болып бұған дейін сайлауға қатысқан Ғани Қасымов (1,94%) пен Мэлс Елеусізов (1,15%), Комунисттік партиядан шыққан Жамбыл Ахметбеков (1,36%) қатысты.

2015 жыл

2015 жылдың 14 ақпанда Қазақстан халқы ассамблеясының кеңесі елде мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізуге шақырды. Кеңес кезекті сайлау өтетін кезде дағдарысқа қарсы шараларға назар аудару қажеттігін негізгі дәлел деп атайды. Сайлауды бір жарым жыл бұрын өткізу күш-жігерді тек күнделікті жұмысқа жұмылдыруға мүмкіндік береді.

25 ақпанда Конституциялық кеңес Конституцияның нормаларын «Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауын жеке-дара тағайындауға айрықша құқығы бар деп түсінген жөн» деп атады. Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мемлекет басшысының шешім қабылдауы кезінде республика конституциясында қандай да бір шарттар мен шектеулер көзделмеген, мұндай сайлауды тағайындау туралы шешім қабылдау кезінде Конституцияның 41-бабының 3-тармағында көзделген Қазақстан президенті сайлауының мерзімі жағынан республика парламентінің жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келуіне жол бермеу туралы ереже есепке алынған.

25 ақпанда ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс сайлауды тағайындау туралы жарлыққа қол қойып, оны 2015 жылғы 26 сәуірге тағайындады. Бұл туралы ол «Хабар» телеарнасына тікелей қосылу барысында өзінің сайлауға қатысуына қатысты шешімді кейінірек қабылдайтынын атап өтті.

11 наурызда Астанада «Нұр Отан» партиясының XVI съезі өтті. Партия өкілдері бірауыздан ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевты кандидат ретінде ұсынды. Сол күні Назарбаев қазақ тілінен емтиханды сәтті тапсырды.

2015 жылғы 26 сәуірде республика президентінің кезектен тыс сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевқа сайлаушылардың 97,75%-ы дауыс берді. Коммунистік халық партиясы орталық комитетінің хатшысы Тұрғын Сыздықов 1,61% дауыс жинады. Өзін-өзі ұсынған, кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов – 0,64% дауысқа ие болды.

Отставка

2019 жылғы 19 наурызда жергілікті уақыт бойынша сағат 19:00-де Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кететінін мәлімдеді. Назарбаев Қазақстанды 1990 жылдан бері басқарды және президенттік сайлауда бес рет жеңіске жетті. Президент міндетін атқарушы ретінде Сенат төрағасы – Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындалды. 2019 жылдың 9 маусымындағы президенттік сайлауда Қасым-Жомарт Кемелұлы жеңіске жетті.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар