Нани мен Мозес ҚПЛ-да: Қазақ футболы жұлдызды ардагерлерден не күтеді?

cover Коллаж: Orda.kz

2026 жыл Қазақстан премьер-лигасы үшін ауқымды өзгерістермен басталды. Биыл «Ақтөбе» Еуропаның топ-5 лигасында өнер көрсеткен Луиш Наниді құрамына қосты. Ал қызылордалық «Қайсар» кезінде «Челси», «Ливерпуль» және «Интер» сапында ойнаған Виктор Мозесті шақырып, көпшіліктің назарын аудартты. Кейбір БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушылары Қазақстанға Еуропа футболында аты шыққан өзге де ойыншылар келуі мүмкін екенін жазып жатыр.

Бұл қазақ футболының жаңа тынысы ма, әлде Қазақстан Сауд Арабиясы мен АҚШ-тың жолын таңдады ма? Orda.kz мәселені саралап көрді.

«Ақтөбе» мен «Қайсардың» шулы трансферлері

Өткен маусым «Ақтөбе» үшін сәтсіз болды. Ұпай саны бойынша семейлік «Елімайға» жол беріп, Конференция лигасынан тыс қалған команда премьер-лигада 5-орынды місе тұтты. Ал биыл клуб 39 жастағы португалиялық жұлдыз Луиш Наниді еркін агент ретінде өз сапына қосты.

«Ақтөбе» клубының жаңа бас директоры болып 2026 жылғы қаңтарда Арман Оспанов тағайындалды. Ол клубтың басты мақсаты — ел ішінде және халықаралық деңгейде жоғары нәтижелерге қол жеткізу екенін мәлімдеді.

«Біз клубқа ұзақ мерзімге келдік және нәтиже үшін жауап береміз. Басты мақсатымыз — «Ақтөбені» еуропалық деңгейде аты мен беделі бар командаға айналдыру», – деді Арман Оспанов.

Ресейлік журналист Иван Карповтың мәліметінше, «Ақтөбе» енді Хамес Родригес пен Джердан Шакириді нысанаға алған. Сондай-ақ бразилиялық футболшы Халкпен келіссөздер жүріп жатқаны туралы ақпарат тарады, бірақ ойыншының агенті бұл мәліметті жоққа шығарды.

Қызылордалық «Қайсар» болса Виктор Мозесті қатарға қосты. 35 жастағы жартылай қорғаушының Қазақстандағы жалақысы ресми түрде жарияланған жоқ. Goal.kz порталының мәліметінше, «Қайсар» «Барселонаның» экс-шабуылшысы Пако Алькасерді де бақылап отыр.

Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында спорт клубтарын жекешелендіру туралы нақты тапсырма берген болатын.

«Мен бұған дейін шетелден келген спортшыларға бюджеттен қаржы бөлуді шектеу туралы тапсырма бердім. Депутаттар бұл бастаманы қолдап, арнайы заң қабылдады. Бұл – өз спортшыларымызды қолдауға арналған маңызды қадам. Бірақ мұнымен шектеліп қалуға болмайды, алға қарай жүруіміз керек. Футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек. Қазір еліміздің төрт футбол клубына белгілі кәсіпкерлеріміз ие болды, яғни, клубтар жекеменшікке өтіп жатыр. Сол үшін оларға ризашылығымды білдіремін. Дегенмен футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанда жекешелендірілген клубтар:

  • «Қайрат» (Алматы) — Иесі: Қайрат Боранбаев. 2012 жылдан бері жекеменшік клуб.
  • «Шахтер» (Қарағанды) — Иесі: Тимур Турлов (Freedom Holding Corp.). 2025 жылдың қарашасында жекеменшікке өтті.
  • «Ақтөбе» (Ақтөбе) — Иесі: Нұрлан Артықбаев (Qazaq Stroy). 2026 жылдың қаңтарында жекеменшікке өтті.
  • «Қайсар» (Қызылорда) — Иесі: Исламғали Қозбақов (TAU Group Ltd). 2025 жылдың қазанында жекеменшікке өтті.
  • «Қызылжар» (Петропавл) — Иесі: Сергей Кан (ЦАЭК). 2025 жылдың қарашасында жекеменшікке өтті.
  • «Жеңіс» (Астана) — Инвестор: Михаил Ломтадзе (Kaspi.kz). 2025 жылдың соңында жекешелендіру процесі басталды.
  • «Елімай» (Семей) — Коммерциялық емес акционерлік қоғам (НАО) ретінде еуропалық үлгіде қайта құрылды (жеке басқару моделі).

«Жастарға кесірі жоқ»

«Ордабасы» футбол клубы директорының кеңесшісі Ермұхамед Мәуленнің айтуынша, премьер-лигадағы мұндай өзгерістер тек игілікке бастайды.

«Менің пікірімше, Луиш Нани мен Виктор Мозестің Қазақстанға келуі өте қуантарлық жағдай. Өйткені оларды бүкіл әлем таниды, әлеуметтік желілерде миллиондаған жазылушысы бар. Нани Ағылшын премьер-лигасының чемпионы болған ойыншы, ал Виктор Мозес туралы да осыны айтуға болады. Қаптал қорғаушысы бола тұра, ол 20-ға жуық гол соққан. Олардың тәжірибесі Қазақстан футболына тек қана пайдасын тигізеді», – деді Ермұхамед Мәулен.

Сонымен қатар, шымкенттік клубқа Курт Зуманы алуға ұсыныс келгенін айтты.

«Әрине, әр клуб осындай трансфер жасауды қалайды. Бізге де «Челсиде» ойнаған Курт Зума деген қорғаушыны ұсынды. Біз, әрине, одан бас тарттық. Неліктен? Өйткені біз жеке меншік клуб емеспіз, Шымкент қалалық әкімдігінен қаржыландырылып отырған клубпыз. Сондықтан оған төлейтіндей қаржымыз жоқ. Бюджет тек 1,5 млрд теңгені ғана құрайды. Егер бізді қаржыландыратын адамдар табылып, ақшамыз жеткілікті болса, онда алатын едік. Алайда әзірге көрпемізге қарай көсілеміз», – деді Ермұхамед Мәулен.
Фото: chelseafc.com

Сондай-ақ сарапшы легионерлердің келуі жастардың жолын бөгемейтінін айтты. Қазіргі ереже бойынша, Бірінші лигада тек отандық футболшылар ойнайды, ал премьер-лигада 2007-2008 жылы туған ойыншылардың алаңға шығуы міндеттелген.

«Асыра дәріптеудің қажеті жоқ»

Футбол комментаторы Әлімжан Асқардың пікірінше, жұлдызды ойыншылардың келуі лиганың деңгейін бірден көтеріп жібермейді.

«Қазақстан премьер-лигасына Нани мен Мозес сияқты ойыншылардың келуі үлкен төңкеріс жасайды деп ойламаймын. Мұндай трансферлер бұған дейін де болған, бұл — қалыпты жағдай. Кезінде «Қайратқа» Вагнер Лав, Андрей Аршавин сияқты жұлдыздар келді. Нани — ең атақтысы болғанымен, біздің лиганың БАӘ немесе АҚШ-қа айналуы екіталай. Мәселені тым бұны асыра дәріптеудің қажеті жоқ», – деді Әлімжан Асқар.

Ол сондай-ақ басты назарды инфрақұрылымға аудару керектігін айтты.

«Футболшылар келер алдында чемпионат деңгейі мен алаң сапасын зерттейді. Танымал ойыншыларды шақырып, қыруар қаржы шығындау — лиганы жарнамалау үшін жақсы, бірақ бірінші кезекте балалар футболы мен отандық ойыншыларға жағдай жасалуы тиіс», – деп мәлімдеді Әлімжан Асқар.

Жұлдыздардың отанында не дейді?

Нани мен Виктор Мозес сияқты әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың Қазақстанға келуі еуропалық спорт басылымдарында үлкен талқылау тудырды. Португалия мен Англия журналистері бұл трансферлерге әртүрлі қырынан қарап, Қазақстан премьер-лигасының қазіргі келбетіне өзінше баға берді.

Португалияның Zerozero порталы Нанидің «Ақтөбеге» ауысуын тек спорттық келісімшарт емес, ауқымды имидждік жоба ретінде сипаттайды. Олар 39 жастағы ардагердің бір жылдық үзілістен кейін үлкен футболға оралуын «ерекше миссия» деп атады. Португалиялық басылымдардың жазуынша, «Ақтөбе» Нанидің әлемдік танымалдылығын клубтың ғана емес, бүкіл қазақ футболының деңгейін көтеру үшін пайдаланбақ. Нанидің өзі де жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында клубты халықаралық деңгейге шығаруға көмектескісі келетінін айтқан. Португалия жұртшылығы үшін бұл трансфер — аты аңызға айналған шебердің жаңа нарықты игеруге аттанған құрметті сапары іспеттес.

Ал Британияның The Sun таблоиды Виктор Мозестің «Қайсарға» ауысуын «нағыз шок» және «күтпеген сенсация» деп бағалады. Ағылшын журналистері ойыншының өткені мен бүгінгі таңдауы арасындағы үлкен алшақтықты басты назарға алды. Олар Мозестің «Челси» сапында «Стэмфорд Бриджде» чемпион болған шағын еске түсіріп, оның Қызылордадағы аутсайдер клубқа баруын ерсі көреді. Британиялық басылымдар Ғани Мұратбаев атындағы стадионның сыйымдылығы мен жасанды көгалына дейін жазып, бұл жағдайды ағылшын премьер-лигасының деңгейімен салыстырып таңғалуда. Сонымен қатар, Мозестің әлеуметтік желідегі оқырмандар саны «Қайсардың» аудиториясынан ондаған есе көп екені де британдықтар үшін қызықты тақырыпқа айналды. Олар үшін бұл — атақты чемпионның экзотикалық елдегі ерекше шытырман оқиғасы сияқты көрінеді.

Әлемге танымал ойыншылар мансабының соңында қайда доп тепті?

Футболда жас ұлғайған сайын, ойыншыға деген қызығушылық төмендейді. Егер Криштиану Роналду мен Лионель Мессиді есепке алмасақ, 35 жастан асқан ойыншылардың үздік лигаларда өнер көрсетуі сирек кездесетін құбылыс. Себебі олардың орнын жас, шапшаң әрі талантты футболшылар басады. Мұндай жағдайда ойыншының алдында екі таңдау тұрады: не мансабын аяқтау, не табысы жоғары лигаларға ауысу. Мұндай үрдісті 2008 жылы көршілес Өзбекстан да бастан кешті.

Сол жылы Өзбекстанның «Бунёдкор» клубы 35 жастағы бразилиялық жұлдыз Ривалдомен келісімшарт жасасты. Ташкенттік клубқа еркін агент ретінде қосылған ол екі жыл бойы доп теуіп, 2010 жылы командамен қош айтысты. Өзбекстанда жүрген кезінде Ривалдо ел чемпионаты мен Азия чемпиондар лигасында өнер көрсетті.

Дәл осылай, кезінде «Реал Мадрид» пен «Барселонада» жұлдызы жанған Роберто Карлос пен Самуэль Это'О 2011 жылы дағыстандық «Анжи» клубына еркін агент ретінде ауысты.

2018 жылы Андрес Иньеста «Барселонамен» қоштасып, жапониялық «Виссел Кобе» ойыншысы атанды. 34 жасында Жапонияға аттанған ол мансабының келесі 5 жылын осы клубқа арнады. Ал 2023 жылы БАӘ-нің «Emirates» клубына ауысып, бір жылдан соң кәсіби футболымен қоштасты.

ХХІ ғасырдың басты жұлдыздары — Криштиану Роналду мен Лионель Месси де қазір Сауд Арабиясы мен АҚШ чемпионаттарында өнер көрсетіп жүр. Олар 2023 жылы Еуропадан кетіп, үлкен футбол дәуірінің аяқталғанын көрсетті. Бірі араб шөлінде, екіншісі мұхит жағалауында жаңа белесті бағындырды. Еуропа стадиондары бұрынғыша лық толы болғанымен, трибуналарда бір сағыныш қалды. Себебі аңыздар өз дәуіріне нүкте қойып, футбол тарихының жаңа парағын ашты.

Алайда Месси мен Роналдуға дейін де АҚШ пен араб елдері топ ойыншыларды тарту арқылы маркетингтік жұмыстарды сәтті жүргізген. Мәселен, Роналдуға дейін БАӘ-де Фабио Каннаваро мен Рикардо Куарежма, ал АҚШ-та Мессиге дейін Дэвид Бекхэм, Уэйн Руни, Златан Ибрагимович, Кака және Тьерри Анри сияқты жұлдыздар доп тепкен болатын.

Луиш Нани мен Виктор Мозестің қазақстандық клубтарға ауысуы — ел тарихындағы ең ірі трансферлердің бірі. Халықаралық тәжірибесі мол бұл ойыншылардың келуі клубтар үшін маркетингтік және спорттық тұрғыдан маңызды: бұл жанкүйерлердің қызығушылығын арттырып қана қоймай, команда құрамын айтарлықтай күшейтті.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар