«Мысық Елдос»: Олимпиада чемпионының бапкерлерімен сұхбат

cover Фото: Orda.kz

Биылғы Олимпиададан Қазақстан құрамасы 7 медаль алып қайтты. Соның ішіндегі жалғыз алтын дзюдошы Елдос Сметовке тиесілі.

Orda.kz тілшісі Елдос Сметов пен және оның бапкерлері Ахмет Жұмағұл мен Ғалымжан Жылгелдиевпен сұхбаттасты.

— Елдос, сен спортқа 5 жасыңда келдің. Неліктен дзюдоны таңдадың?

— Бес жас деген тіпті күрес түрлерін де, тіпті спорттың не екенін де білмейтін жас. Ахмет ағаның залы (Елдостың алғашқы жаттықтырушысы — ред.) әрқашан ашық болатын. Сол кезде менің үлкен ағаларым Бақберген мен Жандос сонда жаттығатын. Мен үнемі олармен бірге барып жүрдім. Спорт мектебінде алғаш рет ақ кимоно киіп жүрген балаларды көрдік. Сол жерде олардың жаттықтырушысы Ахмет ағай болды. Ағаларым мені спорт залға: «Сен әлі кішкентайсың, сені ұрмайды. Ары кетсе шығарып жібереді», — деп ертіп апаратын. Мен залға кіріп, көппен бірге араласып, жүгіріп, секіріп, сальто жасап, барлығының жасағанын қайталап жүретінмін. Тіпті, кіріп жаттығуға рұқсат сұрауды да ойлаған жоқпын. Жаттықтырушы мұны байқады, бірақ ештеңе деген жоқ.

Бір күні ағаларым мені алып кетуге келді. Жаттықтырушы оларды шақырып, кім екенімізді және қайдан келгенімізді сұраған екен. Ағаларым ауылдан көшіп келгенімізді және күреспен айналысуға рұқсат сұрағанымызды айтыпты. Ахмет ағаның кәсіби көрегендігі біздің тағдырымызды шешті. Ол кісі бізді секцияға жазып, жаттығуды қалдырмай қатысыңдар деді. Ол менің алғашқы жаттықтырушым әрі осы олимпиадалық алтын медальды жеңуге үлес қосқан адамдардың бірі. Ол біздің бойымыздағы күреске деген сүйіспеншілікті оятқан адам.

— «Мысық» деген лақап атты кім қойды?

— Біздің спорттық мәнсабымыз әлемдік ареналарға шыға бастағанда өрледі. Мысық сияқты жығылмайтын әдістерді маған алғашқы жаттықтырушым үйреткен. Жаттығу кезінде, біз жүгіріп жүргенде, ол бізді ұстап алып, лақтыратын. Біз жығылғанда ішпен немесе арқамызмен құлайтынбыз. Содан кейін ол бізбен күресетін. Жеңіліп қалсақ, жылайтынбыз. Біз оны жеңгенше күресетінбіз. Қазір оның жеңілмейтінін түсінеміз, бірақ бес жасыңда үлкенді жеңе алатыныңа сенесің ғой. Үйге қуанып қайтатынбыз. Қазіргі жаттықтырушым Ғалымжан аға Ахмет ағаның ұлы сияқты болып кеткен, өйткені ол да оның шәкірті. Ал мен оның немересі болып кеттім. Қазір екеуі де еңбегінің жемісін жейтін кезге келді.

Фото: Orda.kz

 — 2013-2014 жылдар өміріңдегі қиын кезең болды. Сол кезде Ернар Таласбекұлына қолдағаны үшін алғыс айттың. Сол жайлы айта кетсең?

— Ернар Таласбекұлы 2012 жылдан бастап бізбен бірге. Әрдайым қолдау көрсетіп келеді. 2012 жылы спорттық дағдарыс болды. Бұл жарыстарда жеңіліп жатқан кезім. Қатты ұялдым. Бапкерім Ғалымжан Жылгелдиев мені барынша жігерлендірді, тіпті тамақ та жасап беретін. Мен тамақтанамын, сосын жеңілетінмін. Оның менімен жарыстарда бірге жүру үшін несие алып, қарызға кірген кездері де болды. Ал мен оның үмітін ақтамай жүрмін-ау деген сезімде болдым. Бір күні мен оған: «Мені іздеп келмеңіз, уақытыңызды босқа кетірмеңіз» дедім. Ал ол маған: «Біздің басты жетістіктеріміз әлі алда, сен міндетті түрде чемпион боласың, мен саған сенемін», — деді. Біз алға жылжығанымызбен, іштей сындым. Біраз уақыт өткен соң, тағы да: «Ағай, бәрін тастайықшы? Әлде басқа нәрсемен айналысайық па?» — дедім. Дәл сол кезде біздің өмірімізде Ернар аға пайда болды. Ол кезде қаржыдан қиналып жүрген кезіміз. Жарыстарға бару үшін, жиындарға қатысуға ақша керек болды. Тіпті форманың өзі қомақты қаржы тұрды. Сол кезде Ернар аға: «Спортты тастама, жаттығуларды тоқтатпа, мен өзім қолдаймын. Бұл сенің жетістіктеріңнің жолындағы менің шағын үлесім болсын», — деді. Ол маған қиын сәттерде осылайша көмектесті және қолдады. Ол үшін мен ризамын!

— Өкінген сәттер болды ма?

— Өкінгенім есімде жоқ. Себебі, бұл үлкен жетістік. Бұл Олимпиада ойындарында біз тарихты қайта жаздық. Егер жаман адамға оның жақсы екенін айтсаң және оған сенсең, ол шынымен жақсы болады. Бұл Олимпиада менің жаныма ем болды. Себебі, осы жеңіс пен эмоцияларымның арқасында барлық жарақаттарымды ұмыттым. Сондықтан бірдеңеге өкініш болды деп айту дұрыс болмас. Менде алтын да, күміс те, қола да бар. Мен күрделі, бірақ қызықты жолдан өттім.

Мысалы, өз еліңде күресу шетелде күресуден де қиын. Себебі, елде әрдайым үлкен жауапкершілік бар. Сен өз халқыңның алдында күресесің, артыңнан жас спортшылар еріп келеді. Жаттықтырушылардың, ата-аналардың, туыстарыңның алдында жауапкершілік бар. Бұл өте ауыр жүк. Бірақ шетелде бұл жауапкершілік жоқ деген сөз емес. Бұл менің жолым. Мен оны таңдадым, мен бұл спортты жақсы көремін, сондықтан өзіме «мен істегеннің бәрінен ләззат алуым керек» деп айттым.

— Сенің спарринг-серігің көп уақыт бойы бауырың Жандос болғанын жұрттың бірі білсе, бірі білмес. Ол сені қалай қолдады?

— Ағаларым мені өсіріп, мазақтап, шынығуым үшін бар жағдайды жасады. Шынымды айтсам, Жандос менен әлдеқайда мықтырақ. Оның техникасы, әдістері өте керемет. Ол менен үлкен және салмағы да басым. Ағаларымның арқасында мен көп нәрсені үйрендім. Мен олардан кіші болғандықтан, олар маған үнемі қалжыңдайтын. Мен ыза болатынмын. Мысалы, егер мен оларды жеңсем, ұпайымды есептемей қойып, ал егер олар мені жеңсе, өздеріне ұпай қосатын. Ренжіп, жылап та қалатынмын, ал олар болса күлетін. Кейде Жандосқа ренжіп, бірнеше күн сөйлеспейтінмін. Оны жеңу үшін одан да көп айналысқым келетін. Мысалы, Жандосқа ренжісем, демалыс күндері көршім Ахмет ағайға барып: «Жаттығайық!» — дейтінмін. Ал ол: «Бүгін демалыс қой! Қайдағы жаттығу?» — дейтін. Мен сонда да: «Залды ашыңыз! Қандай демалыс? Неге демаламыз? Жаттығайық!» деп көнбейтінмін. Сосын біз залға баратынбыз. Ол өзінің кимоносын киеді. Күресетінбіз. Осындайдан кейін қалай бапкеріңді жақсы көрмеуге болады? Қалай осы спортты жақсы көрмеуге болады? Ол маған бәрін берді.

— Сіз жас спортшылардың ата-аналарына қандай кеңес берер едіңіз?

— Мен өмірімде көп нәрсені көрдім. Бірінші айтқым келетіні — егер ата-аналар баласын жаттықтырушыға сеніп тапсырса, әрі қарай араласпау керек. «Жаттығулар нәтиже бермейді, сен менің балама жеткілікті уақыт бөлмейсің, неге жетістіктер жоқ?» деген сияқты сұрақтар қоюдың қажеті жоқ. Мен айтар едім, жас кездегі жетістіктердің аса мәні жоқ. Себебі уақыт өте келе олар ұмытылады. Есінде мәңгі қалатын үлкен жетістіктер – спортшының халықаралық аренаға шығып, жеңіске жетіп, тұғырда тұрып, елінің туы көтерілуі мен әнұранының орындалуы. Ал спортшы мен бапкер осы жетістікке қалай жетеді, ол – олардың ісі. Жаттықтырушыларға сенім артыңыздар!

Мысалы, секцияда 100 бала бар. Олардың бәрі әлем немесе Олимпиада чемпионы болуға жарамайды. Бірақ олардың бәрі жақсы адам бола алады. Спорт – ең алдымен, тәртіп! Онда балалар бәрін үйренеді. Тіпті кіммен, қалай амандасу керек, қалай сөйлеу керек, қалай қарым-қатынас орнату керек, ата-ананы және отбасын қалай құрметтеу керек екенін де үйренеді. Мені осының бәріне бапкерім үйретті. Олар мені ата-анам сияқты тәрбиеледі. Ал қазіргі жастар бәрін әлеуметтік желілердегідей тез жасағысы келеді. Олардың ойынша, бәрі оңай қол жетімді. Тез арада байығысы келеді. Бірақ әлеуметтік желілерде адамдар тек өмірінің жақсы сәттерін жариялайды. Ал жастар олар үнемі солай өмір сүреді деп ойлайды. Бұл қате түсінік. Қайғы-мұңды сәттерді қуанышты сәттер алмастырады.

Бұл өмір. Барлық нәрсеге тек еңбектің арқасында қол жеткізуге болады. Егер ол балуан болса — бұл оның татамидағы еңбегінің арқасы. Бұл оның өмірінің ажырамас бөлігі. Ол Олимпиада чемпионы болмағанымен, адамгершілігін жоғалтпайды. Ол бәрінің құнын біледі. Егер сіз балаңызды жаттықтырушыға тапсырсаңыз, оның жұмысына араласпаңыз.

Біз Елдос Сметовтың бапкерлері Ахмет Жұмағұл (аңызға айналған Ахмет аға) және Ғалымжан Жылгелдиевпен де сөйлестік. Ахмет Жұмағұлға 74 жаста. Елдостың қалай спортқа келгенін оның өз аузынан естідік.

— Елдос сізге неше жасында келді?

— Бес жасында. Ол кезде, 1997 жылы, барлық спорт залдары жабық болатын. Балабақшалардың да барлығы жұмыс істемейтін, сонда айналыстық. Өзі және екі ағасы бар, үшеуі келді.

— Сіздің ойыңызша, Елдос бауырларына қарағанда несімен ерекшеленді?

— Ортаңғы ағасы да өте мықты балуан болды. Елдостан да жақсы күресті, бірақ жарақат алып, спортты тастауға мәжбүр болды. Ал Елдос табандылығы, қажырлылығы және шыдамдылығымен жетістікке жетті.

— Елдосты қанша жасқа дейін жаттықтырдыңыз?

— 13 жасқа дейін. 13 жасында оны Алматыдағы интернатқа жібердік. Онда менің шәкіртім Ғалымжан  жаттықтырушы болды және Елдоспен әрі қарай сол жұмыс істей алады деп шештім. Себебі, бізде ірі турнирлерге қатысу мүмкіндігі болмады. Оған дейін мен өзім оны жаттықтырып, жарыстарға апарып жүрдім, онда ол бірінші, екінші, үшінші орындар алып жүрді. Осылайша, ол көптің назарын өзіне аудара бастады.

Фото: Orda.kz

 

— Елдостың көп біле бермейтін қандай қасиетін атай аласыз? Оны бала кезінен білесіз ғой.

— Кейде мен онымен ойнап күресетінмін. Ол кезде ол әлі кішкене. Бірінші сыныпта оқиды. Мен жеңіп кетсем, ыза болып, ренжитін. Ал мен әдейі жеңілсем, қатты қуанып, секіріп жүретін. Ол ешқашан дауласпайтын, оған не айтса, соны орындайтын. Мен алдымен оны акробатикаға үйреттім. Жапондар оны «мысық» деп атайтыны содан. Ол лақтырғанда ауада айналатын. Біз оның қабілеттерін дамыту үшін барымызды салдық. Ол үйде жаттығып, ағасымен бірге көшеде, асфальтта күресетін. Елдос екі рет ағасының иығын шығарып жіберді, бірақ екі-үш аптада ағасы жазылып, олар қайтадан күресті.

Елдостың жеке жаттықтырушысы оны үш Олимпиадада бірге алып жүрген, оны жігерлендіріп, бар қиындықта жеңіп шығуға көмектескен Ғалымжан Жылгелдиев те сұрақтарымызға жауап берді.

— Ғалымжан Жамбылбекұлы, Елдостың жарақат алғаннан кейінгі сауығуы қалай болды?

— Елдос үнемі жарысқа жарақаты болса да қатысатын. Жарыстарға қатысарда жарақаттанып қалатын. Біз емдеп шығаруға тырысатынбыз. Токиоға барар алдында ол қабырғасы мен арқасын ауыртып алған болатын. Сондықтан біз оны ине терапиясына апардық. Парижге барарда үлкен жарақаттары болмады. Тек шынтағы сәл ауырсынып жүрді. Ол аса ауыр жарақат емес. Бірақ, қалай болғанда да оған көп алаңдамадық.

— Оның алғашқы жаттықтырушысы Ахмет Жұмағұлов туралы айтып бере аласыз ба?

— Мен өзім Ахмет ағайға бала кезімнен барып жүрдім. Үшінші сыныптан бастап оның қол астында жаттыға бастадым. Мені әкем мен марқұм ағам сол жаққа алып келді. Сол жылдары мен де Елдос сияқты шапшаң болатынмын. Ахмет ағайдың өзіндік ерекше әдістері бар. Ол бізді сальто жасап, әртүрлі секіру түріне үйрететін. Осы жаттығулардың арқасында біз өте икемді болдық. Сол жылдары мен дзюдомен айналыспадым, бірақ самбо күресімен шұғылдандым. Екі рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атандым, Азия чемпионатын ұттым, КСРО чемпионы болдым, екінші орын алдым. Бірақ әлем чемпионы бола алмадым.

— Елдостың ерекше қасиеттерін атап өте аласыз ба?

— Ол үнемі құшақтап амандасатын. Басқа балалар алыстан амандасса, ол келіп құшақтайтын. Бұл оның ерекшелігі еді. Ол өте шапшаң әрі икемді еді. Оған бір нәрсені көрсетсе, ол оны бірден қағып алатын. Мысалы, Ахмет ағай бір нәрсені көрсетсе, ол бірден орындайтын, қабырғаға секіріп немесе үстелден қарғып өтетін. Елдос өте талантты.

— Үйге оралған соң, Жамбыл облысының тұрғындары сіздерді үлкен ықыласпен қарсы алды. Осындай қабылдауды күттіңіз бе?

— Бізді сыйлықтармен және құрметпен қарсы алды. Мен жаттықтырушы ретінде мұндайды ешқашан көрмегенмін. Жаттықтырушыларға әдетте көп көңіл бөлінбейді. Бұған дейін Елдос күміс пен қола алды. Бірақ жаттықтырушыларға мұндай құрмет көрсетілмеді. Иә, құрмет білдіріп, шығарып салатын, бірақ бұл жолы бәрі ерекше болды. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевке рахмет. Ол стадионға көпті жинап, салтанатты қарсы алуды ұйымдастырды, көлік пен пәтер берді. Мен мұндайды ешқашан көрген емеспін. Мені осылай бірінші рет құрметтеп тұр, мен ризамын. Құрмет көрсететін адамдарға алғыс айту керек. Сондай-ақ, кәсіпкерлер мен Жамбыл облысының барлық ұжымына алғыс айтамын.

Автор: Исламбек Дастан

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар