Әміржан Қосан: Өсер елдің оппозициясы бір-бірін «батыр» дейді!

cover

Қазақстанның түкпір-түкпірінде ереуіл, көтеріліс және митинг сандары бір сәтте көбейіп, базынасын айтқан халық саны артты. Бірі жалақының аздығын, тұрмыстың төмен екенін, енді бірі соттан көрген зәбірін айтып жатса, тағы бір тарап жүйе мен билікке деген көзқарастарын алаңға шығып білдіруде. Осы тұста «Қазақстан халқының біршамасы қоғам белсендісі болып жатыр ма?» деген сұрақ туындайды.

Осы және өзге де сұрақтар бойынша Orda.kz. редакциясы саясаткер, журналист Әміржан Қосанмен әңгімелесіп көрді.

Әміржан Қосан

Қазақстандағы оппозияның өлшем бірлігі қандай?

Оппозиция тек қана Қазақстанға тән құбылыс емес. Оның адамзат тарихындағы өзіндік орны, сіз айтып отырған өлшем бірліктері бар. Біз де ол үрдістерден тыс тұра алмаймыз.

Бірінші өлшем, сөзсіз, әрине, халықтың қолдау деңгейімен өлшенеді. Кез келген саяси ұйымның басты мақсаты – халықтың көпшілік дауысына ие болып, билікке жету емес пе? Халық қолдауына қол жеткізудің де түрлері көп.

Сондықтан да көп нәрсе екінші өлшемге, партияның бағдарламасына байланысты. «Идея бұқараны билеп ала салысымен-ақ, материалдық күшке айналады» деген Маркстың бір сөзі бар емес пе? Меніңше, бір басты өлшем – идея. Оның да түр-түрі бар.

Мәселен, ешнәрсеге жауап бермейтін популизм деген де бар. Кейде ол да «ойнап» кетеді. Сонымен бірге, жалғыз партия қоғамда 100 процент қолдауға ие болуы мүмкін емес. Ол тек авторитарлық режимдерге тән құбылыс. Партияаралық бәсекеде жеңіске жетуге мүмкіндік беретін тұғырнама жасау да оңай шаруа емес.

Үшінші өлшем оппозициялық партияның стратегиясы мен тактикасына қатысты. Ол да әр партияда - әртүрлі. Мәселен, біздің оппозицияда қалыптасқан жүйені эволюциялық және революциялық жолмен өзгерту идеялары орныққан. Билікпен диалог жасау керек немесе «ол дегеніңіз - барып тұрған сатқындық» деген позициялар айырмашылығы да бар.

Төртінші өлшем, өкінішке орай, көптеген саяси құрылымдардың дамуын тежеп отыр. Әңгіме қаржы туралы. Бізде халықтан қаржы жинап, партия құру механизмі әлі дамымаған (өзі қиналып жатқан халықтан жылу жинаудың өзі қиындау). Әртүрлі олигархтық топтар не кландардан ақша алсаң, соларға тәуелді боп қаласың, халықтың сөзін сөйлей алмай қаласың.

Соңғы уақытта ереуілдер мен көтерілістер саны артты, оған не себеп? Әлде отандастардың барлығы белсендіге айналып жатыр ма?

Жалпы айтқанда, олар наразылық танытудың, қалыптасқан жағдайға – жеке жәйттардан бастап тұтас жүйеге – қарсылық білдірудің формалары. Олардың жиілеуінің себептері баршылық.

Біріншісі – саяси сипатта. Тоқаев президент боп келгелі ел-жұрт оның «саяси реформалар қолға алынады» деген уәдесіне сене бастады. Бірақ елдегі шынайы жағдай, яғни Назарбаевтың формалды түрде президент қызметінен кетсе де, ел басқарудың басты тұтқаларын өз уысынан шығармауы – барша жұртты мезі қылған 30-жылдық саяси жүйенің өзгермегенін көрсетіп отыр. Түбегейлі саяси реформа жасап, жүйені жүйелі түрде өзгертпесе, Тоқаев та сол жүйенің жалғасы боп қалады. Енді «30 жыл емес, 32 (33, 34) жыл бойына өзгермеген жүйе!», - деп айтатын боламыз.

Екіншісі – экономикалық сипатта. Біздің экономика – олигархтық экономика. Шағын және орта бизнес жетім қыздың күйін кешіп отыр. Мемлекет тарапынан отандық тауар өндірушілерге нақты көмек жоқ. Басқасын айтпағанда, кезінде елбасы айтқандай, «өз күнін өзі көріп жүрген», мемлекеттен бір тиын алмай, базарда зат сатып, машинамен адам тасып жүрген ағайынның өзіне мына өкімет тыныштық бермей келеді. Егер де шағын және орта бизнес бас көтерсе, бұл билікке қиын болады!

Үшіншісі – әлеуметтік сипатта. Мемлекет Конституцияда жазылған өзінің әлеуметтік функцияларынан уақыт өткен сайын алшақтап барады. Қиналып жатқан ағайын бюджет қаржысы оңды-солды, түкке тұрғысыз жобалар мен бағдарламаларға жұмсалып, талан-таражға түсіп жатқанын көріп жатыр. Ашуланбағанда, ереуілге шықпағанда не істейді енді?! Мынау масқара емес пе – пандемия кезінде дамыған елдер әр азаматына 1 мың 200 доллардан көмек беріп жатса, біздің билік екі айда 42 мың теңге беруге шамасы жетті!

Созылмалы экономикалық дағдарыс, оған қосылған пандемия мультипликативті әсер беріп, Қазақстанда орын алған осы теріс құбылыстарды еселей түсті. Яғни, наразылық пен қарсылық одан сайын арта түседі деген сөз.

Оппозициялық ұйымдардың қайсысы сенімді?

Қазіргі жүйеге ашық қарсы шығып, халықтың сөзін сөйлеген кез келген адам, не ұйымды қолдаймын! Тіпті ол сенің саяси бәсекелесің болсын, бәрібір! Сол қалпымнан еш айныған жоқпын.

Рас, оппозиция «көсемдерін» екі рет саяси тұрғыдан сынаған тұсым болды. Бірі – 2012 жылы Жармахан Тұяқбай, Балташ Тұрсымбаев бастаған топ партияда «сарай төңкерісін» жасап, мені өзім құруға атсалысқан, партия төрағасының бірінші орынбасары боп отырған ЖСДП партиясының съезіне кіргізбей, сыртымнан қызметімнен алып тастағанда. Онда да мен жеке бастарына тиіспей, саяси тұрғыдан ғана, «оппозиция бірлігіне нұқсан келтірдіңдер» деп қана сынадым. Екіншісі – президенттік сайлауда маған қол ұшын беруді былай қойғанда, маған қарсы жұмыс істеп, кейін бар жауапкершілікті сайлауда жалғыз жүрген маған артып қойғысы келетін «ескі оппозицияның» кейбір өкілдерін сынадым. Онда да тек қана саяси процесс тұрғысынан. Жека бастарына – «сатқын, биліктің адамы, пәлен-түген» деп - тиіскен жоқпын. Ол менің мінезіме жат нәрсе.

Сондықтан да мен оппозиция қатарына келген кез келген адамды, ұйымды қолдаймын. Қайталап айтамын, жеке бастарына тиіспеймін. Арамызда періште жоқ. Оны іздеудің де керегі жоқ. Және де кейбіреулер секілді «мен ғана нағыз оппозициямын, қалғандары – не өтірік оппозиция, не биліктің жобасы» деп беталды жамандамаймын.

Тек бір ғана тілегім бар: бар күш-қуатын оппозициялық алаңда жүрген бір-бірімен емес, ортақ оппоненті - билікпен күресуге жұмсасын! Жеке басты емес, саяси бағдарлама мен нақты қимыл-әрекеттерді талқыласын!

Оппозиция өкілдерінің басы бірігер күн туа ма?

Әрине! Саясатта жеке бас амбиция мен ортақ мақсат төңірегінде топтасу деген екітүрлі нәрсе бар. Өкінішке орай, кей кезде өз арамыздан «наполеондар» шығып, бәрін бүлдіріп жібереді.

1998 жылы Қазақстан демократиялық күштерінің Форумы, 2005 жылы «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы болған. Осы екі ұйымға сол тұстағы барша оппозициялық ұйымдар мен жеке тұлғалар енген. Мен де сол ұйымдардың қатарында болдым, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының бас хатшысы болдым.

«Бөлінгенді бөрі жейді» дейді атам қазақ. Басқа кездерді білмеймін, бірақ сайлауларда жеңіске жету үшін оппозиция бірігуі шарт. Оны демократиялық күштердің тарихы көрестіп отыр.

Сондықтан да болашақта да оппозиция бірігіп, күш көрсететініне мен нық сенімдімін!

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар