«Кешірім беремін»: Зорлық-зомбылық көрген әйелдердің көбі арызын кері қайтарып алады
Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп, полицияға шағым түсіргендердер мен ісі сотқа жеткендердің дені шағымын қайтарып алады немесе кешірім береді.
2022 жылы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына әйелдерді ұрып-соғу дерегі бойынша мыңға жуық іс түссе, арызданушылардың 80 пайызға жуығы жауап берушімен бітімге келген. Кешірім алып, жауапкершіліктен босатылған еркектердің 10 пайызы қайта құқықбұзушылық жасаған. Мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылық тек қана физикалық зорлық-зомбылықтан тұрмайды, психологиялық, моральдық зорлық-зомбылық та бар екенін, кешірім берудің соңы қайғылы оқиғамен аяқталуы ықтимал екенін ескертеді.
«Әйелдерді балағаттаудан ұрып-соғу дерегі көп»
Шымкент қаласы Бозарық ықшам ауданының тұрғыны Серік пен Анардың (кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілді) отбасын құрғанына 5 жылдан асты. Екеуінің ортақ екі баласы бар. Анар – мектеп мұғалімі. Серік «биржада» табылған қара жұмысқа жалданып істейді. Тұрақты жұмыс болмаған соң соңғы кезде оған да баруды сиретті. Керісінше үйде жатып ішімдікке салынды. Анардың басқан ізін аңдып, қызғанатынды шығарды.
Анар күнде таңертең жұмысқа кетіп, кешке келеді. Таңертең ерте тұрып, үй шаруасын бітіріп, балаларын балабақшаға алып барады, кешке алып қайтады.
12 сәуір күні Анар әдеттегідей жұмыстан шығып, балаларын балабақшадан алып қайтты. Үйге келсе Серік ішімдікке тойып алған. «Қайда жүрсің?» деді Серік жекіп. Анар ашуланып «тағы ішіп алғансың ба?» деп жауап берді жақтырмай. Анардың бұл сөзін көтере алмаған Серік тағы жанжал шығарды. Айқай-шу басталды. Анар полиция шақыруға мәжбүр болды.
Анардың «күйеуім ұрыс шығарды, балағаттап, ар-намысыма тиді» деген шағымы бойынша Әкімшілік кодекстің «Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер» бабымен (73-бап) әкімшілік іс қозғалған.
23 мамыр күні Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты бұл шағымды қарады.
Іске судья Серік Ниязбек төрағалық етті.
Істі қарап, қаулы шығаруға шамамен 5 минут уақыт кетті.
- Аздап ішіп алып едім, - деді Серік сотта басын төмен салып.
- Түн ортасында ұрыс шығарып, балағаттауға себеп бар ма? - деді судья.
- Ұрсып қалған соң, үйге кеш келдім. Қайда жүрсің деген соң балағаттадым, - деді Серік.
Анар сотта оқиғаның қалай болғанын баяндамады. Бірден «енді ішпеймін, балағаттамаймын деген уәдесін алдым, кешірім беремін» деді.
Судья Ниязбек Анарға кешірім берген жағдайда Серікті жауапкершіліктен босататынын ескертті. Серіктен бұл шешіммен келісетін, келіспейтінін сұрап екеуінен қолхат алды. Сот өз орнында отырып қаулы шығарды. Іс екі жақтың бітімгершілікке келуіне байланысты тоқтады.
«Егер сотқа қайта арыз түссе, әйеліңіз кешірім берсе де заң кешірім бермейді. Себебі заң бойынша кешірім бір рет беріледі» деп Серікке түсіндірді судья Ниязбек.
«Күйеуі ұрып-соққан мыңға жуық әйелдің шағымы сотқа жеткен»
Судья Серік Ниязбектің айтуынша, сотта «отбасылық жағдайда балағат сөз айтқаны үшін» әйелінен кешірім алып, жауапкершіліктен босатылған еркектердің 10 пайызы қайта құқықбұзушылық жасайды. Олар әйелін балағаттауды тоқтатпағаны үшін 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Ал «отбасылық жағдайда ұрып-соғу» айыбымен көбіне даулы отбасылардан шағым түседі. Онда да әйелі кешірім бергенімен, құқықбұзушылықты қайта жасаса 20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады.
- Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себебі әртүрлі. Ішімдікке салыну, қызғаныш, жұмыссыздық. Жәбірленуші мен жауап берушілердің жас шамасы 20-35 жас аралығында. Отбасы-тұрмыстық қатынастардағы құқықбұзушылық бойынша іс жиі түседі. Бір судьяның өзі дерлік күнде 2-3 іс қарайды. Мысалы, 2023 жылдың 23 мамырына дейін «Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер» бабымен сотқа 104 іс түскен. Ал Әкімшілік кодекстің «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабымен (73-1 бабы) 262 іс түскен. Әйелдерді балағаттаудан қарағанда ұрып-соғу дерегі көп. Көп жағдайда әйелдер күйеуіне кешірім беріп, бітімге келеді, - дейді судья.
Судья отбасында әйелдің құқығы жиі, еркектің құқығы өте сирек жағдайда бұзылатынын алға тартады. Бұл отбасылардың әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Мысалы, 2022 жылы «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабымен сотта - 954 іс, «балағаттап, ар-намысына» тиген - 173 іс қаралған. Оның ішінде «әйелім ұрып-соқты» деп бір ер адам арыз түсірген.
Ниязбек сотта әйелдердің жиі кешірім беруі өз құқығы дегенменен бұл аймақтағы менталитеттен де болуы ықтимал екенін, әйелдер отбасын сақтауға, баласын жетім етпеуге тырысатынын айтады. Әйелдер полицияға арызданғанымен, іс сотқа жетпей-ақ күйеуімен бітімгершілікке келеді.
- Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін бірінші кезекте еркектерді жұмыспен қамту керек. Отбасындағы жанжал көбіне жұмыссыздықтан шыққаны байқалады. Екіншіден, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру керек. Әйелдердің өз құқығын білуі, қорғауы маңызды, - дейді судья Серік Ниязбек.
«Әйелдер отбасын сақтап қалуға тырысады»
23 жылдан бері зорлық-зомбылық және адам саудасына түскен әйелдер мен олардың балаларына құқықтық, психологиялық көмек беретін Шымкенттегі «Сана-сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы директоры Шахноза Хасанова әйелдер өзіне зорлық-зомбылық көрсеткен адамды жауапқа тартпай, кешірім беруі қауіпті, соңы қайғылы оқиғамен аяқталуы ықтимал деп санайды.
- Орталыққа екі баласы бар әйел хабарласып, құқықтық, психологиялық кеңес алды. Өзі жетім өскен, ата-анасы жоқ. Күйеуі қызғаншақ. Айтуынша, қит етсе ұрып-соғады. Полицияға арызданғанымен, кешіріп шағымын бірнеше рет кері қайтарып алды. Жалғыз өзім екі баламмен күнкөре алмаймын дейді. Сөйтіп жүргенде бір күні жанжал үстінде күйеуі асхана пышағын алып әйеліне сұғып алмақ болған. Әйел өзін-өзі қорғап, алысқан кезде пышақ әйелге емес, күйеуінің аяғына кірген. Әбүйір болғанда дер кезінде көмек беріліп, күйеуі аман қалды. Еркек пышақты өзі алып жүгіргенін мойындап, әйел жауапкершіліктен босатылды. Зорлық-зомбылық әйелге моральдық, психологиялық соққы беруден бөлек, денсаулығына, өміріне қауіпті дейтінім содан, - дейді Хасанова.
Ол әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейгеніне алаңдайды. Айтуынша, коронавирус пандемиясынан кейін зорлық-зомбылық көрген әйелдердің саны екі есеге артқан. Айталық, әуелде орталыққа күніне 1-2 адам көмек сұрап хабарласса, қазір кемі 2-3 адам көмекке жүгінеді. Зорлық-зомбылыққа тап болатын әйелдердің әлеуметтік статусы әртүрлі. Себебі де сан қилы. Әйелдердің жас шамасы -18-40 жас.
- Мысалы, ішімдік, отбасының әлеуметтік жағдайы, құқықтық білімнің төмендігі. Егер отбасында зорлық-зомбылық тоқтамаса, бұл отбасындағы бала келешекте мұны қайталауы ықтимал. Бұл баланың психикасына әсер етеді, ол зорлық-зомбылықты қалыпты жағдай деп қабылдайды. Бұл мәселемен тек құқық қорғау органдары, не үкіметтік емес ұйымдар емес жан-жақты жұмыла күрескен тиімді. Мысалы, балабақшадан балаларға зорлық-зомбылық мәселесін айту керек. Ешкімнің зорлық-зомбылық көрсетуге құқысы жоқ. Ешкім зорлық-зомбылыққа төзіп, шыдауға міндетті емес, - дейді Хасанова.
Құқыққорғаушының пайымдауынша, кез-келген адам, мекеме қызметкері зорлық-зомбылық белгілерін көргеннен тиісті мекемелерге хабар беруі керек. Қазір зорлық-зомбылық тақырыбында әр мекеме өз ережесімен жұмыс істейді. Зорлық-зомбылықты азайту үшін заңды түрде қай мекеме қандай жолмен көмек беретіні жөнінде белгілі бір бағыт болу керек. Бұл – бір. Екіншіден, заңнаманың сәйкестігі. 2009 жылы Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы заң қабылданды. Бұл заң бойынша зорлық-зомбылықтың төрт түрі бар. Олар: физиалогиялық, сексуалдық, психологиялық және эмоционалдық. Физиологиялық және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылықты сот медициналық сараптама арқылы анықтауға, қылмыстың ауыр не жеңіл екенін саралауға, оны жасаған адамды жауапкершілікке тартуға мүмкіндік бар. Десе де пихологиялық және эмоционалдық зорлық-зомбылықты дәлелдеу қиын.
Хасанованың пікірінше, зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға тек құқықтық емес, психологиялық көмек көрсету маңызды. Әйел зорлық-зомбылықпен күресе ме, отбасын сақтап қала ма кейінгі шешімін бірден анықтаған абзал.
- Көпшілік зорлық-зомбылықты отбасылық мәселе деп қабылдайды. Жоқ, бұл қоғамдық мәселе. Өкініштісі, зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдер мен балаларға көмек беретін дағдарыс орталықтарының саны аз. Мысалы, 2 миллионнан аса халқы бар Түркістан облысы мен Шымкент қаласында дағдарыс орталығынан 50 орын бөлінген. Бұл – өте аз. Баратын жері, басатын тауы жоқ зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің басым бөлігі отбасын сақтап қалуға тырысады. Олардың кейбірі өзін зорлық-зомбылықтың құрбаны екенін түсінбейді. Қалыпты жағдай деп қабылдайды, - дейді орталық директоры.
«Зорлық-зомбылық көрген әйелдер «ұят болады» деген сөзге тоқтайды»
Психоаналитик Жұлдыз Төлеу тұрмыстық зорлық-зомбықтың себебі сан түрлі, оған ішкі және сыртқы фактор әсер етеді дейді. Ішкі факторға зорлық-зомбылық жасайтын адам мен оның құрбанының тұлғалық қасиетін жатқызады. Олар бала кезде қай ортада өсті, қандай тәрбие алды, зорлық-зомбылық көрді ме? Екіншіден, сыртқы ортасы, өмір сүріп жүрген қоғамы. Адамның өмірі үшін бұл – маңызды.
Мысалы, 2020 жылы пандемия кезінде бірге өмір сүріп жатқан адамдардың бірін-бірі мүлдем танымайтынын көрсеткен. Маман сыртқа шықпай, бір үйде қамалу отбасындағы осыған дейін жасырынып келген агрессияның жарылуына алып келгенін байқаған. Көбінде, зорлық-зомбылық бар отбасы сыртқы стереотиптерге, консервативтік көзқарастарға ғана негізделгені көрінген.
- Абьюзер ол – нарцисс. Нарцисс дегеніміз – қоғамнан, қоршаған ортасынан тек өзін ғана көретін адам. Өзгенің пікірін, тұлғалық қасиетін мойындамайды. Өзінен озған адамдарға агрессиясы өте қатты, көбіне бала кезде мейірімге зәру болып өскен немесе агрессияны, айқайды көп естіген адамдар. Олардың сезімдері мұздап қалады. Сезім, эмоция дегенді сезіне алмайды. Өзге адамдарға эмпатиясы, жанашырлық сезімдері сөніп қалған. Олар сырт көзге өте әдемі, сәнді, талғампаз, келбетті көрінеді. Көбінде мазохизтер осындай адамға қалай тартылғанын сезбей қалады, - дейді психоаналитик.
Жұлдыз Төлеудің пікірінше, қоғамда «ұят болады» деген сөз басым. Зорлық-зомбылық көрген әйелдерді осы «ұят болады» деген сөз тығырыққа тірейді. Қоғамда адамның өзінің ішкі жан дүниесі емес, өзге адамдардың, туған-туыстардың сөздері маңызға ие.
- Cтатистиканы қарасақ, әйелдер мен балалардың зорлық-зомбылыққа ең көп ұшырайтын өңір - оңтүстік аймақ. Мұнда тұлғалық институттан гөрі, әлеуметтік, туған-туыстық институт маңызға ие. Мұның пайдалы жақтары болғанымен әйелдердің одан әрі жәбірленуші рөлінде жүре беруіне алып келеді. Адамның ішкі жан дүниесін өлтіріп, соңында физикалық тұрғыдан өзін өлімге итереді, - дейді маман.
Психоаналитик қоғамда нарцисс және абьюзерерлердің зорлық-зомбылығына тап болған әйелдердің өзін кінәлайтынын айтады. Жәбір көрген әйелдер виктимблейминге, яғни, қоршаған ортасының «өзің кінәлісің, өзіңнен де бар» деп айыптауына тап болады. Сондықтан маман бірінші рет қол көтергенде төзбей, қарсы тұру, заң тетігімен қайталануына жол бермеу маңызды деп санайды. Әйтпесе, мұның соңы ерте ме, кеш пе қайғылы жағдайға әкелетінін ескертеді.
- Адам бала кезден өзін сыйлап, құрметтеуді үйренсе, өскенде ешкімге өзін кемсітуге, жәбірлеуге жол бермейді. Одан бөлек адамдарды мейлінше психологиялық, заңдық тұрғыдан сауатты болуға шақыру, үйрету керек. Қоғамда ұлттық тәрбие мен отбасындағы зорлық-зомбылықты шатастырады. Егер әйелі күйеуінен жәбір көрсе, көпшілік күйеуін жақтайды. Әр нәрсенің атын атап, түсін түстеу керек. Зорлық-зомбылық ешқашан да ешқандай ұлттық тәрбиеге жатпаған, жатпайды да, - дейді психоаналитик Жұлдыз Төлеу.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық жеке адамның мәселесі емес»
Клиникалық психолог Абылайхан Рысдәулет психоаналитиктің көбіне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа мазохистер ұшырайды деген сөзімен келіседі. Ол бұл мәселені қаузағанда әуелі қоғамдағы психологиялық ахуалға назар аударуға шақырады. Қоғамды тұрақсыз негативті эмоционалды ахуал жайлады, оның көрінісін негативті тенденциялардан байқауға болады дейді. Негативті проблемалар бойынша дүниежүзінде Қазақстан, айталық, суицид, ажырасудан алдыңғы ондыққа кіргенін алға тартады. Оған тұрмыстық зорлық-зомбылық, нашақорлық пен маскүнемдік, ойынқұмарлық, педафилизм, жемқорлық сияқты мәселелердің белең алуын қосады. Осындай негативті тенденциялар қоғам дағдарысының көрінісі. Бұл дегеніміз – бұқаралық сипат алған невроз, адамдардың созылмалы күйзелісі деп түсіндіреді.
- Қоғамда аутодеструктивті және гетеродеструктивті мінез-құлықты адам көбейді. Бұл – агрессия. Ішке және сыртқа бағытталған агрессия. Айталық, аутодекрессивті мінез-құлық ол – суицид. Ал гетеродеструктивті мінез-құлық – қылмыс. Оның ішіне тұрмыстық зорлық-зомбылық та кіреді, - дейді маман. - Қоғам психологиялық тұрғыдан есеймеген. Садомазохизтік қарым-қатынаспен өмір сүретіндер көп. Яғни, бағындыру және бағыну. Қарым-қатынас осыған негізделгендей. Бағындырушы дөрекі, қатігез мінез көрсетсе де, бағынушы тарап үнсіз көнбістік танытады. Бұл – жүйенің күйреуі.
Клиникалық психолог тұрмыстық зорлық-зомбылық жеке адамның проблемасы емес, бұқаралық сипат алған мәселе деп қарайды. Оған қоғамдағы түрлі фактор әсер етті деп санайды. Адамдардың ішкі негативті проблемалары шектен тыс көбейгенін алға тартып, зорлық-зомбылық көрсету де негативті эмоциядан шығатын іс-әрекет деп біледі. Бұл – адамдардың ішкі психологиялық қайшылығы және олардың қалаулары мен мүмкіндіктерінің сәйкес келмеуі деп есептейді.
Рысдәулеттің пікірінше, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбеюіне қоғамдық үрдістердің күйреуінің әсері мен ықпалы бар. Айталық, қазір материалдық құндылық пен агрессия доминантты насихатқа ие. Отбасылық құндылық, адамды құрметтеу, қабылдау төмен. Жалғандыққа негізделген әділетсіз мінез белең алған. Сыни көзқарас жоқ. Адамның ішкі мәдениетін өсіруге бағытталған, адамды ізгілікке шақыратын дүниелердің насихаты бар болғанымен аз.
- Енді не істеу керек?
- Мәселе қоғамдық сипат алғанда оған жеке адамдар ғана емес, билік те жауапты. Бұқаралық, жалпыхалықтық проблемаларды жеке адамның проблемасы деп қарауға болмайды. Мысалы, әлі күнге әділетті жүйе орнаған жоқ. Сайлаудың өзі жалғандыққа негізделген. Кез-келген салада – осы. Жалғандық дегеніміз шынайы өмір мен жүйенің халыққа таңатын әдемі өмірінің сәйкес келмеуі. Осыдан қайшылық пайда болады.
- Ресми дерекке қарағанда, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдердің басым көпшілігі кешірім береді екен. Неге?
- Әйелдер кешірімді амалдың жоқтығынан береді. Зорлық-зомбылық жасаған адам отбасының асыраушысы. Әйелдер еркектердің зорлық-зомбылығына көнуге мәжбүр. Себебі өмір сүру қиын. Жалғыз өзі бала-шағасын жеткізе алмайтынын білген әйел көнеді. Бұл халықтың әділетсіз жүйеге көніп отырғанымен бірдей. Көзбен көреміз, бірақ ештеңе істей алмаймыз. Мысалы, дауысымыз сайлауда ұрланады, үнсіз көнеміз. Шындығында, осының өзі - зорлық-зомбылық.
Зорлық-зомбылықтың құрбаны тек әйелдер мен балалар дегенмен толық келісуге болмайды. Өйткені, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болып жүрген еркектер де аз емес. Олар ашып айтпайды, намыс көреді. Әйелдерінен психологиялық зәбір көретін еркектер өте көп. Тұрмыстық зорлық-зомбылық тек қана физикалық зорлық-зомбылықтан тұрмайды, психологиялық, моральдық зорлық-зомбылық та бар. Анасы не әйелі ұрып-соқпаса да еркекті балағаттайды, ар-намысын таптайды. Еркек жалқаулығынан ақша таппай жатқан жоқ. Мысалы, дәрігер еркектер екі жерде жұмыс істейді. Бірақ тасыбы отбасын асырауға жетпейді. Баспанасы жоқ, не ипотекаға алған үйінде өмір сүреді. Десе де демалыссыз жұмыс жасаған еркектің табысына қанағаттанбайтын әйелдер бар.
Түрмеде отырғандар «кездесуден бас тартты»
Тұрмыстық зорлық-зомбылық кезінде тірі қалған және қайтыс болған әйелдер тақырыбын зерттеу кезінде зерттеу тобы қылмыстық жауапқа тартылып, сотталған, жазасын өтеп жатқан еркектер және әйелдермен кездесіп, тілдеспек болды. Түзеу мекемелері жабық мекеме болған соң Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі және Ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне арнайы хат жазылды. Екі мекемеден «жазасын өтеушілер кездесуден бас тартқаны» жазылған жауап келді. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты сотталғандармен тілдесіп, сөйлесуге, олардың пікірін алуға мүмкіндік болмады.
Бұдан бөлек зерттеу тобы Ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне екінші хат жолдады. Хатта бірнеше сұрақ қойылған. Қазақстандағы түзеу мекемелерінде тұрмыстық зорлық-зомбылық кезінде әйелін не күйеуін өлтірген қанша адам жазасын өтеп жатыр? Олар Қылмыстық кодекстің қай баптарымен қанша жылға сотталған? Олардың жас шамасы қандай? Мерзімінен бұрын бостандыққа шыққаны бар ма? Сотталған қанша әйел жазасын баласымен бірге өтеп жатыр немесе аяғы ауыр? Комитетке жазылған бұл хаттарда материал сотталған әйелдер не еркектердің мекемедегі өмірін көрсету арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту, алдын алу мақсатында дайындалатыны ескертілген. Алайда, комитет бұл хатқа жауап бермеді.
Сонымен бірге зерттеу тобы тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбына қатысты Бас прокурор Берік Асыловқа арнайы хат жолдады. Бұл хатқа Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет жауап берді.
Комитеттің qamqor.gov.kz ақпараттық порталындағы деректерге қарағанда, 2022 жылы Шымкентте Әкімшілік кодекстің тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегімен іс қозғалатын екі бабы, яғни «Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер» бабымен - 185 іс, «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабымен - 969 іс тіркелген. 969 істің 958-і сотқа жетіп (оның 954-і әйелдерге қарсы жасалған), 520-сы қысқарған. Қалған 438 істің 105-і - ескертумен, 231-і - айыппұлмен, 102-і әкімшілік қамаумен біткен.
Ал «Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер» бабымен тіркелген 185 әкімшілік істің 174-і сотқа жеткен. Оның ішінде 117 іс қысқарған. 66 істің тең жартысы - ескерту, тең жартысы әкімшілік қамаумен аяқталған.
2022 жылы Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты сотта Әкімшілік кодекстің екі бабымен 41 мыңнан аса іс қаралған. Оның 21 мыңға жуығы қысқарған.
Комитет мәліметінше, 2022 жылы Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 166 адам қайтыс болған. Олардың 40-ы – әйелдер. Ал 2023 жылдың алғашқы үш айында 76 адам қайтыс болса, олардың 15-і әйел. 2022 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 689 адам зардап шеккен, олардың 402-і әйел. 402 әйелдің 17-і сексуалдық сипатта зорлық-зомбылыққа тап болған.
«BIZ» жобасы Америка халқының көмегі арқасында АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын «Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы» аясында дайындалды. ЖК «Дилара Иса» ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Материал авторы – Дилара Иса
Жаңалықтар
- Шавкат Рахмонов пен Ян Гарри жекпе-жегі
- Елімізде байланыс қызметі тарифтері жыл соңына дейін өзгермейді - Цифрлық даму министрлігі
- Тоқаев Доха форумы конференциясының ашылу салтанатының құрметті қонағы
- Түркияның бұрынғы Сыртқы істер министрі ЕҚЫҰ Бас хатшысы қызметіне тағайындалды
- Оңтүстік Корея президенті әскери жағдай енгізгені үшін кешірім сұрады
- Полиция тексеру бастады: Алматыда намаз оқу үшін көшені жапты
- Катарда Сирия бойынша Астана форматындағы сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтеді
- 8-сынып оқушысының өліміне қатысты екі оқушы сотталды
- «Маңғыстаумұнайгазға» жаңа бас директор тағайындалды
- Бұрынғы спорт министрінің ағасы жұдырық ала жүгірді
- Тоқаев Катарға жұмыс сапарымен барды
- Алматының сейсмикалық қауіпсіздігіне 14 миллиард жұмсалады
- Әскердегі сержанттың озбырлығы сау жігітті жындыханаға аттандырды
- Туған шешесін баспанасыз қалдырмақшы болған
- Шерзат Полаттың өлімінен кейін қызметінен босатылған вице-министр көлік полициясын басқарды
- Тергеу абақтысы қызметкерін бір жапырақ нан үшін жазалады
- Қазақстан гүлденген 50 елдің қатарына енді
- «Билікті басып алуға тырысқан» кәсіпкер сотта мойнын тіліп жіберді
- «Қыз алып қаштым»: Депутаттар сексизмнен феминизмге қалай ауысты?
- Қор нарығында доллар бірден 9,31 теңгеге арзандады