Келемеж шеруі: Orda.kz жыл қорытындысын шығара отырып, «Алтын шелек-2024» антимарапатын жариялады

cover Фото: Orda.kz

Редакция Orda.kz жылдың дәстүрлі қорытындысын өткізіп, «Алтын шелек» авторлық антипмарапатын таратты. Біз оны өзінің сөздері немесе іс-әрекеті арқылы ең көп келемеж тудырған қазақстандық қайраткерлерге (тек қана  мемлекеттік емес) табыстаймыз. Кеттік. 

«Жылдың аса мәртебелісі»  — Путин Астанада

2024 жылдың қараша айының соңында Астана Ресей президенті Владимир Путинге арнап қызыл кілем жайды. Қала екі елдің жалауларымен безендіріліп, аспанда еліміздің Қарулы Күштерінің ұшақтары Ресей туының үш түсін бейнеледі. Ал әуежайдың үлкен экранындағы Путинді қарсы алуға арналған «аса мәртебелі» деген жазу жұрттың ойын сан-саққа жүгіртті.

Шын мәнінде, мұның бәрі ресми хаттаманың бір бөлігі ғана, бірақ тіпті жоғары қонақтарды қабылдауға дағдыланған астаналықтарды да осындай тізерлей мойынсұну таң қалдырды... 

Көпшілік Ресей көшбасшысын тым өбектеу  —  Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатқа деген ұмтылысы тұрғысынан тым артық деп санады. Әлеуметтік желілерде Путиннің келесі сапарында раушан гүлінің күлтелері шашылуы мүмкін деген әзілдер пайда болды.

Кейбіреулер келесі жолы Путин үшін дәстүрлі орысша киінген еліміздің барлық шенеуніктерінің қатысуымен екі ел арасындағы "ерекше" қарым-қатынасты одан әрі баса көрсету үшін шеру ұйымдастырылады  деп те мысқылдады.

Бір жылда екі рет бас директор болып, баршаны өзін жек көруге мәжбүрлеген» — Ғалымжан Жусанбаев

Қалай басшылық лауазымға ие болып, бүкіл ұжыммен ұрысып, жанжалмен кетіп, содан кейін жұмысқа қайта оралып, барлығымен қайтадан жанжалдасып, жоғары басшылардың сенімін жоғалтып және жұмыстан кетпей, отырып алуға болады? Оны білмесеңіз, АМӨЗ-дің бас директоры Ғалымжан Жусанбаевтан сұраңыз.

2024 жылдың қаңтарында АМӨЗ-ге жаңа басшы тағайындалды. Жусанбаевтың алдындағы екі басшы істі болып, жауапқа тартылды, ал ол болса директор болмай тұрып шатаққа  іліккен. Жусанбаевтың өткен өмірінде күрделі мәселелер бар екені белгілі болғаннан кейін ол АМӨЗ-ді өз бақылауына әрең қаратты.

Ал зауытты бақылауына алған кезде ол бірден негізгі қызметкерлермен, инженерлермен және техниктермен жанжалдасып қалған. Олар жаңа бас директор ұстанған басқару стилінен шошып, оны АМӨЗ жұмысына қауіп төндірді деп айыптады. Тіпті, ол мұнай өнімдерін зауыттан өз кәсіпорнына шығаруға жеке қызығушылық танытқан болуы да мүмкін. Ары қарай, көптеген айыптаулар жанжал мен жұмыстан босату туралы петицияға жалғасты.

Бірақ Жусанбаевтың жоспарында біржола кету болған жоқ. Ол жұмыстан босату туралы шешімге орайын келтіріп шағымданды да, маусым айының соңында Бас директор креслосына қайта қонжиды. Жусанбаевтың әріптестері де, ҚМГ-ның жоғарғы басшылары да мұндай жанкештілікті бағаламады. Негізгі қызметкерлердің біразы атышулы Бас директордың оралуын күтпестен жұмыстан шығып кетті. 

Дегенмен биліктің дәмін татқан Жусанбаев тағы да ескі әдетіне басты. Ол қарапайым еңбеккерлерді аттестаттауды жойып, бұрын-соңды болмаған жомарттық аукционын ұйымдастырды, одан кейін өзіне риза болмағандарды қудалай бастады. Бас директордың кейінгі мансабы экологиялық жанжалдарға, жаңа күмәнді бастамаларға және ең маңызды қондырғыны іске қосу кезіндегі сәтсіздіктерге жалғасты.

Жусанбаевтың басқарушылық қасиеттері  керемет болғаны соншалық, ҚМГ-да одан өз еркімен жұмыстан кетуді "өтініп" сұрады. Ол екінші рет қызметінен кетуден бас тартып, 2025 жылдың 10 қаңтарында аяқталатын келісімшарттың соңына дейін отыруға бел буды.

Ендігі кезекте Ғалымжан Жусанбаев өзіне ұнайтын Бас директор креслосымен қоштасып, тағы басқа жерді басқаруға барады деген үмітпен ҚМГ-да және АМӨЗ-де бұл датаны асыға күтуде.

Жусанбаевпен болған жанжал - бұл жай ғана сыбайлас жемқорлық оқиғасы емес. Ол Қазақстанның ірі кәсіпорындарын басқарудағы жүйелі проблемалардың символына айналды және ашықтық пен жауапкершілік қажет екенін еске салды. Әзірге қазақстандықтар директор туралы кезекті әзіл-қалжың ойлап тауып, оқиғалардың ары қарай дамуын бақылап отыр.

Жыл сатылымы - Турлов және оның саудасы

2024 жылы ресейлік олигарх, Freedom Holding Corp негізін қалаушы және мажоритарлық акционері Тимур Турлов Қазақстандағы бизнес мүдделерін белсенді түрде кеңейтті. Сонымен, 2024 жылдың қыркүйегінде Freedom Holding Corp еншілес кәсіпорны Freedom Telecom., "SilkNetCom" ЖШС-ні 23,88 млн долларға сатып алу бойынша мәмілені аяқтады. SilkNetCom провайдерлік қызметтерді ұсынуға маманданған, IT саласында жұмыс істейді және телекоммуникациялық желілерді салумен айналысады.

2024 жылдың қаңтарында Турлов шымкенттік "DITel" ЖШС телекоммуникациялық компаниясын 1,1 млн долларға сатып алды.

Екі мәмілені де жасағаннан кейін Турлов елде жаңа тәуелсіз ұялы байланыс операторын құру ниеті туралы айтты. 

Сонымен қатар, Тимур Турловқа тиесілі Turlov Рrivate Holding Ltd. Қазақстанда алтын өндірумен айналысатын Central Asia Gold Corp және Central Asia Gold Production кәсіпорындарының негізгі иесі болды. Бұған дейін компания 12 тонна алтынның расталған қорлары туралы мәлімдеген болатын. Оның орташа мөлшері бір тонна кенге 1,5 грамм.

Тимур Турловтың ойынша, егер сіз бақытты сатып ала алмасаңыз, онда сіз кем дегенде бірнеше телекоммуникациялық компаниялар мен алтын кеніштерін сатып алуға тиіссіз.

Бірақ бұл да оған жеткіліксіз болған сияқты,  себебі, олигарх Қарағандыдағы "Сары-Арқа" әуежайының бақылау пакетін де сатып алмақшы болды. Мамыр айында оның Turlov Private Holding компаниясы әуежайдың бас компаниясы — "Sky Service" ЖШС-нің 60% иесі болды. Бұрын акциялардың 95% - ы Ерлан Оспановқа тиесілі болған, ал мәміледен кейін ол 35% үлесін сақтап қалған.

Қазір Қазақстанда әуежайларды жекешелендіру жүріп жатыр. Мемлекет оларды күтіп ұстау мен басқарудың барлық шығындарын жеке бизнеске артып қоюға белсенді түрде тырысуда. Мүмкін Турловты өз әуежайының болуы - бұл "жоғары болудың" жаңа деңгейі екеніне сендірген тапқырлар табылған болар.

Сондай — ақ, олигархтың өткен жылы Aviata және Shocotravel қызметтерін сатып алуларын еске түсіруге болады. 2023 жылдың мамырында Turlov Private Holding Ltd. Ай-Қарауыл мыс кені аумағында мыс барлаумен айналысатын "Ай Қарауыл" АҚ-ның 50 пайыздық акционері болды. 2023 жылдың көктемінде Turlov Private Holding Ltd. "Семей цемент зауыты" өндірістік компаниясы " ЖШС құрылтайшыларының құрамына кірді.

Бұрын Турлов Sergek Group акцияларының бақылау пакетін сатып алып, жол қозғалысы ережелерін бұзушылардан ақша таба бастайды деген қауесет белсенді болған. Бірақ бұл сол күйі қауесет болып қалды. Қазнетте ресейлік қаржы алыбы бүкіл Қазақстанды сатып алуға ниетті деп әзілдейді. Алайда, бұл әзілдер ме екен?

"Жылдың бұл не болдысы" — петиция механизмі 

2024 жылғы сәуірде Қазақстанда азаматтарға epetition.kz платформасы арқылы мемлекеттік органдарға тікелей жүгінуге мүмкіндік беретін петициялар институты ресми түрде іске қосылды. Бастама қоғамдық бақылауды күшейтуге және халықты шешім қабылдау процесіне тартуға бағытталған еді. Бірақ бұл бір түрлі болып шықты.

Қарапайым механизм: азаматтар eGov.kz порталында электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, авторизациядан өту арқылы платформада петиция жасайды. Модерациядан кейін петиция қол жинауға болады. Үкімет деңгейінде қарау үшін алты ай ішінде кемінде 50 000 қол жинау қажет. Қолдың қажетті санын жинаған петициялар қаралу және шешім қабылдау үшін тиісті мемлекеттік органдарға беріледі.

Алайда, осы уақыт ішінде петициялар елде бір маңызды нәрсеге айналмады. 2024 жылдың маусым айындағы жағдай бойынша платформада 40-тан астам петиция жарияланды, бірақ олардың бірнешеуі ғана қолтаңбалардың жеткілікті санын жинай алды. Петицияға қол қою үшін ЭЦҚ арқылы авторизация қажет, бұл кейбір азаматтар үшін қиын болуы мүмкін. Барлық сұрақтар бойынша петиция бастай беруге болмайды. Мысалы, сотқа дейінгі тергеуге, сот төрелігіне немесе конституциялық құрылысты өзгертуге қатысты өтініштер қарауға қабылданбайды. 

Әзірге билік бұл платформаны азаматтар үшін емес, Парламентте айтуға ыңғайсыз болып көрінетін кейбір бастамаларын заңдастыру үшін құрған сияқты. Мысалы, жаңа тыйымдар. Ал билік "лайктарды" қалай жинайтынын біз бәріміз жақсы білеміз.

«Жылдың ұсақ басылымы» - мемлекеттік қызметшілерге арналған сыйақылардың күшін жою

2024 жылы Қазақстанда Қаржы министрі Мәди Тәкиев мемлекеттік қызметшілерге арналған сыйақыларды алып тастау туралы үлкен шешім қабылдағанын мәлімдеді. Жаңалықтар бірден әлеуметтік желілерге тарап, халық енді шенеуніктер қарапайым адамдар сияқты жұмыс істейді деп  армандай бастады. Бірақ бастаманың мәні сәл басқада болып шықты. Министр Тәкиев мемлекеттік қызметшілерге үнемделген ақшадан сыйлықақы беру тоқтатылатынын, бірақ сыйлықақылардың өзі сол күйінде қала беретінін түсіндіруге мәжбүр болды.

Тіпті Президенттің өзі түсініктеме беріп, шенеуніктерге қолдау көрсетуге мәжбүр болды. Ол көбіне Министрлер кабинетінің оғаш идеяларын жүзеге асыру жолында кедергі болады.

«Бұл мәселе бойынша Қаржы министрлігі қазірдің өзінде түсініктеме берді — мұндай тыйым салуға негіз жоқ. Мемлекеттік қызметшілер еліміздегі жүйелі қайта құрулардың басты бағыттаушыларының бірі болады. Олар аз ақша табады, көбінесе жұмыстан кейін де кеш қалады. Олардың да отбасылары мен міндеттемелері бар, сайып келгенде, адамның қарапайым тілектері мен жоспарлары бар. Мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыру үшін қатардағы қызметкерлердің еңбекақысы бәсекеге қабілетті болуы тиіс деп санаймын. Ал сыйлықақылар бұл мәселені шешуге көмектеседі. Мемлекеттік қызметке білікті мамандарды тарту және кадрлардың ауысуын болдырмау басқаша қиынға соғады», - деді Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің форумында
 Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Жылдың хедхантингі» - Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Бауыржан Әленов

2024 жылдың қазан айында елде тағы бір резонанстық трагедия орын алды. Қаласаңыз, олардан бөлек рейтинг жасауға болады, бірақ елде бізсіз де толқулар жеткілікті болып тұр.

2024 жылдың 4 қазанына қараған түні Талғар қаласында 16 жасар Шерзат Болат ата-анасының көзінше ажал құшты. Жанжал отбасылық дүкенде бір топ ер адамдардың алған затына ақша төлеуден бас тартқан кезде басталып, суық қару қолданылған төбелеске әкелді.

Кісі өлімінен кейін 11 күдікті ұсталды. Шерзат Болатты өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі қажетті тергеу әрекеттері жүргізілді, барлық күдіктілер ұсталды. Бірақ істің көптеген мән-жайларын ескере отырып, талғарлықтар мен облыстың басқа тұрғындары Талғарда көп жылдан бері ұйымдасқан қылмыстық топ барын айта бастады. Полицейлер бұл нұсқаны бірден жоққа шығарды, бірақ қайғылы оқиғадан бір апта өткен соң белгісіз біреулер қаза тапқан баланың отбасының үйін өртеп жіберді. Бұл қоғамның наразылығын күшейтті. Талғар әкімі мен оның орынбасары тез арада қызметтен босатылды. Полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленов те лауазымынан айырылды, бірақ белгілі болғандай, бұл тек оны жоғарылату үшін жасалған екен. 

Иә, Қазақстанда қандай да бір қателік жасап, алайда, ол үшін ешқандай жауапкершілікке тартылмауға болатыны белгілі.

Әленовтің лауазымы көтерілді, өйткені оның кезегі келді. Талғардағы резонанстық кісі өлтіру тек әкім мен оның орынбасарының мансабына әсер етті, ал Әленовің тағайындалуымен "жай ғана сәйкес келді".

«Жылдың тамаша шешімі» - уақыттың ауысуы

Болды, біз енді бәріне көз жұмып отыра алмаймыз. Уақыт ауыстыру жылдың ең күмәнді немесе тіпті ұят оқиғасы болды. Мұның бәрі депутат Еркін Әбілдің Қазақстанды Бірыңғай уақыт белдеуіне (UTC +6) ауыстыру туралы ұсынысынан басталды, ол оны 2023 жылдың соңында айтқан болатын.

Кенеттен қазақстандықтар үшін мұндай шешім мүмкіндігінше тез қабылданды, сауалнамалар мен референдумдар ұйымдастырылмай, адамдарға 2019 жылы Астананы Нұр-сұлтан деп өзгерту туралы шешімді еске салды.

Батыс бүкіл елге емес, бүкіл ел — батысқа бейімделді. Бірақ уақытты ауыстырудың өзі наурыз айында, күн көзінің ұзарған кезінде жасалғандықтан, бұл оқиға аса сезіле бермеді. Бірақ, күздің келуімен бәрі өзгере бастады. Қараша айында елдің шығыс және орталық бөліктерінде сағат 16:00-де қараңғы түсіп, адамдар тым қысқа күндізгі жарыққа шағымдана бастады.

Олар тіпті ескі екі уақыт белдеуін қайтару туралы ресми петиция құрып, қажетті қол жинады. Шенеуніктер өтінішті қарағанымен, бірақ оны қанағаттандыру үшін дәлелдер жеткілікті деп санамады. Бұған азаматтар тынышталмай, журналистермен бірге шенеуніктерді сұрақтармен бомбалауды жалғастырды. Содан кейін үкімет уақыт аударымының әсерін зерттеуді шешіп, оған жүздеген миллион теңге бөлді. Неліктен мұндай маңызды шешім қабылданғанға дейін бұл зерттеу жүргізілмегені — мүлдем түсініксіз.

Бұл бастаманы "халық қалаулылары" Кеңес өкіметі адамдардың пікірін сұрамай, елді өзінің орналасуына тән емес уақыт белдеуіне ауыстырғанымен түсіндірді. Иә, енді олар сұрады... 

Әрине, шенеуніктерге халықтың денсаулығына қамқорлық жасағаны үшін алғыс айтқымыз келеді... бірақ, өтірік айта алмаймыз, рахмет айтатын ештеңе жоқ. Көптеген қазақстандықтар әл-ауқатының нашарлауына, электр энергиясын тұтынудың артуына және көңіл-күйдің төмендеуіне шағымдана бастады. 

Сонымен қатар, бұл жағдайда қазіргі қазақстандық мемлекеттік басқарудың көптеген ерекшеліктері біріктірілді: жедел шешімдер, қателіктерден бас тарту, жауапкершілікті өз мойнына алмау, өз азаматтарына немқұрайлы қарау және петициялардың пайдасыздығы.

Бірақ ең бастысы, уақыт өзгертуге қоғамдық сұраныс болған жоқ. Осылайша үкімет "шешілгенге" дейін болмаған мәселені шешті.

Сондықтан, биылғы жылы ұжымдық "Алтын шелек " Қазақстан Үкіметіне салтанатты түрде беріледі.

«Жыл филологы» — Станислав Черчесов 

2024 жылы Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов оның қазақ тілі туралы айтқан сөздері мен команданың әлсіз нәтижелеріне байланысты өрбіген даудың орталығында болды.

Маусым айында Ұлттар Лигасының Словенияға қарсы матчынан кейінгі баспасөз мәслихатында (0:1) Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған журналистке: " - сен қазір француз тілінде сөйлеп тұрсың ба?" - деп, сөзін бөлді. Бұл сұрақ кең қоғамдық резонанс тудырды және Қазақстанның мемлекеттік тілін құрметтемеу ретінде қабылданды.

Бұл үшін Футбол федерациясы Черчесовке 738 400 теңге айыппұл салды. Жалпы, даулы жаттықтырушы қазақ тіліне деген жеккөрінішті көзқарасын бірнеше рет көрсетіп, әлеуметтік желілерде қазақстандықтардың наразылығын тудырды.

Бірақ бұл жеңістің тек жартысы. Черчесовтің басшылығымен Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында бірде-бір жеңіске жетпей, турнирді бір ұпаймен аяқтап, бірқатар сәтсіз матчтар өткізді. Бұл жаттықтырушыға қатысты сынды күшейтіп қана қоймай, оның ел құрамасынан кетуі мүмкін деген қауесетті де күшейтті. Ал Черчесовтің өзі команданы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу матчтарына дайындауды жалғастырып жатқанын айтты. 

2024 жылдың желтоқсанында ресейлік "Мяч Production" YouTube-арнасы Қазақстандағы Черчесовтың қатысуымен болған жанжалды жылдың үздік 10 футбол сәтсіздігіне енгізді, бұл құраманың нәтижелерімен және жаттықтырушының даулы мәлімдемелерімен дәлелдеді.

«Жыл қастандығы» — Айдос Садықовты өлтірді деген күдіктілер Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаев

2024 жылдың маусым айында Киевте қазақстандық оппозициялық журналист, "Басе" YouTube-арнасының негізін қалаушы Айдос Садықов қаза тапты. 18-маусымда Украина астанасының Шевченко ауданында Садықов әйелімен бірге отырған көлікке белгісіз адам келіп, журналистті атып,  қашып кетті. Садықов басына оқ тиіп, ауруханаға жатқызылды.

Украинаның құқық қорғау органдарының мәліметтері бойынша, жалған төлқұжаттар бойынша Польшадан Киевке келген Қазақстанның екі азаматы шабуылға қатысы бар. 

2024 жылы 21-маусымда шабуылдаушылардың бірі Алтай Жақанбаев Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарына өз бетінше жүгініп, одан жауап алынып, ұсталды. Екінші күдікті Мейрам Қаратаев-Қостанай полиция департаментінің бұрынғы қызметкері. Ол әлі тығылып жүр.

Қызмет барысында ол Қостанайда полицей ретінде айтарлықтай танымал болды. 2016 жылы ол туралы қаһарман батыр ретінде жазған. Сондай-ақ, ол қарумен ату және күрестен чемпион. 

Қазақстанның Бас прокуратурасы Украинаның құзыретті органдарына Жақанбаев пен Қаратаевтың жасалған қылмысқа қатысы бар қылмыстық іс материалдарын ұсыну туралы халықаралық тергеу тапсырмасын жолдады. Алайда, Бас прокуратураның өзі тергеу барысы туралы өз тарапынан ешқандай ақпаратпен бөліспейді. 

Осылайша, Қаратаев пен Жақанбаев күдікті фактілердің арқасында отандық "Петров пен Башировты" — Солсбериде (Ұлыбритания) Скрипальдарды өлтіре алмаған, бірақ демалыстағы гей-жұп ретінде танымал болған, сәтсіз орыс тыңшыларын еске түсірді.

2024 жылдың 2-шілдесінде Айдос Садықов есін жинамай ауруханада қайтыс болды. Оның әйелі Наталья күйеуінің өліміне қазақстандық билік жауапты деп санайтынын мәлімдеді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қылмысты тергеуге жәрдемдесуге дайын екенін білдірді. 

Соңғы 10 жылда Садықовтар Украинада өмір сүрді. 2023 жылдың қазан айында ерлі-зайыптыларға Қазақстанда алауыздық тудырды деген айыппен іздеу жарияланды. Orda.kz редакциясы Айдос Садықовтың отбасына қайғырып, көңіл айтады.

«Жыл қайырымдылығы» — Перизат Қайрат

Блогер, қоғам қайраткері, ерікті Перизат Қайрат 2024 жылдың қараша айында өзінің Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қайырымдылық қорына қатысты ірі жанжалдың орталығында болды.

2024 жылдың қараша айында Қазақстанның Қаржы мониторингі агенттігі көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікпен Қайрат Перизатты ұстады. Тергеу мәліметтері бойынша, қыз бұл қаражаттың көп бөлігін өзіне жұмсаған: ол жоғары деңгейлі жылжымайтын мүлік, сәнді машиналар, брендтік киімдер мен зергерлік бұйымдарды сатып алған.

Перизат Қайратты ұстау туралы жаңалық көпшіліктің наразылығын тудырды. Қорға сеніп, қайырымдылық жасаған көптеген қазақстандықтар  наразылықтарын білдірді. Бұрын Қордың бастамаларын қолдаған кейбір танымал блогерлер Перизаттың әрекеттерін көпшілік алдында айыптап, қайырымдылық ұйымдарымен ынтымақтастықты тоқтатқанын мәлімдеді. 

Перизат Қайрат ұсталғаннан кейін Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорының құрылтайшылары арасында AMANAT басқарушы партиясының мүшелері болғандығы белгілі болды. Алайда, партия өкілдері Қордың қызметіне қатысы жоқ екенін ресми түрде мәлімдеді.

Қазір қыз қамауда, ал оның мүлкі тәркіленген. Тергеу органдары істің барлық мән-жайларын және ықтимал қатысушыларды анықтауға бағытталған тергеуді жалғастыруда. 

Осы оқиға аясында Қазақстанда қайырымдылық ұйымдарының қызметін бақылауды күшейту туралы тағы да айтылды. Шамасы, оларға елде қандай да бір түрде тыйым салынып, қатаң мемлекеттік бақылауға алады.

«Жылдың кіші жауызы» - Бишімбаев 

Ресми түрде Бишімбаев-былтырғы "батыр". 2023 жылдың қараша айында, осы тізімдегі ирониялық көршілесі Путин келген күні, Бишімбаев өзінің азаматтық әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді.

Бірақ оны 2024 жылдың көктемінде соттады және бұл тек жылдың ғана емес, сонымен бірге қазіргі Қазақстанның тарихындағы ең маңызды процесі болды.

Елімізде шын мәнінде ашық сот жүйесі болса, Кәрім Мәсімов пен Жабайы Арманның соты Бишімбаевтың даңқына көлеңке түсірер еді деп ойлаймыз, бірақ Қазақстан барлығын қанағаттандыру үшін тым біркелкі жаңарып жатқан жоқ. Сондықтан, басты зұлымдардың үкімі барынша құпияланды, ал шынын айтқанда, кішігірім кейіпкер граф Дракула ретінде берілді. Ал ол соған тырысқанына қуанышты сияқты: ол өзін абюздің құрбаны ретінде көрсетіп, унитазды Салтанатты ұрды деп айыптады және Гитлердің сөзінен цитата келтірді. Мұның бәрін тікелей эфирде, ах-ох деп және ашуланып, бүкіл ел бақылады. Нәтижесі — экс-министр үшін 24 жылға бас бостандығынан айыру және біздің күмәнді сыйлығымыз.

«Жыл Заңы (тыйым салу)» - вэйптар, энергетиктер, құмар ойындар

Егер Қазақстанда бір нәрсеге тыйым салынбаған болса, онда ол елге әлі келген жоқ. 2024 жыл, 2023 жыл сияқты, тыйым салудың жаңа пакетімен есте қалды. 

Вэйптерге тыйым салу. 2024 жылғы 9-сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев никотинді тұтынудың электрондық жүйелерін, сондай-ақ оларға арналған сұйықтықтарды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салатын заңға қол қойды. Тыйым салуды бұзу сату, тарату (АЕК немесе 200 сағаттық қоғамдық жұмыстар), ал әкелу және өндіру (2000 АЕК, шектеу және бас бостандығынан айыру) үшін қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. 

Энергетикалық сусындарды сатуды шектеу. 2024 жылдың 8-шілдесінде президент 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салатын заңға қол қойды. Бұл шектеу жастардың денсаулығын осындай сусындарды тұтынудың жағымсыз әсерінен қорғауға бағытталған. 
Заң энергетиктерді 21 жасқа дейінгі адамдарға сатуға, оның ішінде автоматтар мен басқа да электронды немесе механикалық құрылғылар арқылы сатуға тыйым салады.

2024 жылы Қазақстанда құмар ойындар мен олардың жарнамасы саласында айтарлықтай шектеулер енгізілді. Атап айтқанда, букмекерлік кеңселер мен казиноларды жарнамалауға тыйым салу. Сондай-ақ құмар ойындарға қатысуға шектеулер: 21 жасқа толмаған адамдар, мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметкерлер, бюджеттік ұйымдардың басшылары үшін. 

Бұл шаралар қазақстандықтарды лудоманиядан арылтуға және олардың денсаулығын жақсартуға көмектесті ме (оның ішінде қаржылай), әзірге белгісіз.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар