Қазақстанға үш бірдей АЭС салу көптік ете ме, әлде аздық ете ме?
Коллаж: Orda.kz
Алдағы уақытта Қазақстанда алғашқы атом электр станциясының іргетасы ресми түрде қаланады. Билік үш бірдей АЭС салуды жоспарлап отыр. Біреуі «Росатомның» қатысуымен, қалған екеуі Қытайдың CNNC компаниясының көмегімен жүзеге аспақ. Сонда елге бірден үш атом электр станциясы қажет пе? Ал атом энергетикасы қарапайым қазақстандықтарға тым қымбатқа түспей ме?
Осы мәселелер төңірегінде Orda.kz тілшісі Қазақстандағы энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығының төрағасы Сергей Агафоновпен сұхбаттасты.
Қазір АЭС өндіретін электр энергиясының құнына қатысты сыни пікірлер айтылып жүр. Кейбір сарапшылардың айтуынша, атом энергиясы көмірмен немесе баламалы көздермен салыстырғанда әлдеқайда қымбат болады. Ал өндіріс көлемі жағынан АЭС көмір станцияларынан да, жаңартылатын көздерден де төмен болмақ. Мұндай болжамдар қаншалықты рас?
— Бұл жерде нақты сандарға қарап, деректерге сүйеніп сөйлейік. 2025 жылдың маусым айында еліміздің көтерме нарығындағы электр энергиясының бағасы сағатына бір киловатт үшін бес центтен асып, 2024 жылғы медианалық деңгеймен салыстырғанда 50 пайызға өсті. Ал 2035 жылға дейін, яғни екі АЭС іске қосылғанға дейін бұл үрдісті өзгерте алатындай айтарлықтай фактор көріп тұрғаным жоқ. Әрине, баға жыл сайын екі еселене бермейді. Бірақ алдағы бес-жеті жылда жылына 20 пайызға дейін өсуі мүмкін.
Бірден ескерте кетейін, бұл әкімшілік жолмен тарифтерді тежеуді есепке алмағандағы болжамым ғана. Біз бұрын ондай тәжірибенің зардабын көрдік қой.
Яғни, Қазақстанда электр энергиясы қалай болғанда да қымбаттай бере ме? Ал жаңартылатын энергия көздерінен (ЖЭК) алынатын арзан қуат туралы болжамдар қайда қалады?
— Жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) бұл бағаның өсуін айтарлықтай тежей алмайды. 2035 жылға дейін олар еліміздің жалпы энергетикалық балансында 20 пайыздан аспайды. ЖЭК-ті жаппай іске қосуды да күтудің қажеті жоқ. Өйткені жүйелік оператор бұл мәселеге әбден сақтықпен қарайды. Оның үстіне, ЖЭК-тің өз бағасы да аса арзан емес. 2025 жылғы аукцион нәтижелері бойынша орташа есеппен бір киловатт сағатқа 2,5 цент көлемінде баға қалыптасты. Бұл — энергия сақтау жүйелерін (ЭСЖ) есепке алмағандағы баға. Егер энергия сақтау жүйелерімен бірге қарастырсақ, желден алынатын қуаттың құны 3,5–4 центке, ал күн көзінен өндірілетін энергия – сақтауға қойылатын талаптар екі есе жоғары болғандықтан – 4–5 центке жетеді.
Жаңартылған энергия көздерінің тағы осал тұсы сол — бұған дейін іске қосылған жобаларды әлі ақтауға уақыт кетіп жатыр. Бұл кезең алдағы жеті-сегіз жылға дейін жалғаспақ. Мысалы, 2025 жылы Қаржылық есеп айырысу орталығы жел энергетикасы бойынша жұмыс істейтін бір станциядан электр қуатын 99,1 теңге, яғни 18,5 цент бағасымен сатып алуға міндетті. Бұл міндеттеме алдағы жылдары да күшінде қала береді.
Ал көмір туралы не айтасыз? Көмір станциялары арзан емес пе?
— Көмірден өндірілетін энергияның бағасына келсек, «ескі» станциялар, энергетикалық баланстағы үлесі жоғары болғанымен, одан әрі ескіруден әрі қымбаттаудан аса алмайды. Ал «жаңа» көмір станциялары заманауи технологиялармен жабдықталғанымен, олардың құрылысы аса қымбат. Яғни, бұл да арзан қуат көзі бола алмайды.
Енді мынаны анықтап алсақ, егер қазір АЭС салсақ, одан өндірілетін энергияның «кіріс» бағасы қандай болады?
— АЭС пайдалануға берілген кезде, көтерме нарықтағы баға бір киловатт сағат үшін 10–12 цент көлемінде болады деп болжаймын. Бұл біздің атом электр станцияларымыздың өзін-өзі ақтау кезеңіне белгіленетін бағамен салыстыруға келеді. Мәселен, Түркиядағы «Аккую» АЭС-іне қойылған талап бойынша, алғашқы екі энергоблоктың 70 пайызы үшін 15 жыл бойы 12,5 центтен төленеді. Осыған сүйенсек, Қазақстандағы АЭС те нарыққа «кіріс» бағасымен оңай бейімделеді деп сенемін.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дейді ғой. АЭС өзін-өзі ақтаған соң не болады?
Нағыз қызық АЭС-тер өзін-өзі ақтап болған соң басталады. Менің болжауымша, 2050 жылдан кейін еліміздегі атом электр станциялары толық нарықтық қатынасқа өтіп, қуаттылықты барынша арттыру үшін өздерінің басты артықшылығын, яғни отын құрамының өте төмен болуын пайдаланып, бағаны әдейі түсіруге (демпинг жасауға) көшеді.
Сонда баға қаншалықты төмендеуі мүмкін?
— Халықаралық тәжірибеге, әсіресе АҚШ-тың үлгілеріне сүйенсек, бір киловатт сағат үшін баға бір центке дейін түсуі ықтимал. Қазіргі таңда бұл көрсеткішке жететін бірде-бір генерация жоқ. Жаңартылған энергия көздері де, көмір де жетпейді! Оның үстіне, бұл демпинг бір ғасырдың соңына дейін жалғасуы мүмкін. Себебі АЭС-тің «ғұмыры» өзге барлық генерация түрлерімен салыстырғанда әлдеқайда ұзақ. Алғашқы 15 жылда электр энергиясының бағасы нарықпен тең болады. Ал одан кейінгі 50–60 жылда бұл энергия ең арзан болып есептелсе, оны қымбат деп айтуға бола ма?
Жақсы, баға мәселесі түсінікті. Бірақ бірден үш АЭС салу Қазақстан үшін тым артық емес пе? Жаңартылған энергия көздері мен атом энергетикасы арасында тепе-теңдікті қалай сақтау керек?
— Мен бұған дейін де бірнеше рет айтқанмын. Еліміз үшін мінсіз энергетикалық баланстың кемінде 50 пайызы жаңартылған энергия көздерінде, ал АЭС үлесі — дүниежүзілік орташа деңгейден кем болмауы тиіс. 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш 12 пайызға жетуі керек. Иә, жаңартылатын энергия көздері еліміздің энергетикалық жүйесінде негізгі орын алуы тиіс. Бірақ бұл бірден емес, біртіндеп, гигаватттық ірі жобалармен қатар таралған қуат көздерін де дамыта отырып, жүйені икемді әрі басқарылатын ету қажет.
Егер ірі көлемдегі жаңартылған энергия көздері мен «жасыл» шағын генерация арасындағы баланс бұзылса, Испаниядағы сияқты үнемі апат болады, яғни блэкаут қаупі туындайды.
АЭС-ке келер болсақ, бұл — бір мезетте әрі «жасыл», әрі инерциялық сипатқа ие жалғыз генерация көзі. Мұны тек шағын СЭС-пен салыстыруға болады. Алайда олардың энергетикалық жүйеге ықпалы АЭС-пен салыстыруға келмейді.
Ал үш АЭС қандай үлесті қамтамасыз ете алады?
— Есептеп көрейік. Жоспар бойынша, 2035 жылға қарай еліміздің жалпы орнатылған қуаты (ескі қуаттың шығарылуын және жаңа қуаттың қосылуын ескере отырып) бір АЭС болған жағдайда — 40 ГВт, екі АЭС — 42,4 ГВт болады. Ал әрқайсысы 1,2 ГВт болатын төрт энергоблок жалпы қуаттың бар-жоғы 11 пайызын алады.
Кейбіреулер АЭС-тің ҚОҚПК-ы (қондырғының орнатылған қуатын пайдалану коэффициенті) жоғары екенін алға тартып, олардың үлесі бұдан да басым болады дейді. Бұл рас. Бірақ АЭС-тің бір блоктық қуаты өте үлкен екенін де ұмытпауымыз керек. Жөндеу немесе профилактика кезінде кейде тек бір блок жұмыс істейтін болады. Бұл жағдай қондырғының орнатылған қуатын пайдалану коэффициентін төмендетеді.
Үшінші АЭС іске қосылған кезде, еліміздің бүкіл энергетикалық жүйесінің жалпы қуаты да артады. Сөйтіп, үш АЭС-тің үлесі жалпы энергетикалық баланста 15 пайыздан аспайды. Бұл көп пе? Мен әрқашан салыстырып қарауды ұсынамын. Қазіргі кезде елімізде көмір генерациясының үлесі — 70 пайыз, ал біз 2060 жылға қарай одан толықтай бас тартуымыз қажет.
АЭС-тен келетін қандай қауіптер бар? Бұл қауіптер өзге елдердегі осындай жобалармен салыстырғанда қаншалықты жоғары немесе төмен?
— Қауіп кез келген жобада болады және кез келген менеджер шешім қабылдарда сол қауіп пен пайданың арасын таразылай алуы тиіс. Айта кету керек, Қазақстандағы толыққанды ядролық кластер құру мүмкіндігін қарасақ, басқа қауіптерді салыстыруға келмейді.
Қазақстанда АЭС-ке қарсы белсенділер аз емес. Олар АЭС-тің тым қымбат әрі экологияға қауіпті екенін айтады. Дегенмен ЖЭК те аз шығынды талап етпейді. Мәселен, бір АЭС-ке тең қуат беретін жел генераторларының алаңын салу үшін қажет бетон өндірісі табиғатқа дәл сондай зиян келтірмей ме?
— Иә, салыстырып жүріп әлденені төмендетпей-ақ, биіктеуге болады. Әрбір генерация түрінің, мысалы ЖЭК пен АЭС-тің өз артықшылығы мен осал тұстары бар. Бірақ екеуі де — адамзаттың баламасыз болашағы. Себебі олар бір-бірін өте жақсы толықтырады.
Біз қазір бүкіл әлемде энергетикалық жүйелердің түбегейлі өзгеріп, қалыптасып жатқан кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Мыңдаған жылдар бойы адамзат от жағып келген. Үңгірдегі жағылған алаудан бастап, заманауи көмір мен газ қазандықтарына дейін дамып, органикалық отынды жағуға негізделген технологиялар жаңаша энергия көздеріне жол ашып жатыр. Бұл — жаңартылатын энергия көздері мен АЭС. Ал термоядролық синтез адамзаттың асқақ арманы ғой. Бәлкім, оның да ауылы алыс емес!
Сұхбаттасқан: Никита Дробны
Жаңалықтар
- Рефендум: Аккредиттелген халықаралық байқаушылармен бірқатар кездесу өтті
- Әлеуметтік желіде танылған «Атыраулық хакер» Түркияда ұсталды
- Қара теңізде мұнай тиеу үшін келе жатқан қазақстандық танкерге шабуыл жасалды
- Ирак АҚШ әскери басшылары туралы ақпарат бергендерге 115 мың доллар төлейді
- Алматыдағы Абай атындағы алғашқы ұлттық мектепке құжат қабылдау басталды
- «Асар Астана» іздестіру-құтқару жасағының басшысы танысымен жас жігітті зорлады деген күдікке ілінді
- Ормуз бұғазымен өтетін кемелерді сақтандыру бағасы қымбаттады
- Тараздағы жеті қыз жабылып кастетпен ұрды деген оқиға ойдан шығарылған
- Маңғыстауда қызды ұрлап некеге мәжбүрлегендерге үкім шықты
- «Ақтөбе» ФК ресми түрде мәлімдеді: Нани Love Айкамен кездеспейді
- Бас прокуратура алаяқтықтың жаңа түрі туралы шұғыл ескерту жасады
- ҚР СІМ: Таяу Шығыстан қазақстандықтарды эвакуациялау аяқталды
- Тегеран: АҚШ пен Израиль Турция мен Иранды арандатуға тырысуда
- Жәрдемге келген медицина қызметкерлері өздері көмекке мұқтаж болып жатыр
- Ұлыстың ұлы күні — әз Наурызды Алматы қалай тойлайды?
- Қазақстанда ипотека алу қиын әрі қымбат. Неге?
- Иран Ормуз бұғазы арқылы Үндістан кемелеріне өтуге рұқсат берді
- Тоқаев Ербол Хамитовты Паралимпиададағы жеңісімен құттықтады
- «Көрісу» дәстүрінің тарихы
- Паралимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына алтын түсті