Қазақстанға тарихи жеңіс сыйлаған Михаил Шайдоровты әлем құттықтап жатыр

cover Фото: ҰОК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровты қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы атануымен бірінші болып құттықтады, деп хабарлайды Orda.kz.      

Президент өз құттықтауында отандық спорт тарихында мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш алған алтын медальдің маңызы зор екені атап өтті. Президент Михаил Шайдоровқа жоғары шеберлігі мен жеңіске деген мықты жігері үшін алғыс білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық спорт сүйер қауым мен еліміздің барлық азаматтары спортшымыздың осы айтулы жетістігін зор мақтанышпен қабылдағанын ерекше атап өтті.

ISU мен Олимпиада ойындарының ресми парақшалары Шайдоровты құттықтады

Олимпиада ойындарының және Халықаралық конькишілер одағының Instagram желісіндегі ресми парақшалары Италияда өткен Олимпиадада алтын медаль жеңіп алған қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың жеңісін атап өтті.

Instagram желісінде 15,7 миллион жазылушысы бар Олимпиада ойындарының ресми аккаунты бірнеше жазба жариялаған.

«Михаил Шайдоров еркін бағдарламаны керемет орындап, Қазақстан тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды» деп жазылған жарияланымда. 

Геннадий Головкин Михаил Шайдоровты Олимпиада алтынымен құттықтады


Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Михаил Шайдоровты 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында тарихи алтын медаль жеңіп алуымен қуана құттықтады.

Олимпиада чемпионымен әңгіме барысында Геннадий Головкин медаль барлық есікті ашпайтынын, ал мұндай үлкен жетістіктен кейін ең бастысы – адамдық қасиетті сақтап қалу екенін атап өтті.

«Сен енді олимпиадалық отбасының мүшесісің. Бірақ бұл медальдің екінші жағы да бар – даңқ пен сынақ. Адам болып қала біл. Олимпиада чемпионы болу – үлкен жауапкершілік. Олимпиада алтыны – сенің еңбегіңнің жемісі. Адамдық болмысыңды ісіңмен дәлелдеуің керек. Бұл медаль барлық есікті аша бермейді», – деді Геннадий Головкин. 

 «Қазақстан тарихындағы алғашқы жеңіс»: Димаштың командасы Шайдоровты құттықтады

Михаил Шайдоровты 2026 жылғы Олимпиада ойындарындағы тарихи «алтынмен» әлемге әйгілі қазақ әншісі Димаш Құдайбергеннің командасы құттықтады.

Михаил еркін бағдарламасын Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген орындаған Confessa композициясының сүйемелдеуімен орындағанын еске саламыз.

«Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров ерлер арасындағы жеке сырғанаудан Олимпиада ойындарының алтын медалін жеңіп алды. Ол еркін бағдарламасын Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің Confessa әнімен орындады. Күрделі әрі әсем композиция Михаилдің орындауында тамаша көрініс тауып, Қазақстан тарихындағы ерлер арасындағы жеке сырғанаудағы алғашқы Олимпиада жеңісін сыйлады. Біз Михаилды ұлы жетістігімен құттықтап, алдағы уақытта да жарқын жеңістер тілейміз!» деп жазылған Димаш Құдайберген командасының құттықтауында. 

Ирина Слуцкая: «Бұл – лайықты жеңіс»

Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері, әлемнің екі дүркін чемпионы Ирина Слуцкая Италияда өткен 2026 жылғы Олимпиада ойындарында қазақстандық Михаил Шайдоровтың сенсациялық жеңісіне пікір білдірді.

«Шайдоров соңына дейін күресті және бағдарламасын өте жақсы орындады. Жеңіс ешқашан кездейсоқ болмайды. Михаил – нағыз спортшы, жарайсың. Оны және бапкері Алексей Урмановты құттықтағым келеді. Тамаша сырғанаған, бәріне төтеп беріп, лайықты медалін алды», – деді Ирина Слуцкая «Чемпионат» басылымының тілшісі Егор Кабакпен әңгімесінде. 

Илья Малинин: «Мен Шайдоровты іздеп барып құттықтадым»

Америкалық мәнерлеп сырғанаушы Илья Малинин жаңа Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровты қалай құттықтағанын айтты.

«Мен Шайдоровқа барып, оны жеңісімен құттықтадым. Оның ойынын киім ауыстыратын бөлмеден бақыладым және онымен мақтанамын. Оның маусымы аса сәтті болмағанын естідім. Біздің спортта бір-бірімізді қолдаймыз. Мәнерлеп сырғанаудың ерекшелігі де осында. Кейде адамдар тек бәсекелестікті ғана көреді де, бізді қарсылас деп қабылдайды. Ал шын мәнінде біз – бір үлкен отбасы секілдіміз», – деді ол. 

Олимпиада чемпионы ретіндегі алғашқы мәлімдеме

Алматы қаласының 21 жастағы тумасы, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы мәртебесіндегі алғашқы мәлімдемесін жасады. Оның айтуынша, бұл Олимпиадаға ол шамамен бес жыл бойы дайындалған.

«Әлеуметтік желіге кіре алмай қалдым, бәрі мен туралы жазып жатыр екен. Қолдау керемет болды, әсіресе трибуналардан. Шынымды айтсам, қазір не болып жатқанын әлі толық түсінбеймін. Бірақ мен өте-өте бақыттымын! Экран алдында отырған, трибунада қолдаған, әлеуметтік желіде пікір жазған, жазба жариялаған баршаңызға мың алғыс, рахмет! Барлығын оқып шығамын деп ойлаймын», – деді Михаил Шайдоров. 

Оның айтуынша, қазақстандық жанкүйерлердің трибунадан көрсеткен қолдауы ерекше әрі ұмытылмастай болған.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар