Қазақ спортында тамырын жайған Гаджиев және оның ықпалындағы спорт федерациялары

cover Коллаж: Orda.kz

14 қазанда ORDA News арнасында Orda.kz басылымының бас редакторы Гүлнәр Бажкенованың «Алматыметроқұрылыс» компаниясының басшысы Қайрат Реимовтен алған сұхбаты жарық көрді. Сұхбат барысында соңғы уақытта Гаджи Гаджиевпен байланысы бар адамдар басқарып жүрген спорт федерациялары туралы да сөз қозғалды. 

Orda.kz спорт федерацияларының басшылығындағы адамдардың өмірбаянын зерттеп, солардың ішіндегі расымен Гаджиевке қатысы бар тұлғаларды анықтады.

Қайрат Реимовпен тілдескенде спорт тақырыбындағы әңгіменің қозғалу себебі де тегін емес. Өйткені ол 2022 жылға дейін Қазақстанның кәсіби бокс федерациясын басқарған. Қайрат Реимовтің айтуынша, оның қызметтен кетуі Қаңтар оқиғасына байланысты емес, ол тек өзіне жүктелген міндеттерді орындап шыққан.

«Менің ойымша, федерацияны спортқа тікелей қатысы бар адамдар басқаруы керек. Біріншіден, олар осы саланы жақсы түсінеді. Екіншіден, олар бизнесте бір табысқа жеткен адамдар болуы керек, сонда ғана спорт саласында да тәртіп орнатып, жүйе қалыптастыра алады», — деді Реимов.

Федерация басшыларының бір бөлігі расында да талапқа сай келеді. Мысалы, каратэ федерациясын көпшілікке онша танымал емес, бірақ шынымен де атақ-даңқы бар спортшы — Виктор Пак басқарады. Ал еркін және грек-рим күресі федерациясының тізгінін атышулы депутат, алайда балуандығымен аңызға айналған Даулет Тұрлыханов ұстап отыр.

Дегенмен спорт федерацияларының елеулі бөлігін бұрынғы немесе қазіргі шенеуніктер мен ұлттық компаниялардың жоғары басшылары басқарады. Мәселен, дзюдо федерациясының президенті — «Қазақтелекомның» бұрынғы басшысы, қазіргі таңда президенттің көмекшісі Қуанышбек Есекеев.
Ал спорттық және жауынгерлік самбо федерациясын бұрын Қорғаныс министрі болған, қазір Қауіпсіздік кеңесі хатшысының бірінші орынбасары Руслан Жақсылықов басқарады.

Дегенмен қара күшті қажет ететін бірнеше спорт федерациясын расында да Гаджи Гаджиев пен онымен тонның ішкі бауындай болып араласып кеткен адамдар басқарып отыр.

MMA, ушу және штанга

Енді әңгімені тікелей Гаджи Гаджиевтен бастап, оқиғаларды ретімен тарқатып айтайық. Ресми өмірбаянына сүйенсек, ол күш пен жекпе-жекке сынды спорт ұйымдарының басшылығына 2009 жылдан бастап қатысы бар адам. Сол жылы ол Қазақстанның Республикалық жауынгерлік өнер одағының жоғарғы кеңесі президиумының мүшесі болған.

Бұл ұйым әлі күнге дейін жұмыс істейді. Бірақ қазіргі басшылық құрамында Гаджи Гаджиевтің есімі аталмайды. Дегенмен, одақтың құрылтайшыларының бірі ретінде Дайдо Джуку Кудо федерациясы көрсетілген. Ал бұл федерацияны Гаджи Гаджиевпен байланысы бар адамдар басқарып отыр.

2015 жылдан бері Гаджи Гаджиев республикалық Nomad MMA федерациясын басқарады. Бұл — 2005 жылы балуан әрі қазір Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Сергей Ан негізін қалаған аралас жекпе-жек түрі. Сергей Ан ұлы Станислав екеуі де Дайдо Джуку Кудо федерациясының құрылтайшылары қатарында тұр.

Сол сияқты, Nomad MMA Әлемдік қауымдастығының президенті Мұхтар Тінікеев те осы топтың ішінде. Ол бұрын депутат болған, ал 2017 жылдан бері Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары қызметін үзіліссіз атқарып келеді.

 

Гаджи Гаджиевтің Қазақстандағы ММА федерациясына тікелей қатысы жоқ. Бұл ұйымды бұрын «ҚазМұнайГаздың» топ-менеджері болған, ал биыл шілдеден бастап мұнай өндіретін Kalamkas-Khazar Operating компаниясының бас директоры қызметін атқарып жүрген Алик Айдарбаев басқарады.

Ал Orda.kz бұған дейін жазғандай, Nomad MMA федерациясының президенті Гаджи Гаджиев ресейлік Fight Night ММА-промоушенінің иесі Камил Гаджиевпен туыс болмаса да, дос болып араласатыны анық.

2016–2018 жылдары Гаджи Гаджиев Қазақстан кунг-фу қауымдастығын басқарған. Бірақ бұл ұйымның қазіргі уақытта бар-жоғы туралы нақты ақпарат табылмады. Әлеуметтік желілерде қауымдастықтың парақшасы бар, алайда соңғы жазбалар 2017 жыл шыққан.

Сол жылы, яғни 2016 жылы, «Время» газеті Гаджиевті Қазақстан ушу қауымдастығының басшысы ретінде атаған. Мақалада қазіргі Туризм және спорт вице-министрі, ал ол кезде Спорт істері комитеті төрағасының орынбасары болған Серік Жарасбаевтың қолдауымен бұл ұйымды халықаралық ушу федерациясы деңгейінде мойындату әрекеттері болғаны айтылады. Алайда спортшылардың бір бөлігі бұған қарсы шыққан. Нәтижесінде 2025 жылға қарай Қазақстанның ушу қауымдастығы қызметін тоқтатқан. Бірақ елде ушу және кунг-фу федерациясы бар және оған Гаджи Гаджиев тікелей қатысты. Бұл туралы сәл кейінірек тарқатып айтамыз.

Серік Жарасбаев. Фото: Спорт министрлігі

Ресми өмірбаяны бойынша 2018 жылдан бастап, ал Kompra.kz деректері бойынша 2019 жылдың шілдесінен бері Гаджи Гаджиев индонезиялық жекпе-жек өнері — пенчак силат федерациясын басқарады. Осы қызметке келгенде ол федерацияны құрған Медет Абжановтың орнын басқан. Ал ушу жаттықтырушысы Абжанов 2014 жылғы Азия ойындары кезінде басы дауға қалған адам. Ол сол кезде волонтер қызға қырындады деп айыпталған. Қазіргі уақытта Абжанов Қарағанды облысының ушу мен кунг-фу федерациясын басқарады. Бұл ұйым республикалық пенчак силат федерациясының құрылтайшыларының бірі ретінде көрсетілген. Сонымен бірге, Абжанов «Kazmeet Group» ЖШС-нің алғашқы басшысы ретінде тіркелген, ал сол компанияның құрылтайшыларының қатарында Гаджи Гаджиев те бар.

Медет Абжанов пен Гаджи Гаджиев Дағыстанның Сулак шатқалында. Фото: Instagram / Медета Абжанов

 Ресми өмірбаянына қарағанда, ары қарайғы алты жыл бойы Гаджи Гаджиев спорт саласында жаңа басшылық лауазымдарда отырмаған. Тек 2024 жылдың 11 желтоқсанында ол Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті болып сайланды. Бұған дейін Гаджиев осы федерацияда вице-президент қызметін атқарған.

Федерацияның тізгінін ол екінші рет талпынғанда қолға алды: 2023 жылы да Гаджи Гаджиев Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті болуға үміткерлердің қатарында болған. Бірақ сол кезде федерация мүшелері бұрынғы басшы — KMG International компаниясының экс-бас директоры Жанат Түсіпбековті қайтадан президент етіп таңдаған еді. Түсіпбеков бұл қызметті 2013 жылдан 2022 жылға дейін атқарған. Ақыры 2024 жылы Гаджиевтің жолы болып, федерацияның жаңа басшысы атанды.

2025 жылдың сәуірінде Гаджи Гаджиев жоғарыда аталған ушу және кунг-фу федерациясының президенті қызметіне тағайындалды. Бұл федерация бұған дейін спортшылар мен бұрынғы басшылық арасындағы ұзаққа созылған даудың салдарынан дағдарыс кезеңін бастан өткерген болатын. Қазірге дейін жаңа басшылыққа қатысты ушу шеберлерінен шағым түскен жоқ.

Алайда осы басшылық құрамында назар аударарлық бір жайт бар. Егер қазіргі басшылардың тізімін ушу және кунг-фу федерациясының құрылтайшыларымен салыстырып қарасаңыз, олардың арасында ортақ есімдердің көп екенін байқауға болады.

Міне, Ушу федерациясының тізімі мынадай болған:

 

Ал 2025 жылдағы қазіргі басшылық мынадай: 

 

Тағы бір жайтқа назар аударған жөн. Ушу федерациясының құрылтайшыларының арасында Омар-Джалал Алиев есімді азамат бар. Ол — Гивергис Алиевтің ұлы. Ал Гивергис Алиев кезінде SA Construction Group компаниясының құрылтайшысы болған, ал бұл компания 2017 жылдан бері Гаджи Гаджиевтің иелігінде. Гивергис Алиевтің өзі — самбодан танымал чемпион Супиян Алиевтің баласы.

 

Бокс, тхэквондо және тағы қайтадан бокс

Енді Гаджи Гаджиевпен байланысы бар федерация басшыларына тоқталайық. 2024 жылғы 5 ақпанда күтпеген жаңалық тарады — Кенес Рақышев 2019 жылдан бері басқарып келген Қазақстан бокс федерациясының президенті қызметінен кетті. Оның орнына Шахмұрат Мұтәліп тағайындалды.

Бұған дейін бұл адамның есімі көпшілікке беймәлім еді. Тек оның спорттық жолы жайлы азғантай дерек қана белгілі болатын. Қазір де негізінен еңбек жолына қатысты қысқаша мәліметтер ғана бар.

Шахмұрат Мұтәліп. Фото: ҚБФ

 

2022 жылдан бері Шахмұрат Мұтәліп «Integra Construction KZ» компаниясының иесі саналады.
Алайда 2020 жылы-ақ Мұтәліп осы компанияда алғашқы басшы ретінде тіркелген еді. Сол уақытта аталған компания миллионер Орифжан Шадиевке тиесілі «PRIME System KZ» ЖШС-не қарасты болатын. Ал Орифжан Шадиев – белгілі олигарх Патох Шадиевтің жиені.

2021 жылдың наурызынан 2022 жылдың қыркүйегіне дейін «Integra Construction KZ» компаниясын Кудрат Шамиев басқарды. Ол бұл қызметке компания әлі Шадиев құрылымы болған кезде келген, кейін Мүтәліпке өткеннен кейін де басшылық етуді жалғастырған. Қазір «Integra Construction KZ» ресми сайтында Шахмұрат Мұтәліп бенефициар иесі ретінде, ал Шамиев бақылау кеңесінің төрағасы ретінде көрсетілген.

Сонымен қатар, Шамиев 2024 жылдың қыркүйегінен бері Қазақстан таэквондо федерациясын басқарады. Бұл қызметке ол сол жылдың тамызында федерация президенті қызметінен кеткен миллионер Вячеслав Кимнің орнына келген.
Кудрат Шамиев. Фото: ҰОК

Алайда қазіргі «Integra Construction KZ» атауы компанияға кейін берілген. 2017 жылға дейін ол «Жол жөндеуші компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі деп аталған.

Енді ресми деректерге назар аударайық: 2015–2017 жылдары Гаджи Гаджиев дәл осы «Жол жөндеуші компаниясында» басқарушы директор қызметін атқарған.

 

Шамиевке қатысты тағы бір сәйкесетін жағдайлар бар. Ресми өмірбаянында оның бірнеше компанияда басшылық және сарапшылық қызметтер атқарғаны жазылған. Олардың қатарында «Найза-құрылыс» та бар. Ал Гаджи Гаджиевтің еңбек жолында — «Концерн Найза-құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бақылау кеңесінің төрағасы қызметі көрсетілген.

Егер спорт саласына қайта оралсақ, Гаджиевтің ресми түрде кунг-фу бойынша алтыншы дан иегері екені белгілі. Ал Мүтәліп пен Шамиевтің бокс не тхэквондоға қандай да бір қатысы жайлы өмірбаяндарында деректер жоқ.

Енді соңғы деректердің біріне тоқталайық. 2025 жылдың 23 сәуірінде Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті атқарушы комитет құрамындағы өзгерістер туралы хабарлады. Бұл комитетке бес вице-президент кіреді. Сол күннен бастап олардың қатарында:

  • Гаджи Гаджиев — жалпы мәселелер жөніндегі вице-президент,
  • Шахмурат Мүтәліп — халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президент,
  • Серік Жарасбаев — өңірлермен жұмыс жөніндегі вице-президент.

Айта кету керек, Серік Жарасбаев 2016 жылы Гаджиевпен араласқан және кейін қызметін тоқтатқан Қазақстан ушу қауымдастығын қолдаған еді.

Ал Қайрат Реимов сұхбатында атаған Қазақстанның кәсіби бокс федерациясында 2024 жылы да өзгеріс болды. Өткен жылдың 13 қаңтарында федерация президенті болып бұрынғы вице-президент Рахымжан Ерденбеков тағайындалды. Ашық дереккөздерде Ерденбеков туралы мәлімет өте аз. Оның Instagram парақшасынан ғана бокспен айналысқанын көруге болады. Алайда Гаджи Гаджиевпен тікелей байланысы туралы ашық ақпарат кездеспейді.

Рахымжан Ерденбеков. Фото: ҚКБФ

 2024 жылдың 20 желтоқсанында Астанада Қазақстанның кәсіби бокс федерациясы ұйымдастырған турнир өтті. Бұл турнир Fight Night Boxing деп аталды. Атынан-ақ байқауға болады, бұл іс-шараның негізгі ұйымдастырушысы — ресейлік Fight Night промоушені, оның жетекшісі Камил Гаджиев.
Соған қарамастан, ресми сайттағы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанның бокс федерациясы басқа ұйымдармен бірлесе отырып та түрлі спорттық шараларды өткізіп келген.

P. S. Қазақстанда бұдан бөлек бірнеше қара күшті қажет ететін спорт түрлерінің федерацияларын біріктіретін Жекпе-жек өнерлері қауымдастығы да жұмыс істейді. Ассоциацияның ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, оған ҚР ҰҚК төрағасы Ермек Сағынбаев 2022 жылдың 6 қаңтарынан бері төраға ретінде жетекшілік етеді.

Ал қоғамдастықтың вице-президенттерінің бірі — Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков. Ол 2021 жылдың қыркүйегіне дейін ыртқы істер министрлігінде қызмет атқарған.

Мақаланың авторлары: Игорь Улитин, Александра Мохирева


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар