«Қаңтардағы азаптаушы полицейлер»: Мүдделер қақтығысы

cover Фото: Orda.kz

Қарасай аудандық сотының төрағасы Дінмұхамед Адайбаев Қошмамбет ауылындағы азаптау ісі бойынша басты сот отырысын тағайындады. Судья зардап шеккен қырғыз музыканты Викрам Рузахунов пен 23 өзбекстандықтың істі басқа сотқа өткізу туралы өтінішін мақұлдамады. Бұл процесс қандай мүдделер қақтығысынан басталғаны туралы Orda.kz репортажынан оқи отырыңыздар.

Сотталушылар қатарында бұрынғы Қарасай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері (Серік Турпанбаев — басқарма бастығының бұрынғы орынбасары, Нұрсұлтан Хамитов, Бауыржан Сопақов, Арлан Шойбеков, Олжас Айдарханов) және Алматы қаласы полиция департаментінің экс-орынбасары Берік Әбілбеков, жалпы саны алты адам бар. Қарасайлық экс-полиция қызметкерлері қолхат жазып, бостандықта жүрген. Ал 2024 жылдың мамырында ұсталған Әбілбеков кепілдік төлегені үшін қамаудан босатылған еді.

Алдын ала тергеу барысында айыпталушылар Қаңтар оқиғасы кезінде Кошмәмбет ауылындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша арнайы қабылдау орындарында мойындату үшін күш қолданғаны белгілі болды. Қырғыз, өзбек және тәжікстандық азаматтар азаптауға ұшырағаны анықталды. Сотта зардап шеккендер саны 44 болды деп бекітті. Оның бірі — танымал қырғыз джаз музыканты Викрам Рузахунов. Музыканттың ұсталып, азаптауға ұшырағаны халықаралық дау туғызғаны мәлім. 

Өткен алдын ала сот отырысында Рузахуновтың мүддесін қорғайтын адвокат Елена Жигалёнок екі өтініш жасады — істі прокурорға қайтару және басқа сотқа өткізу. Бұған 23 өзбекстандықтың құқығын қорғайтын «Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қорының директоры Алма Шорманбаева да қолдады. Зардап шеккендер тарапы алдын ала тергеу аяқталуына жақын қалғанда айыпталушыларға тағылған баптың жеңілдетілгені туралы мәлімделді. Сондай-ақ адвокаттар іс қарасайлық сотта қаралса, объективті құқықтық сот әділеттілігі қағидаларының бұзылуы мүмкін екенін де айтты, өйткені бұрынғы құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің прокурорлармен және судьялармен жақсы таныс болуы мүмкін екенін жеткізді.

Ол ол ма? Викрам Рузахуновтың адвокаты Әлия Жанұзақова өз әріптесінің өтінішіне жаңа мәліметтер қосып айтты. Мәди Кошикбаев (айыпталушы Бауыржан Сопақовтың адвокаты) биыл Қарасай аудандық сотының судьясы болып істеген, ал осы істің сот хатшысы Айжан Асылхан оның жеке хатшысы болған екен.

«Сондықтан бұл іске көз тігіп отырған БАҚ өкілдері соттың тазалығына күмәнмен қарауы мүмкін. Барлық аспектілерді ескере отырып және толық объективті сот тергеуін жүргізу үшін бұл істі сол санаттағы басқа сотқа өткізуіңізді сұраймыз», — деді Жанұзақова.

Мәди Кошикбаев зардап шеккендер тарапы келтірген дәлелдерді орынсыз деп санап, Әлия Жанұзақоваға былай деп сұрақ қойды:

«Сіз менің жақында судья болғанымды айттыңыз. Сұрайын дегенім мынау, менің адвокат ретінде Қарасай аудандық сотта қатысуым үшін қанша күн, ай, жыл өтуі керек?», — деді ол. 

Бірақ ол Рузахуновтың қорғаушысына толыққанды жауап беруіне мүмкіндік берген жоқ.

«Біз мүдделер қақтығысы болады деп ойлаймыз», —

деп қорғаушы жауап беріп жатыр еді, ол «судья» сияқты бет қаратпай қарсылық білдіре түсті. 

«Жә. Жақсы. Мен бұл өтінішті абсурд деп санаймын», — деп қойып қалды.

Айна Шорманбаева да бұл іске қатысты қызық мәліметтерді ортаға тастады. Тергеу айыптаудың біліктілігін жеңілдеткенін және кейінірек ұсталған Турпанбаев, Сопақов, Хамитов, Шойбековті қолхатпен қамақтан жібергенін естіген соң адвокат Алматы облысының прокуратурасына шағым түсірген. Шағымды сол кезде облыс прокурорының міндетін атқарушы Дамир Катаев қабылдамаған. Ал Шойбековтың адвокаты сол кезде прокурордың қарындасы Надия Катаева болған.

«Біз бұл мүдделер қақтығысын анықтаған соң, Бас прокуратураға шағымдандық. Құқықтық-процессуалдық заңнама және «мемлекеттік қызмет» туралы заңға сәйкес, аталған жағдайда лауазымды тұлға істен алшақтауы тиіс. Ал Катаев шағымды қабылдамаған. Біздің пікірімізше, мүдделер қақтығысы бар кезде бұл іс қаралмауы керек», — деді Шорманбаева.

 

Ол да судьяға істі сол санаттағы басқа сот инстанциясына өткізу туралы өтініш жасаған еді.

«Қарасай ауданындағы кез келген сот мүдделі болады деп есептейміз. Бұл соттың ең басты қағидаты — әділеттілік қағидатына қайшы келеді», деп атап өтті адвокат.

Экс-орынбасар Серік Турпанбаевтың адвокаты Ерлан Мендешев бірқатар өтініш жасады. Ол соттан Өзбекстан азаматтарының мәлімдемелерін дәлелдемелер ретінде қабылдамауды сұрады, себебі құжаттардың нотариус арқылы бекітілмегенін айтты.

«Құқық қорғаушы Шорманбаева Өзбекстан Республикасының азаматтарын зардап шеккендер деп таныған. Ол зардап шеккендердің арыздарын өзбек тілінде ұсынған. Арызды орыс тіліне өзі аударған, бірақ тергеу органдары оны аудармашы етіп тағайындаған жоқ. Істе оның өзбек тілін білетінін растайтын құжат жоқ», деді ол.

Ол бір зардап шегушіні Өзбекстан құқық қорғау органдары сұрастырғанын және оның Қазақстан полициясына наразылық білдіруден бас тартты дегенге келтіріп айтты. Адвокат тағы 12 адамды азаптау болмағандықтан зардап шеккендер қатарынан алып тастауды сұрады. Сонымен қатар, Мендешевтің ойынша, өзбекстандық зардап шегушілердің Қазақстанда сұрастырылмағанын сот ескеруі керек деген тағы бір дәлел келтірді. Бұл жағдайдың шешімін адвокат қалай елестетіп тұрғаны түсініксіз, себебі Шорманбаеваның айтуынша, зардап шегушілерді азаптаудан кейін заңсыз түрде елден шығарып, бес жылға кіруге тыйым салған.

Мендешев соттан 30-дан астам адамды зардап шеккендер қатарынан шығарып тастауды сұрады. Сондай-ақ ол Рузахуновтың полиция қызметкерлерін анықтауын заңсыз деп тануды өтінген, себебі, оның ойынша, бұл тану кезінде процессуалды бұзушылықтар болған.

«Рузахунов, Якупов және басқалар қатысқан полиция қызметкерлерін фотосуреттер бойынша анықтау, тану протоколдарын мойындамауды сұраймын», деді Мендешев.

Сот отырысы барысында БАҚ өкілдеріне де көп сын айтылды. Дәл осы Мендешев «Республика» сайтының журналисі жарияланған мақалаға наразылық білдірді. Онда адвокаттардың қорғауындағы айыпталушыларға ауырлатылған айыптаулар қою үшін істі прокурорға қайтаруды сұрағаны жазылыпты-мыс.

«Журналист адвокаттардың біліксіздігін көрсеткендей болды»,деп шамданды ол.

Әріптесінің сөзін Фарида Ильясова (Әбілбековтың адвокаты) қолдады. Ол өткен сот отырысында да БАҚ өкілдерін жақтырмайтынын көрсеткен еді. Бұл жолы ол судьяға БАҚ өкілдеріне, соттың шешімдерін құрметтемейтін журналистерге (өзінің ойынша) қатысты шара қабылдауды сұрады. Себебі сол, дәл осы басылым жариялаған мақалада Ильясова құқығын қорғайтын сотталушының бұрынғы суреттері қолданылған екен.

«Сот белгілеген шектеулерді бұза отырып, менің қорғауымдағы адамның коллажы жарияланды. Бұл –  сотқа деген құрметсіздік пен заң талаптарын елемеу. БАҚ бұл әрекетке барып отыр. Бұдан бөлек, біз сот процесінің қатысушылары ретінде ұсынатын ақпаратты бұрмалап жариялайды. Мен ескерту жасап, шара қолдануды сұраймын!» деді Ильясова.

Мұндағы әңгіме Ильясованың қорғауындағы адамның ескі фотосуреттері туралы болып отыр. Ол 2020 жылы pillow-челленджге (жастықпен фотоға түсетін челлендж) қатысқан еді. Сонда әлеуметтік желілерде Алматы қалалық полиция департаментінің орынбасары Берік Әбілбековтың төсекте тек жастықпен денесін жапқан фотосуреті тарап кеткен еді. Сол кезде қалалық полиция департаменті қызметтік тексеріс жасағанын, нәтижесінде лауазымды қызметкердің жұбайының телефонын әлдекімдер бұзып кіру арқылы жария еткені анықталғанын айтқан болатын.

Ильясованың пікірінше, БАҚ оның қорғауындағы адамның суреттерін жариялауға құқығы жоқ. Дегенмен біз заңгер болмасақ та, адвокатқа түсініктеме беруді жөн көріп отырмыз:  судья айыпталушылар мен олардың қорғаушыларының сот залында бейнежазбаға және фотоға түсіруін сұрау бойынша тыйым салды. Бірақ ашық, қолжетімді фотосуреттерді жариялау құқығынан айыру судьяның құзыретінде емес, әйтпесе бұл БАҚ туралы заң мен конституциялық нормаларды бұзу деп саналуы мүмкін. Сондықтан біз Берік Әбілбековтің "әйгілі" фотосуретін төменде жариялаймыз және болашақта сотталушының суреті бар бірнеше коллаж жасайтынымызды жоққа шығармаймыз.

Алайда судья Адайбаев Ильясованың наразылығынан кейін арнайы журналистерге қаратып сөз айтты. Ол БАҚ өкілдерін сотта тәртіп ережелерін және төрағалық етушінің нұсқауларын бұзбауға шақырды. Сонымен қатар судья сөз бостандығын шектеу ойда жоқ екенін атап өтті. Барлық өтініштер тыңдалғаннан кейін судья әрқайсысы бойынша қатысушылардың пікірлерін тыңдап, шешім қабылдау үшін кеңес бөлмесіне кетті. 20 минуттан соң ол дайын актімен қайтып келді.

«Адвокат Жигалёнок айыпталушыларға ауырлау айып тағу қажеттігімен байланысты істі прокурорға қайтаруды сұрады. Сонымен қатар ол істі Алматы облысының басқа сотына беру туралы өтініш жасады. Жәбірленушілердің өкілдері Шорманбаева мен Байжанова прокурор Катаев пен адвокат Катаева арасындағы мүдделер қақтығысын жою үшін істі прокурорға жіберуді сұрады. Ильясова сот ісінің тілін бұзу мәселесімен істі прокурорға қайтаруды және өзінің қорғауындағы адамға қатысты қылмыстық істі тоқтатуды сұрады. Қорғаушы Мендешев анықтау, тану хаттамаларын және Шорманбаева ұсынған құжаттарды жарамсыз деп тануды сұрап, кейбір адамдарды жәбірленуші қатарынан шығаруды талап етті», деп барлық өтініштерді бір тізіп өтті судья Адайбаев.

Ол барлық өтініштерді қанағаттандырмады. Оның айтуынша, адвокаттар баяндаған тергеу барысында болған заң бұзушылықтар негізгі тергеу кезінде қаралады.

«Құрбандар тарапынан істі Алматы облысының басқа сотына беру туралы өтініш бойынша судья заңды негіз жоқ деп таныған. Заң бойынша іс прокурорға мүдделер қақтығысын жою үшін жіберу қарастырылмаған, бұл жәбірленушілер тарапынан сұралып отыр. Сондықтан сот отырысын тағайындауға кедергі келтіретін қылмыстық іс жүргізу заңнамасын бұзушылықтар анықталмады» деді төрағалық етуші.

Ол қылмыстық істі сотқа қабылдап, жалпы тәртіппен ашық сот отырысында негізгі сот тергеуін тағайындау туралы шешім қабылдады. Айыпталушыларға қатысты қамауда ұстау шарасын өзгеріссіз қалдырды, – деп қаулы етті.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар