Қаңғыбас иттерді өлтіруге рұқсат берілді

cover Фото: Pexels

Депутат қаңғыбас жануарлар санын реттеудің қазіргі тетігі күткен нәтиже бермегенін айтып, бұл бағытта жүйелі өзгерістер қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz.

Депутат Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, жануарларды бұрынғы тіршілік ету ортасына қайтару тәсілі бастапқыда заманауи әрі ізгілікті жол ретінде ұсынылған. Алайда іс жүзінде бұл модель қаңғыбас иттердің санын азайта алмаған.

«Бүгінде бұл тетікті декларация тұрғысынан емес, нақты нәтижесі бойынша бағалауымыз керек. Ал нәтиже, өкінішке қарай, айқын: қаңғыбас иттердің саны азайған жоқ, керісінше өсті. Демек, қолданыстағы модель өзіне жүктелген негізгі міндетті орындай алмады», – деді Еділ Жаңбыршин.

Қаңғыбас иттерді тіршілік ету ортасына қайта жіберу моделінен бас тартып, оларды қайтарымсыз аулау тетігіне көшу ұсынылып отыр.

«Қазір мемлекет іс жүзінде қисынсыз әрекетке жол беріп отыр: иттер ауланады, зарарсыздандырылады, вакциналанады да, қайтадан сол ортаға жіберіледі. Ал дәл сол жерден бұған дейін азаматтардан шағымдар түсіп, қауіп тіркелген болатын. Яғни, мемлекет өз қолымен ықтимал қауіп көзін қоғамдық ортаға қайта шығарып отыр», – деді депутат.

Сонымен қатар, оның айтуынша, заң жобасында ауланған жануарларды уақытша ұстаудың жаңа тәртібі енгізіледі. Қаңғыбас жануарлар үшін уақытша ұстаудың ең төменгі мерзімі бес күннен кем болмауы ұсынылады. Бұл ретте мәслихаттарға одан да ұзақ мерзім белгілеу құқығы беріледі.

Ал иесі болуы мүмкін жоғалған жануарлар үшін ұстау мерзімі 60 күн болып айқындалады.

Жаңа қазақстандық заңда эвтаназия бірқатар жағдайларда да қолданылатын болады. Ең алдымен — егер жануар адамдарға қауіп төндірсе. Сонымен қатар, заң жобасын талқылау барысында бұл норма тек қаңғыбас жануарларға ғана қатысты емес екені айтылды. Егер үй жануары адамға зиян келтіріп, қауіпті деп танылса, эвтаназия мәселесі де қарастырылуы мүмкін.

«Егер иесі бар ит адамға шабуыл жасаса, онда жауапкершілікті иесі көтереді. Ал егер адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауыр зиян келтірілсе, онда иесі эвтаназия жүргізуі тиіс. Бұл міндетті»,— деді депутат.

Сондай-ақ «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Енді жергілікті органдар үй жануарларында чиптердің болуын бақылап, жалпы өңірлердегі қаңғыбас жануарлар мәселесіне жауапты болады.

Профильдік комитет қорытындысына сәйкес, заң жобасы жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнаманы жетілдіруге, халықтың қауіпсіздігін арттыруға және жануарларға ізгі көзқарасты қалыптастыруға бағытталған. Құжатта жануарларды уақытша ұстау пункттеріне міндетті түрде тапсыру, жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін нақтылау, қаңғыбас жануарлар санын реттеу негіздерін кеңейту, сондай-ақ қоғамдық бақылау субъектілерінің панажайлар мен жануарлармен жұмыс істейтін ұйымдарға қол жеткізуін қамтамасыз ету көзделген.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар